БАРАК ОБАМА АВТОБУСТА РОЗА ПАРКСТЫ ЕСКЕ АЛДЫ….

4
1038

      Кешегi 1 желтоқсан осыдан 58    жыл бұрын қара нәсiлдi  америкалық әйел Роза Паркс  автобусқа отырғанда жүргiзушнiң  талап етуiмен ақ нәсiлдi адамға    қасарыса орын бермегенi үшiн  айыпталған күн. Есте болса,    қарапайым ғана тiгiншi әйелдiң бұл  қылығы күллi америкаға қозғау  салып, ақыры Мартин Лютер Кинг     бастаған қара нәсiлдiлердi    кемсiтуге қарсы қозғалысқа    ұласты. Бұл күндi бәлкiм еске де  алмас ем, Барак Обама еске  түсiрдi. Ақш президентi өзiнiң  фейсбуктегi парақшасында  атаулы датаға мән бере «қарапайым емеурiнмен-Роза Паркс 58 жыл бұрын Американы    өзгертуге көмектестi» деген жазу  қалдырыпты. Ең ұтымдысы, жазбаны өзiнiң автобуста отырған  суретiмен салуды да ұмытпапты.

Ойды ой қозғайды. Менiң ойыма  бiрден 90-шы жылдарға дейiнгi  ҚазақССР-ы, Алматыдағы автобустар есiме түстi. Нақтырағы, қоғамдық көлiктегi менiң халқымның өкiлдерi. Күллi автобуста 4-5 қазақ отырып, өз ана тiлiнде сөйлесе, өзге тiлде сөйлегендер тарапынан кемсiтуге ұшыраған қор кездер. Содан берi, көөөөп уақыт өттi. Салыстыруым сәтсiз шықса айып етпеңiз. Бiзде де Роза Паркстар 90-шы жылдарға дейiн де кейiн де көп болған. Қазiр де көп. Мәселен, Жарылқап Қалыбай ұшақта тiлiмiздi даулады, экс-әкiм де ұшақта тiлдi айтып, әуебикенi тiптi, аяғымен нұқып қалды, Сәкен Майғазиев те әуежайда тiлге бола тiресiп қалды. Тиiсiнше, «шүкiр дейiк, қазақ мектептерi көптеп ашылып жатыр, көш жүре түзеледi» деген сияқты бiрсарынды тұрақты тiркестердi естуден жалықпай келемiз. Тiлдi тұғырға қондыру керек екенiн тiлмен тiлiп-тiлiп те түсiндiрiп көрдiк. Теуiп те түсiндiруге де талпындық. 22 жыл өттi. Сiздi қайдам, естiгенге емес, көргенге сүйенетiн журналистiк көзiм бүгiнде 22 жасқа келген, қалада туған қазақ баласының қазақша сөйлегенiн көрмеппiн. Бар болса да iлуде бiреу. Сонда да 22 жыл бұрын «көш жүре түзеледi» деген бiреулер 22 жылдан кейiн де «көш жүре түзеледiден» әлi танбай отыр. Оу, 22 жылда түзеле алмай келе жатқан не деген қисық көш едi бұл?!

…Батыл Роза Паркс 58 жыл бұрын құқын қорғапты. Елу жылда ел жаңа. Қара нәсiлдiлер кемсiтiлген Америкада елу жылдан кейiн қара нәсiлдi адам президент болды. Ендеше осыны ойласақ, бәлкiм тiлге қатысты 22 жылда түзелмеген көш ендi 50 жылдан кейiн түзелер?! Әлi 28 жыл бар екен. Алайда 2041 жылы Астанадағы мектептiң тарих пәнiнiң мұғалiмi: «Когда-то на заре независимости наши деды разговаривали на казахском языке» деп сабағын өтiп жатуы да мүмкiн. Тағы да жауыр болған «сабыр, тәубе, барға қанағат» сияқты паразит сөздердi алға тартайық. Қалай болғанда да, өзбасым қазақ тiлiнiң қазасын естiп, жаназасын шығарған буынның өкiлi болғым келмейдi.

Әуесбайдың Қанаты

Суретте: 58 жыл бұрын автобуста отырған Роза Паркс және қазiр автобуста отырған Барак Обама

 

 

 

4 ПІКІРЛЕР

  1. Бізде Мартин Лютерлер болмай тұр!
    Бәлкім, тіл мәселесінде саяси ерік-жігері мықты табанды, халықтың мүддесімен жүретін бізде Мартин Лютерлер болмай тұрғаны шығар. Лютер үш арманын айтып, саясатта жалғыз қара нәсілділердің ғана емес, үлкен саясатты басқа ұлттардың да көңілінен шыға білді. Біздікілер құрылтай, келесі жолы күлтепедегі жиын т.с.с дүниелерді жасай берсе қазақтың арманы ешқашан орындалмайды. Бүгінгі күн елес, арман емес…Арман болса соған жету шынайы сезім болар еді, елес болған соң жасанды, ал жасанды құндылықтарды өзгерту жымысқы ниетте… Бізде Мартин Лютерлер болмай тұр!

  2. «…Қалай болғанда да,өз басым қазақ тілінің қазасын есітіп,жаназасын шығарған буынның өкілі болғым келмейді»…

  3. БАРАК ОБАМА АВТОБУСТА РОЗА ПАРКСТЫ ЕСКЕ АЛДЫ….
    …Батыл Роза Паркс 58 жыл бұрын құқын қорғапты. Елу жылда ел жаңа. Қара нәсiлдiлер кемсiтiлген Америкада елу жылдан кейiн қара нәсiлдi адам президент болды. Ендеше осыны ойласақ, бәлкiм тiлге қатысты 22 жылда түзелмеген көш ендi 50 жылдан кейiн түзелер?!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз