Талғат Мұсабаев қызметінен кетсін!

1265764

Қазақстан халқы Ресейдің улы отындарды сынайтын  "лабораториялық жемтігі" емес!

Қазақстан Республикасының Президенті

 Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА,

 Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Серік АХМЕТОВКЕ

  2013 жылы 23-қарашада өткен халық өкілдері құрылтайының қарарына сәйкес қазақ халқының атынан талап қою құқығы берілген Қазақ Ұлттық Кеңесі  генерал-лейтенант Талғат Мұсабаевтың таяуда «Байқоңыр» ғарыш айлағын Ресейге мәңгілік беру туралы пікіріне байланысты мынаны МӘЛІМДЕЙДІ: Үстіміздегі жылғы 9-қаңтарда Ресейдің «Известия» газетіне берген сұқбатында Қазақстан Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, генерал-лейтенант Талғат Мұсабаев  «Мы бы хотели, чтобы Россия осталась на Байконуре навсегда» деген пікірі Қазақ халқының пікірімен мүлде үйлеспейді. Қазақ халқы тең құқылы әріптестік тұрғыда Ресейдің келісім-шарт мерзімінде ғана жұмыс істеуін қалайды. Бұл Ресейдің қазақ жерінде «мәңгілік» қалуын білдірмейді. Талғат Мұсабаевтың «Мы» деп отырғаны қазақ халқы емес.  Қазақ халқының атынан ондай мәлімдеме жасауға оған ешкім құқық берген жоқ. Қазақтың алғашқы ғарышкерлерінің бірі ретінде жеке басын құрметтегенімізбен, әлгіндей жауапсыз мәлімдеме жасағаны үшін Талғат Мұсабаевты Қазақстан Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы сияқты мемлекеттік қызметтен доғарысқа  жіберілуін талап етеміз! Қазақ Ұлтық Кеңесі жаңа жыл қарсаңында Байқоңыр ғарыш айлағы кешені мен аттас қаланы  дамыту мен пайдалануға байланысты Ресей мен Қазақстан арасында келісілген «Жол картасы» қордаланған мәселелерді шешуге септігі тиетінінен үміттенеді. Әрі Қазақстан үкіметіне бұл арада ең бастысы әріптестік тепе-теңдік пен ұлт мүддесін қатаң сақтау керектігін  ескертеді. Атақты Сергей Королев өмірінің соңына дейін ғарышты игеру ісінде сұйық отын ішінде гептилді,  қатты отын ішінде бериллийді  зымыран отыны ретінде  пайдалануға қарсы болды, «Россия жерін ластауға болмайды, біз бүкіл елді улаймыз» деген пікірі ұмытылған жоқ. Ресейдің «За химическую безопасность» қоғамының президенті, химия ғылымының докторы Лев Федоров: «Миллиондаған ресейліктер гептилдің  микро-дозасымен уланды. Патогенезде гептилдің аз бөліктері басым роль атқарады. Бірақ ғарышқа жауапты әскерилер елді умен суаруын тоқтатар емес»  деп мәлімдеді. Әлемде өз азаматтарының денсаулығы  мен қоршаған ортаны қорғағысы келетін бір де бір мемлекет гептилді зымыран отыны ретінде пайдаланбайды. Себебі, гептил адам ағзасына зиянын тигізіп қана қоймай, туылатын нәрестелерді  мутацияға ұшырататын улы зат. Ол атының өзі үрей туғызатын цианидтен 6 есе улы. Ал Қазақстан халқы Ресейдің улы отындарды сынайтын «лабораториялық жемтігі» емес.  Сондықтан Қазақстан Республикасы Конституциясының 31-бабына сәйкес біз ресейлік «Протон» зымыранын ұшыруды және онда гептилдің пайдалануын тоқтатуды талап етеміз! Сондай-ақ Астанадағы Ұлттық ғарыш  агенттігінің алдында, гептил отынын пайдалануды тоқтатуды талап еткен «Антигептил» тобы белсенділеріне сот шешімімен әртүрлі көлемде айыппұл салынуы – мемлекеттік масқара іс екендігін атап өтеміз.  Өз азаматтарының денсаулығы мен құқығын, табиғаттың тазалығын қорғау қылмыс болып табылмайды.  

Қазақ Ұлттық кеңесінің

төрағасы        

Мұхтар ШАХАНОВ