Жарнама индустриясының даму қырқыны тым жылдам

0
1045

Бұрын «үйімізде, төрімізде портретте тұрған кім?» дегенге «ол – Ленин бабамыз» десек, қазір үй де емес, ауыл да емес, бүкіл әлемнің төрінен ойып тұрып орын алған жарнама десек, жаңылыспасбыз. Жарнама десе, Жанатбек есіме түседі, себебі ол бірде: «енді бір рахаттана жарнама көріп келе жатсам, жылт-жылт етіп кино шыға келеді» деген еді. Расында, жыл сайын жаһанда дәл осы жарнамаға 500 миллиард доллар жұмсалады екен. Ғалымдар қазіргі адамдардың ес білгеннен 65 жасына дейінгі өмірінде орта есеппен 2 000 000 жарнама ролигін тамашалайтынын есептеп шығарыпты. 

Адамзаттан ерік кеткен қазір, сіз бен бізді бір желік соңынан ертіп алып барады, ол – жарнаманың желігі. Тіпті жұмыр жерді жарнама ашса алақан, жұмса жұдырықта ұстайтын да халге жетті. Себебі ол бай, «қалтасының» түбі көрінбейді. Сондықтан біз оның «арбасына» мініп алғанбыз, ал «кімнің арбасына отырсаң, соның әнін айтатының» белгілі. Өтірік деңізші? «Тіл үшін күресеміз» дейміз, ал қазақшасы қисық-қыңыр жарнама тосқауылсыз эфирден кетіп жатыр. Теледидар өз алдына, көше, лифт, қоғамдық орындардың барлығы, тіпті жүріп, жылжып, қалқып бара жатқан көлік атаулы әйтеуір бір нәрсені жарнамалап бара жатады. Тіпті ең үлкен деген мегадидарлар да көлік жүргізушінің көңілін аулап, жол апатына ұшыратуы мүмкін демей, көшенің ең биік ғимаратында менмұндалап шақыратын болды. Жер шарында жарнамаға тыйым сала алған ел тым аз, тіпті мұсылман елдерінің өзінде Исламда «харам» деп саналмайтын тауарларға жарнама беріледі. Сонда шынында «жарнамасыз» бір де бір ел, тым болмаса ұлтарақтай жер қалмағаны ма? Қалыпты. Қайда?

Сан Пауло – жаһандағы жалғыз жарнамасыз мегаполис!

2007 жылы қала мэрі бір-ақ бұйрықтың күшімен мегаполистің барлық жерін жаулап алған сыртқы жарнаманы тып-типыл еткен. Оның айтуынша, бұл кір-қоқыстан тазарудың бір түрі, «ең құрығанда көз демалсын» деген. Шұғыл шешім жарнама өндірушілерге есеңгіретерліктей соққы боп тисе де, есесіне шаһар  басшысы тұрғындарының 70 пайызының алғысына ие болған.

Міне, ерлік, міне рух үшін күрес деп осыны айтыңыз! Ал біз? Үндемей көнеміз бәріне. Жылжымайтын мүлік, яғни, үй, ғимарат т.б, қала берді ауада қалықтайтын, суда жүзетін, тас жолда жүйткитін,  бір сөзбен әйтеуір  көлік атаулының бәрін жарнама «ақшамен» матап алған. Ол аздай енді «бекер кезбей, жарнамалай жүр» тіпті ит екеш итті де сол мақсатқа жегуге көшіпті адамдар. Таяуда Новосібірде пайда болған мұндай  «жүгіретін жарнама»  елді елең еткізді. Тіпті журналистердің өзі «жарнама индустриясы енді қандай жаңалық ашар екен» деген дабыл қағып,  студияға 22 жылын жарнама саласына арнап, 500 дей жарнама ролигін жасаған ең мықты маркетинг маманы Юрий Давыдовты шақырған.  Сонда ол былай дейді:

– Итті жарнамаға жегуді жаңалық көріп, оны мен ойлап тапты деп, сол үшін мені «арандатқыш» атандырсаңыздар, адасқандарыңыз. Себебі себебі ол сонау Александрия жұртында жүзеге асып қойған дүние. Ол ежелде десеңіз, ХХ ғасырдың 60 жылдары Батыста оны жаңғыртқандар бар. 

Айтып айтпай не керек, жарнама жаһанды уысында ұстап тұр. Ал соның салдары не? Бір қарағанға адам атаулының басы ауырып, балтыры сыздағанын қаламайтын жарнама тіпті бала-шағамыз бен өзіміздің жақсы киініп, әдемі үйде өмір сүріп, көңіліміздің көтеріңкі жүруін, жаяу жүрмей көлікке, онда да қандай көлікке мінуі керектігін «айтып», асты-үстімізге түсетін «жалпақшешей» іспетті. Бірақ, соның бәрі тегін бе? Қайдағы, қып-қызыл ақша! Әрине, сіз бен бізді елітіп, түрлі тауарды сату, тықпалау, бір сөзбен айтсақ, біздің қамымызды ойлаған кейіп танытып, анығында өз қалтасының қамын күйттеген оның сол саясатын біле тұра, неге оған нанамыз? Иланғанымыз емей немене, тіпті біз өзіміздің қалай жарнамамен таңды атырып, күнді батырып, ақыр аяғы жарнамасыз өмір сүре алмайтын халге жеткенімізді аңғармайтын болып алдық емес пе?

Эмиль Золя «Жарнаманың құрбаны»…

Баяғыда осындай бір кітап оқып едім. Онда аса мән бермеген екенмін, ал қазір… Өзінің туған ғасырын күллі адамзат даму эволюциясының шарықтау шегі, ал айнала қоршаған адамдарды ең ізгі қауым деген түсінікті Пьер Ландриге жан-жағындағы жарнама «айтып тұрғандай» болған. Себебі ол себебін өзі де білместен көзін ашқаннан жарнамаға қызығу, елігу деген бер жағы, соншалық ынтызарлықпен «ғашық болған», сондықтан қалтқысыз сенген еді.Солайша ол өз заманына ілесу, жалпы дұрыс өмір сүру сабақтарын әр күн сайын таң атысынан бастап жарнамадан оқып, сондағы тауарларды алып, сол сілтеген бағытқа міндетті түрде бет түзейді. Тіпті содан өзіне зияны тиіп, ауырып, тісі түсіп, шашы сиреп, жасына жетпей қартайып бара жатса да, сеніміне селкеу түсірмейді. Ақыры өзін қалай «жарнаманың құрбанына» айналдырғанын өзі де сезбей қалып еді ол бейбақ. Қазіргі қоғам да маған осы Пьер Ландридің кейпін елестетеді…

Жарнама-факт:

Фармацевтикалық компаниялар жарнамаға жаңа дәрі-дәрмек түріне шығаратын шығыннан екі есе көп қаржы жұмсайтыны анықталған. Яғни, бұл нені көрсетеді? Ауырмау керек деген сөз, себебі сенетін дәріңіздің сиқы «анау» – жарнамасы ақшаның күшімен жасалған күмәнді химиялық қоспа.

«Өміріңізге өте қауіпті» деген ескертпесі өлегзіген қаріптермен ғана берілетін темекінің ең алғашқы жарнамаларына қатарынан түскен атақты үш актер де өкпе қатерлі ісігінен көз жұмса керек. Дәлірек айтсақ, темекі «Ковбой Мальборо» деп аталса, қайтыс болған актерлердің есімі – Дэвид Миллар-младший, Дэвид Маклин и Уэйн МакЛарен болатын.

«Алаш айнасы», Мәриям ӘБСАТТАР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз