Өскеменде отаршыл орыс патшасына арналған ескерткіш тұрғызылады
2014 ж. 16 қаңтар
1748
4
Жылқы жылы босағамызды аттасымен өскемендiктердi тосын бiр жаңалық елең еткiздi. Ол қандай жаңалық дейсiз бе? Өскеменде “Мой город” деп аталатын қалалық газет шығып тұрады. Осы басылымның биылғы жылдың №1 санында “Сәулетiмiз арта түспек немесе Өскеменде жаңа ескерткiштер көбейе түсе ме?” атты шағын мақала жарық көрдi. Шағын болғанымен, мақаланың салмағы зiл батпан ауыр. Ауыр болғанда, салмағы өзгенiң емес, қазақтың белiн қайыстырарлықтай ауыр.
Мақаланың авторы Анастасия Куприянова Өскеменде Ресейдiң патшасы Петр бiрiншi мен тұңғыш ғарышкер Юрий Гагаринге ескерткiш орнатылатынын жазыпты. Ғарышкер Гагариннiң жөнi бiр басқа дейiк. Ғарышқа қазақ жерiнен көтерiлдi. Ал Петр патшаның қазақ халқына, Өскеменге қатысы қанша? Автордың пайымдауынша, Өскемендi Петр бiрiншi салдырған-мыс. 2020 жылы Өскеменнiң iргетасы қаланғанына 300 жыл толмақ. Мiне, мәселе осыған орай көтерiлiп отыр. Орыс қауымдастығының Қазақстандағы бөлiмшесi белсендiлерiнiң мақсаты – осы айтулы күндi бетке ұстап, облыс орталығы Өскемен қаласында қайткен күнде де Ресейдiң императорына Санк-Петербордағыдай еңселi ескерткiш орнатпақ.
Қазақ жерiн отарлау саясаты дәл осы Петр бiрiншiден басталғаны тарихтан аян. Ендеше, отарлаушы патшаға қазақ жерiнде неге ескерткiш орнатылуға тиiс? Мұны өктемшiл Ресей тарапынан жасалмақ бассыздық деп бағалауымыз керек. Қазақшалап айтқанда – “жаман үйдi қонағы билейдi”. Анастасия ханым жазып отырғандай, отаршыл патшаның ескерткiшi қаламызға сән бермей-ақ қойсын. Автор мұны архитектуралық жаңашылдық деп бағалапты. Оның жазуына қарағанда, бұл жаңашылдықтың авторы орыс қауымдастығының Қазақстандағы бөлiмшесiнiң төрағасы – Олег Масленников деген данышпан.
Сөзiмiз жалаң болмас үшiн осы мақаладан үзiндi келтiрейiк. Газет тiлшiсi Масленников мырзаның айтқандарын былайша жеткiзедi: “Масленников мырзаның айтуынша, ескерткiштi орнататын орын дайындалып та қойған, бұл орын Андреевск кафедральдi шiркеуiнiң дәл iргесiнде. Мұны Санкт-Петербор билiгi де қолдап отыр. “Орыс қауымдастығының” жергiлiктi филиалы жәрдем беруге дайын тұр”.
Желдiң қай жақтан соғып тұрғанын сезген шығарсыз. Бұл аз болса, Масленников бұдан әрi былайша желпiнiптi: “Ресей тарабы осы ескерткiшке кететiн бүкiл шығынды және патшаның мүсiнiн Қазақстанға жеткiзудi өз мойындарына алмақ”. Орыс патшасының Қазақстанның Алтай өңiрiн барлау мақсатына жiберген экспедициясына басшылық жасаған майор И.Лихаревқа да ескерткiш қою қажеттiгiн де ұмытпапты Куприянова ханым. Осыған байланысты Өскемен және Семей епископы Амфилохийдiң де ойын жеткiзген. Дiн өкiлi патшаның бұйрығын бұлжытпай орындап, қаланың негiзiн салушы Иван Михайлович Лихаревты “Петрдың компаниясы құрамына” енгiзу керек дептi. Яғни, бұл оған да ескерткiш орнатуды көксейдi деген сөз.
Ендi осы тұста Өскемендегi орыс ағайындарға арнап орнатылған ескерткiштер жайын айтайын. Қаланың Максим Горький мен Киров көшелерiнiң қиылысында қайыққа мiнген қалпақты патша офицерi тұр. Аты-жөнi жазылмағаны болмаса, бұл жаңағы Лихаревтiң дәл өзi екенiн көзi ашық жұрттың бәрi бiледi. Осы былтыр ғана облысты он жыл басқарған А.Протазановтың, ақын А.Пушкиннiң, оның арғы жылында КСРО атом энергетика министрi Е.Славскийдiң мүсiндерi орнатылды. Қаладағы ең көрiктi екi көшеге Протазанов пен Славскийдiң аттары берiлген. Пәленбай жыл ҮМЗ директоры болған Потанинге де ескерткiш қойылған, оның атында да бiр көше бар. Қала ортасындағы “Жастар” саябағында қызыл империя көсемдерiнiң бiрi С.Кировтың алып ескерткiшi әлi тұр. Өзi аттас алаңда Я.Ушановтың мүсiнi менмұндалайды.
Осылардың ешқайсысы Қазақстанға, оның iшiнде Шығыс Қазақстан облысына Дiнмұхамед Қонаев сияқты еңбек сiңiрген жоқ. Лениногор қаласына Қонаевтың атын беру жөнiндегi жұртшылықтың ұсыныс-пiкiрлерiн билiктiң басындағылар елеусiз қалдырды. Жоғарыдан түскен нұсқау бойынша Лениногорға бұрынғы атауы – ағылшын алпауыты Риддердiң аты қайта берiлдi. Айта берсек, заманымыздың бiртуар тұлғасы Димекеңе Өскеменнен бiр көше де бұйырмай келедi. Оның есесiне, алдыңғы жылы Астана көшесi пайда болды.
Ендi Куприянованың мақаласына қайта оралайық. Мақала былайша аяқталады: “Облыс басшыларымен кездесу кезiнде бiздi Бердiбек Сапарбаев та қолдады, – дедi Олег Масленников, – Бiрақ неге екенi белгiсiз, әкiмдiк бұл мәселенi созып жiбердi. Қазiргi күнi қайдағы бiр комиссия құру туралы сөз болып жатыр, бұл да әрине, уақытты алады. Бiз қазiр ресейлiк әрiптестерiмiздiң алдында ыңғайсыз жағдайда қалдық”.
Бұл мәселеде облыс әкiмiнiң қандай ойда екенi әзiрше жұртшылыққа белгiсiз. Бәлкiм, қандай да бiр комиссия құрылып, мәселенi талқылап жатқан да болар. Ал масленниковтар пен куприяновалар алақанын ысқылап жүр. Жалпы, бұл мақала ұлыорыстық шовинистiк пиғылда жазылған. Бұл – менiң жеке пiкiрiм.
Бүйректен сирақ шығарушылардың түпкi ойы белгiлi. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында “Лад” славян қозғалысының Өскемендегi белсендiлерi полковник Петрушенконың, депутат Головковтың, дәрiгер Васильева мен журналист Ивановтың Ертiстiң оң жағы Ресейдiң жерi деп Қазақстан картасын өздерiнше кесiп-пiшкендерiн, ел тәуелсiздiгi мен мемлекеттiк тiлге ашық қарсы шыққан лаңдарын аға ұрпақ өкiлдерi әлi ұмыта қойған жоқ. Осылай бола тұра, ешқандай мораторийге қарамастан облыс әкiмдiгi ғимаратының дәл ту сыртындағы Бейбiтшiлiк көшесi бейбiтшiлiктiң шырқын бұзбақ болған Головковтың атын жамылып шыға келдi.
Олардың шовинистiк идеяларының әлi күнге дейiн бәзбiреулердiң санасына сiңiп қалғанын осы мақала көрсеткендей. Күнi кешегi ладтықтардың солақай саясатын ендi орыс қауымдастығы деген ұйым жалғастырар болса, жетiскен екенбiз. Әрине, орыс қауымдастығының Қазақстандағы белсендiлерi Ақорданың Кремльдiң қолтығына кiрiп бара жатқанын бiлмей, көрмей отырған жоқ. Солай болғандықтан да олар Санкт-Петерборға арқа сүйеп, “сенгенiнен сүйенгенi мықты” екенiн көрсеткiлерi келедi.
Дейтұрғанмен, облыс әкiмдiгi қаламызда Петр бiрiншiге монумент орнатуға жол бермейдi деп сенейiк. Облыс басшылары қазақ үшiн кiм қадiрлi екенiн бiлуге тиiс қой.
Мұрат Әміренов "Жас Алаш"