Талғат Мұсабаев "Антигептил" белсенділерін "ауру" адамдар деп атады

1265764Талғат Мұсабаев дәл кабинетінің терезесі астында наразылық танытып жатқандарға қатысты алғаш рет мәлімдеме жасады. Табиғат жанашырларының әрекеті "Қазғарыш" төрағасына жақпай қалды. Кездесуден де бас тартып, тіпті қарсылық білдірушілердің "денінің саулығына" күмән келтіріп отыр,- деп хабарлайды КТК арнасы. Кездесуге дайынсыз ба? деген сауалға Талғат Мұсабаев  - дені сау адамдармен "иә", ауру адамдармен "жоқ" деп жауап берді. Ғарышкердің бұл сөзі тағы үлкен дауға қалатын түрі бар. Ашық текетіреске көшкен "Антигептил" қозғалысының мүшелері алған бетінен қайтпақ емес. Осымен екінші апта Ұлттық ғарыш агенттігінің алдында кезектесіп бір-бірден наразылығын жалғастырып жатыр. Тіпті бір белсенді Талғат Мұсабаевты жекпе-жекке шақырған болатын. Ғарышкер оны бұзақыға теңеді. Ал Байқоңырдан улы гептилмен ұшырылатын "Протонға" түбейгейлі тыйым салуды талап етушілер жалғыз адамдық акция "митингіге жатпайды" деп есептейді. Бірақ прокурорлар олай ойламайды. Қарсылық білдірушілер плакатын ашқан бойда полицияға ұстатып жіберуде. Заңсыз шеру ұйымдастырғаны үшін сот оларға кемі 40 мың теңгеден айыппұл салған. Ғарышқа қосқан үлесім зор деген Мұсабаевтың өзі, "Протонға" тыйым салсақ, Байқоңыр "қаңырап қалады" деп отыр.

КТК арнасы