Олжас Сүлейменов. ДАНИЯРДЫ ЕСКЕ АЛУ

oljas

Осынау қайғылы жайт біздің нарықты медицинаның басқа бір қырына да көзімізді ашып отыр. Ол дәрі-дәрмекті кім-көрінгеннің еркін сатуы,  дәрілерді рецепсіз босатуы...

  Сәбит Досановты бүгінгі заман жайында жазатын ең белсенді прозаигіміз деп кәміл сеніммен айтуға болады. Оны бүкіл республика бағалап, 2012 жылдың желтоқсанында Мемлекеттік сыйлықпен де марапаттады. Жазушылық жеңісі атап өтілген той-думанда біз Сәкеңнің өмірі мен шығармашылығында енді жаңа кезең басталады деген едік. Және ол белестің бұрынғыдай қиын-қыстау болмайтынына сенгенбіз. Оны жаңа шығармашылық жеңістер мен отбасылық тың бақыт күтіп тұрғанына еш күмәніміз қалмаған. Өйткені ұлы Данияр жоғары оқу орнын бітіріп, ата-анасының шаңырағына келін әкеп түсіргелі әзірленіп жүрген-ді. Осы салтанат дастарқанының басындағылардың бәрі сол үйлену тойының құдалығына қатысатынымызға имандай сенгенбіз, себебі көпшілігіміз Даниярды кішкентай күнінен-ақ білетінбіз. Өз басым оны мектепке бармаған сәби шағында-ақ көріп, маңдайынан сипағанмын. Үй-ішімен араласа жүріп оның өсіп, ержеткенін көз алдымнан өткердім. Ұлына қарағандағы Құралайдың шаттық шалқыған жанарын, Сәбиттің қуанышқа толы көңілін көрудің өзі бір ғанибет болатын. … Сол салтанатта аузынан қағынғыз біреу «Алла тағаланың аста-төк қуанышты да онша қолдамай, асылық санайтыны бар-ау…» деп қалған еді. Әлгі думаннан кейін көп ұзамай жарты жылдан соң тап болып, баршамыздың қабырғамызды қайыстырған қасірет сол зәрлі сөздің шындығы барына көз жеткізді. Алдағы тойдың мерзімі жайында Сәбиттен хабар алып, жұмыс бабына, уақыттың тым тығыздығына байланысты күткен қуанышқа туу Парижден ұшып бара алмайтыныма қатты өкіндім. Сонда да факспен құттықтау-хат жолдап, екі жасқа баянды бақыт тілеп, игі ниетімді білдірдім. Ертеңіне маған Сәбиттің інісі, Даниярдың ағасы – Ғабит телефон шалды. Сәлемі салқындау. Жігерлі жігіттің ұдайы саңқылдап тұратын даусы булығып, тым пәс шықты. «Той қалай өтті?» деп сұрадым бірден ішім бірдеме сезгендей. Ғабит біраз үндемей тұрды да: «Данияр… қайтыс боп кетті» деді сөзі аузынан әрең шығып. «Не дейсің?!» деп сілейдім де қалдым. Содан бірнеше ай бойы Сәбит пен Құралайға телефон соқпадым. Олардың даусын естіп, шыдап тұра алмайтынымды сездім (Тек көңіл айтып факспен жеделхат қана жолдадым). Болған жай зейініме де, зердеме де сыймай, ой елегінен де, сезім сарабынан да өткізе алмадым. Мұндай оғаш оқиғаны бәзбір романнан оқысам, оны орашолақ автордың олақ талғамы ғана санар едім. Ақылға сыймас осы оқиға Сәбит пен Құралайдың үйінде орнатылған факс арқылы жолданған көңіл айту жеделхатының мәтінінде де қайталанып, алғашқы құттықтауымды табанға таптап, түсін бұзып, өңін өзгертіп жібергендей болды. Мұндай теріс-шалыс төтен оқиғаны Шекспирдің өзі де ойлап таба алмас деймін. Ондайды өмірдің тек өзі ғана туғызады екен ғой. Авторлардың авторы ұлы Жаратушының қолынан бәрі келетініне үнсіз мойынсұнып, жағарман біз бейбақ: «Сақтай гөр, Құдай!» деп қол жайып қала береді екенбіз. … Оның үстіне баршамыз болып орны толмас өкінішке соқтырған мәселеге қоғам мен мемлекеттің де назарын аудартуға міндеттіміз, себебі олардың да бұл қасіретке тікелей болмағанымен, жанама қатысы бар. Жас жігіттің демікпе сырқаты болатын. Бірақ ол ара-тұра ғана белгі беретін. Сонда да сақтықта қорлық жоқ деп, Данияр неке сарайына бара жатып жолай бір дәріханаға соғып су жаңа ингалятор сатып алып қалтасына салады. Тіркеуден өтіп, куәлікке қол қойылған соң той көші (қызылды-жасылды ленталармен безендірілген бірнеше автомобиль) қаланы көктей өтіп, жас жұбайлардың дәстүрлі бағытымен Медеуге қарай тартпай ма. Алатау баурайындағы бір санаторийдің жасыл жібек алаңқайына той дастарқаны жайылып, жұрт жас жұбайлардың келуін асыға күтіп отырады. Дәл осы сәтте той көшінің бас машинасында сұмдық жағдай болады. Данияр кенеттен демігіп, күтпеген жерде қысылып қалады. Қалтасынан ингаляторды алып, ашылған аузына апарып тетігін басады. Алайда одан дәрімен буланған ауаның жан шақырар лебі біліне қоймайды. Тұншығып бара жатқан жігіт тетікті әлсін-әлсін басады, бірақ жылт жоқ, дым шықпайды. Басса, жап-жаңа ингалятор бос, ішінде ештеңе жоқ екен. Жантәсілімге таянған жігітті «Приват-центр» дейтін жекеменшікті клиникаға алып келсе, дәрігерлер жоқ (сенбінің кеші ғой), кезекші медбике демікпеден қысылған кісіге қандай көмек керегін білмей, еш амал жасай алмайды (Бәлкім, білікті дәрігер болса, өрім жасты өлімнен құтқарып қалар еді деседі). … Қазақстанның өзі дәрі-дәрмек жаса­майды. Фармақұралдардың 87 пайызы импорт арқылы түседі. Үндістан мен Қытай … тәрізді таяу шетелдерден әкелінетін ұнтақтардан таблеткеленген қарапайым түймек дәрілердің 13 пайызы ғана өзімізде жасалады. Қалғанының бәрі тендер арқылы келеді. Мемлекеттік сатып алу дегеннің мұндай тәсілінің негізгі талабы – ұсынылған тауардың ең арзанын таңдау. Бұл тәсіл, тіпті құрылыс материалдарын сатып алғанның өзінде де тиімсіз, арзан цемент пен әлсіз арматура құрылыстың сапасына әсер етпей қоймайды. Ал дәрі-дәрмектің ең арзанын сатып алу дегенің, тегін уға тап болу деген сөз. Ерте ме, кеш пе, ол у зардабын әйтеуір бір шектіретіні сөзсіз. Демек, Даниярдың түбіне жеткен де осындай су тегін импорттан түскен ингалятор деп айтуға әбден болады. Осынау қайғылы жайт біздің нарықты медицинаның басқа бір қырына да көзімізді ашып отыр. Ол дәрі-дәрмекті кім-көрінгеннің еркін сатуы өркениетті әлемдегідей, дәрілерді рецепсіз босатуы. Ол КСРО-да да дағдыға айналған еді. Рас, еркін сауда нарықтың негізгі құрамдас бөліктерінің ең бастыларының бірі. Бірақ бұл әдіс кез келген тауарға келісе бермейді. Нарықты экономика дамыған мемлекеттерде дәрі-дәрмекті дәрігердің рұқсат қағазынсыз босата бермейді. Еуропа, Америка, Жапония, Корея және басқа елдердің бірде-бір дәріханасында рецептсіз дәрі босатылмайды. Тек Африка мен ТМД елдерінде ғана оны еркің біліп, қолың билейді. Ең күрделі антибиотиктердің онда қайсысын қанша аламын десең де мейлің. Ресейдің де, Қазақстанның да денсаулық сақтау министрліктері «рецепт – дәріхана» жобасы мен нормасын қабылдауға әзір-ақ, тек дәрі-дәрмек нарығын реттейтін заң керек. Достастық мемлекеттерінің бірде-бірінде мұндай заңның жоқтығы халықаралық дәрі-дәрмек ұйымдарының ықпалы әлі әлсіз болып отырғанын айғақтайтын сияқты. Бәлкім, Данияр Досановтың қайғылы қазасы осындай заңның жобасын жақсартуға түрткі салып, депутаттардың ұсынысына желеу болар. Бұл істе Қазақстан төлбасы, тұңғыш пионер болғаны абзал. Ойымды ауызша айтып, тасқа бастырып отырған немерем Айнұр: «Егер мұндай заң болса, Данияр сорына қарай, жол-жөнекей сатып алған жарамсыз инголяторға сенбес еді ғой. Рұқсат пен алған аспабы оның өмірін сақтап қалар еді. Демек, рецептсіз дәрі сату адамдарды ұдайы аман алып қала алмайды» дейді. Мұндай терісыңғай тәжірибе медицина саласын тұтас қамтымағанымен, кей жағдайларда жекелеген адамдарды жаңылыстырып, өндірісшілерді бұзады. Бұл ТМД көлемінде сатылатын дәрі-дәрмектердің барлық түрінің сапасына теріс әсер етеді. Заң болса, ол өндірушілерді де, өткізушілерді де тәртіпке шақырып, тұтынушыларды құрметтеуге үйретер еді, тұтынушылар да дәрігерлердің жазбаша жолдамасын, рұқсат қағазын құрметтер еді. Тәуелсіздігіміздің 22 жылында осындай жүйе қалыптасып үлгеріп, баршаның дағдысына айналса, Даниярымыз қажетті дәріні рецептсіз кез келген дәріханадан ала салып, өзінің ең тұңғыш, ең ақтық үйлену саяхатына шықпас па еді, қайтар еді. Дүниежүзілік парламентаризмнің тарихы аса маңызды заңдардың тууына жекелеген кісілердің ғұмырындағы қайғылы жағдайлар себеп болғанын көп біледі. Мұндайлар бұдан былай қоғамның басқа салаларында да қайталанбауы үшін заң шығарылады. Сәбит Досанов Данияр туралы, оның бақыт құшқан соңғы жылдары жайында кітап жазып жатыр. Баласы университет бітіріп, мамандық алып шығады, Анжеликамен танысады. Екі жыл көңіл қосып, екі жастың махаббаты бүршік жарады. Болашақ балаларының да есімдерін ойластырып, ұзақ жылдарға жоспар құрады. Міне, енді азаматтық актілер куәлігі толтырылып, оған бір ай бойы жаттыққан қолдары әдемілеп қойылады. Сөйтіп, бір сағаттың ішінде үріп ауызға салғандай алматылық қыз өзінің азаматтық мәртебесінің қалыңдық – зайып – жесір … деген үш сатысын бір-ақ аттап шығады. Қасірет баспалдағы деген осы да. Өз басым, мұның әдеби анықта­мамен бағаға сыймайтын сыры да, мұңы да өзгеше кітап болатынына сенімдімін.