Елбасы: Еліміздің қазіргі заманға сай алғашқы урбанды ортасы Астана мен Алматы, әрі қарай Шымкент пен Ақтөбе қалалары болмақ

20140117124920«Еліміздің қазіргі заманға сай алғашқы урбанды ортасы Астана мен Алматы, әрі қарай Шымкент пен Ақтөбе қалалары болмақ», - деп мәлімдеді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнап кезекті Жолдауын жариялау кезінде. Бұл туралы Ақорданың твиттердегі парақшасында жазылды. «Қазақстан 2050» стратегиясы елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан, бұл туралы бүгін Қазақстан халқына жыл сайынғы, дәстүрлі жолдауын арнаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты. Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, халық арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес ел тұрғындарының 97 пайызы әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын және оның жыл өткен сайын жақсара түскендігін атаған. «Бүгінде Отанымыздың осы жылдарда қол жеткізген жетістіктері әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы болды деп айтуға болады. Қуатты, күшті мемлекеттер ғана ұзақ мерзімді жоспарлау мен тұрақты экономикалық өсіммен айналысады», - деді Н.Назарбаев. Елбасының пайымынша, «Қазақстан-2050» стратегиясы барлық саланы қамтитын және үздік өсімді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы деп білуіміз керек. «Ол елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту - ортақ парыз, абыройлы міндет болып табылады», - деді Қазақстан Президенті.

Қазақпарат