Азат Перуашев: Жаңа саяси бағдарлама демократияның дамуы мен өндірісті қолдауға арналуда.

sezd Aqlol    Қазақстандық бизнес көптеген қауіп пен кедергілердің алдында тұр. Осы саланың негізгі  қорғаушысы ретінде «Ақ жол»  партиясы белсенділік танытып келеді. Жуырда Астанада өткен XI съезд барысында партия өзінің жаңа саяси бағдарламасын таныстырған болатын. «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашевтің айтуынша,  «партияның тірегі орта бизнес өкілдері болып табылады. Яғни қазақстандық кәсіпкерлер. Бүгінгі жаңа бағдарлама ол – қоғамға пайдасы көп кәсіпкерлерді қорғау мен қолдауға арналған. Қабылданған бағдарламаның даму бағыты европалық үлгіде болуы керек. Бұл – өндірісті қолдау, демократияның дамуы, бизнес ортаның жақсаруы, құқықтық өмірді қалыптастыру секілді маңызды  мәселелер. «Ақ жол» өзін парламенттік оппозициялық партия ретінде көреді, әрі бұрынғы жолынан тайған жоқ»,- деді Азат Перуашев. Партияның жиынына  екі жүзге жуық шетелдік делегат келді. Олардың арасында Еуроодақ елшіліктерінің бақылаушылары, АҚШ, Ресей, Қытай секілді мемлекеттердің сарапшылары бар. Сонымен қатар Отандық партиялардың мүшелері қатысты. «Ақ жол» партиясының өкілдері өздерінің негізгі саяси мақсаттарының бірі ретінде мемлекеттік және де жеке бизнестің арасындағы балансты сақтау деп көреді. Мемлекеттің күші артқан сайын жекеменшік бизнестің өркендеуі қиындықтарға әкеліп соқтыруда.  Ал «Ақ жол» партиясы Президиумы мүшесі Бөріхан Нұрмұхамедовтың айтуынша,  «мемлекеттің экономикадағы белсенділігі отандық кәсіпкерлікті  аяғынан тік тұрғызбайды. Осының салдары әлеуметтік қайшылықтарға алып келуі мүмкін» - деді. Сонымен қатар Бөріхан Нұрмұхамедов: «Қазақстан Кедендік Одақ пен Біріңғай экономикалық кеңістік аясында оған мүше елдердің ішкі нарығына кіре алмай отыр. Оның негізгі себебін келісім-шарттардың орындалмай отырғандығынан деп түсінеміз. Оның үстіне екі жақты, көп жақты келіссөздерде қазақстандық шенеуніктердің нақты ұстанымының жоқтығы айқын көрініп тұрады. Отандық бизнес мемлекет тарапынан ешқандай қолдауға ие емес», -деді. Партия төрағасы Азат Перуашевтің  айтуынша, Қазақстан шын мәнінде «заңшығармашылық»  тірліктермен айналысып кетті. Осы орайда Қытайды мысалға алатын болсақ, оларда 300-ге  жуық қана заң бар. Ал бізде 2149 заң. Осы жөнінде ойланғанымыз дұрыс болушы еді» деді партия төрағасы.   Съезде сонымен бірге мандат комиссиясы төрағасы «Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасары- ОҚО филиалы төрағасы  Анарбек Орманов,   «Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасары  Қазыбек Иса,  Оңтүстік Қазақстанның политехникалық колледжі директоры, облыстық мәслихат депутаты Амангелді Сопбеков,   «Ақ жол» ҚДП ОК идеологиялық хатшысы Сәбит Байдалы, Қарағанды облыстық  филиалы төрағасы Марат Берқалиев, партия ОК мүшелері Г.В. Опененко, В.И.Шокарев,  «Ақ жол жастары» ҚБ төрайымы, «Қазақ үні» газетінің ОҚО бойынша тілшісі Нәзипа Мамық,  «Фудмастер» компаниясы президенті Аида Сейфуллина, Ақмола облыстық  филиалы төрағасы Серік Бейсембаев, ШҚО  филиалы төрағасының орынбасары Бүркіт Сұлтанов, Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбековалар сөйлеп, «Ақ жол» ҚДП ревизилық комиссия төрағасы Болат Өтепбаев пен  «Ақ жол» ҚДП ОК хатшысы, мандат комиссиясы төрағасы  Әбдіразақ Сұлтанов есептерін берді. Белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталы бастаған партияның Ақылдастар алқасы толығып, 23 адамға жетті. Сонымен қатар съезд редакциялық алқа ұйымдастырып, орталық кеңеске партияның қабылданған саяси бағдарламасын аймақтарда талқылау мәселесіне тоқталды. «Ақ жол» партиясының өкілдері Орталық кеңестің жаңа құрамын қайта бекітіп, партия төрағасы болып Азат Перуашев бірауыздан қайта сайланды. Ал  партия мүшелері  жыл сайын ұйымдастыратын «XXI ғасырдағы Алаштың ақ жолы» атты конкурсының өз мәресіне жеткендігін атап өтіп, жеңімпаздардың анықталғандығын да тілге тиек етті. Сонымен бірге съезд қарсаңында ақжолдықтардың  қуаныштары еселей түсті. Тәуелсіздік мерекесіне орай ҚР Президенті жарлығымен белгілі  ғалым, алаштанушы Мәмбет Қойгелді «Парасат» орденіміен, «Ақ жол» ҚДП ОК идеологиялық хатшысы Сәбит Байдалы, «Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасары Ерлан Барлыбаев, Астана қалалық  филиалы төрағасы Асқар Смағұловтар «Құрмет» ордендерімен, «Ақ жол» ҚДП заң департаменті директоры Тимур Нығметов пен Мәжіліс депутаты Алмас Тұртаевтар «Ерен еңбегі үшін медалімен марапатталды.  

Сейілбек Асан