Кәмелетке толмаған қылмыскерлердің жартысына жуығы - мектеп оқушылары

bx8Bw3sSBbrTКәмелетке толмаған қылмыскерлердің жартысына жуығы - мектеп, гимназия мен лицей оқушылары. Бүгін Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында баяндама жасаған ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай мәлімдеді. Министр келтірген мәліметтерге қарағанда, өткен жылы кәмелетке толмағандардың криминалдық белсенділігі біраз төмендеген. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар қылмысы сегіз пайызға азайса, жасөспірімдер қылмысының саны төрт пайызға дейін кеміген. «Дегенмен, кәмелетке толмаған қылмыскерлердің жартысына жуығы - мектеп, лицей мен гимназия оқушылары. Сондықтан біз жасөспірімдермен және жастармен профилактикалық жұмыстың едәуір өнімді нысаны болып табылатын «мектеп» инспекторлары институтын дамытуға күш салып жатырмыз. Олар түсіндіру жұмысын жүргізуді атқарып, есірткі мен порнография өнімдерінің таралуын анықтайды, ұрлық пен жасөспірімдер арасындағы төбелестерге жол бермейді. Бүгінде 1783 «мектеп» инспекторлары қызмет етіп жатса, олардың жетіспеушілігі 1600-ді құрайды», - дейді министр Қ. Қасымов. Бұдан бөлек, ведомство басшысы кәмелетке толмаған құқық бұзушыларға арналған арнайы мектептердің жетіспеушілігіне де назар аударды.

Қазақпарат