Алматыдағы неке сарайының бұрынғы директоры 7 жылға сотталды

almaty_neke_sarayyАлматыда "Жас Отау" неке сарайының бұрынғы басшысы Әлия Тұтқышева мен есепші қызметін атқарған Назым Мамырханова 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Мұндай үкімді Алмалы ауданының соты шығарды. Сондай-ақ олардың мүлкі тәркіленіп, 105 миллион теңге "Жас Отау" неке сарайының шотына аударылмақ. Ал,үшінші айыпталушы, бұрынғы бас маман Ғалия Тұтқышева болса, 1 жылға бас бостандығынан айырылды. Дегенмен, ол бір жыл уақыт қамауда болғандықтан сот залынан босатылды. Адвокаттар төреші үкімімен келіспейтіндіктерін айтты. Олар судья шешімді заңға қайшы шығарды деп санайды. Енді қалалық және жоғарғы сотқа арызданбақ. Өткен жылдың 4-қазанында қалалық қаржы полициясы "Жас отау" неке сарайының қызметкерлеріне "157 млн теңгені жымқырды", - деген айып тағып, қылмыстық іс қозғаған болатын. Осыған байланысты прокурорлар, судьядан директорға - 11 жыл, есепшіге - 10 жыл. Ал, бас маманға 9 жыл жаза кесуді сұраған еді. "Сотта анықталған нәрсе, 1 миллион теңгеден астам ақша шыққан шығар. Бірақ оның қайда, қалай жұмсалғаны дәлелденген. Енді 105 миллион тәркілемек. Оны қайдан шығарған? Мен нақты айтамын, соттың шешімі заңсыз. Үкімі масқара," - дейді Н.Мамырханованың қорғаушысы Аян Кәрімханов.

nur.kz