Қанағат Сақтағанов, Қызылорда қалалық мәслихат депутаты, «Асар» ЖШС директоры: Кәсіпкерліктің жүгі мемлекеттік қызметтен салмақты

0ана5т 

Халық қалаулылары қатарына кәсіпкерлердің көптеп тартылуы құптарлық-ақ іс. Өйткені, өз кәсібін жолға қойған кәсіпкерлер көп жағдайда халықтың мұң-мұқтажына қарайласып, болысып жүретіні белгілі. Сондай-ақ, кәсіпкерлер қауымының әдетте пікір, көзқарас тәуелсіздігі байқалып жатады. Кей мәселелерді бюджетке ысырмай-ақ, реті келсе өз қаражаты есебінен шешіп жататындары да бар. Содан болар, сайлау науқанында кәсіпкерлер басым дауыс алып, қарсыластарын шаң қаптырып жататыны жасырын емес.  Жалпы, қазір сайлауалды науқанда таратылған май-қантқа алданатын кезең емес. Десек те, жұртшылықтың халық қалаулысы ретінде кәсіпкерлер қауымына таңдау жасауы, қай жағынан алып қарағанда да құптарлық іс. Қазірде басқа да қызметтер секілді жергілікті мәслихаттарда да кәсіпкер-депутаттар аз емес. Солардың бірі Қызылорда қалалық мәслихат депутаты Сақтағанов Қанағат Жанайбекұлы әрбір мәселеге өзіндік көзқарасы қалыптасқан, өз даусы, орны бар халық қалаулысы. Осы тұрғыда депутаттық қызмет пен кәсіпкерлік саланы қатар алып жүру барысындағы жауапкершілік жүгі жайында Қанағат Жанайбекұлымен әңгімелескен едік. Сұхбат нұсқасын газет оқырмандарының назарына ұсынамыз.

– Сіз ұзақ жылдар бойы кә­сіп­керлікпен айналысып жүрген белгілі кәсіпкерсіз. Ай­мақта кәсіпкерліктің қарқынды дамуына не кедергі деп ойлайсыз. Кәсіпкерлердің істі алға жыл­жыта алмауына білім мен бі­ліктілік жетіспей ме, әлде бас­қалай себептері бар ма? – Кәсіпкерліктің қарқынды дамуына ең басты кедергі қаржы мәселесі. Қандай кәсіпкер болмасын, өз кәсібінің өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерін салады. Осы мақсатта несиеге ұрынады. Ал, несиенің үсте­месі жоғары, сонымен қатар, кә­сіп­керлер несие серіктестіктерінен, тиісті орындардан оңай­лық­пен қаражат ала ал­майды. Банк жүйесі дұрыс құрылмаған. Олар жұмысты тек өздеріне ғана түсі­нікті, өздеріне ғана тиімді тәртіппен жүргізеді. Мысалы, шет елдерде кәсіпкерлерге берілетін несиенің қайтарылымы 3%-4%-ден аспайды, ал бізде ше? Бізде ең төменгі – 14%. Амал жоқ, кәсіпкер тапқан табысын банкке жөнелтуге мәжбүр. Әйтпесе, кепілдігінен айрылады. Салық мәселесі тағы бар. Кә­сібін енді ғана бастаған кәсіп­керлер үшін бұл да ауқым­ды проблема. Шағын және орта бизнеске үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек аз емес, десек те, кәсіпкерлерден алынатын салық төлемдерін азайтып немесе кәсібін дөңгелетіп әкетпейінше 2-3 жыл көлемінде салықтан босату жөнінде заң жобасы қарастырылуы тиіс деп ойлаймын. – Жалпы, өңірде кәсіпкерлік қарқын алу үшін қандай шаралар қажет? – Қазіргі таңда мемлекет тарапынан өткізілетін шараларға кәсіпкерлер мұқтаж. Әрине, кіріс болмай, шығыс болмайды. Десек те, артық шығынмен жұ­мыстары алға баспай ақсап қалып жатады, көп ретте. Үкімет осыларға тосқауыл қойып, кәсіпкерліктің, шағын жә­не орта бизнестің қанатын жазып, еркін өрістеуіне тікелей қамқор­лық жасауды тікелей қадағалауы тиіс. Көптен бері ойда жүрген мәселенің бірін айта кетейін. Біздің облысымыз орта және шағын кәсіпкерліктен кенжелеп қалған. Егер аймақта кәсіпкерлік алға жылжысын десек, бізге мемлекет тарапынан индустриялды аймақ құрып, барлық кәсіптің басын біріктіруіміз қажет. Ол жақта кәсіпкерлерге салынған ғимараттар тұрғызылса, мемлекет арнайы салдырған нысанды кәсіпкерлерге 10-15 жыл көлемінде яғни, ұзақ мерзімге жалға беріп, кейін сол кәсіпкердің атына өт­кізіп беретіндей жағдай жасаса, сонда кәсіпкерлер де жо­ғарыда атап өткеніміздей артық шығындарға ұрынбас еді. Қазіргі таңда кәсіпкерлерді мем­лекеттің және жергілікті атқарушы органдардың қолдауы аса маңызды. – Бүгінгі кәсіпкерлерге жасалып жатқан қолдау кәсіпкерліктің дамуына нақты кепіл бола ала ма? – Шағын және орта кәсіп­керлікті дамытуда елімізде барлық жағдайлар жасалып жатқаны белгілі. Еті тірі, іскер кәсіпкерлер бұл тұрғыда барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, жұмыстарын ілгері жүргізіп жатқандарынан жұрт хабардар. Жалпы кәсіпкер ретінде айтатыным, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге беріліп жатқан мүмкіндік көп. Шағын кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдауды күшейту және оның дамуын жандандыру мақсатында, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ құруға негіз болған Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шықты. Онда шағын және орта бизнеске қатысты кез-келген ақпаратты жедел түрде алуға болады. Микрокредиттеу Бағдарламасын жүзеге асыру, кредит жүйесінің үшін­ші деңгейін дамытуға, жұмыс­бастылықтың өсуіне және кә­сіпкерлік бастамашылық пен белсенділіктің артуына мүм­кіндік туғызады. Бұл Қордың бизнеске тағы да бір оңтайлы тұсы, кәсіп­керлерге берілген несиеге өздері кепілдік бола отырып, жылдық пайызының жартысын өтеп береді. Бұл да болса мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен көмек. Демек, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жасалып жатқан қолдау кәсіпкерліктің дамуына кепіл бола алады деп сенемін. – Қазірде жұмысшы мамандар тапшылығы туралы көп айтылады. Ал, сіз кәсібіңізде жоқ мамандарды қайдан табасыз? – Білімі бар бола тұра, біліктілігі жоқ жастарды өзіміз арнайы курстардан өткіземіз. Атқаратын жұмысына байланысты мамандарды еңбек өтілімі жоғары, білікті жұмысшылармен ақылдаса отырып таңдаймыз. Ынтасы бар адамды кез-келген шаруаға икемдеуге болатыны анық. – Әдетте, саясатқа гумани­тар­лық мамандық иелері жақын жүреді. Сіздің кәсібіңіз таза жұ­мысшы мамандығы. Олай болса, кәсіпкерлік жолда жүріп саясатқа келуіңізге не себеп болды? – Кәсіпкерлікте жүрген адам саясатқа келуі әбден мүмкін. Саясаткерлер сөздің ғана емес, істің де адамы болуға тиіс. Үлкен кәсіп қомақты қаржы­мен және таза еңбекпен жасалатыны белгілі. Осы жұмыс барысында көпті естігеніміз былай тұрсын, көпті көрдік. Демек, халықпен жұмыс істеу барысын жетік білеміз. Рас, кәсіпкер болғандықтан жұмыс ауқымы өте кең, соған қарамастан халыққа, елге қызмет ететіндей жағдайға келдім ғой деп есептеймін. Осы жауапкершілікті өзім қалап алдым, енді соның үдесінен шығуым керек. Бұрын кәсіпкер ретінде емін-еркін жүруші едім, енді ел үшін неге қызмет жасамасқа?! Әрі-беріден соң бұл менің азаматтық міндетім. – Халық қалаулысы ретінде бюджеттен бөлінген қаржының жұмсалу барысы бақылана ма, ендеше, «бюджет қаржысын қымқыру» деген мәселе қайдан шығады осы? – Ол әрбір азаматтың ар-ұятына байланысты жағдай. «Судың да сұрауы бар» демекші, мемлекет қазынасынан бөлініп жатқан қаржы қаншама тиісті орындардан тексерілуден өтеді. Қаржыға халық қалаулылары тарапынан да бақылау бар. Сондықтан, әр нәрсе өзінің орнымен, ретімен жұмсалып жатыр деп ойлаймын. –Мемлекеттік қызметке қызығасыз ба? Егер мүмкіндік туып, ұсыныс түсіп жатса мем­лекеттік қызметке барар ма едіңіз? Қызметтік өсуге ұмтылып көрдіңіз бе? – Кәсіпкерлікті таңдағаннан кейін, мемлекеттік қызметке қызыққан емеспін, ол жөнінде ойланып та көрмеппін. Ұсыныстар түсіп жатса ойланармыз. Негізгі мақсатым кәсіпкерлікті дамыта отырып, Сыр елі жұртшылығына қолдан келгенше қызмет ету. Меніңше, барлығын жан-жақты ұйымдастыру, қалыптастыру міндетін арқалаған кәсіпкер­ліктің жүгі мемлекеттік қызмет­тен салмақты секілді. – Сіз үшін бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі? – Бүгінгі қоғамда өзекті мәсе­лелер өте көп. Айта берсек, ауыз толады. Солардың тек біреуіне тоқталайын. Елбасының 2005 жылғы 3 мамырдағы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілердің ар-намысы кодексі туралы» жарлығымен бекітілген жаңа талаптарды әрбір шенеунік мүлтіксіз орындап, қызметтік этиканы меңгеруі керек. Коррупцияның аздаған белгілерін барлық елдерден байқауға болады, бірақ олар оған қарсы күресті ешқашан тоқтатпайды. Мысалы, коррупциямен күресті Германия бұдан жүздеген жыл бұрын бастапты. Еуропада біздегі сияқты заңды айналып өту үшін шенеуніктерге 5-10 мың теңге тықпалау жоқ. Ондай ұсақ-түйекке өркениетті елдің азаматтары бара бермейді. Өздерін ондай заңсыздықтардан жо­ғары ұстайды. Еуропа елдері жемқорлардың қалтасын қағып жазаласа, Қытай да коррупциямен күресте жай қарап отырған жоқ. Ал біздегі жағдай қалай? Міне, осы мәселе алаңдатады. Жемқорлық деген қауіптен түбегейлі құтылу үшін онымен күрес әрбір адам санасына мықтап сіңуі қажет. –Бюджет қаржысын жос­пар­лағанда билікпен келіспей қа­латын тұстар бола ма, атап айт­қанда, қандай мәселеге орай келіс­пеушіліктер туындайды? – Жұмыс барысында ондай болады, алға тартқан кейбір мәселелер қолдау таппай жатады. Біз халықтың адамы болғандықтын, халықтың атынан өз ойымызды айтуға және мәселенің жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге міндеттіміз. Сондықтан елдің ойында жүрген мәселелерді ашық айта аламыз және өз ұстанымымызды қорғай да білеміз, солай болуы тиіс. – Шыныңызды айтыңызшы, бюджет қаржысын тиісті сала­ларға бұруда билік мәслихат депутаттарына еркіндік бере ме? – Ол екі жақтың тізе қосып, жан-жақты зерттеліп барып шешілетін нәрсе. Ешкім өз қалтасынан алып бюджетке ақша қоспайды, яғни, ешкімнің жекеменшік дүниесі жоқ. Бәрі халықтың мұқтажына жұмсалатын қаржы. Сондықтан өзіңіз айтпақшы, үкімет бөлген қаржының тағдыры, мәслихат депутаттары мен әкімшіліктің тұрақты комиссия отырысында келісіммен шешіледі. Бұл ретте ең алдымен мәселенің өзектілігі ескеріле­тінін айта кету керек. – Кәсіпкерлік саласының жанашыры ретінде қала бюджетінен кәсіпкерлікті дамытуға қанша қаржы бөлінетініне назар аударып, қаржы көлемін ұлғайтуға ықпал етіп көрдіңіз бе? – Әрине, бұл саланың басы-қасында, қайнаған ортасында жүргеннен кейін ұсыныс айту менің назарымнан тыс қалған емес. Қала бюджетінен кәсіпкерлікті дамытуға қомақты қаржы бөлінеді, дегенмен, бұл қаржы істің толық әрі нақты бітуіне ықпал бола алмай отыр. Дамыған елдерде кәсіпкерлік саласы бюджеттің 70-80 пайызын құрайды. Біздің елімізде де осындай жағдайға келуіміз керек. Қазіргі талаптың осы бағытқа бұрылу себебі де бекер емес. Сондықтан да, бұл мәселе жалғыз менің емес, бүкіл депутаттардың алдында күрмеуі шешілмей тұрған мәселе. – Қазіргі таңда халықтың санасын ояту, рухани тұрғыда жетілдіру кажеттілігі көп айтылады. Халық қалаулыларының осы тұрғыда қосар үлесі қандай? – Рухани байлықтың қоғам­дағы рөлі ерекше. Адам­ның ішкі жан-дүниесінің рухы қалай мықты болса, иманы да сон­шалықты мықты болғаны. Бүгінгі алмағайып заманда елімізде тұратын әртүрлі дін өкілдерінің бірлігі жарасып, тыныштықта, ынтымақта өмір сүру маңызды. Қоғамымызға іріткі салып, қатыгездікке баулитын әртүрлі ағымдағы діни топтар мектеп жасындағы жеткіншектерге, студенттер арасында жалған уағыздар тарату арқылы олардың санасын улап, психикасына кері әсер етуде. Сондықтан әртүрлі ағымдағы діни насихаттың жаппай өріс алуы бүкіл дүниежүзін алаңдатуда. Сондықтан да, рухани байлықтың адамзат санасы үшін, біздің халқымыз үшін қаншалықты пайдалы екендігін қалың көпшілікке, соның ішінде жастарға ұдайы айтып, түсіндіріп отырған абзал. Өйткені, рухани кітап оқу, діни сауат ашу адамдарды ізгілікке, жақсылыққа шақырады. Иә, қалың бұқараны жан-жақтан ағылған әртүрлі діни ағымдардың жетегінде кетпеуден сақтандыру мақсатында көптеген істер атқарылып жатыр. Осы орайда мұнайлы қаламыздың жастарына арналған шаралар ұйымдастырылып, жастар арасындағы діннің өзекті мәселелері түсіндірілуде. – Әңгімеңізге рахмет!                                                                                                                                                                                                                      Раушан СӘДУ,                                                                                                                                                                                                                       өз тілшіміз,                                                                                                                                                                                                                  Қызылорда облысы