«Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген мақал өзгерді...

Қуандық-Шамахайұлы

Қазақстан Республикасындағы 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру бағытында 2013 жылдың 24 сәуірінде ҚазҰМУ-да «Құқықтық мемлекеттегі гендерлік теңдік» атты халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференция өткізілгені белгілі. Бұл конференцияда әйел мен ердің теңдігі мәселесі, әйелдердің қоғамдағы, биліктегі, отбасындағы атқаратын ролі мәселелері сөз болған еді. Гендерлік теңдік ұғымы ғылыми, тарихи, саяси, діни, әлеуметтік, құқықтық тұрғыдан талқыға салынған болатын. Гендерлік тең құқықтық саласындағы мемлекеттік саясат, әйелдердің экономикалық және саяси өмірге қатысуларының кеңеюі, әлемдік қоғамдастықта жоғары бағаға ие болды. Қазір Қазақстан гендерлік тең құқықтық бойынша жаhандану рейтингінде 135 елдің арасында 31-ші орыннан көрініп отыр. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының өте маңызды нәтижесі. Алайда, қоғамдық-саяси саладағы гендерлік теңдікке қол жеткізу жөніндегі мәселелерді шешуді, соның ішінде әйелдердің саяси, экономикалық және мемлекеттің қоғамдық жұмысқа белсенді араласуын БАҚ-тарда насихаттау қарастырылып жүр. Бұл орайда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі мемлекеттік басқару саласында гендерлік теңдікті көрсету бойынша ақпараттық жұмыс жүргізеді, мемлекеттік органдарда “дөңгелек үстелдерді” өткізеді. Онда Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның жетістіктері, еліміздің дамуы мен қалыптасуындағы әйелдердің рөлі талқыға салынады. Осы орайда әйел мен ердің тең болуы мүмкін бе деген сауалға жауап іздеп, Қуандық Шамахайұлымен әңгімелестік.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ – ҚР мәдениет қайраткері, филология ғылымының кандидаты, әдебиеттанудың доценті. Вашингтон, Нью-Йорк, Атланта секілді АҚШ-тың жетекші қалаларындағы университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өткен. Мадридтегі халықаралық журналистер ұйымының мүшесі. «Азат ойдың айнасы», «Мен көрген Америка», «Сөз бостандағы және масс медиа», «Демократиялық қоғамдағы баспасөз», «ХХ ғасырдағы әлем журналистикасы» секілді 9 кітаптың, ғылыми-танымдық, публицистикалық мақалалардың, сатиралық шығармалардың, әдеби-көркем аудармалар мен сын зерттеулердің авторы. 1994 жылдан бері еліміздің жетекші университеттерінде журналистика, мәдениеттану, қоғаммен байланыс, этика, әдебиет теориясы, аударма ісінің теориясы, әлем әдебиеті салалары бойынша дәріс беріп келеді.

Сұрақты тәрбиеден бастасақ. Қызды бойжеткен, ұлды елге қорған азамат етіп қайтіп тәрбиелейміз? Осы жайлы ой бөліссеңіз?  – Қазақ халқының салт-дәстүрінде бала тәрбиелеудің озық үлгілері қаншама. Ұлды «он үште отау иесі» деп қарайтын ата-бабаларымыздың қалыптастырған тәжірибесін қазіргі заман талаптарымен ұштастыра білсек, қанеки. Отырықшы елдердің консер­вативтік қатып қалған ой-өрісіне қарағанда еркін далада өскен көшпенді халықтардың ақыл-ойы, санасы кең әрі бейтарап сипатта болып келетіндігін бүгінгі таңда батыстық психолог-ғалымдары да мойындай бастады. Мысалы, кәрі құрлықтың оқырманы әу баста нені қалай түсінсе, сонысынан өмірбақи айырылмай өтуге бар. Мысалы, Қазақстан деген елдің жері жазық дала деген ақпаратты миына сіңірген болса, онда Алатаудың, Көкшетаудың әсем табиғаты тамылжыған ғажайып өлкесінің барын айтып ұқтыра алмайсың. Біраздан соң «стан»-мен аяқталатын елдің бәрін Ауғанстан деп ұғып, олар ислам лаңкестері деп лағып кетеді. Мың рет айт, деректі фильм көрсет, кітап, газеттер оқыт оған да илана қоюы екіталай. Ал, біздің қазақ ақпарат ағыны тоқтап қалса да жеті қырдың астындағын түйсікпен ұғып, бәрін біліп отырады. Ең алыс ауылдағы қарапайым қара қазақтың өзі күнде энциклопедия ақтарып, Интернет сығалап отырған батыстық оқымыстыдан қалыспайды. Кез-келген ғаламдық мәселелерді кіммен болса да бірігіп талқылауға даяр тұрады. Бұл енді, исі қазақтың ақпарат табудағы, алған білімі мен танымын қорытудағы айырықша қабілетінің бір ерекшелігі болса керек. Әлем тұтасып, рухани дүние жаһанданған мына аласапырын заманда біздің жарқын болашағымыз, келешектің кемел азаматтары нені біліп, оны қалай игеруі керек? Әрбір мәдениетті адам адамзат руханиятының мәдени мұраларын, оның негіздерін міндетті түрде танығаны дұрыс. Ал, бұл тұрғыдан келгенде, бізде де ескірген әдістеме мен көзбояушылықтар жеткілікті. Қарапайым бола тұра әркімге түсінікті, белгілі дүниенің өзін ауырлатып, шақшадай басыңды шыр айналдырып жіберетін оқулықтар мен сабақ берудің көнерген әдістемесімен ендігі жерде алысқа шаба алмасымыз анық. Жеке тұлғаның дені сау, табиғи ойлау жүйесіне әйтеуір міндетті түрде осылай ұқтыруым керек дегенді алға тартып, теріс тәсілмен «шабуыл жасаудың» психологиялық жағынан зардабы көп. Айталық, ғылыми танымнан, жүйелі білім мен мәдениеттен қорқатын, өз әлеуетіне сенбейтін немесе барлық нәрсеге догматикамен қарайтын, сыңаржақтыққа бой ұратын әпербақандық жоғарыдағыдай ессіз «шабуылдаудан» туады екен. Жалпы білім беретін орта мектептерде адамзат мәдениетінің құндылықтары жүйелі түрде оқытылуға тиіс. Неге мәдениетке жабысып қалдың десеңіз, әр адам күнделікті қолданбаса да міндетті түрде білуге тиіс теориялық ұғымдар болады. Соның бірі мәдениет - адам баласынан ғұмыр бойы бір елі қалмайды, оның өмірін жөнге салып, анықтап отырады. Гуманитарлық пәндердің мазмұнын тарихтан бастап, құқық негіздерімен сабақтастырып, өмірмен жіті байланыстыру қажет секілді көрінеді. Бүгінде ХІІІ-XIV ғасырлар тарихы көшпенділермен тығыз байланысты екендігі ескерілмейді. Керісінше, отарлаушылар жасаған жасанды тарихқа сүйенеміз де өзіміздің асқан жабайы әрі маймылдан тараған қаңғыбас тайпалар деп түсіндіре салудан таймаймыз. Сол секілді философияны діни қағидалармен сабақтастырып түсіндіруді өмірдің өзі талап ете бастады. Оның өзінде сауда-cаттық, қаржы-несие мәселелері секілді кейбір экономикалық аспектілер де белгілі мөлшерде қарастырылып жатса нұр үстіне нұр. Әдебиет пәні орта мектептерде біршама тәуір оқытылуы мүмкін. Ал, музыка, бейнелеу өнері секілді пән­дердің жағдайы мүлде сын көтермейді. Негізі аталмыш екі пәнді әдебиетпен бірге топтастырып оқытудың біртұтас жүйесін құруға болатын секілді. Оны өнертану деген жалпы атаумен жоғары деңгейге көтеріп, өнер саласының түрлі ағымдарын, адамзат тарихындағы асыл мәдени мұраларды таныстырып, түсіндірсе жас буынның рухани мәдениетінің деңгейі артқан болар еді. Қазір көп жағдайда бұл пәндер негізінен бастауыш мектепте ғана тақпақ жаттатып, хормен ән айтқызудан аса алмай жүр. Оның өзінде арнайы дайындалған мамандар болса ғана. Орта мектепте өнер тарихы мен рухани құндылықтар жайында тіпті әңгіме қозғалмайтын да шығар. Ал, театр, балет, кино, телевизия өнері жайында ешкім ауыз ашпайтыны енді айдан анық. Мұндай салғырттықты өзгертетін уақыт келді. Күнделікті тіршілікте өмірлік қажеттілікке айналған тұрмыстық мәдениет мәселелері де ескерусіз қалмауы керек секілді. Оның өзінің ішкі заңдары мен қағидалары бар. Сәулет өнерінен, дизайннан хабардар болумен қатар антропометрика, эргономика, белгілі заттың өңін, түр түсін үйлестіре білудің алғашқы мағлұматтары әрбір мәдениетті де өркениетті адамда болуға тиіс. Тұрмыстық және экологиялық тазалықтарының негізін тану да бүгінгі өмір талабы. Жасайтын өніміміз, көрсететін қызметіміз тұрмыстық мәдениеттің барлық талабын қанағаттандыруы міндетті. Өмір мен еңбекті үйлестіре білудің өзі айналып келгенде тұрмыстық мәдениетпен тікелей байланыспақ. «Баланы жастан» демекші, мұның бәрінің негізі мектепте қаланатыны мәлім. Адами қоғам дамуының ең негізгі факторы техника мен тех­нологияның өркені. Олай болса, технология мәдениеті де жеке пән ретінде оқытылып, оған арнайы мамандар сапалы білім беруге тиіс. Технология дегеніміз өзіндік тарихи даму жолы бар, ішінара көптеген ұстанымдардан тұратын, салалап жүйелеуге болатын ғылым. Адам баласы тұтынып келе жатқан материалдық байлықты жасау принциптері санаулы ғана көріністерге негізделеді. Айталық, ерітіп құю, таңбалау, басып шығару, бөлшектеу, жапсыру т.с.с. Металл, балшық, платмасс дейсіз бе, бәрі бір. Қазіргі заманда қарқынды дамып, ауыздан түспейтін болған нано, микро технологияның да принципі негізінен ұқсас. Соның негізгі мазмұны мен заңдылықтарын жеткіншектерге түсіндерсек, оның жемісі де болар еді. Шетел технологиясын соқырлықпен көшірумен қашанғы күнелтеміз?! Тәрбиенің басты тетігі осында жатыр. - Жалпы, «гендерлік теңдік» деген оғаш тіркес емес пе? Еркек пен әйел тең болуы мүмкін бе? - Қоғамдағы әр азаматтың құқығы тең. Бұл тұрғыдан келгенде теңдікті қате деумен келіспеймін. Технологиядағы түрлі прогрестер экономиканы өзге бағытқа бұрумен ғана шектелмеді. Оның базалық теориясын да өзгертті деуге болады. Тіпті шындығын айтқанда, жүріліп жатқан үрдісті экономистердің өзі халыққа толықтай түсіндіруге үлгеріп жатқан жоқ. Жаңа көріністердің өмірге дереу дендеп еніп, теориялық түсіндірмесіз-ақ сіңіп кетіп жатқандығына жұрттың еті үйрене бастаған сыңайлы. «Өсу мен жетілудің жаңа теориясы» деп аталатын салыстырмалы түрде тың ойлар айтқан ғылыми жаңалықтың тобықтай түйіні - «экономикалық өсімді қамтамасыз етуші басты фактор білім болып табылады» дегенге ғана тоқтаған. Саланы зерттеуші-ғалым, профессор Пол Ромердің тапқан аталмыш жаңа теориясы бойынша білімге негізделген экономиканың жасаған байлығы әл-аухат қуат­тылығын ұзақ сақтай алады. Дәстүрлі экономика теориясына келсек, капиталдың, еңбектің нәтижесінде пайда келеді, белгілі бір кезеңнен соң ол төмендейді. Технологиялық жаңартулардың арқасында ғана пайданы тұрақты ұстап тұруға болады. Ал, енді жаңа экономикалық теория бойынша білім пайданы жоғалтпайды, керісінше, өсіре түседі. Жоғары технологиялық өндіріс үшін терең білімнің орны айтарлықтай екендігін Microsoft мысалынан көруге болады. Оның бағдарламалық қамтамасыз ету үрдісінің үстемелік өндіру шығыны нөлге тең болғанымен табатын пайдасы шашетектен. Білімге негізделген экономика деп отырғанымыздың өзі айналып келгенде осы тақылаттес дүние. Қысқасы, саусақтың ұшын ғана қимылдатасың да қыруар ақша табасың. Білім арқылы жасалған «өнім» сол күйінде рынокке шығарылмауы мүмкін. Бірақ, соның арқасында технология жаңарады, тың идеялар пайда болады, соны сатумен мол байлыққа кенеледі. Тұрмыстық деңгейді сатылап көтере берудің амалы - жинаған дәулет пен шытырлаған ақша емес. Керісінше, жаңа туынды, тың технология, жұмыстың жаңа тәсілі, прогреске жетелейтін идея болмақ. Жалпы экономикалық жүйеде ұзақ мерзімдік білім қоры, біліктілікпен басқарылатын өндіріс, капитал ресурстары мен инвестиция, тұтыну нарығы, жұмыс күші және оның еңбек өнімділігінің өзара ықпалы аса маңызды. Себебі, осының өзі-ақ жаңа экономиканың даму қарқынын күшейтудің кілті болмақ. Олай болса, негізгі тетікті жоғары деңгейде сапалы білім алған, қарым-қабілеттері мол азаматтар ұстайды. Өсу мен өрлеуді қамтамасыз ететін басты құрал білім мен біліктілік болып алға шығатындықтан оған деген құрмет пен ілтипат та мейлінше арта түсуге тиіс. Сондықтан, білектің күшімен атқарылатын қара жұмыстың дәурі өтті. Құлдық қоғамда өмір сүріп отырған жоқпыз ғой. Осы себептен әйел мен еркектің қоғамдағы рөлі мен орны теңесті. Білімді «мынау еркектікі, мынау әйелдікі» деп бөле алмаймыз ғой. Білімнің сарқылмас кәусар бұлағы ғана алға жылжудың сенімді күші ретінде пайдаланылуға тиіс. Жаңа экономика теориясының басты мәселесінің өзі айналып келгенде, капитал мен еңбектен гөрі жаңа технологияны тұрақты дамып өсудің қозғаушы күші деп санайтындығында. Тың идеяны адам баласы байытуға, көптің игілігіне таратуға толық мүмкіндігі бар немесе өз қажеттілігіне сәйкестіріп пайдалануы да мүмкін. Қысқасы, тың идеяны пайдалану мүмкіндігіне келсек, адамның ақыл-ойы мұхиттай терең әрі шексіз. Одан не бір керемет ғажайып ойлар тууы бек мүмкін. Елдің гүлденіп дамуына тың ойдан, білімнен туған өнімнің аса өзекті екенін түсінуге тиіспіз. Капиталды жина, жердің асты-үстін қопар, бәрі де ақша табуға жарап қалар. Алайда, білімнің арқасында технологиялық прогреске дем беретін даму қарқын мен өмір сапасын жетілдіретін серпін бере алмаса оның бәрі өлі байлық емей немене. Сондықтан, «әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген мәтел ескірді. – Әйелдер қазір дерлік барлық салада қызмет етіп келеді. Алайда Қазақстандағы демография мәселесі ақсап тұрғандығын елбасымыз талай айтқан болатын. Осы жөнінде не айтасыз? – Бұл жағын сол Президенттің өзінен сұрау керек шығар (күлді). Қазіргі еңбек бөлінісі солай болып жатса оған енді, не шара. Әлем экономистері табиғи байлықтың белгілі бір елге ақша әкелгенімен даму қарқынын арттырмайтынын ескертуін ескертіп-aқ келеді. Оған табиғи шикізатқа аса бай бола тұра ішкі өндірісі құрыдымға кеткен, елдегі ат төбіліндей ғана топтың байып, жалпы халқы қайыршылық күй кешкен бірсыпыра мемлекеттер нақты мысал бола алады. Біз де солардың қатарына аяқ басып бара жатқан жоқпыз ба, осы?! Экономикалық өсім бұрын болмаған ірі көрсеткішке ие болғанын бір кісінің даналығымен байланыстырып, мақтануға келгенде алдыға жан салмаймыз. Кейін соның зардабын тарттырған кінәлі адам кім екенін қайдан іздер екенбіз? Ғажайып жетістіктерімізбен мақтану үшін көзге көрінетін, қарапайым халық тікелей сезінетін бірдемелер болуы керек қой. Айлық жалақымыз қаншалықты өсті, тұрмыстық қажеттілігімізді толықтай өтеуге жетіп тұр ма, өндіріс саласында ілгерілеу бар ма, тәуелсіздік жылдарында әлемдік нарыққа шығарған брендтік қандай дайын өнімдеріміз бар? Осы сұрақтарға жауап боларлық ештеңе таппаған соң, еріксіз күмілжіп қаламыз. Біздің дәл осы жағдайымызды Латын Америкасының бірқатар елдері бұрын бастан кешірген екен. Жалпы, табиғи байлығы мол елдерде 1990-жылдары ішкі жалпы өнім мен тұтыну қажеттілік өсіп, гүлденіп шыға келген. Алайда, оның бәрі шын мәнінде әдемі сандық көрсеткіш қана болып қалған көрінеді. Себебі, ондай «бай» елдер айналасы төрт-бес жылдың ішінде экономикалық құлдырауға ұшыраған. Оны «голландиялық ауру» деді ме, әйтеуір, түрлі диагнозбен түсіндіргендері мәлім. Оның жайын экономистер түсіндіре жатар. Ал, біздің түсінгеніміз, табиғи мол байлық бізді ұшпаққа шығармайтыны. Ақша көбейген сайын оны талан-таражыға салып, шекара асырып таситындар, ішіп-жеп алып қашып кететіндердің саны арта түседі екен. Сонымен қатар, табиғи байлықты сатудан түскен қыруар ақша ішкі өнім өндіруге кері әсер ететін секілді. Айталық, аз шығынмен олжалаған табиғи байлықты шикі күйінде экспорттайды, одан түскен ақшамен қажеттілігін өтейді, тіпті оңды-солды шашады. Байлықтың желігі шенеуніктердің «ісіп-кебуіне» әсер етеді. Соның салдарынан мемлекеттік орындардың бюджетінен нәтижесіз ағылып-төгілетін шығын көбейіп, сыбай­лас-жемқорлық кәріне мінеді. Есесіне, жасампаздық пен нақты істің тетіктері әлсіреп, өндірістік қабілет төмендейді, тіпті жансыздана түспек. Одан сақтанудың жодарын Ж.Штиглиц мырза былай деп көрсетеді: Біріншіден, бухгалтерлік есеп-қисап жүйесін жетілдіру. Табиғи байлықты игерушілер өздерінің тапқан таза пайдаларын кемітіп көрсету үшін қаржылық есеп-қисаптарына санқилы қулық-сұмдықты, айлакерлікті қолданатын көрінеді. (Бізде бұл жағының бақылауы мен тексерісі өте жоғары деңгейде дегенге өз басым аса сенбеймін). Екіншіден, жауапкершілік жүктеу үрдісі. Бұл жерде әлдебіреулерді әбден «ішкізіп, жегізіп» тойдырғаннан кейін, шетелге қашырып жібергесін ғана зорға дегенде іздеу жариялап, қылмыстық іс қозғаудың, сырттай пәлен жылға соттаудың қаншалықты тиімді екенін өздеріңіз бажайлай беріңіздер. Үшіншіден, бақылу, тексерудің тиімді жүйесі. Бұл жерде қолында құзіреті шамалылау есеп комитетінің, құзіреті бола тұра майда шабақтардан аса алмайтын күштік құрылымдардың жырын айтып, жалықтырмай-ақ қоялық. Төртіншіден, ашықтық пен жариялы іс әрекет. Бұл жерде ең бастысы, жемқорлыққа, алаяқтыққа жол бермеуді ғана меңзеп отыр. Қазіргі таңда табиғи байлығымызды игерушілер төлемақыны мемлекетке төлеуден гөрі бір ғана шенеуніктің қалтасын толтырып, бар жүктемеден құтылып кетуді ойлайтын және оған жол берілетін жағдай қалыптасқан болса, халық үшін ауыр қасірет. Жозеф Штиглиц те сол секілді өрмекшінің торындай шырмаған сыбайластықты меңзеп отыр. Ондай келеңсіздіктері әшкерелейтін еркін ойлы баспасөзге мемлекеттің өзі жағдай жасап қолдап отырса, ықтимал қауіптің алдын алуға айтарлықтай көмегі болары сөзсіз. Тұрақты даму туралы билік иелері де айтуға тым әуес. Алайда, бұл сөзбен шектелетін дүние емес, әрине. Ол үшін табиғи байлықты шетке шығарудан түскен пайданың есебімен бюджеттің шығынын көбейтудің, барды ұқсата алмай беталды шашудың, азғана топтың шексіз баюына ғана мүмкіндік беріп қоюдың соңы орны толмас өкінішке әкеліп соқтыратынын кейбір елдердің ащы сабақтарынан көріп те отырған жайымыз бар. Сонымен қатар, қазба байлықты пайдалану туралы заңға елеулі өзгерістер енгізудің, ұлттық қордағы қаржыны тиімді пайдаланудың жолдарын іздестіру талабы да өмірден туындап отыр. Осындай шараларды жүзеге асырсақ, халқымыз байыса, табиғи байлықтың игілігін жаппай бірге көрсек, қазақ әйелдері де бала тәрбиесімен айналасып үйде отыра беретін шығар. – Елімізде ажырасқандар саны көп. Соның салдарынан жетім балалар да азаяр емес. Тіпті бұл мәселе шиеленісіп кеткен тәрізді. Сіздің ойыңызша, осы мәселенің шешімі бар ма? – Әр заң елдің Конституциясына және халықаралық нормаларға негізделіп жасалады. Сондықтан, мен одан ешқандай сөкеттік көріп тұрған жоқпын. Дегенмен, өз ұлтына және оның болашағына қауіп төндіруі ықтимал елді мейлінше технологиялық, әскери күш-қуаты жағынан дамуына жол бермеу саясатын халықаралық аренада ұстанып, жүзеге асырушылық бар. Осы саясатының арқасында отарлаушылар әскери технологиялық дамуы жағынан өзге елдерден озып шығып, артықшылыққа жетуге тырысады. Ондай озбыр елдер үшін табиғи байлығы мол дамушы елдер басты нысанаға айналады. Оған нақты мысал ретінде Ирак елін алуға болады. 2003 жылы АҚШ шабуыл жасаудың алдында БҰҰ мен бірқатар елдердің қолдауының нәтижесінде Иракқа қарсы қаржы-экономикалық эмбарго қолданды. Ирак елі сол кездің өзінде жыл сайын 300 мың сәбиі шетінейтін, экономикасы күйреген, тұрмыстық деңгейлері күрт төмендеген, сыртқы жауға төтеп бере алмайтын әлсіз күйде болатын. Қарсы жағын әбден титықтатып барып, жаулап алудың сұмдық тактикасын олар осылайша жүзеге асырды. Аталған соғыстың геостра­тегиялық мақсаты болғанын да ерекше атап айтуға тиіспіз. 1998 жылы Венесуэла билігі Уго Чавеске көшкен соң мұнай саясатында ірі өзгерістің орын алғаны да зерттеушілерді қызықтырып отыр. Венесуэла мұнай ресурсы жағынан әлемде жетінші орында. Ал, логистикалық тұрғыдан келгенде, АҚШ-қа ең жақын орналасқан кішкентай ел. Іргелес көршісі Канада өз мұнайымен әлемде екінші орындағы экономикасы берік, саяси тұрақтылығы жағынан сенімді ел. АҚШ-қа мұнай жөнелтетін басты үш елдің бірі болды. Венесуэладан келетін мұнай тасқыны саябырси бастағанда АҚШ өзге қайнар бұлақтарды іздестіре бастады. «Іздегенге сұраған» демекші, мұнай ресурсы жағынан әлемде төртінші орында тұрған, бірақ, күш-қуаты әлсіз Иракты олар қолайлы көрген. Иракта адамзатты қырып, жойып жіберетін қару бар дегенді негізге алып соғысты ашып жіберді. Бірақ, онысының еш қисынсыз жалған сылтау екендігі кейін дәлел­денді ғой. Осының өзі-ақ, табиғи байлықтың әлсіз елдер үшін опа бермейтіндігін көрсеткен жоқ па. Сонымен қатар елдің бо­рышқа белшеден батуы да ұлттық дербестіктен айырылудың алғы­шартына айналады екен. Өзін қор­ғауға дәрменсіз елдердің барлығында бүгінгі таңда ақпараттық нөпірдің күшімен өз өнімдерін өткізетін стратегиялық алаңға айналдыру ісі қарқынды жүріліп жатыр. Себебі, көптеген елдер геосаясаты мен геостратегиясын жүзеге асыру үшін халықаралық заңдылықтар мен нормаларда көрсетілген нұсқауларды өздеріне тиімді етіп пайдалануға тырысады. Онымен де тынбайды, өздеріне қолайлы жағдайды қалыптастыру үшін санқилы саяси-экономикалық ахуалды жасауға, өзгеге қысым көрсетуге күш салады. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Кезінде біздің де біршама заңдарымыз, әсіресе, табиғи ресурстар туралы заңдық нормалар әлемдік банк пен шетелдік сарапшылардың берген кеңестерінің аясында жа­салғаны рас. Заңдарды оң­тайландыру, әлемдік стан­дарттарға сай ету деген желеумен шетелдіктер өздеріне жайлы етіп «миды тазалайды» да еліміздің Парламентінің қос палаталары арқылы заңдастырып ала салады. Ақыр соңында оның өзі шетелдік инвесторлар үшін еліміздің стратегиялық нысандарына ие болуына жағдай тудырады. Келесі бір қадамға келсек, белгілі бір елдің жерін өзіне қаратып алу немесе халықаралық нарықта құнды қағаздар түрінде шығарып кепілдендіру мәселесі деген бар. Енді байыптап қарасаңыз, тәуелсіз елдің заңымен, халықаралық конвенциямен бекітілген нормаларға сай қазіргі заманның заңдық, құқтық соғыстың технологиялық тәсілі бойынша геостратегиялық саясаттың мықтап жүзеге асырылғанын аңғарасыз. Бұл үрдісті енді кеңірек талдап таратайық: Біріншіден, әлемдегі халықа­ралық жалпыға ортақ конвенция­ларға енген кезде еліміз өзіне қандай міндеттің жүктеліп отырғандығын саналы түрде түсінгені абзал болар еді. Халықаралық заңдылықтарды қабылдағанда еліміз одан туындайтын барлық қолайсыздықтардың ұлттық мүдде мен елдің қауіпсіздігіне нұқсан келмеуіне зер салған саясат ұстануға тиіс. Алайда, бізде оған немқұрайды қарау белең алғаны өкінішті. Екіншіден, энергетикалық ресурстар мен табиғи байлыққа қатысты заңдарды Конституциямен және ұлттық қауіпсіздік саясатпен жіті байланыстыру жағы кемшін түсіп отыр. Шетел сарапшылары мен кеңесшілердің «ұсыныс, пікірлері» терең зерттелмейді, әйтеуір, халықаралық стандартқа сай болуы керек дегенді ғана алға тартып, өзгенікін білместікпен көшіру жағы басым түскені аңғарылады. Үшіншіден, табиғи байлық пен энергетикалық ресурстарды игеру, пайдалану туралы заңды бекітерде лоббистер мен азғана топтың мүддесі басым болды ма, әлде, таза патриоттыққа негізделді ме дегенге келгенде тағы да күмілжіп қаламыз. Төртіншіден, пайдалы қазбалар туралы заңда ресми тұлғалар мен жеке адамдарға берілуі мүмкін лицензияның саны шектелуі тиіс. Бір адам бірнеше учаскеде қат-қабат барлау жасайтындай немесе қазба жұмыстарын бейберекет жүргізетіндей жүгенсіздік болмауы керек. Бесіншіден, шетел инвестициясына қолайлы жағдай жасау мәселесі тек қана іргесі бекіген, заңдық, құқтық қорғау базасы әлдеқашан қалыптасқан өркениетті жоғары дамыған елдерде жүзеге асырылатын технология. Оны әкеліп, біз секілді дамушы елге тықпалау ұлттық мүдде мен қауіпсіздікті кейін қарай ысырып тастаумен бірдей. Алтыншыдан, шетелдік ком­паниялардың құқтық мәртебесі дұрыс белгіленіп отырған жоқ. Олар­дың «шаңыраққа қарауды ұмытуына» жағдай жасалып отырғаны еш құпия емес. Жергілікті жұмысшыларға төлейтін еңбекақы мен өздерімен бірге келген жалдамаларына беретін жалақысы арасындағы алшақтық шектен шығып кеткен. Мұның бәрі айналып келгенде елдің экономикасын ірі көлемде қарызға батыруға немесе ұлттық қауіпсіздікке орасан нұқсан келтіруге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Себебі, жоғарыдағы ұстанымдардың бәрі өз қолымызбен өзімізді буындырумен бірдей әрекет. Оның негізін жат жұрттықтар қалап беріп қойған. Алайда, ол үшін әлде бір елді айыптауға негіз болатын ешбір құқтық акт жоқ. Ал, шетелдіктер табиғи байлығымызды тонап жатыр дегендей немесе басқаша жолмен сыпайы түрде болса да елдік, ұлттық мүддемізді көздесек халықаралық ережелерді бұзған секілді ұғым тудырамыз. «Ары тартсаң арба сынады, бері тартсаң өгіз өледі» деп мәймөңкелеп, ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіпті ескермеу тағы да ағаттық болар еді. Мұның өзі 1973 жылғы Чилидің, 2003 жылғы Ирактың тағдырын қайталауға итермелемесе екен деп бір Алладан тілегеннен басқа жол жоқ. Аталмыш саясаттың құрбанына ХХ ғасырда Африка елдері айналған. Ал, ХХІ ғасырда біздің кезегіміз келмесе игі дейік. Жалпы қырғи қабақ соғыстың аяқталған кезінен бастап постсоциалистік елдерде болып жатқан жағдайларға жіті талдау жасасақ, бізде жүзеге асырылып отырған сыртқы қатынас пен халықаралық ынтымақтастықтың шынайы бейнесін жақынырақ тануға болады. Сіздің ойыңыз дұрыс. Жалпы, әр ел өз заңымен жүргені дұрыс. – Сіздің ойыңызша, біз кім үшін күрестік деп ойлайсыз? – Қазақ болу үшін ғой, әрине. Сіздің уәжіңізді түсінемін. Тәуел­сіздік тұғырының берік болуы ең алдымен экономикада. Бізде дәстүрлі экономикамыз не еді? Енді, осы төңірегінде сөз қозғайықшы. Өндіріс пен технологиядан тым алшақтау, алты ай қыста қолдан жем жеуге машықтанған, жаз айларының өзінде соңынан салпақтап жайып, қолдан суарып отырмаса, беретін өнімінің өзі «ит-құсқа бұйырып кетуі» бек мүмкін – мал шаруашылығы мен болашағы бұлдыр, табиғи шикі затқа негізделген әрі онысы сыбайлас-жемқорлықтың ми батпағына белуарынан батқан экономикалық жұпыны тірлік адам дамуын қамтамасыз ете алмайды. Ал адам дамуын ойламаған, оған құл шын ба ған елдің маңдайына жазылатын тағдыры тек қана артта қалушылық пен мешеулік екені тарихтан мәлім. Мал жайылымы мен шұрайлы кең өріске таласып, жоңғарлармен жылдар бойы қан төгіскен соң орыс отарына ендік. Кеңес одағы тұсында да адамнан бұрын қойдың қамын ойлап, жүз енеліктен 150 қозы алу үшін жанталастық. Комсомолдық бригадалар құрып, жастарды қой соңынан салпақтатып қоюды мақтан тұттық. Қалаға жоламай, ауыл маңынан айналсоқтап шықпай, адами қоғамдық дамудан «өз еркімізбен» бас тартып жүргенімізде тағы бір ғасыр өте шықты. Ол аз болғандай енді жаңа ғасырда тағы да «дипломмен ауылға» деп ұрандатып жүрміз. Дегенмен, көне замандағы райымыздан қайтып, қазір толеранттылыққа көшкенбіз. Экономикамыз тек мал шаруашылығына тіреліп тұрған да жоқ. Қазір дала қазағынан қала қазағына айналып үлгердік. Астық өсіріп, оны шетелдерге экспортқа шығарып жатырмыз. Шикізат пен қуат көздеріне де баймыз. Дегенмен қуануға тағы ерте. Экономикамызда астыртын тонау мен қомағайлана жеудің, жатыпішерліктің тетіктері күш алып тұр. Жұмыссыздықтың белең алуынан кедейшілік меңдеп барады. Бұл әсіресе, жоғарыда айтқанымыздай, жастар «дипломмен баруға» тиіс ауылдық жерлерде тіпті өршіп тұр. Ондағы күнкөрістің негізі дәл қазір малда ғана. Оның өзіне де кепілдік жоқ, «мал бір жұттық» дегенді бұрынғылар тегін айтпаған ғой. Мал ұрлығының көбеюі де сол «екі қолға бір күректің» табылмауында жатса керек. Әрине, бұл жерде жұмыс таппаса, ұрлық жасасын деп отырған ешкім жоқ. Ұрлықшыларды жазалау, түрмеге қамау – кезек күт тірмейтін іс. Адам баласының өзі биология­лық өнім ретінде рухани тұрғыдан ағартылып, білім-пайымын жетілдіріп отырмаса, өн бойында жасырынып жатқан жыртқыштық қасиеті оянып кетуі кәдік. Өзінің кедейлігін өзгеден көріп, бай-бағыландарға деген өшпенділігі өршіп кетсе, ежелгі замандағыдай атқа қонып, атой салуымыз да ғажап емес. (Тарихи тағдырлас қырғыз бен моңғол атқа қонудың үлгісін бізге көрсетіп те жүр) Ондай жағдайда ортақ қазанға қолдарын терең батырып, мол қарпып қалғандар бәрін шекара асырып, өзім де соңынан қашып кетемін деп босқа дәмеленбей-ақ қойғандары жөн. Ал әзірше біздің үкімет «өз күнін өзі көріп», тұрмыстық-әлеуметтік төлемдердің ақысын, анау-мынау салықтарды әлсін-әлсін көтерсе де үн-түнсіз төлеп, азғана жалақысын місе тұтып жүрген қарапайым халыққа мың да бір алғыстарын жаудырулары керек. Алғыс айтып қана қол қусырып, қарап отырмай сайын далада бытырап кеткен ауыл-аймақтардың етек-жеңдерін жинап, топтастыра ірілендіріп қызмет көрсету мен өнім жасайтын зауыт-кәсіпорындар ашып, игерілмей қалып, «өліп» жатқан ақшаға жан кіргізу қажет. Сонда ғана біз ғасырлар бойы қуып жете алмай келе жатқан «даму» атты сәйгүлікті құрықтап, оған жүген салып, ерттеп мінетін шығармыз. Ол үшін қазаққа да өзіне лайық «Дэн Сяо Пині» мен «Уго Чавесі» керек-ау, деген ой келеді, кейде. Орыс та, өзге де болмай тарихта тек қана қазақ болып қалу үшін осының бәрі керек. – Әңгімеңізге рахмет.                                                                                                                                                                                                                 Сырымбек Төлеу,                                                                                                                                                                                                                       өз тілшіміз,                                                                                                                                                                                                                   Астана қаласы