Мәжіліс бюросы 2014 жылғы алғашқы жалпы отырыста қаралатын мәселелерді белгіледі

photo_65168Палата бюросы 8 қаңтар күні ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында қаралатын бірқатар мәселелерді ұсынды.
Атап айтқанда, «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Хатшылығының қаржылық қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу тақырыбымен Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев баяндама жасайтын болады. Ал Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде ветеринариялық-санитариялық бақылау және өсімдіктер карантині бойынша бақылау функцияларын кеден органдарына беру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мәселесін көтереді. «Бернде 1999 жылғы 21 қазанда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияға және Хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы Хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасы жөнінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов сөз сөйлейді. Қосымша баяндаманы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерсұлтан Бектұрғанов жасайтын болады. Сонымен қатар ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Дәленов «Қазақстан Республикасы мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы ынтымақтастық пен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің ҚР қызметіне қатысты келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасын, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Үсенгелді Медеуов пен Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Ольга Киколенко «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын (екінші оқылым) таныстырады.