Тасбауыр ана жаңа туған сәбиін қоқысқа тастаған

musorka14062013-2Шымкентте жаға ұстатар жағдай орын алды. Қаладағы қоқыс жәшіктерінің бірінен жаңа туылған нәрестенің өлі денесі табылған. Қалдықтар үйіндісінің жанында жатқан сәбиді, алғашында, ішек-қарын деп те ойлағанын айтады. Жақындап қарағанда барып оның адам баласы екеніне көзі жетіп, дереу полицияға хабар берген.Өз анасы өзегінен тепкен бейкүнә шарана Темірлан тасжолы бойындағы көпқабатты үйдің ауласында жатқан дейді куәгерлер. Нәрестені таңертең қоқыс төгуге шыққан қала тұрғыны тауып алған. "Таңертең қоқыс төгуге келдім. Қарасам, қан-қан болып бірдеңе жатыр. Алғашында мән бермедім, өйткені бұл маңда малды сойып, ішек-қарнын итке лақтыратындар көп. Бірақ, жүрегім бірдеңені сезді. Анықтап қарасам, кіп-кішкентай сәби жатыр! Құлағы қалқиған, аяқ-қолдары, көзі бар. Қып-қызыл болып жатыр. Әйелмін ғой, жаңа туылған нәресте екенін бірден білдім" - дейді Гүлфия есімді тұрғын. Куәгердің айтуынша, шарананы анасы түнде тастап кетуі әбден мүмкін. Түнгі аязға шыдамаса керек, сәбидің денесі қатып қалған. Оқиға орнына полиция бөлімінің шұғыл-тергеу тобы келіп, мәйітті сараптамаға алып кетті. Қазіргі уақытта шарананы тастап кеткен тасбауыр анасы іздестірілуде.

nur.kz