Парамен ұсталған пара беріп құтылады

2
3621

«Алаған қолым береген». Қазақ тауып айтқан дейміз-ау! Бірақ, сол «алу» мен «беруге» құмартқан халықтың болашағы не болмақ? Құдай қолдап, кішкентайлы боласыз делік. Перзентхананың есігін аша сала дәрігерлерге көк қағаздың құлағын көрсетуге тиіссіз. Балаңыз балабақшаға барса да, мектепте оқыса да, университетке түссе де, қала берді жұмысқа орналасса да, қызметінен жоғарыласа да пара беру – парызыңыз. Ол парызды қаза қылуға дәрменіңіз жоқ. Көшеде ала таяқ ұстаған жолсақшысының өзі ақшаның көлеңкесін көрсе болды, заңыңызды дәп бір өзінің жеті атасы жазғандай аттап өте барады. Беруші, қалтасының түбін қағушы – халық. Ал, алушы кім? Мемлекеттік қызметкер! Демек, біздің «алаған қолымыз береген» емес, «береген қолым береген»… болып барады. Осы мәселе жөнінде «Алаш айнасының» тілшісі бір мәрте ой түйіп көрсінші…

 

Пара һәм ашық сауда…

Қазіргі қазақ қоғамына қарасаңыз дәп бір базарда жүргендей сезінесіз. Шынын айту керек, тәуелсіздің алғанға дейін «пара» деген аса бір жантүршіктіретін жаман сөз емес-тұғын. Жалпы түркі халықтарына ортақ бұл сөзге «ақша» ұғымы синоним бола алады.  Бірақ, заман өзгерді. Заман өзгерген соң ұғым да басқа сипатқа ие болды. Кезінде қазақ болыс болып, шен алу үшін пара беруші еді… Енді өмір сүру үшін пара ұсынатын індетке шалдықты. Дұрысы мемлекеттік органдардан өзіне қажетті ақпаратты алу, өзіне тиісті қызметті пайдалану үшін қаржы шығындауға міндетті. Бәлки, жабайы капитализмді кінәлармыз. Сол жабайы капитализм біздің мемлекеттік органдарды базарға айналдырып жіберді. Мемлекет әр баланы тегін оқытуға міндетті. Сөйте тұра ұстаздар қауымы пара дәметеді. Мемлекет бәрімізге тегін медициналық жәрдем көрсетуге тиісті. Сөйте тұра Гипократтың шәкірттері қалта қалыңдатудың жолдарын тауып алған. Тіпті, қазір кез-келген мемқызметкер әр қойған қолын, мемлекеттік сатып алуларды, шыққан шешімдерін сатудан арланбайды. Осындайда «парақорлық дегеніміз дәстүрге айналып бара жатқан жоқ па?» деген сұрақ көкейге келіп тіреледі.

 

Парамен ұсталсаң, парамен құтыласың…

Саясат деген «ағаш атты» ерттеп мінгендердің, яғни мемлекеттік қызметкерлердің қолы мен ары қайткен күнде таза болмақ? Қайткен күнде мемлекеттік қызметкер еліміздің айнасына айналады?. Дәл бүгінгі «беттүзер» айнамызға қарасаңыз, жаныңыз түршігеді. Мәселен, Қаржы полициясы органдары айналдырған жарты жылдың ішінде 1 800-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмысын анықтапты. Аталмыш қылмыс өткен жылдармен салыстырғанда 2,2 пайызға артыпты-мыс. Солардың ішіндегі 1 650 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Бұл ресми дерек. Ал, бейресми деректер не дейді?. Оны екшеп жатқан ешкім жоқ. Бірақ, көп айтыла бермейтін «бір анық» бар. Пара алудың «акулалары» өзге теңізге еш бөгетсіз өтіп кетеді де, май табаға шабақтар шыжғырылады. Тіпті, шортандар парамен ұсталып, парамен құтылатыны жайлы да жиі естиміз. Мұндай фактілер көбейген сайын құзырлы органдардың тізгінін ұстаған шенділер мен шекпенділердің ар-ұятын оятып, мәдениетін қалыптастыруды жедел қолға алу керектігі байқалады.

 

Қазанға қақпақ керек…

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Шенділерді итке балаудан аулақпыз. Десе де, олар мемлекет қазанының қақпағын ұстап отырғандықтан, халық алдындағы бар жауапкершілікті сезінуі керек. Бізде осы жауапкершілік мәселесі кемшін түсіп отыр. Халықтың өз мемлекетіне, өз мемлекеттік қызметкеріне деген сеніміне селкеу түсермеу үшін шенділерді тек қылмыстық жауапкершілікке тарту аз. Шынын айту керек, осыған дейін парамен ұсталған қаншама шенеунік істі болды. Десе де, қылмыстық жауапкершілік шенділерге түпкілікті сабақ бола алмады. Олар, керісінше, «екі қарап бір шоқитын» қарғаның сақтығын жасауды үйреніп алды. Сондықтан да, насихат жұмыстарын жандандыру мәселесін қолға алғанымыз жөн. Яғни сыбайлас жемқорлықтың барар жері темір тор екенін түсіндіру арқылы тезге салғанымыз дұрыс.

 

Ашаршылық көрген халық парақор болады

Қазақ мәрт халық. Үйіне келген қонақтан бұйымтай сұрайды. Астына ат мінгізеді. Шапан жабады. Біреумен құда болса, киіт кигізеді. Қалыңмал алады. Осы «алыс» пен «берістің» астарында парақорлық жатқан жоқ па? Әрине, салт-дәстүрді мансұқтаудан аулақпыз. Тек біз сый мен сияпаттың арасын парақорлықтан ажыратқанымыз жөн секілді.  Мысалы, мемлекеттік қызметкердің «сыйақы» сұрауы бүгін ғана туындаған мәселе емес. Қазақы параның түп-тамыры сонау патшалық үкіметтің тұсынан басталады. Мысалы, бабаларымыздың аулынай немесе аға сұлтан болуы үшін отар-отар қой айдап, сайлау сайын шығындалғаны жайлы деректер жетерлік. Бірақ, ол кезде ешкім де «биені бүгімен, түйені түгімен» жұтқан жоқ. Бір қызығы қазіргі қазақ қоғамындағы парақорлықтың дендеуін кейбір психологтар ашаршылықпен байланыстырғысы келеді. Ашаршылық пен жоқшылықты көп көрген елдің азаматының көзі ешқашанда байлыққа тоймайды-мыс.

 

Түйін

Атақты француз философы Шарль Луи Монтескье: «Көптеген ғасырлар тәжірибесі көрсеткендей, қолында билігі бар адам, қылмыс жасауға бейім тұрады және де тиісті шекке жетпейінше, сол бағытта әрекет жасай береді» деген екен. Әрине, бұдан құтылар бір ғана жол бар. Егер де демократиялық құндылықтар орнығып, бар билік халықтың қолына көшсе, жемқорлық та өздігінен жойылады. Біз осы жолға түсуге тиіспіз. 

 

Парақорлық тарихы шумерлер дәуірінен басталады

 Қазіргі қоғамда «жемқор», «парақор» деген ұғымдар ең жаман айыптау сөздердің санатына жатады. Осы сыбайлас жемқорлықтың тарихына тереңірек үңіле алдық па? Мәселен, біздің заманымызға дейінгі XXIV ғасырдың екінші жартысына Ежелгі Вавилонда парақорлықтың алдын алу мәселесі мемлекеттік деңгейде қолға алыныпты. Ал бұдан басқа не білеміз? Осы мәселеге «Алаш айнасы» бір мәрте ой жүгіртіп көрсінші…

Қарт тарих шумерлар мен семиттер дәуірінде де мемлекеттік қызмет жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық дендегенін айтады. Мысалы, Лагаш Патшасы (Ирак жерінде іргесі қаланған ежелгі мемлекет) Урукагина шенеуіктер мен судьялардың жемқорлыққа салынуын айыптаған ең алғашқы патша болып саналады. Ол лауазымды тұлғалардың қызметтерін теріс пайдалануын сынап отырған. Патша әкімшілігі жанындағы храм қызметкерлерінің халықты дінмен қорқытып, пара талап етуін тоқтатқан. Салт-дәстүрді желеу етіп, рәсімдер үшін жиналатын төлемдерді азайту мақсатында мемлекеттік басқаруға өзгерістер енгізген.

Сол дәуірдің өзінде парақорлықтың сипаттары анықталып қойыпты-мыс. Мысалы, «параға не жатады?» деген сауалға да жауап берілген.

Олар бағалы сыйлық кез-келген мемлекеттік қызметкерді ерекшелендіріп тұратынын, мемлекеттік қызметкер сыйлық берген адамның өтінішін орындауға міндетті болып қалатынын жазып қалдырған.

 

Керек-дерек

* Парақорлыққа ХVI ғасырдың ортасында Иван Грозный тыйым салып, өлім жазасына кесуді бұйырған.

* БҰҰ-ы экономикалық дамуы жоғары алты елдің қатарына кіретін Финляндияны жемқорлығы ең аз мемлекет деп таныған.

* Ботсванада сыбайлас жемқорлықтың қарқынды өсуін тежеуге шенеуніктердің санын қысқартып, олардың жалақысын көтеру және мемлекеттік мекемелердің құрылымын ықшамдау ісі көмек көрсеткен.

* ОАР-да сыбайлас жемқорлық деңгейі төмендету үшін заңдардың көмегімен Үкіметті Парламент алдында есеп беруге міндеттеген. Олар шенеуніктер мен депутаттарға табыстары және басқа да салық төлейтін мүліктері жөнінде декларация тапсыру және мемлекеттік жүйенің ашықтығын қамтамасыз ететін қадамдарды қабылдау арқылы біршама жетістікке жетті.

* Қылмысы дәлелденген жемқорларды Германия 3 жылға, Франция 7-10 жылға,  АҚШ 15 жылға дейін а бас бостандығынан айырады.

* Қытай заңы бойынша парақорлық жасаған адам өлім жазасына кесіледі. Үшіншы мыңжылдық басталғалы бері бұл елде 10 мыңнан аса шенеунік пара алғаны үшін ату жазасына кесілген. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті табысты жүргізіп отырған елдерге Дания, Финляндия, Швеция, Жаңа Зеландия, Канада, Нидерланды, Норвегия, Швейцария, Австралия, Сингапур, Люксенбург, Ирландия, Германия, Ұлыбритания, Израиль, АҚШ, Австрия, Исландия, Жапонияны жатқызуға болады. Жоғарыда аталған елдердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті ұйымдастырудың кейбір ерекшеліктері – осы елдердің үкіметі сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп деп қарайды.

Ал, Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүйесінің бірінші кезеңі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 1997 жылдың 21 қазанындағы «Қазақстан Республикасының жоғарғы тәрбиелік кеңесі туралы» Жарғысынан басталады. Біздің мемлекетіміз ТМД елдері арасында бірінші болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттің негізгі қағидаларын анықтайтын, сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқықбұзушылықтардың түрін, сондай-ақ жауапкершіліктің басталу жағдайын белгілейтін «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңды шығарып, қабылдағанын айта кету керек.

 

Қысқа-нұсқа

Жемқорлар бас бостандығынан айрылады

Кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі жобасының бірінші оқылымы талқыланды. Жаңа заң жемқорлар мен педофилдерге өмір бойғы тыйымдар салу мәселесін қарастырады. Бұл туралы ҚР Бас прокурор орынбасары Иоган Меркель мәлім етті.

Кодекс жобасында сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық әрекеттердің алдын-алу мәселелері қаралған. Енді заң қабылданса, парақорлықпен қолға түскен қылмыскерлер шенінен, рангісінен, мемлекеттік наградаларынан және бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Сондай-ақ, жемқорлық қылмысқа барғандар өмір бойы мемлекеттік қызмет саласында қызмет атқара алмайды. Дәл осындай жаза кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасағандарға да көзделеді және ондайлардың балалармен жұмыс жасауына өмір бойы тыйым салу қарастырылады.

 

Рысқалиев ісінің екі жетекшісі анықталды

Бергей Рысқалиевтің ісіне қатысты сотта мемлекеттік айыптаушы қылмыстық топтың тағы екі жетекшісінің есімдерін атады. 

Тергеу болжамдары бойынша, Бергей Рысқалиевтің бұйрығымен оның күйеу баласы Рүстем Әлбақасов және Ақтөбе қаласының тұрғыны Олег Павличенко бір-бірімен өзара сыбайласа әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топтарды басқарған.

Бұл қылмыстық топ мүшелері республикалық және облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылатын жобалардың құнын асыра көрсету арқылы, мемлекет қаржысын жымқырып отырған. Қитұрқы әрекеттерінің арқасында олар өңірді газбен, электр энергиясымен, сумен жабдықтауға, тұрғын үйлер мен көпірлер салуға, кәріздік тазарту құрылғыларын орнатуға бөлінген миллиардтаған теңгені қымқырып кеткен.

 

Параны көлік жүргізушісі арқылы алып отырған 

Шығыс Қазақстан облысы Өскемен құрылыс басқармасы бастығының орынбасары параны жүргізушісі арқылы алып отырған. Бұл туралы Gazeta.kz сайты хабарлады. 

Құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Құрманғалиев бір құрылыс компаниясының басшысынан пара талап еткен. Кәсіпкер бастапқыда шендінің бұл ұсынысына келіскенімен, кейін оны қаржы полициясына ұстап беруге әрекет жасаған. «Дәурен Құрманғалиев облыстағы бір кәсіпкерді мемлекеттік сатып алу конкурсынан кедергісіз өткізу үшін 2 млн.теңге пара алған. Сондай-ақ ол кәсіпкердің мердігерді таңдауына кедергі келтірген. Күдікті өз кінәсін толық мойындағандықтан, тергеу өндірісі жеңілдетілген тәртіп бойынша жүргізілді. Қазір іс сотқа жолданды»,  – дейді облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) бастығының бірінші орынбасары Руслан Күдешов. Айта кетерлігі, қолға түскен шенеуніктің орынбасар қызметін атқарғанына бар болғаны 3 ай толған екен. Енді оған пара әкеліп берген жүргізушісі де жауапқа тартылмақ.

 

Жемқорлықтың алдын алатын 7 қағида

1995 жылы Ұлыбританияда Нолан Комиссиясы жемқорлықтың алдын алатын 7 қағида қабылдаған:

1. Риясыздық. Лауазымды қызметкерлер қоғамдық мүддені жоғары ескере отырып, бір шешімге келеді.

2. Сатылмастық. Лауазымды қызметкерлердің өздерін басқа бір адамдарға не ұйымдарға қаржылық тәуелсіздікке қоймағаны дұрыс.

3. Әділдік. Жоғары қызметке тағайындау, келісім шарт жасау, марапаттау мәселелері бойынша шешім қабылдағанда лауазымды қызметкерлер үміткердің кәсіби қабілеттерін, іскерлігін ескеруі тиіс.

4. Есептілік. Лауазымды қызметкерлер қоғамның алдында өздерінің істеген ісі, қабылдаған шешімдері бойынша есеп беріп отыруы керек.

5. Ашықтық. Лауазымды қызметкерлердің шешімдері мен істері қоғамға ашық болуы тиіс. Әр шешім дәйектеліп отыруға міндетті.

6. Арды, абыройды сақтаушылық. Лауазымды қызметкерлер өздерінің мүдделері туралы ашық айтып, егер де осы мүдделері олардың істеген жұмысына қайшылық келтірсе, қоғамның пайдасына әкелетін шешімге келуге тиісті.

7. Басшылық. Лауазымды қызметкерлер осы аталған қағидаларды қолдана отырып, басшылықты орындап, өзінің дұрыс істерімен, мінез-құлқымен үлгі көрсетіп отыруға міндетті.

Қанат Бірлікұлы, «Алаш айнасы»

2 ПІКІРЛЕР

  1. Лауазымды қызметкерлердің өздерін басқа бір адамдарға не ұйымдарға қаржылық тәуелсіздікке қоймағаны дұрыс.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз