БАРАК ОБАМА АВТОБУСТА РОЗА ПАРКСТЫ ЕСКЕ АЛДЫ....

roza parkinsbarak obama

      Кешегi 1 желтоқсан осыдан 58    жыл бұрын қара нәсiлдi  америкалық әйел Роза Паркс  автобусқа отырғанда жүргiзушнiң  талап етуiмен ақ нәсiлдi адамға    қасарыса орын бермегенi үшiн  айыпталған күн. Есте болса,    қарапайым ғана тiгiншi әйелдiң бұл  қылығы күллi америкаға қозғау  салып, ақыры Мартин Лютер Кинг     бастаған қара нәсiлдiлердi    кемсiтуге қарсы қозғалысқа    ұласты. Бұл күндi бәлкiм еске де  алмас ем, Барак Обама еске  түсiрдi. Ақш президентi өзiнiң  фейсбуктегi парақшасында  атаулы датаға мән бере «қарапайым емеурiнмен-Роза Паркс 58 жыл бұрын Американы    өзгертуге көмектестi» деген жазу  қалдырыпты. Ең ұтымдысы, жазбаны өзiнiң автобуста отырған  суретiмен салуды да ұмытпапты. Ойды ой қозғайды. Менiң ойыма  бiрден 90-шы жылдарға дейiнгi  ҚазақССР-ы, Алматыдағы автобустар есiме түстi. Нақтырағы, қоғамдық көлiктегi менiң халқымның өкiлдерi. Күллi автобуста 4-5 қазақ отырып, өз ана тiлiнде сөйлесе, өзге тiлде сөйлегендер тарапынан кемсiтуге ұшыраған қор кездер. Содан берi, көөөөп уақыт өттi. Салыстыруым сәтсiз шықса айып етпеңiз. Бiзде де Роза Паркстар 90-шы жылдарға дейiн де кейiн де көп болған. Қазiр де көп. Мәселен, Жарылқап Қалыбай ұшақта тiлiмiздi даулады, экс-әкiм де ұшақта тiлдi айтып, әуебикенi тiптi, аяғымен нұқып қалды, Сәкен Майғазиев те әуежайда тiлге бола тiресiп қалды. Тиiсiнше, «шүкiр дейiк, қазақ мектептерi көптеп ашылып жатыр, көш жүре түзеледi» деген сияқты бiрсарынды тұрақты тiркестердi естуден жалықпай келемiз. Тiлдi тұғырға қондыру керек екенiн тiлмен тiлiп-тiлiп те түсiндiрiп көрдiк. Теуiп те түсiндiруге де талпындық. 22 жыл өттi. Сiздi қайдам, естiгенге емес, көргенге сүйенетiн журналистiк көзiм бүгiнде 22 жасқа келген, қалада туған қазақ баласының қазақша сөйлегенiн көрмеппiн. Бар болса да iлуде бiреу. Сонда да 22 жыл бұрын «көш жүре түзеледi» деген бiреулер 22 жылдан кейiн де «көш жүре түзеледiден» әлi танбай отыр. Оу, 22 жылда түзеле алмай келе жатқан не деген қисық көш едi бұл?! ...Батыл Роза Паркс 58 жыл бұрын құқын қорғапты. Елу жылда ел жаңа. Қара нәсiлдiлер кемсiтiлген Америкада елу жылдан кейiн қара нәсiлдi адам президент болды. Ендеше осыны ойласақ, бәлкiм тiлге қатысты 22 жылда түзелмеген көш ендi 50 жылдан кейiн түзелер?! Әлi 28 жыл бар екен. Алайда 2041 жылы Астанадағы мектептiң тарих пәнiнiң мұғалiмi: "Когда-то на заре независимости наши деды разговаривали на казахском языке" деп сабағын өтiп жатуы да мүмкiн. Тағы да жауыр болған «сабыр, тәубе, барға қанағат» сияқты паразит сөздердi алға тартайық. Қалай болғанда да, өзбасым қазақ тiлiнiң қазасын естiп, жаназасын шығарған буынның өкiлi болғым келмейдi.

Әуесбайдың Қанаты

Суретте: 58 жыл бұрын автобуста отырған Роза Паркс және қазiр автобуста отырған Барак Обама