Қорғансыз қарындастарым-ай

B39 «Орысқа тигенде не тұр?» Біз оқиғаның салдарымен күресіп жатырмыз.  Салдармен күресу –  жарылған құбырдың сыртын алақанмен басып, суын тоқтатам деген  әлсіз әрекетпен  бірдей шаруа. Түпкі себебін тауып, соған сай амал қылмаған істің бәрі әурешілік. Енді осының себебін таппаққа қадіри халімізше талпынып көрелік. Жарықтық Қадір Мырза-Әлі ағамыз: «Орыстандыру саясатының кесірінен соңғы жүз жылда 94 ұлт жер бетінен ұлт ретінде жойылып кетіпті» деп жағасын ұстап жазғаны бар еді.  Әрине, олар қырылып қалған жоқ, орысқа үйленіп, сіңісіп, дәсүр-салтынан айырылып, жойылды. Осы қазақты бүгінге дейін аман-есен сақтап келген қандай күш? Патшалық Ресей қазақты отарлаудың ең негізгі оғын оның дініне бағыттады. Елдің шетіне әкеп крест қойып, екінші жағына ор қазып: «не крестке табынасың, не көрге түсесің, таңда екінің бірін!» деп мылтық кезенген-тін. Сонда, «кәпір болып шоқынып өмір кешкенше, мұсылман болып өліп кеткенім артық» деп, қасқайып тұра берген қазақтың шалдарының қыңырайған мойынын мылтық та түзете алмапты.  Осыны көрген ұрпақ қызын  орысқа бере ме? Мұндай мұсылманшылық өркен жайған отбасында тәрбие көрген қыз өздігінен орысқа тие ме? Енді осыдан кейінгі қазақтың қазақ болып қалуы жолындағы көрген азабын тізбектей беріңіз. Кеңес одағы бұл үрдісті басқаша жүргізеді. Бүкіл оқу жүйесіне құдайсыздықты енгізді. Алла деген адамдарды атты, жазалады. Қалғанын харамнан жиіркенбеуге, ептеп етін үйретуге тырысты. Ыңғайына көнген бір-екеуіне шошқа бақтырып, оны бүкіл гәзетке шығарып сыйлықтың астына көмді. Шошқадан сескенбеген жүректің иманы бойынан қырық кез ұшатыны айдан анық. Сонан кейін оған орысың не, қазағың не бәрібір болды да қалды. Ары-беріден соң шошқадан жиренбеген ұрпақ «орысқа тигенде не тұр?» дейді. Қазір кез-келген қазақ осылай дейді. Бойда тікен кіргендей тітіркенер түйсік қалмаған. Иненің жасуындай иммунитет жоқ. Қызы орысқа тиіп жатыр ма, қытай-қырым алып жатыр ма, бәрі бір. Осылай да осылай итырғылжыңға түсіп, құдайсыздыққа бірін көндіріп, бірін көндіре алмай жүргенде Кеңес үкіметініңде ғұмыры таусылды. Алып империямен жетпіс жыл бойы алысып, әл-дәрмені құрып, атеизмнің шыңырауына мәңгілікке құлағалы жалғыз тарамысына ілініп әзер тұрғанда, атыңнан айналайын Тәуелсіздік келді қазаққа!.. Әлгі жоғалып кеткен 94 ұлттың қатарынан аман қалды. Дәстүрі де, тілі де, әні де, биі де емес, жүректегі мұсылманшылық қана шыр-пыр болып кәпірге жұтылмаудың жолын іздетті. Қазақтың жұрнағын тәуелсіздік жеткенге дейін аман сақтап тұрды. Жоғалған ұлттардың салт-дәстүрі, өнері, тілі, түрі де ұлт болып қалуға тиянақ бола алмады. Олардың намысы мен батырлығы, жауынгерлігі, қазақтың жүрек түбінде сексеуілдің шоғындай жылтырап жатқан титімдей иман күшіне тең келе алмады. Жоғалған ұлттардың бәрі дерлік көзіне көрінгенге табынып жүре беретін Исламнан алшақ жұрт еді. Олардың жүректерінде орыстарға деген діндік қарсылық болған да жоқ. Қайта тау мен тасқа табынып жүрген елге Исаға табыну әлде қайда зор мәртебе болды. Кітәби дін тауып жырғап қалды. Ерінбегені дәстүрін шама-шарқынша ұстанып бақты. Жүректе сұрауы болмаған соң ол құрғырдың да байлауы болмайды екен. Ындынның ыңғайына, күштінің ығына бұрылып танылмастай өзгере салды. Олардың алды жетпіс емес, жеті-ақ жылда орысқа айналып жүре берді. Суға салған мұздай еріп өзінен-өзі жоқ болды. Бұл хикаяны неге айтып отырмыз? Айтпағымыз ұлттың ары болғасын, зұлымдықтың түпкі тамырынан қуалап айтайық дедік. «Бұлар бұтқа табынады ғой, кәпір емес пе?» Бүгінгі қазақтың қызының қытайдың жетегінде кетіп бара жатуының арғы себептері атың өшкір оқу жүйесіндегі дарвинизімнің зардабы. Өкінішке қарай, сол тажал шалдың сандырағы қазақ баласының миын әлі шандып отыр. Оны оқулықтан түсірмей отырғандар кезінде өздері сол сандырақты шермие жұтқандар. Енді не болды? Құдайсыздық қазақ қызының жүрегіндегі мұсылманшылықты алды. Бойдан мұсылманшылық кеткен соң қытай түгілі, итті сүйсе де еркінде. Дәстүріңе пысқырғаны бар. Дәстүр керек болса қытайдың бір ғана шай құю салтының бес жүзден астам дәстүрі бар. Қыздарымыздың қытайға тимей-ақ тыңдап жүрген музыкалары мен әндерін қараңыз. Түгел шетелдің ән, музыкасы. Бұған қарап отырып «қызымызды қытайдан қорғап қалатын әніміз бен дәстүріміз» деп, өтірік айтып жұртты алдаусырата алмаймыз. Көңілге бола демесеңіз, оған сенейін деген жұрт та жоқ. Моңғолиядағы қытайлардың алып жатқаны түгел моңғол қыздар. Ондағы қазақтар қытайға қыз бермек түгілі пәлен жылдан бері қойы қоралас отырса да моңғолға қыз бермеген. Әйтпесе, екеуі де көшпенді киіз туырлықты ел ғой. Не дер екен деп сондағы бір ақсақалдан әңгіме арасында «моңғолға әлі күнге дейін қыз бермей келеді екенсіздер, соның себебі не?» деп сұрап қалғанымызда, көзі бағжаң етіп одырая қарап алды да «бұлар бұтқа табынады ғой, кәпір емес пе?» деп қысқа қайырды. Қазақтың қызына ол жақтан қауіп жоқ. Бір жағынан моңғолдың өз ұлдарына өз қыздары да жетіп жатыр. Орыста да сол. Шанда бір болмаса, қырып бара жатқан жоқ. Бірлі-жарым жұмыртқа онсызда шірімей тұрмайды ғой. Бізге қауіп – қытай. Тоқсан миилион қытай. Олар қазақтан қыз алса, қайта айналып қазақтың өзін жұтады. Сол елде тұрып жатқан қазақтар қытайға қыз бермеу жолында қаншама жылдардан бері күрес жасап келді. Бұдан ілгеріректе намысты жігіттердің адам нанғысыз ерліктер істегенін ет құлағымызбен естігенбіз. Кейбір әкенің «сүйгенім осы» деп ертіп келген қытай «күйеудің» көз алдында туған қызын атып тастағанын жұрт аңыз қып айтады. Ерлік екен дегеніңмен ол да кісі басына тілейтін жақсылық емес. Амал не? Терең батырады. «Бұл кімнің тойы?» Осы кездегі қытайға кете бастаған қыздар мектепте тағы сол Дарвиннің уы егілген ұрпақтар. Оның алдында Қытай он жыл бойы «мәдениет зор төңкерісін» жүргізіп, қазақтың ел бастағынын түрмеге тоғытып, молласын өлтіріп, кітабын өртеп, құлағы бар қазақтың бәріне Исламды жамандады. Елді ақиқат іліммен сусындатып, Ислами ағартумен айналысқан Ақыттай боздақтарды аяусыз қинаумен түрмеде өлтірді. «Шығыс Түркістан Ислам мемлекетін» құрған Оспандай батырды оққа байлады. Онымен қоймай қалған ұрпағының аузымен оларды қаралатты. Ақытты, Оспанды жамандау үшін бірінші кезекте дінді жамандау керек болды. Ақыры «Көкпек жеген түйедей шөп жеген қытайдың сасық иісі қозы көш жерден мұрныма келіп, жүрегім айнып тұрады» дейтін Оспан батырдың бүгінгі ұрпағының танауы сол сасық иісті, әтір иісіндей сезіне бастады. (Жақсы мен жаманды, ақ пен қараны айыра алмай қалудың қасіреті осы жерден басталады екен ғой). Іш күйгеннен айтамыз. Бір оқиға ойға оралып отыр. Қытайдың Алтай өңірінде 70-жылдары ағартушылықпен айналысқаны үшін қытайдың қуғынына ұшыраған бір топ азаматтар болды. «Көгілдір жер тарының қауызындай, мен енді қайда барып, қайда сіңем?!» деп жырлаған Қызырбек Оралов дейтін ақын сол кезде Шерхан Мұртазамен хат алысып, шерін ақтарған кісі болатын. Іштен шыққан жандайшаптардың кесірінен қолға түскен Қызырбекті залым қытай әдейі қазақтарға тепкілетеді. Сонда бәріне көзі жетіп, қытайдың құрығынан құтылмасын білген есіл ер, бұйрық атқарушы қазақтарға «қатты тепкілеңдер, бәрібір ертең кәпірдің қолынан өлемін, оданша сендердің қолдарыңнан өлейін» деп дауыстапты. Қайран қазақтың қайсар ұлы-ай, ақыры атылып кетті. Енді мына қасіретті қараңыз, өткен жазда бір танысым сол Алтайға қыдырып барыпты. Кешке қарай бір тойхананың алдында қалың әйел жиналып тұр дейді. Ішіндегі бір танысынан «бұл кімнің тойы?» деп сұрамай ма. Сөйтсе, сол кезде Қызырбек Ораловпен бірге қызмет жасап, бірге қуғынға ұшырап, ақыры өлім құшқан азаматтардың біреуінің немересі қытайға тиіп, соның тойына келіп тұр екен. Енді не дейміз?!  Өзге емес, өз атасының басын жалмаған кешегі қанды кек те тосқауыл бола алмаған бұл не деген індет! Айналасы қырық жылдың ішінде миы айналып, кері төңкеріліп түскен заман-ай деші. Атасын тепкілеп өлтірген жаудың қойнынына немересі өз еркімен кіретіндей етіп жасалған жан шыдамас саналық езгінің астында, соры арылмаған бір халық бордай тозып, босып барады… Ие болар кімі бар? Енді қайтеді? Енді биссімиллә деп жерден көтеріп, азан шақырып ат қойып, ақ бесікте әлдилеп өсірген қызғалдағын қазақша оқытар жер таппай, айналып келіп қытайдың мектебіне беріп, соның тілінде әлгі Дарвиннің шатпағын оқытады. Жусанның басын шалып қозықандай ойнақтап жүрген жерінен ұстап алып, шошқа қораға түкпірлете лақтырғанмен бірдей бұл. Сосын ол қытайлыққа тиді деп өкпелеме! Діттегеніне жету үшін дінінен алыстатып алып жайғайтын жауыздыққа иманнан өзге тосқауыл жоқ. Шын мұсылманшылық қана қыздарымызды қысық көзден аман сақтайды. Жігіттерімізді намысты қылады. Оған оны мектеп үйретпейді. Қайта оған кері үйретеді. Ол жұртқа бізден бұ жағынан да қайыр жоқ. Қайта кесіріміз тимесе болғаны. Өйткені Исламды жерден алып, жерге салып өзіміз қырықпышақ болып жатырмыз. Ұлтшылмыз деп жүрген жігіттеріміз ұлт қайғысының қайда жатқаны түсіне де кірмей, айтаққа еріп айдалада шауып жүр. Жүрегінің ауыратыны шын болса, иманын бекемдеп, етегін жапқандардың жаулығымен жағаласпай, жат құшағы тұншықтырып бара жатқан қарындасты құтқаруға қам жасар еді-ау! Қорғансыз қарындастарым-ай! Біздің қолдан келер қайран осы болды. Қорғандарың Алла болғай!

Аянбала  Шер-Алтай

namys.kz