УАХХАБИЛІК ӘЛЕМ МҰСЫЛМАНДАРЫНА ҚАУІП ТӨНДІРІП ОТЫР!..

0
2638

 

Ислам өмір философиясы, қоғамның әрбір мүшесінің ең ұлы кісілік, құндылық иесі болып қалыптасуына, адамды сүюге, әділет, адалдық, басқа дінге құрмет пен төзімділік түсінігін егетін дін деп түсінеміз. Сол үшін исламның тарихын, жүріп өткен жолын, өзіміздің осы жолдағы ата-бабаларымыздың ислам өркениетіне қосқан үлесін тану арқылы білу біздің бүгінгі парызымыз. Біз ұлттық тәуелсіздігімізді баянды ету мақсатында қоғамдағы әрбір адамға жалпы адамдық құндылықтарды, исламның негіздерін уақыт пен кеңістік талабы шеңберінде түсіндірумен қатар, исламдағы зиянды ағымдардың негізгі стратегиясын, мүддесін қоғамдық пайда тұрғысынан ашып көрсетуіміз қажет.

Қазіргі таңда қоғамымызда ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі қазақ мұсылмандығын исламға жат дүниетанымдағы жеке ағым ретінде көрсету белең алып барады. Қазақтың дәстүрлі діни түсінігін сынап, оның негізгі ұстанымдары мен идеяларын жоққа шығару әрекеті көзге түседі. Яғни, діни танымдағы әрбір ұғым, категория, символдар мен тұғырлардың Құранда орын алып алмағандығы негізгі өлшемге айналды. Тарихи құндылық көзіне айналған, дәстүрлі мұсылмандық түсінігіміздің айнасы болған Иасауи мұрасын аксиологиялық қабылдау аясынан шығаруға ұмтылатын күштер немесе топтардың белсенділігі көзге түседі. Бұқаралық ақпарат құралдарының дін мен саясат арақатынасына немқұрайлы қарауы және дінді саяси топтардың құралына айналдыруы да негізгі фактор. Әлемдік жаҺандық құбылыспен бірге келе жатқан исламофобия, террорлық әрекеттің дінге, исламға негізделуіне көзжұмушылық, түсіне алмаушылық сияқты психологиялық кедергілердің барлығы жалпы алғанда діни танымға тіреліп отыр. Қоғамымызда сыртқы және ішкі топтардың әрекеті арқылы тарихи сабақтастыққа, санаға қарсы жұмыс жүргізіп, өткен тарихымыз бен діни тәжірибеміз туралы теріс пиғыл тудырып жатыр. Сопылық түсінігіне қарсы шығу деген бүкіл тарихымызға, мәдениетімізге, сайып келгенде, қазақ халқының тарихына қарсы шығу болып табылады. Өйткені, Иасауиден бастап Асан Қайғы, МәшҺүр Жүсіпке дейінгі қазақ даналары сопылық мәдениет негізінде ой толғады. Бұл – қазақтың дәстүрлі мұсылмандық түсінігінің айнасы – сопылық философия деген сөз.

Бүгін вахабилік жолындағы миисионерлер қазақ мұсылмандық түсінігіне оның тарих бойы жинақталған, болмысқа айналған, түсінік танымын жоққа шығарып бағуда. Бұл дегеніңіз зардабы кешегі коммунистік идеология жүргізген ұлтсыздандыру саясатынан да асып түсетін қасірет. Бұлар қазақты бүгін ғана мұсылмандықты қабылдаған ел сияқты көрсетіп, өздерін таза ислам атынан, кей жерлерде Алланың атынан сөйлеп халықты қалыпты діни сенімі мен танымынан бездіруге жұмыс жүргізіп жатыр. Демек олар қазақтың сан ғасырлық тарихы мен діни тәжірибесін жоққа шығаруды мақсат еткен. Бұл нағыз революциялық тенденция. Ал исламның рухында революция емес, эволюция ғана бар екендігін неосалафилер сезінбейді де. Тек өздерінің танымын ғана тықпалай береді. Яғни, еркін сұхбатқа емес, психологиялық қысымға негізделген рухани экспанциясын жүргізіп отыр. Бұл зайырлылық ұстанымына қайшы әрекет. Олар Қазақ мұсылмандық түсінігіндегі әулиелерге құрмет, молаларды қастерлеуі, өлікке ескерткіш орнатуы, зікір жасауы, тұмар тағу – олардың исламға әкелген бидғаттары деп қарайды. Бұл қоғамды қайшылықтар мен келеңсіз жайларға апарып соғуда. Музыка, театр, өнер, туылған күн тойлауды харам, күнә деп есептейді. Бұлар, уаххаби ағымындағылар үшін Аллаға серік қосу (ширк) және дінге жаңалық қосу (бидғат). Міне осындай қазақ мұсылмандық түсінігінің негіздері жоққа шығарылып жатқанда қазақтардың ойына шындығында біздің ата-бабаларымыз қай ислам дініне сенген? Деген психологиялық танымдық қобалжу туатындығы сөзсіз. Уаххабилердің түсінігіндегі «кәпір» ұғымына қазіргі Қазақстан халқының 100%-ы кіреді. Уаххабилік ағымның ерекшелігі – сенім мәселесінде фанатизмге бой алдырса, өзінен басқа түсініктегі мұсылмандарға экстремистік өшпенділікпен жауап береді. Мысалы, егер бір адам Құдайдың құлы ретінде Алла заңына (шариғатқа) емес, конституцияға бағынса, ол адам Бір Құдайға сену формуласын бұзғаны үшін «көп Құдайға табынушы» (арабша – мүшрік, кәпірдің бір түрі) атанады. Уаххабилік «ілімді» ұстанушылардың пікірінше, ажалды пенделер ойлап тапқан конституцияға бағыну арқылы ол адам конституцияны Құдай заңына теңгеріп, оны жазған адамдарды Құдайға санағанмен бірдей күнә жасайды. Бұл дегеніңіз құдай бетін аулақ қылсын ертең олар Қазақстанда елі іші бүлік шығаруға негіз болатын идеологиялық кеңістік жасап жатыр. Олар көршілерін осы пәтуа арқылы тонап кете беретін болады.

Жалпы кеңестік режим кезінде тұқымы себілген вахабилік тенденция өткен ғасырда КСРО құлаған соң посткеңестік елдердің ішкі тыныштығын бұзу үшін «ілім» ретінде Орта Азия елдері мен Кавказ аймағына кіргізілді. Соның нәтижесінде бұл діни-саяси доктрина Шешенстан мен Өзбекстандағы, Қырғызстан мен Тәжікстандағы талай қарулы қақтығыстар мен жанжалдардың шығуына басты себеп болды. Бұл құбылыстан Қазақ елі де тыс қалмасына куә болатын уақыт та таяп қалған секілді. Оған бүгінгі діни ахуалға сараптама жасағанда көз жеткізіп отырмыз. Сонымен вахабилік жалған салафилік тенденция ақылдан көрі сезімге берілетін, ойлауға емес, еліктеушілікке ұмтылатын нағыз фундаменталистік бағыттағы исламофобия құбылысына қызмет ететін жалданды топтар. Бұларды дер кезінде мемлекеттік деңгейде бақылап тиісті шешімдер арқылы тізгіндемесек, ертең қазақ болмысынан айрылып, дін деп араб мәдениетінің сойылып соғып кетуіміз ғажап емес.

Біз кеше ғана мұсылман болған ел емеспіз. Дәстүрлі діни тіршілігіміздің, әрине,  мұсылмандық негіздегі бастауы қарлұқтардың М.751 жылы арабтармен тізе қоса отырып, Сырдария мен Балхаш көлінің арасындағы Талас бойында қытайларды Ұлы Түркістан топырағынан қуып шығуымен тікелей байланысты. Міне содан бері түріктер араларынан әл-Фараби (870-950), Ибн Сина (975-1037), әл-Бухари (хадисшы), әл-Матуриди (каламшы) (944), Ахмет Иасауи (1103-1166) сияқты ғұламаларды өмірге әкеліп, білім, мәдениет, философия, өнер өкілдері ретінде ислам өркениетінен өз орындарын алды. Түрік-ислам мәдениеті мен өркениеті ХІ-ХІІ ғасырлардағы Қарахан мемлекеті кезіндегі түрік тілінде жазылған еңбектер арқылы өз болмысын нақты көрсете бастады. Міне, бұл кез-келген мәдениеттің өзінің дамуы мен жаңғыруын төл тілі арқылы ғана жүзеге асыратындығын көрсететін түркілік ренессанс дәуірі болатын. Бұл жағдай түркі халықтары үшін дінді оқыту мен ұғынудың негізгі ұстанымдарының іргетасын қалады. Сол кездегі түрік даласында, яғни, Отырар, Исфиджаб, Баласағұн, Ясы, Сауран, Сығанақ, Шаш, Сүткент, Жент, Весиж, Кудур, Шилжи, Отлук, Өзкент және Мауараннаһр қалаларында  Х ғасырдан бастап түбегейлі исламдық ілімдердің дамуы бағытында тәлім-тәрбиелік ордалардың – медресе, теккелердің орнығуымен бірге қоғамдық, руханияттық, моральдық-этикалық принциптерімен экономиканың, сауданың дамуына негізделген жаңа мемлекеттік сипаттағы жүйелер қалыптаса бастады. Мысалы, Сайрам қаласы сол кездегі Аббасидтер халифатының шекарасы болған. Исфиджабтан исламдық фиқх (құқықтану) мектебінің ханафи мазһабының көптеген өкілдері шыққан Исфиджаб саяси, экономикалық, сауда қолөнер орталығы болумен қатар, қала Х ғасырда мұсылман дінін сол аймаққа және Дешті Қыпшаққа тарату орталығы да болған. Баласағұн, Өзкент қалаларындағы медреселер түріктер арасына исламдық ғылымдарды таратып, дінді түсіндірушілер (муфассирлер), хадисшілер (мухаддистер), исламдық құқықшылар (факихтер) тарихшылар (муаррихтер), тілшілер (мантиқ(ин)шылар) мен әдебиетшілердің (адибтердің) өсіп-жетілуіне ықпал етті. Осы дәуірлерде Құранның алғашқы аудармалары мен түсіндірмелері жасалып, әсіресе құқықтану (фикх) саласында ханафи фикхының (құқық мектебінің) Сарахси, Баздауи, Дабуси мен Марғинани сияқты өкілдерінің еңбектері түріктердің ханафи мазхабына кіруіне әсер етті. Бүгінгі діни психологиялық және танымдық мәселелердің шешілуі мен мемлекеттілігіміздің тарихи әрі өркениеттік негіздері мен ұстанымдарын құндылық ретінде сезіну, тану үшін де дәстүрлі діни тіршіліктің бастауы болған Қарахандық кезең мен Иасауи мәдениетінің жаңаша зерттелуі кезек күттірмейтін мәселе болып тұр. Бұл – негіз, Қазақстандық дінтану мен теологиялық білі берудегі ең басты идеялық әрі ұстанымдық желісі болмақ.

Адамзат тарихында мемлекет өзінің қуатын діннен алып, дінді қорғау мақсатында өте қатаң шаралар қолданған, сонымен қатар мемлекет дінді өз бақылауында қысып ұстап, ең сорақысы дінсіз қоғам орнатқан кезеңдер де болған. Зайырлылық тек қана құлшылық пен сенім бостандығы немесе мемлекет пен діннің өзара ажыратылуы ғана емес. Зайырлылықтың негізгі мақсаты жеке тұлғаны діндердің және иделогиялардың қысымынан құтқару екендігін білуіміз керек. Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстандағы діни экстремистік бағыттар, «салафилер» мен христиан миссионерлерге өз азаматтарын беріп қою, бақылаусыз қалдыру мемлекеттің қаіпсіздігіне қаншалықты зиян екендігін біреу білсе, біреу білмейді. Қазіргі қоғамдағы «салафилердің» барлық іс әрекеттері қоғам қауіпсіздігіне кері әсерін тигізіп отыр. Зайырлылық мемлекеттің демократиялық, рационалды ұстанымдарға негізделуін білдіреді. Ал исламда жоғарыда айтқандай «дін адамы» немесе «дін адамы емес» деген бөлектену немесе  статус, «каста» болмаған. Олай болса, республикалық жүйедегі мемлекеттердегі «зайырлылық» ұстанымын әсіресе, ислам өркениеті мен мәдениетіне етене жақын немесе сол мәдениет негізінде құрылған мемлекеттер өзіндік комментарии жасау арқылы билік пен қоғам арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етуге ұмтылуы керек деп ойлаймын. Себебі исламда мешіт Батыстағыдай шіркеу сияқты бола алмайды. Өйткені шіркеу католиктерде рухани билік ретінде діннің ресми өкілі. Ал исламда мешіттің шіркеу сияқты Алланың атынан билік жүргізетін миссиясы жоқ. Сондықтан Батыс пен Шығыс немесе христиандық пен ислам арасындағы басты ерекшеліктерді негізге ала отырып зайырлылық ұстанымын өзіміздің мемлекеттіліктің баяндылығы мен қауіпсіздігі үшін өзіндік тексте қайта тұжырымдауға құқылымыз деген ойдамын.

Зайырлылық білім мен ғылымға, еркін ойға сүйенген ұстаным. Сондықтан дінге қарсы болу немесе дінге соғыс ашу деген мағынаға келмейді. Жеке тұлғаның жеке ісіне, сеніміне, от басымен қайшылыққа түспейді де діндарлығына да араласпайды. Лаицизмді дінсіздік деп ұғыну оны дұрыс түсінбеу деген сөз. Сондықтан зайырлылық дегенде оның ішкі және сыртқы функцияларын өзіндік текстпен қоғамға түсіндіру қажеттілігі бар деп есептеймін. Оның үстіне өткен жылы қабылдаған жаңа заңымызда осы «…зайырлы ел» деген тіркестің ішкі мазмұны мен ұстанымдық функцияларына түсіндірмелер жасалу керек деп есептеймін. Ол түсіндірмелер де мәдени, тарихи сана мен діни, өркениеттік тәжірибемізді ескеріп жасалуы тиіс. Себебі дін құбылысы киелі, моральдық тұжырымы бар, діни ғұрыптық қырымен қоса, аксиологиялық сенім мен құлшылықтар институты.

Зайырлы елде мемлекет дінге араласпайды деген сөз, діннің иман, құлшылық, діни оқу және оқыту істеріне кедергі болмайды, сонымен қатар белгілі бір діннің жетегінде де кетпейді дегенге саяды. Олай болмаса, Қазақстан сияқты халқының 70 пайызы мұсылман елде халқының діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға көмектеспейді деген сөз емес. Сонымен лаицизм өлшем, тепе теңдікті қамтамасыз ететін жүйе. Бұл жүйеде дін мен мемлекет өзара автономды өмір сүруі тиіс. Бірақ Қазақстанда ғылыми тұрғыдан рационалды деңгейде зайырлылықтың анықтамасы жасалынбаса, заң және құқық кітаптарына енген жаңа термин ретінде үлкен қайшылықты пікірталас тудыруы мүмкін. Ол үшін бұл ұстанымға мемлекеттілігіміздің баяндылығын негізге алатын жаңа функциялар үстеп, қайта тұжырымдау шарт деген ойдамын. Ең алдымен мемлекет пен дін арасындағы қатынас нақтылану тиіс. Бұл қатынас зайырлылық арқылы нақтыланған. Бірақ, бұл жерде мемлекеттің дінге деген тарапсыздығы, дін ісіне араласпайтындығы ғана паш етілген. Ал дін феномені мен мемлекет арасында ешқандай байланыс көрсетілмеген. Кез келген демократиялық елдің заңнамасына назар аударсаңыз, дін бабы өз алдына бөлек қаралады. Содан кейін барып, діни бірлестіктер, тіркеу және бақылау принциптері және олардың түсіндірмелері орын алады. Біздің заңда кешегі кеңестік ұстаным қалып қойды. Ондағы секуляризм ұстанымындағы, ғылыми атеизмді негізге алған кешегі кеңестік жүйе заңы үшін дін жеке феномен ретінде қабылданбағандықтан, жеке дін бабының қажеті болмады. Олар тек қоғамдағы діни көріністерді, мінез құлықты ғана есепке алды. Біздің бүгінге дейін қолданып келген заңымыз да кешегі кеңестік жүйеден қалған мирас болатын. Қазақстан мемлекеттілігінің негізінде қазақ мәдениеті жатыр, тілі қазақ тілі дейтін болсақ, онда, Қазақстан, тарихи онтологиялық тұрғыдан ислам дініндегі мемлекет деп көрсетіп, басқа әлемдік діндерді де құрметтейтіндігін енгізуіміз керек. Бұл зайырлылық ұстанымының реттеушілік қызметінің жандануы деген сөз. Зайырлылықтың реттеушілік қызметі қазақ елінің мемлекеттілігінің баяндылығының кепілі болады. Сонда қаптаған миссионерлер мен конфессиялардың қарқыны азаяды. Тіркеу ісінде де заң негізінде жаңа түсіндірулер мен талаптар пайда болады. Екінші зайырлылық ұстанымы ұлттық құндылықтарды күшейтуге бағытталу керек. Ислам діні үшін дін, милләт және үммет категориялары біртұтас қаралады. Бұл оның әлемдік, адамгершілік, бауырмалдықты, бейбітшілікті паш ететін дін екендігінің көрінісі. Дегенмен, соңғы кездері умметшіліктің жасыл жалауын желбіреткісі келіп, біртұтас халифат құрғысы келетін діни топтардың саясаты мен ықпалы бізге де аз әсер етіп отырған жоқ. Сонымен қатар бұл қызмет демократиялық түсініктің үстем болуына да көмектеседі. Себебі, халифа, халифалық деген түсініктер «Алланың орынбасары, жердегі өкілі және солардың құрған мемлекеті» дегенге саяды. Үшіншіден, негізінен демократиялық қоғамда, республикалық жүйедегі мемлекетте ғылыми таным мен діни таным басқа танымдық институттарға қарағанда басым болып, өзара параллель бәсекелестік жағдайында болады. Осы бәсекелестікті реттеп отыратын негізгі тетік зайырлылық принципінде жатыр. Бұл жерде діни сенім мен діни таным арасын ажыратып көрсету керек. Діни сенім догмаға, аянға ал, діни таным адамның білім алу мазмұнына, тәжірибеге, өмір сүрген ортасына, жамағат мүшелігіне қатысты қалыптасады және бүгінгі ғылым салалары арқылы дамиды. Міне осы екі таным арасын реттеп отыратын да зайырлылық ұстанымы болуы тиіс. Сонда қоғамдағы бақсы, балгер, тіленші дуанасы, дүмше молдасы, қаптаған тәуіп пен көріпкелдердің халықты алдауына жол бермей, ғылыми рационалды әдістердің өркендеуіне жол ашады. әрі дін ғылымы да дамиды. Төртіншіден, діни таным әр текті болады. Сондықтан әрбір діни таным діни ағымдардың қалыптасуына негіз болып, олардың арасындағы психологиялық қайшылықтарды тереңдете түседі. Әр топ өз жолын басқа ағымдағыларға қарағанда ақиқат деп біледі. Бұл құбылыс қордаланып екі топ арасындағы діни өшпенділікке апарып соғады. Бұдан да сорақысы екі діни топ қоғамдағы екі саяси ағым немесе партияның құралына да айналып кетуі мүмкін. Бұл ислам тарихында жиі орын алған құбылыс. Сондықтан осындай әртектілік пен танымдық қайшылықтарды реттеп отыратын зайырлылық ұстанымының қызметіне қажеттілік бар. Бесіншіден, дін ар, ождан, жүректің мәселесі. Бұл мәселе тікелей адам мен Алла арасында ғана таразыға тартылуы тиіс. Соңғы кезде кешегі жетпіс жылдық атеистік режимнің салдарын алға тартып, көптеген мазхабтар мен діни ағымдар өз қатарына қысыммен, зорлықпен қаратуды да әдетке айналдырғанын естіп қаламыз. Ал исламның мәнінде зорлық жоқ. Құранда «ла икраха фид дин» ұстанымы осының айғағы. Олай болмаған жағдайда дін саясат құралына айналды дей беріңіз. Адам еркі тапталады. Оның да жаратылған болмыс екендігі екінші кезекте қалып, жамағаттың, діни топтың ықпалында кете береді. Міне осы құбылысты шектеп отыратын да зайырлылық ұстанымы. Алтыншыдан, зайырлылық ұстанымы қоғамда білім берудің тұтастығын қамтамасыз етуі шарт. Жоғарыда айтып өткендей мемлекет пен дін арақатынасы реттелген кез келген мемлекеттерде діни білім беру мемлекеттің құзырындағы іс. Сонда ғана не ексең соны орасың. Мемлекет дін істеріне араласпайды, не оқыса оқи берсін десеңіз, бұл мемлекеттік қауіпсіздігіңізге немқұрайлы қарау деген сөз. Одан да сорақысы бұл мемлекеттің қолымен қоғамды бөлшектеу деген сөз. Сондықтан білім берудің кез келген түрі ол діни, саяси, кәсіптік, техникалық және т.б. болсын мемлекеттің қарауында болуы шарт. Жетіншіден, осы зайырлылық ұстанымын сылтауратып, кейбір алпауыт елдер, біздегі көптеген дін өкілдерін сұқ саусағымен көрсетіп, мемлекеттігімізге, ұлттық тәуелсіздігімізге қол сұққылары келеді. Зайырлылық пен демократияны бір деп көрсеткілері келеді. Зайырлылық пен құқықтық мемлекетті бір деп көрсеткілері келеді. Бұл әрине саяси ойын. Әр мемлекеттің өзінің тарихи, мәдени болмысына байланысты қоғам қажетін қанағаттандыратын құқықтық нормаларын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл табиғи құбылыс. Бірақ бұл нормалар осы қоғамға қатысты имманентті, ал халықаралық құқық стандарттарына трасцендентті болып тепе теңдік сақтап отырады. Себебі Қазақстан жабық қоғам бола алмайды. Сол сияқты әрбір мемлекет үшін зайырлылықтың да өзіндік комментарииі болатынына дау жоқ. Бұл комментарии әрбір мемлекеттің тарихы, мәдениеті, діні, жалпы болмысы негізінде жасалады. Зайырлылық ұстанымын қайта қарап, мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан түсіндірер болсақ, онда қоғамымыздағы көптеген христиан дініне қатысты секталар сыртқы басқару орталықтарынан қол үзген болар еді.

Бірақ исламда діни және дүнияуи істер екі бөлек болса да, негізінен саясат та, дін де өзара тығыз байланысты.    Дінді бұрыс түсінуден туындаған бірнеше проблемалардың ең басында келетіні осы саясат мәселесі. Дін және саясат байланысынан туындаған кейбір мәселелердің тарихта да, бүгінде де өзектілігі жалғасып келеді. Дін және саясат арасында  дін және саясат қатынасындағы тепе-теңдіктің болмауы тек мұсылмандар үшін ғана емес, барлық діндерде кездеседі. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанда дін және мемлекет қатынасы мен дін және құқық байланысы төңірегіндегі мәселелер талқыланғанда екі түрлі қателіктерге бой алдырып жатқандығын байқауға болады. Біріншісі бұрынғы кеңестік жүйеден қалған құқықтық сана жалғасып отырғандығы (дін тұрғысынан), екіншісі қазақ дәстүрі мен салтын жоққа шығарып, Құран мен суннаға оралу ағымы белең алып отыр. Бірінші мәселе бойынша қателік, негізінен, дін құбылысының қоғамдағы орны мен рөліне ғылыми баға берілмеуінен, сабақтастықты дәстүрлі діни тәжірибеге сүйенген діни таным мен қазақ мұсылмандық түсінігінің негіздері мен ерекшеліктеріне мән бермеушіліктен туындап отыр. Ал екінші мәселеге қатысты, мазхабты жоққа шығару тұрғысынан өте ықпалды жақтастары бар саясиланған ағымға айналып, тақыр жерге қайтадан исламдануды негізге алған «негізсіз тұжырымдама». Діни тәжірибе тарихындағы  әулиелер мен мазхаб құрушыларын жоққа шығарып, яғни бүкіл тарихты мансұқтап, әрбір мұсылманның Алланың кітабына тікелей жүгінуі насихатталып жатыр. Нәтижеде,  сөздік мағынасымен аударылған мәтіндерде өздеріне «қажетті» сөз алынып, болмаса оған үстеме мағына жүктеліп, рухани ұстаз, мазхаб ұстындарын елемей, Құраннан тікелей үкім шығару, фатуа беру, ижтихад еркіндігі модаға айналды. Абайша айтқанда «Бас басына мүфти болу» белең алып барады. Мұндай исламдағы революцияшыл психологияның ең басты мәселені ұмытқандығы көрініп тұр. Экстремист, фундаменталистердің шығуы мен исламның саясилануының оппозициялық ұранға айналуында,  дәстүрден айрылып қалу, уақытқа сай нақты методологиялық ұстанымсыз Құранға, Суннаға жүгінудің де әсері бар. Бізде діни, саясат, құқықтық негіз және зайырлылық ұстанымының функцияларының нақты анықтамасы жасалынбаған. Ал қоғамда адамдар сөз бен уәждер арқылы ойланады. Нақты мемлекеттік тәжірибе, институт болмағандықтан әр топ өзінен үстем, билікке өтімді топтың  алдында езілуден құтыла алмайды. Дін және мемлекет байланысында мұқият болуы тиіс нәрсе – әрбір ой, теория және практиканың артында құндылықтар жүйесі мен рационалды шындық базасының жатқандығы. Исламның негізгі  ұстанымы бойынша халықтың өзін-өзі басқаруы, адам құқы, ой еркіндігі қамтылған. Құран адамдардың Алла еркіне сай тіршілік етуі үшін негізгі ұстанымдар мен нормаларды көрсеткен. Ал бұл ұстаным мен нормалар әр кеңістікке қарай адам еркіне қалдырылған. Байқап қарасаңыз ислам құқығы функциялар жиынтығы сияқты. Құранда бар ма, жоқ па? –  деген сұрақ пайғамбар кезінде әбес емес еді. Дәлелің бар ма? Құранда не бар? және т.б. сұрақтар қазіргі таңда Қазақстанда негізгі өлшемге айналды. Олардың осы сұрағының өзі олардың діни танымдық ерекшеліктерін көрсетеді. Яғни қазақ мұсылмандық түсінігінің негізіндегі Ханафи фикх мектебінің методы, ұстанымы мен идеясына сай емес деген сөз.  Болуы тиіс сұрақ, Құранда бар ма жоқ па емес, Құранға сай ма, теріс пе десеңіз, бұл нағыз Ханафи Мазхабының методына сай болғаныңыз. Түйіндей келе, бүгінгі мәселелерді социологиялық перспектива тұрғысынан қарастыру қажет. Ислам діні де үкім бергенде қоғамдағы  құбылыс арқылы әрекет етуді ұстаным ретінде қабылдайды. Пайғамбар да әрбір құбылыстың себеп-салдар байланысын негіз ретінде алған. Мысалы, қоғамдағы келеңсіз ахуалға бірнеше болымсыз себептер үдеріс арқылы тап болса, ол егер анықталса, онда сол болымсыз себептерді өзгерту керек екендігі өздігінен ортаға шығады. Құрандағы «қоғам өзі өзгермейінше, Алла ол қоғамды өзгертпейді» (13/11) ұстанымына назар аударсақ, қоғам моральдық, саяси құндылықтары және құрылымдық тұрғыдан қандай жағдайда болса, мемлекеттің  де, діннің де құрылымы сол қоғамға үйлесімді болады. Салдардың өзгеруі – себептің өзгеруіне байланысты. Ал мемлекет – мақсаты жағынан қоғамдық жүйенің, әділеттің, қоғамдағы игіліктердің үстемдік етуін қамтамасыз ететін саяси, әлеуметтік құрылым. Демек, мемлекет функциясы жағынан профанды, яғни осы дүниеге қатысты. Бірақ сол мемлекет өзінің құрушы азаматтарының тұлға ретінде ақиретпен қатысты сенімдерінің  осы дүниедегі көріністерімен айналысуға мәжбүр. Сонымен қатар, мемлекет өз құрушыларының сенімі, мәдениеті мен болмыстық құндылықтарын әлеуметтік өмірдің жүйеленуінде негіз ретінде алуы тиіс. Олай болмаған жағдайда мемлекет құрушы элементтер әлеуметтік жүйеден таба алмаған құрылымды аңсаумен, мемлекетке қарсы топ құруға бет алады. Бұл – мемлекет, құндылық және саясат теорияларында бар тұжырым. Осы психология ескерілмесе орнын мемлекеттен тыс күштер алып қоюы ықтимал. Қазақ елі өз тәуелсіздігін алғалы да біраз жылдың жүзі болды. Құдайға шүкір, еліміз жыл санап нығайып, әлемдік қауымдастықта өз орнын белгілеп те алды. Оған біреулер қызыға қараса, енді біреулер қызғана қарап жүр. Әрине, ол Елбасымыздың жүргізіп келе жатқан сындарлы саясатымен байланысты екендігіне ешқандай дау жоқ. Бірақ, бізде бәрі жақсы, тыныштық деп айтуға әлі ерте. Өйткені, ұзақ жылдарға созылған отарлық бұғау мен атеистік тәрбие халықтың жақсы мен жаманды, ақ пен қараны, адал мен арамды ажырата алатын түйсіктерін жойып, көзсіз көбелекке айналдырғаны ащы да болса шындық.

Ал, ислам атын жамылып келген уаххабийа, «хизб ат-тахрир», «таблиғи жамағат», «ахмадийа» сияқты т. б. ағымдардың соңына ергендер қаншама. Қазіргі күні Қазақ мемлекетінің мемлекеттік тұтастығына басты қауіп осы ағымдар әрекетінен туындап отыр. Қазақ халқының ғасырлар бойына қалыптасқан діни-рухани көзқарасы мен мәдени мұралары осы ағымдар тарапынан аяусыз соққы көруде. Қазіргі күні қазақ халқы өздерінің діни көзқарастарына қарай әртүрлі топқа жіктеле бастады. Ал, 2004 жылдың сәуір айының төрті күні Ташкентте болған жарылыстар қарсаңында Түркістан қаласының базарында халықты Өзбекстан президенті И. Каримовке қарсы күреске шақырған үнпарақтар таратылады. Жарылыс болған күні Шымкент қаласындағы Қошқар Ата мешіті алдында «хизб ат-тахрир» мүшелері халықты өзбектерге жәрдемге  баруға шақырады. Арыс қаласында осы топ мүшелері милиция бөліміне барып, Өзбекстанға бару үшін қару беруін талап етеді. Бұл фактілер ел ішіндегі діни ахуалдың қауіпті шепке жақындап қалғандығынан хабар береді. Мұндай жағдай 80-шы жылдар соңы мен 90-шы жылдар басында Өзбекстанда қалыптасқан еді. Мешіттер «ханафилер мешіті», «уаххабилер мешіті» болып екіге бөлініп кеткен болатын. Өзбекстан үкіметі бұл бөлінушілікті әлі күнге қалпына келтіре алмай, күшпен басып отыр. Тәжікстанда жағдай ушығып бірнеше жылға созылған қанды шайқасқа ұласқаны белгілі. Біз де сол көршілеріміздің қателігін қайталағымыз келмесе, ел ішіндегі діни-рухани ахуалдың одан әрі шиеленісуіне жол бермеуіміз керек. Өкінішке орай, жағдайдың күрделеніп бара жатқанына алаңдаушылық білдірудің орнына, кейбір облыс, аудан әкімшіліктері, керісінше, ондай фактілерді бүркемелеуге тырысуда. Бүгінгі күні Қазақ халқы қайтадан шаңырақ көтеріп, жеке Тәуелсіз мемлекет болғанда сол іріткі қазақ халқы арасына қайта түсіп отыр. Бұл кеселдің алдын алып, әрекет етпесек, тарихтағы қателікті тағы да қайталауымыз мүмкін. Өйткені, кез-келген сырттан келген рухани ағымның басты нысанасы қазақ халқының  ғасырлар бойына тірнектеп жинаған рухани мұрасы мен мәдениеті болмақ. Ал, мәдениетінен, рухани тірегінен айрылған халық өз мемлекеттілігін ұстап тұра алмайтындығы дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Уаххабилік идеологияның Орта Азия келуі, бұл идеологияны жергілікті мұсылмандарды дәстүрлі діни танымы мен мәдениетінен айырудың құралы ретінде пайдаланбақ болған Кеңес өкіметінің саясатын да ашып көрсету аса қажет. Олай болмаса, уаххабиліктің Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін тез таралу себептерін түсіне алмайды. Уаххабилік әлем мұсылмандарына қауіп төндіріп отырған басты діни-идеологиялық бағыт болып отырғанын, уаххабилікті қабылдау кез-келген халықтың дәстүрлі мәдениетінен ажырата алатын қуаты бар бүлдіргіш екенін түсіндіру және ол ағымның жаһандану үдерісінде трансұлттық корпорациялардың қолындағы діни-идеологияға айналып отырғанын жастар санасына жеткізілуі тиіс.

1. Дәстүрлі діни рәсімдер имамдар тарапынан тәрк етілуде. Бұл, әсіресе, жаназалау кездерінде айрықша байқалады. Мәселен, мәйіт жөнелту сәтінде, марқұмды жерлеп болғаннан соң қырық қадамнан кейін оқылатын құрандарға мақсатты түрде тыйым салынуда. Осы құрандардың оқылмауын жаназа шығарған имам қатаң бақылайды. Ғасырлар бойы оқылып келе жатқан осы құрандарға рұқсат бермеу арқылы имамдар көпшілік түйсігіне ата-бабаларымыз дін жөнінен надан болған екен деген ұғымды тықпалауда. 2. Зайырлы қоғамда дін қызметкерлерінің мемлекет ісіне араласпауы тиіс екені сияқты, олар жеке адамның құқығына да қол сұқпауы керек. Осы тәртіп олар тарапынан өрескел бұзылуда. Мәселен, қайтыс болған адамның туыстарының көпшілікке ас беру-бермеуі, жаназаны кімге шығартуы өз қалауынша жүзеге асуы керек болса, жергілікті имамдар осыған да араласып, мәйіт шыққан үйден үш күнде дейін тамақ берілмеуін, жаназаны тек қана мешіт қызметкерлері шығаруын қатаң қадағалайды. Бұл тек зайырлы қоғамның заңнамасына ғана емес, шариғатқа да қайшы келетін іс. Осы тұрғыда олар көпшілік санасына теократиялық қоғамдағы дін істері министрлігі сияқты әсер етуде.

3.Жергілікті имамдардың уағыздарында салт-дәстүрді діннен бөліп көрсету жиі көрініс береді. Бір мәселені «дінімізде былай», «салт-дәстүрімізде олай» деген бағытта әңгіме өрбіту – нигилистік ұстанымды санаға әбден сіңірген кеңестің қоғамның «шапанынан» шыққан қауым үшін ұлттық құндылықтырды ашық түрде терістеумен бара-бар. Шын мәнінде, ұлттық мәдениетіміздегі барша құндылықтар ғасырлар бойы ислам дінімен біте қайнасып, оның берік орнығуына қызмет етіп, шариғат пен муаммилаттың құрамдас бөлігіне айналып кеткен. Сондықтан оған нұқсан келтіру – дәстүрлі дінімізге де нұқсан келтіру болып табылады.

4.Сан ғасыр бойы қазақ қауымында отбасы мәселелерінен бастап, ірі мемлекеттік келелі істер дастархан басында шешілген. Сондықтан да дастархан – қазақ үшін ең киелі құндылықтың бірі. Сол себепті дастарханды аттамақ түгілі, оны айналмайды да. Сонымен қатар, ол – қоғамдық тәрбие тұғыры. Үлкеннен бұрын асқа қол салмау, бата жасалмай тұрмау, ас үстінде тек ғибратты сөздер айту, бір қарағанда, күнделікті тіршілік көрінісі сияқты ғана көрінгенімен, оның берер құндылығы өлшеусіз. Бұл дағдылар – ынтымақтың, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетудің, яғни отбасы бақытының кепілі. Ал көпшілік үшін жайылған дастарханның ауыл-аймақ, рулы ел үшін дәл осындай мәні болған. Бұл жерде қызықшылыққа арналған дастарханның ғана емес, жаназалау кезіндегі астардың да орны үлкен. Осы дәстүрлерді жою ұлттық бір типті менталитетімізге, ынтымағымызға, бірлігімізге орасан зиян келтіретіні шындық. Жергілікті имамдар осы дәстүрлерді де терістеумен бірнеше жылдар бойы айналысумен келеді. Осыған байланысты, бұрын айырмашылығы болмаған ас беру, жаназалау рәсімдерінде қазір ала-құлалық пайда болды. Алысқа бармай-ақ, көрші ауылдар мен көрші аудандарды осы мәселелер жөнінен салыстырып көрсеңіз, елеулі айырмашылықтар барлығын білесіз. Бұл – ұлттық мәдениетке сына қағылып жатқанының белгісі. Осыны басқалар емес, дін қызметкерлері атқаруда.

5.Діни радикалды топтарды тани бастағанымыздан бері, оған қарсы тұрарлық бірден-бір күш ретінде жағымды мәнде қолданылып келе жатқан «дәстүрлі дін» атауы соңғы жылдары қолданыстан шығып бара жатыр. Оны да әлдебір сыртқы күштердің ықпалы саналы түрде жасап отыр деуге болады. Бұл атауды мүфтият өкілдері «Имам Ағзам мәзхабы» атауымен алмастырып қолдануда. Бұл діни экстреммистік топтарға да қолайлылық туғызып, олар өз идеяларын осы атау арқылы өткізе бастады. Ал олар өз көзқарастарын «дәстүлі дін» атауына олай таңа алмас еді. Оның үстіне, Имам Ағзам (Әбу Ханифа) мәзхабы дәстүрлі діннің құрамдас бөлігі екені де түсіндірілмей қалып отыр. «Біздің жолымыз» дегенде, бірінші кезекте, дініи-құқықтық мектеп емес, ақида тұруы керек екені ескерілмей, бұл қателік жоғарыдағы қауіптерге жол ашуда.

6.Сопылық жол (Оның ішінде, Қожа Ахмет Ясауидің) дәстүрлі дініміздің негізі екені мүлдем айтылмайды десе де болады. Оның орнына сан алуан діни ағымдарың бірі ретінде көрсетілуде. Онда да, көбіне, қауіпті ағым етіп көрсетілуде. Осы ақиқаттың бұрмалануы қазіргі діни ахуалымыздың мүшкілдігінің ең басты себебі деуге тұрарлық. Ясауи ілімінің мәні ғана емес, этикалық, ғұрыптық жағы да «Негізінен, бұл шариғатта (немесе Құранда) жоқ» деген сияқты, бір қарағанда, кереғар болып көрінбейтін фразалар арқылы тәрк етілуде. Мұндай бекерге шығарулардың ұсақ-түйегі болмайтынын ескеретін кез келді. Өйткені олардың ұлттық сана типіне тигізер кері әсері, алауыздық туғызушы ықпалы өте күшті.

 

Қорытынды орнына

         Мемлекет және дін арасындағы қатынас нақты емес. Яғни, мемлекет дінді конституциялық шеңберде құбылыс ретінде қабылдамаған. Конституцияда нақты көрсетілмеген.

Егер қабылданса, ЖОО мен мектептерде қазақ мәдениетінің ислам өркениетіндегі орны оқытылуы тиіс еді. Оған да кадр, база, материал, ҒЗИ керек.

Дегенмен Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасында орын алған еңбектер білім беру үдерісінде жоқ. Енбеген. Ол діни білім беру болсын, тарихи, мәдени болсын, көрінбейді.

Мемлекет бүгінгі діни ахуалдың әртектілігінен туындаған салдарлармен ғана күресуде, алдын алу үшін мемлекет дінді жүйелі механизмдер арқылы қолға алып, қадағалап дамытуға мүдделі болуы тиіс.

Егемендік алғалы бері қоғамдағы діни таным әртекті болып қалыптасты. Өзара диалектикалық қайшылықтар, танымдық тенденциялар көрініс берді. «Діни Істер Агенттігі құрылды. Бірақ нәтиже алынбай келеді. Себебі бұл агенттік дін феноменіне қатысты барлық мәселелердің шешу жолдарын өзінде топтай алмай келеді. Мысалы, діни білім беру – ҚР БҒМ қарасты, оған агенттік тікелей ықпал ете алмайды. Заң аясында болса да. Тіркеу жұмыстары да, юстиция да оған тікелей ықпалы жоқ.

Мемлекет пен қоғам арасында дін мәселесінде дәнекер болады деп сенген агенттік, қоғамдағы діни мәселелерге талдау, бағалау тұрғысынан мемлекеттің діни саясатын айқындау керек еді. Бұл оның діни мәселелерге жасаған анықтамасынан, дінтанушылық, тарихи тұрғыдан бағалауынан көрінуі тиіс еді. Бірақ ол әлі көрінбейді. Осы орайда діни саясат, Елбасының «Сындарлы он жыл» еңбегінде нақты көрсетілген. Бірақ бұл еңбек «Агенттік тарапынан» назарға ілінбей келе жатыр.

Қазақтардың дәстүрлі мұсылмандық түсінігі ревизияланып жатыр. Агенттік үн қоспайды, шешім ұсынбайды. Қоғаммен байланысу тетігі жоқ. Ғалымдармен ортақ сараптама, қоғамдық пайда туралы бағыты, ұстанымы жоқ. Өз мамандарымен, топтарымен, белгіленген бағдарлама шеңберінде практикалық конференция өткізумен өз есептерін беріп жүр. Есептеріне қарасаңыз, осы жылдар ішінде мыңнан астам әртүрлі іс-шара өткен, бірақ механизмді шешу жолдары ұсынылмаған.

Осы Агенттікке қарасты аймақтардағы департаменттерді жою мәселесі бар. Бұл дұрыс емес. Департаменттер жергілікті ішкі саясатқа берілмеу керек, қайта осы агенттік қарамағында дамытылуы тиіс. Егер ішкі саясатқа берілсе, одан сайын дін саясаттың тақырыбына айналады.

Діннің саясилануы өте қауіпті іс. Одан шығу жолы тек азаматтық дүмпу арқылы ғана жүзеге асады. Құдай оның бетін аулақ қылсын.

Жыл сайынғы Елбасы жолдауы, Түрік кеңесіндегі тапсырмалары, мысалы, тарихи тұлғалардың еңбектерін насихаттау (Фараби, Ясауи) орындалмай келеді.

 

 Досай  КЕНЖЕТАЙ

 www.qazaquni.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз