Қазақстандағы жезөкшелік жаһандық желіні де жаулай бастады

05ff14195f73a577c24c3ee87bacab15Қазақ бұрын қалай еді? Отбасындағы баласын тәрбиелі етіп өсірді. Әрбір шаңырақ өзіне ұят келмеуін қадағалайтын. Ұлы мен қызына әдептен аспауды шегелеп айтатын. Ислам дінінде де адам баласының жат қылықтарға бой алдырмауы қатаң ескеріледі. Оған қарсы тыйымдар көп-ақ. Өкінішке қарай, біз сондай тәрбиеден жұрдай болып бара жатқан жоқпыз ба деген сауал қазір тіл ұшына орала кететін болды. Расында, осы сауалға жауап іздеп көрелікші. Солардың бірі – жезөкшелік. «Алаш айнасы» осы тақырыпқа назар аударған еді. Жезөкшелікті ертеден келе жатқан жат қылықтың бірі санайды. Оған қарсы қандай амал жасаса да, оны ешкім жойып жібере алмаған. Десе де оны шектеп отыру әрбір қоғамның басты міндеті болса керек-ті. Біздің қазақ қоғамында бұл мақсатта қандай іс-шараны қолға алып жатырмыз? 90-шы жылдардың басынан жезөкшелер көше бойын жағалап, тәнін саудалауға көшті. Оны Қазақстанның қай қаласына барсаңыз да, кездестіруге әбден болады. Тіпті қазақы өңірлер деп саналатын аймақтарда да бар. Оған да етіміз әбден үйренді. Алайда оның салдарына үңілген ешкім жоқ. Солай болуы қажет секілді. Ата сақалы аузына түскен егде адамдар да желік қуып, сол жерлерді жағалап жүргенін қоғамның қасіреті санаймыз ба? Тағы бір өкініштісі, сол жерде «қызмет» етіп жүрген қыздар да өзіміздің қаракөздер. Әрине, мұны қоғамның дерті де қарадық. Оны күресуге дәрменіміз жетпей қалған секілді. Неге? Неліктен? Олардың ашықтан-ашық көшеде «қызмет» жасауына неліктен жол беріліп отыр? Бүгінгі таңда сол сауалдың басы ашық қалып отырған жайы бар. Жезөкшелер де заман талабына сай әрекет жасай бастаған тәрізді. Олар өздерінің «бизнесін» дамытуға жаһандық желіні пайдалана бастапты. Қазір интернеттің қоса қалсаңыз, осындай көңілге кірбің саларлық көріністер көз алдымызға шыға келетін болып алды. Ау, сонда оған қарсы тұратын күшіміз қалмай бара ма? Біз, тәрбие мәселесіне қатаң қарайтын қазақтың баласы емес пе едік? Бетімен кеткен «бойжеткендерге» әй дейтін әже, қой дейтін қожа табылмай тұр ма сонда? Осы жағын ойланып жүрген кім бар өзі? Әлде, көрсек те көрмедік деген күйбеңмен таңның атысы мен күннің батысына шүкірлік етіп жүре бермекпіз бе? Оған қарсы тұруға бүгінгі қоғам дайын болмай тұр ма? Қазақ зиялылары қайда қарап отыр? Қазекем кезінде мұндай қылықтарға тосқауыл қоюдың жолын іздеген. Оларды қатаң түрде жазалап, елдің көзінше оларға қарсы тас атқан. Сондықтан да шығар, мұндай ұятсыздық көп кездесе бермейтін. Тентекті тезге салатын ата-бабалар әрдайым осындай жат қылықтардың алдын алып отырған. Қазір бәрі де демократия дейді. Алайда оған бағына қоймайтын нәрсе бар емес пе? Ол – отбасындағы тәрбие мәселесі. «Қамысты бос ұстасаң қолыңды кеседі» деген бар. Сол тәмсілдің растығын қазір көріп отырмыз. Ұрпағымыз ұяттан жұрдай болып бара жатқан секілді. Бұл орайда бұрынғы тәрбиенің ақсап жатқанын айта кету керек. Ата-бабалар ұл мен қызды ес білгеннен тәрбиелейді. Бүгінгі күні бауырындағы баласына дұрыс тәрбие бере алмайтын ата-ана көбейіп бара жатқанын несіне жасырамыз? Сондықтан бұл орайда ата-ананың өзін тезге салып алуымыз керек пе екен? Бірді айтып бірге кетпейік, қазақы қоғамның қағидасына сай келмейтін жезөкшелікке қалай тосқауыл қоюға болады? Жаһандық желі беттерінде әкесінің үйінде жатқандай шешініп тастайтын оларға тосқауыл қоюдың қандай жолы бар? Бәлкім, бұл тұрғыда дін өкілдерімен бірлесе жұмыс жаасу керек пе? Әйтпесе, қолымызды кеш сермеп, бармақ тістеп, ертеңгі күні еңсеміз түсіп жүрмесін... ...Қауіп алғаннан айтамыз.

Әділ ТҰРСЫНБЕК, "Алаш айнасы"