Шенеуніктер де қателік жасайды...

01-3vapap_e3969485Әлеуметтік желілерде 6 бірдей адамды қағып кеткен Мақсат Үсеновке қатысты жаңа мәліметтер жарияланды деп хабарлайды КТК арнасы. Жылдамдық қуғанды жақсы көретін  бай баласы жыл басында да жол апатына себепкер болып, көлік жүргізу құқынан айырылған екен. Оның үстіне полиция айтқандай жұмыссыз емес, әкімдікте қызмет етіпті. Ал әкесі "Экспо-2017" ұлттық компаниясының құрылыс жүргізу департаментінің директоры. 6 адамды қағып бір өліммен аяқталған жол апатына қатысты жаңа мәліметтер ресми органдардың мәлімдемесінен емес, әлеуметтік желілер арқылы белгілі болып отыр. Ғаламторда 24 жастағы Мақсат Үсеновке қатысты бүгін жаңа ақпарат тарады. Қымбат БМВ-ны тақымдаған жігіт "Экспо-2017" ұлттық компаниясының құрылыс жүргізу департаментінің директоры Қажымұрат Үсеновтың ұлы екен. Сондықтан жазадан құтылып кетуі мүмкін дейді көпшілік. "Куәгерлер жүргізушінің мас болғандығын айтқан. Алайда ресми сараптама бұл пікірге қарсы қорытынды шығарып отыр. Сонда сап-сау адам өзінің жылдам көлігімен ұшқысы келген ғой. Біз үнсіз отыра берсек туыстары оны ақша көмегімен ақтап алады. Бұл ойлары іске аспаса оның ел аумағынан шығып кетуі де мүмкін". Ал ешбір жерде жұмыс істемейді деген Мақсат Үсенов Алмалы аудандық әкімдігіне апаттан екі күн бұрын ғана ресми түрде ант беріп жұмысқа орналасыпты. Сонымен қатар жаны жылдамдықты сүйетін жігіт бұған дейін "Рorsche cayenne" көлігімен апатқа түскен. Ал жыл басында ішімдік ішіп рөлге отырғаны үшін екі жылға көлік жүргізу куәлігінен айырылған. "Азамат Үсенов 2013 жылдың ақпан айында соттың шешімімен жол жүру куәлігінен тізгінге мас күйінде отырғаны үшін айырылған болатын. Демек ол ешқандай моральдық және құқықтық негізі болмаған тізгінге отыруға", - дейді Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек. Ал зардап шеккендердің ішінде жарақаты ауыр болып жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан 22 жасар Айдана Назарованың беті енді бері қараған. Қалғандары үйлеріне жіберіліпті. Қазіргі таңда тергеу изоляторында жатқан жас мемлекеттік қызметкерге қатысты екі бірдей бап бойынша қылмыстық іс қозғалған. Әкесінің лауазымы да оның жазадан сытылуына себеп болмайды деп сендірді тәртіп сақшылары.

"КТК"