Мектеп оқушысы құрдасын өлтірді

draka1803Қызылордада сот жаппай төбелес кезінде құрдасын өлтірген жеткіншекке қатысты үкімін шығарды. Бұл туралы BNews.kz облыстық сот баспасөз қызметінің бас маманы Қаракөз Сәрсенбаева мәлім етті. "Оқиға оқу бітіру баллынан кейін туындаған екі мектеп оқушылары арасындағы кикілжіңнен басталған, - деп әңгімеледі ол. – Сол кезде оқушылардың бірі келесісін пышақпен жаралаған. Жараланған жігіттің досы сыныптасы үшін кек алмақ болып, танысын қолдан қару жасап беруін өтінген. Қару дайын болғанда жеткіншек сыныптастарын жинап, досын жаралаған жігітке барған. Ол жерде екі топ арасында тағы төбелес шығады". Оның айтуынша, төбелес жайында полицияға мәлім болғаннан кейін оқиға орнына "Боран" жасағы жөнелтіліп, жағажыртыс қатысушылары жан-жаққа бытырай жөнелген. Сол кезде қолында қаруы бар бала қашып бара жатқан құрдасын жайпап салады. Алған жарақатынан оқушы сол жерде көз жұмды. "Сот барысында жігіттің кінәсі толығымен дәлелденді, - деп қосты Сәрсенбаева. – Енді ол 11 жыл өмірін темір тордың арғы бетінде өткізуге мәжбүр. Ал оған қолдан қару жасап берген адам шартты түрде 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ".

bnews.kz