Түрік сериалдарының әсері сонша, елімізде туылған балаларға кейіпкерлердің есімдері беріліп жатыр

pmwAAsS8XWA1Түрік сериалдарына бола балаларын түрікше атаған жерлестеріміздің қатары көбейіп келеді, деп хабарлайды otyrar.kz. Шымкентте ерлі-зайыпты Тұрсын мен Меруерт екі қыздан кейін ұлды болғандарына қуанып, есімін Сулейман қойыпты. Дін жолын ұстанып, бес уақыт намазын қаза қылмайтын отбасы ұлдарының текті болғанын қалап, таза жүректі, тақуалы болсын деген ниетпен арабша есімді таңдағандарын айтады. "Сүлеймен емес, Сулейман деп қойдық. Құранда да Сулейман деп аталады. Өйткені, араб тілінде "е" деген әріп жоқ. Яғни, қалай аталса да Сулейман деп аталады", - дейді Сулейманның әкесі Тұрсын Асанұлы. Шымкент қалалық әділет басқармасы АХАТ бөлімінің басшысы Майра Есполова ұсынған мәліметтер бойынша, соңғы екі-үш жылда түрік сериалдарына еліктеп, ұлдарының атын Сулейман деп атаған 13 жағдай тіркелген. "Сонымен бірге Ибрагим деп ат қойған 5 отбасы бар. Тағы бір ерекше атап өтетіні — Дениз деген қыздың да аты қойылып жатыр", - дейді АХАТ бөлімінің басшысы. Жалпы, халқымыз шыр етіп дүниеге келген балаға есім беруге асқан ыждаһаттылықпен қараған, оған зор мән берген. Есім де адам тағдырына әсер етеді дейді психологтар. "Сериалдарға байланысты қойылған аттар өсе келе баланың психологиясына қатты әсер етеді. Ол оны алып жүре алады ма? Сериалдар бітеді. Санадан ұмытылады. Мысалы, ол оқушы болып жүрген кезде сыныптастары оны мазақ етуі мүмкін. Сол кезде баланың ойы бұзылады. Кезінде түріктің атақты Ферхунде деген сериалы берілді. Сол кезде келіндерін сол келінге балап, мазақ еткен адамдар да кездесті ғой", - дейді психолог Зулипа Әбдрахманова. Киноөнімдер арқылы өзге елдің салт-санасын дәріптеу тұтас бір елдің санасына сызат салатын мәселеге айналып кетуі мүмкін. Отандық эфирден қыруар ақшаға сатып алынатын шетелдік сериалдарды көрсетуді қысқарту мәселесін басқа емес, Елбасының өзі көтерген болатын. Алайда санамызды жаулап алған телехикаялардың төрімізден қашан ығысары әзірге белгісіз.

nur.kz