2013 жылдан есте қалған шенділердің "оймақтай ойлары"

1348661543_dsc_1409-kzБылтырғыдай, ақырзаманды айтып, базарда шамға "таласа" шуласпағанымен, халықтың аузынан түспеген әңгімелер былтыр да аз болған жоқ.

Ендеше, жылан жылына "жасырынған" ел ағаларының есте қаларлық "фразаларын" тағы бір еске түсіріп көрейік

"Гарлем шейктің" шаңын шығарған Бақыт Сыздықова

Бақыт Сыздықова деген есімнің өзі ғана талай есте қалаларлық оқиғалардан хабар береді. Бұл кісі Көңілді тапқырлар клубының бұрынғы "түлегі" болғаннан кейін бе, әйтеуір елді өзіне қаратады да жүреді. Наурыз айында, Астананың "Мега" ойын-сауық орталығында сауық құрған Бақыт Сыздықова ханым "Гарлем шейктің" шаңын шығарып билеп, биыл да жыл бойы өзін назарда "ұстатты". Естеріңізде болса, мән-мағынасы жоқ "Гарлем шейк" биін билейміз деп, оқудан шығып қала жаздаған екі студент бір күнде бүкіл елге танылған еді. Олар Президенттің суретінің жанында жай емес, партаға шығып алып билегендері үшін оқудан қуыла жаздаған болатын. Бірақ, сол кездегі Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың жеке тапсырмасы бойынша, ол екеуіне кешірім жасалып, оқуын жалғастыруға мүмкіндік берілген. Бірақ, біздің әңгіме Қайрат пен Елдар туралы емес, біздің әңгіме Бақыт Сыздықованың шенеуніктерді биге шақыруында. "Туиттер" әлеуметтік желісінің белсенді тұтынушысы Бақыт ханым сол кезде өзінің жазбасы арқылы жастарды ғана емес, Мұрат Әбенов пен Нұрлан Өтешевті де би билеуге шақырған еді. Бірақ, соңында, Бақыт ханым жастардың арасында өзі ғана билеп қалды... Ол қанша адамды шақырса да, акцияны қолдап тек жиырмаға жуық қыз-жігіт келген еді.

Сөзіңізге абай болыңыз, "патамушта" айтылған сөз атылған оқпен тең

1348661543_dsc_1409-kz

Айтпақшы, мына "патамушта" сөзі де биыл талай әзілдің қаңқасына айналды емес пе!? Министр болып тағайындалуынан қызметінен кетуі тез болған бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовтің теміртаулық жұмысшы әйелдермен кездесуіндегі сөзі интернетті қыран-топан күлкіге қалдырған. Бірақ, Серік Әбденов өзінің сұхбаттарының бірінде: "Бұл сөз бір сөйлемнен алынған. Мен Теміртауда жұмысшы әйелдермен кездестім. "30-40 мың жалақыммен 50 жасымда зейнетке қалай шығамын" деген бір кісінің сұрағына мен қалжың араластыра "Сіздерге әлі талай жыл жұмыс істеу керек" деп жауап бердім. Яғни, мен ол әйелдің әлі жас екенін айтып, қалжыңдастым. Зал шу етіп күлді. Сол кезде адамдарды тыныштандырып, сөзіме назар аударту үшін мен "себебі" (потому что - агенттік) деген сөзді бірнеше рет қайталадым. Бұл жерде әрине журналистік этика туралы айту керек. Егер журналист адамды көрсетсе, оның сөзін толық жеткізу керек. Ал менің "себебі" (потому что - агенттік) деп бірнеше рет қайталаған сөзім ғана кесіп алынып, көрсетілген. Егер бұлай боларын білгенде, мен ол сөзді бірнеше рет қайталаудың орнына, бір рет айтып, зал тынышталғанша күтер едім", - деп мән-жайды түсіндірген. Ең айта кетерлігі, Әбденов не де болса ең сабырлы министр ретінде ел есінде қалды. Бұл сөзді қанша адам күлкіге айналдырып жатса да, Әбденов әр сұраққа байсалды қалпында жауап бере білген. Тіпті, жұмыртқа лақтырған Цукановты да сол қалпында кешіре салды.

"Суахили" тілінде сөйлейтін "Қазпошта" тіл жанашырларының ашуын келтірді

Осылайша, былтыр Серік Әбденов зейнет жасын ұзартуға наразы қыз-келіншектермен сол қалпы тіл табыса алмай кетсе, "Қазпошта" Қазақстанда "суахили" тілін білетін адамдар бар деп ойлап қалыпты. "Туиттер" желісіндегі "Қазпоштаның" ресми аккаунты қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұраған оқырманына "Среди фолловеров могут быть говорящие на суахили нам теперь каждый твит переводить? Используем самый популярный язык" (Фолловерлеріміздің арасында суахили тілінде сөйлейтіндер де бар шығар, енді әрбір твиттімізді аударып отырайық па? Ең ТАНЫМАЛ тілде жазып отырмыз) деп жауап бергені мұң еді, тіл жанашырларының шабуылына тап болды. Бұл жазбаны компанияның Маркетинг жөніндегі департамент директоры Марат Шынәлиев жазды деген күдік бар. Дегенмен, "Қазпошта" сол кезде кешірім сұрады да, кінәлі адамды табамыз деген уәдені үйіп-төгіп құтылды. Кінәлі адам табылмаса да, "Қазпошта" интернет пайдаланушылар үшін қазақ тілі қаншалықты қымбат екеніне көз жеткізді.

"Судың да сұрауы бар"

Бауыржан-Байбек1 "Мен Германияда оқыдым, ол елде мынандай жайттар кездеседі: коммуналдық қызметтер бір үйге келіп, ол үйдің иесі өліп қалды деп ойлайды. Себебі, коммуналдық қызмет үшін төлем өте аз екен. Ал ол үйде үнемшіл әже тұратын болып шығады. Германияда түнгі уақытта адамдар үйдегі жылыту батареяларын өшіріп тастайды да, ыдысқа су құйып қояды. Су қата бастағанда, жылуды қосады. Міне, осылай үнемдеді", - деген еді Бауыржан Байбек сол кезде. Қымбат демекші, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Бәйбектің Алматыдағы іс-сапары барысында коммуналдық қызметтердің бағасын қымбаттатуға қатысты айтқан мысалын Интернет әлі ұмытпаған сияқты. Бірақ, ертеңгі ішетін суымыз бен жылуымыздың қамын бүгін құнттау керек екенін жеткізбек болған Байбек мырзаның мына кеңестерін кей БАҚ өкілдері дұрыс түсінбеген тәрізді. "Алдымен ыдыс-аяқ жуады, сосын сол сумен еден жуады. Алдымен балаларын жуындырып, сол сумен өздері жуынады" немесе "үй ыстық болса, таңертең шаршап тұрасың, үй салқын болса, адам демалып тұрады" деген ойларын әп-сәтте қалжыңға айналдырып әкетті.

Зымыран құлағанда "жаңбырдың жауа қалғаны жақсы болды"

2f837074c509da83d0b26d4bba3 "Протонның" қауіп-қатері туралы айтқанда сасқалақтады ма екен, Мұсабаев: "апат соңынан жаңбырдың жауғаны жақсы болды" деп әбден сасқаны бар. Жаңбырдың жауғанына қуанғанымен, Талғат Мұсабаев "Болашақ" бағдарламасының игерлері ағылшын тілін сыраханаларда үйреніп жатқанына қынжылады екен. Үкімет отырыстарының бірінде "ағылшын тілін сыраханаларда үйреніп алғандықтан ол мамандардың білім деңгейі төмен" деген Мұсабаев әрине, кейін, "көпке топырақ шашқысы келмегенін" айтты.Суға қайдам, жаңбыр жауғанда қуанатын адамдар болса, соның бірі – Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаеав. Алайда, Талғат Мұсабаевтың жаңбырды жақсы көретіні көп адамды күлдіріп емес, керісінше, ашуландырған сияқты. Себебі, Талғат Мұсабаев жаңбыр жауғанға қуанатынын "Протон-М" ракетасы қазақ жеріне құлап жатқанда айтып қалған еді. "Мен Үкімет отырысында шетелге туған-туысы бар адамдарды емес, оқи алатын адамдарды жіберу керек дегенді айтқым келген. Бәрін бұрмалаған Бұқаралық ақпарат құралдары...", - деп "ақталды" Мұсабаев.

Әлемде жоқ білімге сусындатпақ болған министр

image75840 Айтпақшы, жаңа министр Аслан Сәрінжіпов те балаларды қазір жоқ мамандықтарға оқытамын деп, министр бола сала у-шу әңгіменің ортасынан бірақ табылды. Оның сөзінен кейін көп ата-ана балаларына дұрыс білім беру үшін "болашақта қандай мамандықтар пайда болады екен" деп бақсы-балгерлерге барған деседі. Енді қайтсін, министр Сәрінжіпов "Біз қазір балаларымызды әлемде әлі жоқ мамандықтарға оқытуымыз керек" деп, айды аспаннан бірақ шығарды ғой.

Білім саласындағы реформалар бір адамдардың "жүрегін айнытты"

CEQMW4jqjnA

Әзілді қойып, білім саласының зіліне келсек, реформадан көз ашпаған салалардың бірі –денсаулық сақтау болса, енді бірі – осы білім беру екені анық. Сондықтан болар, осындай "қызық" әрі "қиын" реформаны ала келген жаңа Білім және ғылым минстрі Аслан Сәрінжіповті түсінген адам аз сияқты. Тіпті, Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева реформалардан шаршағанын ашық айтты. "Білім саласын жайына қалдырыңыздаршы, реформалардан құсқым келеді", - деген еді депутат.

Әйелінің үйінде тұратын әкімінің "көгілдірлер клубымен" күресуге күші жетпейді

3aea4aa9cd26612175d3cb5c3367e5ab-big Бұл аз десеңіз, Қазақстандағы ең ірі мегаполистің әкімі баспанасы жоқтардың қатарына қосылды. Себебі, Ахметжан Есімовтің өзі: "Гольфты жақсы көргеннен кейін Астанадағы гольф-клубының жанынан кіші-гірім үй сатып алдым. Бұдан басқа жылжымайтын мүлігім жоқ, Алматыдағы үй әйелімнің атында. Қазір әйелімнің үйінде тұрамын", - деп мойындаған.Осылайша, халық пен халық қалаулылары білім саласына қажет емес деген реформалармен күресіп жатқанда, Алматы қаласының әкімі "көгілдірлер клубтарымен" "күресе алмайтынын" айтып, "атақты фразалардың" қатарын толықтырып тастады. Алматы қаласында бір ипподром дұрыс жұмыс істей алмай тұрғанда, жиырма шақты "гей-клубтардың" жұмыс істеп тұрғанын айтып налыған журналистің сұрағына Есімов "кейбір адамдар сондай нәрсеге жақын болса, не істей аламыз" деп, жайбарақат жауап бергені бар.

Есімов "Барахолка" базарындағы жағдайды ушықтырып, халықты айдап салып отырған адамдардың атын айтып, түсін түстеймін деген батыл сөзімен де халықты таң қалдырды. "Астанада тұратын құрылтайшылар бар. Егер олар БАҚ арқылы жүргізіп отырған жұмыстарын тоқтатпаса, біздің жұмысымызға кедергі жасағандарын қоймаса, мен олардың аты-жөндерін айтамын. Айтпақшы, олар өте танымал адамдар", - деген Есімов "ашуы келсе", тамыр-таныстыққа қарамай, ешкімді "аямайтынын" айтып, ел аузында қалды.

"Мәке", "Бәке", "Сәке" деп дастархан басында айту керек

picture(7) Ерболат Досаев депутат Уәлихан Бишімбаевты дастархан басында "Уәке" деп айтып үйренсе керек, Мәжілісте де "Уәке" деп қалып еді, төрағадан қатаң ескерту алды.Тамыр-таныстық демекші, енді Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев, тек ол ғана емес, Мәжіліс мінберіне шығатын кез келген адам "Мәке, Сәке, Бәке" деген қазақи қарым-қатынас тілін пайдалана алмайды. Оларға Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин тыйым салып отыр.

"Уәке", "Бәке" деп дастархан басында айтасыздар, ал бұл жерде аты-жөнін айтыңыздар",- деп қысқа қайырды Нығматулин. Жиындарға кешігіп келген депутаттардың бірі орнына жайғасу үшін үстелден секірем деп сөзге қалғаны есімізде. Мұндай көріністі есте сақтау үшін елең еткізер ешқандай "фразаның" да керегі жоқ...

"Туысқан" малдардың будандасуынан бұзаулар нашарлап барады

1581430 Қазақстанда асыл тұқымды мал басын қайтсем көбейтемін деп жүрген Асылжан Мамытбеков былтырғы жылдың соңындағыдай, биыл да жылдың соңында қысылып-қымтырылмастан бұқаларға қатысты пікірін ашық айтты. "Табында тұқымы қандай екені белгісіз бұқалар жайылады. Ол сиырдың "ұлы немесе ағасы" болуы мүмкін... Бұл нағыз инбридинг (малдардың "туысқан будандалуы -агенттік), біз кімнен кім туып жатқанын білмейміз. Ол сиырларға қараудың өзі аянышты, барған сайын бұзаулары нашар болып барады, сүтті де аз береді...", - деген ол желтоқсан айының басында "Сыбаға" бағдарламасы туралы айта келіп. Министр мықты бұзау қандай жағдайда туатынын бастан-аяқ баяндап берген негізі... Оның толық сөзін, әрине, Сізге Ғаламтор айтып бере алады... Осымен биылғы жылды сөздерімен де, істерімен де қызықты еткен саясат алаңындағы адамдардың тізімі тәмам сияқты. Жылқы жылында да жанға жайлы жаңалықтар көп болсын деп тілейік.

nur.kz