"Қазақстанда көп әйел алуды заңдастыру қажет!"

photo_113832Қазақстанда көп әйел алуды заңдастыру қажет! Мұндай ұсынысты Ауыл шаруашылығы министрінің бұрынғы орынбасары Марат Толыбаев фейсбуктегі парақшасында жазыпты. Экс-шенеунік себебін тәптіштеп түсіндірген. Қазір елде "тоқал" алу белең алған. Сондықтан екінші әйелден туған баланы жетімсіретпей, қарым-қатынасты заңдастыру қажет. Тоқалдан туғандар мұрадан да қағылып жатқанын жазған. Ол атеист екенін ескертіп, өз пікірінің исламға қатысы жоғын алға тартады. Ал әйелдердің құқы шектелмес үшін, көп күйеуге тиюді де мақұлдаған жөн дейді. Жалпы бұл мәселеге қатысты үнемі билікке бір табан жақын ат төбеліндей топ бас қатырып жүреді. Тіпті көп әйел алу институтын енгізуді Парламент депутаттары да көтерген. "Менің таныстарым бар 2-3 әйелдері бар. Аттарын айтқым келмейді. Мен соларға қарап түсініп отырмын. Осындай қарым-қатынастары бар жанұяларда еркек екінші әйелдерімен жақсы тұрып жатыр. Арасында тату махаббат, бәрі риза", - дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің экс-орынбасары Марат Толыбаев. Осы Қазақстанда тоқал алу деген мәселені заңды жасау қажет екен. Заң жүзінде бір әйелі, екі баласы бар 47 жастағы экс-шенеунік тоқал алу ойында жоқ екенін ескерткен. Әзірге танымал тұлғалардың ішінде көп әйелі барын белгілі қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан ғана жасырмайды. Ол мұны  Астана телеарнасының "Сырласу" бағдарламасында бүкпесіз жария еткен. "Жасыратын ештеңесі жоқ. Мен полигамды брактағы адаммын. Балаларды жасыру деген ол барып тұрған тексіздік. Әкелік міндеттен бас тарту үлкен күнә. Иә, бес балам бар. Биыл Алланың қалауымен Фатима деген кішкентай қызым шетінеп кетті. Бұл үш некеден өмірге келген балаларым. Жеңгелеріңіз бір бірін білмейді деген сөз жоқ", - деген еді Бекболат Тілеухан.

nur.kz