Жылдамдық қуғыш жігіт шенеунік әкесінің лауазымына зиян келтірді

01-3vapap_e3969485Алматыдағы жантүршігерлік апатқа кінәлі жігіттің әкесі бүгін ұзақ үнсіздіктен соң "ұлым үшін жауап беруге дайынмын" деп мәлімдеді. "Экспо-2017" ұлттық компаниясының лауазымды атқамінері Қажымұрат Үсенов қайғылы оқиғаны өзінің қызметімен байланыстырмауды өтініп отыр, деп хабарлайды КТК арнасы. Сондай-ақ, тергеуге араласпайтынын, ал ұлының заң алдында жауап беретініне сендіріп бақты. "Жауапкершілік керек болса аламыз. Неге алмасқа? Менен туған бала ғой. Бөлек тұрса да. Бірақ бұл әркімнің басынан өтетін жайт. Ол әдейі барып соққан емес. Менің қызметіме баламның ешқандай қатысы жоқ. Ол өздігімен жүрген бала. Мен баламды желкесінен алып, қызметке шақырып көмектескен адам емеспін", - дейді "Экспо-2017" ұлттық компаниясының құрылыс жүргізу департаментінің директоры Қажымұрат Үсенов. Қажымұрат Үсенов жұмыссыз ұлының БМВ-ны қалай иемденгенін де түсіндірді. Сөзіне сенсек, жол жиегінде тұрған 6 адамды таптап, біреуін мерт қылған қымбат көлікті оған кәсіпкерлікпен айналысатын туған әпкесі алып берген. Қазір 24 жастағы Мақсат Үсенов абақтыда отыр. Жылдамдық қуғанды ұнататын жігіттің рөлге отыруға ешқандай құқы болмаған. Себебі жыл басында рөлге мас күйінде отырғаны үшін құжатынан айрылған екен. Осы оқиғадан кейін депутаттар жүргізушінің шенеунік әкесінің отставкаға кетуін талап еткен еді. Алайда бүгін мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы әріптесін қолдап шықты. Айтуынша, баласының әрекеті үшін әкесі жауап беруі тиіс емес. "Апат болса әркім өзі жауап беруі тиіс. Енді не айтуға болады. Кәмелет жасына толған адам ғой", - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов.

nur.kz