Сәтбай Дастан: Кәсіпкерлікке де кадрлық саясат керек

 

16tarihshi1

Елдің ертеңі алаңдататын әрбір азаматты кәсіпкерліктің жағдайы, дамуы ойландыруы заңдылық. Себебі, өндірістің, шағын және орта кәсіпкерліктің кеңінен өркендеуі ол экономикалық тұрғыда өрлеу. Ал, ел экономикасының әрленуі бұл әр адамға арман болған жақсы тұрмыс-тіршілік, қайыра айтқанда, әлеуметтік ахуалдың артуы. Жалпы, ел экономикасының өсу қарқыны кез келген салаға серпін берері аян. Ендеше, мемлекет тарапынан кәсіпкерліктің дамуына арқау боларлықтай айрықша қолдау жасалып жатқандығы бекер емес. Әйтсе де, сол қамқорлықтың халыққа түбегейлі жетпегенінің көрінісі ме, әлде халық дайын болмағандықтан жасалған жанашырлықты қабылдай алмай жатқаны ма, әйтеуір, кәсіпкерлікке қолдаудың нәтижесі көңіл қуантатындай толыққанды сезілмейді. Шыны керек, кәсіпкерліктің сылбыр аяңына қатысты көпшіліктің бүгінгі пікірі осы тектес. Ал, ел болашағын айқындар кез-келген қоғамдық мәселеге бей-жай қарай алмайтын, салмақты пікірлерімен өзгелерге де ой сала жүретін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы, саясаткер Сәтбай Дастан Яхияұлының кәсіпкерлік тақырыбындағы көзқарастарына әңгімелесу барысында қанықтық. Сұхбат мәтінін өз оқырмандарымыздың назарына ұсынғанды жөн көрдік.

– Аймағымызда кәсiпкерлiктiң қандай түрiн дамытуға болады деп ойлайсыз? – Аймағымызда ең бірінші кезекте кәсіпкерліктің ауылшаруашылығына қатысты түрлерін дамытуға мүмкіндік молынан. Өңірде қаншалықты өнеркәсіп, Құмкөл мұнайы секілді жерасты байлықтары табылып жатыр, дегенмен, біздің ұлттық шаруашылық түрі, яғни, мал шаруашылығы мен айта беретін егін шаруашылығы ғой. Өкінішке орай, қазіргі таңда екеуі де олқы болып тұр. Егін шаруашылығына келсек, базарларды аралап қарасаңыз, картоп өнімі Пәкістаннан келген. Бұл қалай намысыңа тимейді. Пияз Өзбекстан секілді көрші елдерден келеді. Алманы Қытайдан алуға көштік. Демек, мұның барлығы да адам жылайтындай жағдайда деген сөз. Аймағымызда осы тіршіліктерді дамытуға болмай ма? Әрине, болады. Мен осы тұрғыда кәсіпкер шаруалармен де сөйлесіп көрдім. Басшылар әрдайым ауылшаруашылығын дамытуға жағдай жасалып жатқанын айтады емес пе? – десем, олар: - Барлығы халыққа айтыла беретін әңгіме ғой - дегенді алға тартады. Екіжүзділігімізді қараңыз. Енді, осы саладағы жұмысты жандандыруға болмай ма, сонда? - деп сұрасаң, тыныштық бермейді-дейді. Ол неғылған тыныштық бермеушiлiк? Сөйтсем, тексеріс көп екен. Мен осыны түсінбей-ақ қойдым. Бұл жердегі бір ғана ұстаным, дүниежүзінде ауылшаруашылық саласы пайдалы сала емес. Өйткені, химия, ғылыми-техникалық жетістіктердің дамуымен барлық нәрсені жасауға болады. Біздің өлкеміздің де ауыл­шаруашылығына байланысты басқа өңірлерден айыр­ма­шылығы жоқ. Оның үстіне табиғаты күрделі аймақ болғаннан кейін өңірде ауылшаруашылығына мүмкіндігінше барлық жеңілдіктер берілуі керек. Айталық, пайызсыз несие. Бизнес жобасын алып келді ме, мейлі анау-мынау шығындарына 1-2 пайыз үстемеден аспайтын несие алу механизмі жеңілдетілуі қажет. Мұның барлығы құзырлы орындардың бақылауында болғаны абзал. Сонымен қатар, фермерді тексеріспен үркітпей, барынша жәрдем беру керек. Ол қанша адамды жұмыспен қамтып отыр. Міне, кәсіпкерліктің әлеуметтік бағыты мен оларға қойылатын талап. Мәселен, кәсіпкер 20 адамға жұмыс тауып беріп, 20 адам зейнетақы қорына қаржысын салуда. Тағы қосымша табыс салығы секілді салық түрлерін қалай түсінуге болады? Ол үшін экономист болудың қажеті жоқ. Егер табысы өсіп жатса, сол кезде Қытай мемлекетіндей кәсіпкерден әлеуметтік жауапкершілікті талап етуге болар еді. Әйтпесе, біздегі жағдай негізінен бас көтермей жатып, тұралатып, тіпті тұншықтырып тастауға жеткізетін сыңайлы. Айта беретiн адами факторға көп нәрсе байланысты. Израильдің сыртқа ет шығаратыны туралы Елбасының өзі айтып жүр. Ол елде жер метр, сантиметрлеп сатылады. Жайылым деген атымен жоқ. Малды тордың ішінде бағады. Соған қарамастан, олар сыртқа өнім шығаруға қол жеткізіп отыр. Осы ретте кең байтақ жері бар елімізде мал шаруашылығын дамыта алмағанымыз өте ұят. Ойластыру керек, тәжірибе қалай? Не себептен берекесіздіктер орын алуда? Малдың санын қалай көбейтуге болады? Айталық, мал шаруашылығына Австралия, Аргентина, Бразилия елдері маманданған. Олардың мал бағу әдістері бөлек. Иә, табиғаты да басқаша шығар. Аталған елдер тәжірибесінде елдімекеннен тысқары бірталай жер қоршалып, ең әуелі сол жердің инфрақұрылымы жасалады. Мал сол межелі орында бағылып, ауру дегендерін уақытылы емдеп, жағдай жасайды. Ал біз өзіміз Қызылордада отырып, Сарысуға жайып жіберген малымызды анда-санда барып, көріп қайтамыз. Шыны керек, кеңес үкіметі кезінде ауылдың малдарының барлығы Арқаға, Сарысуға қарай көшіріледі. Жезқазған бағытына. Өйткені, жазы салқын, жайылым жері бар, малға жайлы. Қазір ондай ештеңе жоқ. Болса да, ара-тұра кездейсоқ сипатта. Осындай ауылшаруашылығын дамыту мүмкіндігі пайдаланылмай тұр. Кеңестік уақытта сол жерге скважин шығарған. Бұл бір реттен қақтың суы (қардың суы) күзге дейін сақталмай қалатындықтан киіктерге арналған. Қазір скважинді кім орнатады, оның басында кім болады? - деген сылтаулар көп. Ғылым мен техника дамыған заманда ірі станциялар орнатып, инфрақұрылымын апарып, мал шаруашылығына мемлекеттік пәрмен беру керек деген тәрізді. Әсіресе, алты ай жаз мезгілінде ен жайылым пайдаланылмай жатыр. Болмайтын нәрсе емес, уақытында жүзеге асырылды ғой. Қазір де кәсіпкерлердің бір компаниясы құрылсын. Қиындықтан шығу жолын қарастыру қажет. Рас, қиын, өте қиын. Дегенмен қолға алса, іске асыруға болатыны сөзсіз. Сосын, қазір ауылдық жерге барсаң мал ұстамайтын адамдар көбейіп кетті. Ауылдық жерде тұрып екі сиыр немесе оншақты уақ малы болғанына намыстану керек деп ойлаймын. Әлеуметтанушы ретінде қарасақ, ауылда қойшы жоқ. Кейде кезекпен бағады. Соның өзіне қойшы таппай ақырында уақ мал ұстамайтын жағдайға жеткен. Тағы бір шығар жолын іздеп, ауыл малдарының басын жинап, сыртқа жаятын падаға қосады. Оны да бағатын адам жоқ. Неге десең, мал басына төленетін келісілген ақшасын жинай алмайтын көрінеді. Осы мәселені ауыл әкімдері неге ұйымдастырмасқа? Қысқасы, қазір әрбір ауыл өз малдарын қай жерге бағатыны жөнінде ешкімде ешқандай есеп жоқ. Ауыл әкімдері немен айналысатынын білмейді? Құдайға шүкір, жер жетеді. Дұрысында ірі қараның шабындығы қай жерде, қой ешкінің шабындығы қайда екендігі белгіленіп, қозы-лақтардың шабындығы ауылдан қашық емес болушы еді. Қазір жасыратыны жоқ, жақын маңдағы шабындық жерлер қоқыс алаңына айналған. Уақ мал жайылатын жер қалмаған. Өйткені, егіншіліктің барлығы ауылға жақындатылған. Егін пісетін кезеңде малмен арпалысады. Ол малдар неге қамалмайды дегенге келсек, ол «пәленше байдың» немесе «түгенше бастықтың» малы болып шығады. Егінді ту-талапай етсе де, қамауға ешкімнің дәті бармайды-мыс. Таңғалатын нәрсе, мұның барлығы да қолдан жасалып тұр ғой. Үлкен егінді ауылдан алыстату керек те, әрбір ауылдың әкімі көрші ауылдың шекарасын белгілеу секілді талдау жұмыстарын жүргізуі тиіс. Бұл ашық айтылатын мәселе. Қазір ауыл әкімдері көше тазалау сияқты қоғамдық жұмыстардан аспайтын болған. Тіпті, әлеуметтік әлсіз топтардың тізімдері де толыққанды алынбайтын секілді. Өйткені, ауыл әкімдерімен сөйлесе қалсаң, «жалқау» деп халықты жамандайды. – Халықтың қаржылық сауат­тылығы жөніндегі көзқарасыңыз? – Шынын айтқанда, ел ішіндегі қаржылық сауаттылық төмен деп айтуға болады. Мұның барлығы ауыл болсын, қала болсын жұрттың несие алуға құмарлығына келіп тірелетіндігі. Несие алу деген сөз өзіңді-өзің басыбайлылыққа салып қою, кіріптар ету. Ең соңғы қажетті жағдайда ғана алынуы керек. Мүмкіндігі болса, алынбағаны дұрыс. Нәтижесінде бір қызығы, сауатсыздығымыздың тағы бір көрінісі, несие алған жан банкпен жасалған келісім-шартпен таныспайды да. Онда өзіндік бір құйтырқылықтар болады. Төмен пайыз дейді де, жылма-жыл өсетіндігі туралы бір тұстар кездеседі. Жанталасып отырған адамды ол жағы қызықтырмайды. Оны оқитын қауқары да, шамасы да жоқ. Егер уақытында жөндеп жіберетіндей мүмкіндігін ескерсе, жеңілдікке тап болар ма еді, дейсің. Өкінішке орай, ұлттық менталитетіміз, немқұрайлығымыз басым түседі. 12 пайыз дегенмен, айналып келгенде 20 пайызға дейін үстеме төлейді. Оған да қарайтын жағдайы жоқ. Тек алса болды. Осыны банк секілді қаржылық мекемелер жақсы пайдаланады. – Тұтынушы ретінде кәсіп­керлікті дамытуға байланысты қандай ұсыныс айтар едіңіз? – Отандық тауар өндіру­ші­лерді қорғау керек деп ойлаймын. Аудандық, өлкелік патриотизм болу қажет. Жергілікті тауар өндірушілерге барынша қолдау көрсетілгені жөн. Оның бір ғана жолы өнімнің сапасын жоғарылату және бағасын төмендету. Бағасын түсіру үшін кәсіпкерлерге тағы да зор қамқорлық жасалуы керек. Жеңілдік берілсе, өнім бағасын түсіруге мүмкіндік артады, әйтпесе бағаны қалай түсіреді? Заттың құнын өтеуге байланысты біраз жұмыстар жүргізіліп, дәл анықталуы тиіс. Жергілікті тауарлардың сапалық құнын жақсарту – әрбір тұтынушының қалауы. Тұтынушы ретінде айтуға болар еді, басқаны былай қойғанда, дәст орамал, носки, ішкиімдерді өзімізде шығаруға болады ғой. Егер бір күн Қытай тауарларын пайдаланудан бас тартсаң үйің, тіршілігің қараң қалайын деп тұр. Өйткені, носкиге дейін Қытайға тәуелді болып отырмыз. Міне, «Мерседес», «Опель» көліктері Германияның идеологиялық өнімі. Сол секілді біздің өнім де елдің идеологиялық өнімі болмаса болмайды. Қысқасы, барлығы да аса біліктілікпен, кәсіби өте жоғары деңгейде жасалуы керек. – Кәсіпкерлікті дамытуға арналған қандай мемлекеттік бағдар­ламалардың тиімділігін атап айтар едіңіз? – Кәсіпкерлікті дамытуға, қорғауға арналған бағдарламалар өте көп-ақ. Бірақ жүзеге асыруға келгенде сұрақтар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап кетеді. Кәсіпкерлермен сөйлесе қалсаң әңгіме бөлек. Осы арасы түсініксіздеу. Билікті де бас-көзіне қарамай, жамандай беруге болмайды. Обалы не керек, көптеген оңды істер бар. Жалпы, адами факторларға да көп нәрсе байланысты. Қаржы алатын, жұмыс істейтін болсаң, оның «шапкісін» беру керек, «откад» дей ме-ау, неше түрлі әңгімелер айтылады. Жатқан құпия. Бақылаушы органдар тауар өнді­рушілерге жаны ашып, дұрыс көзқарас қалыптастыру қажет. Заңдық базаны нығайтуға аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Дегенмен, адами фак­тор­ға көп нәрсе байланысты болып отыр. Біріншіден, заңды айналып өткісі келетіндер қатары сиремей отыр. Керісінше, заңды сақтаймын деп ұмтылу керек. Заңды айналып өткеннен кейін «біреуге бірдеңе беру» керектігі айдан-анық. Кәсіпкерлердің өздерінен де бар. Олар басқаны, билік басқаша айтады. Қысқасы, бұл жерде екіжақты түсіністік, жақындық керек. Кәсіпкерлерге олжаға қарағандай болмау қажет. Бақылаушы органдар бизнесменге «Әй мынау қай жерден ұрлап тұр» дегендей ұрыға қарағандай телміреді. Оның көксейтіні, бизнесменді қайтсем тұншықтырамын, міндетті түрде ұстауым керек - деп тұратындай. Жалпы, тексерушінің кәсіпкерге деген көзқарасын адамиландыру керек. Жыртқыштық пиғылын жойып, кәсіпкерлерде де, бақылаушы органдарда да таза адамгершілікке саятын қозғалыс, ынта болғаны абзал. Шиеленістерден азайтып, құжаттардың барлығын қарапайымдандыру керек. Сонда ғана кәсіпкерлікті қолайлы жүзеге асыру мүмкіндігі артады. Сосын айта беретін жариялылық. Бұқаралық ақпарат құралдарында кәсіпкерлердің тәжірибесі жиі айтылу керек. Кедергілер, басқалары шынайы, ашық көрініс тапқаны жөн. – Кәсіпкер қандай болу керек? – Маңыздысы осы. Ол ғылымда да, қазақтың ауыз әдебиетінде де дәлелденген дүние. «Жаңадан байығаннан ақша сұрама» дейді қазақ. Ғылымда да осыған сәйкес келетін терминологиясы бар. Кешегі кедей адам бай адамның мәдениетін бірден игеріп алуы өте қиын. Ауқатты адам өзіне ақша біткеннен кейін сыннан өтуі қиын болады. Сол сыннан көпшілігі өте алмай жатады. Ол құранда да жазылған. «Бермесем ренжисіңдер, берсем көкіректік пайда болады». Жалпы, байлық деген сын ғой. Сондықтан көптеген кәсіпкерлердің мәдени деңгейі сәйкес келмейді. Кейбір бизнесмендер бар. Түріне қарасаң «бизнесмен» деп ойламайсың. Өкінішке орай ондайлар сирек болып тұр. Сондықтан Сорос, Рокфеллер, Форт, өзіміздің Б.Әбілов, Н.Сабильянов деңгейіндегі ірі бизнесмендердің мәдениеті керек. Бүгінгі кәсіпкер бейнесі әзіл-сықақтың кейіпкеріне айналып жүргені бекер емес. Мен сондай әбден тойынып кеткен, екі жағынан екі адам қолтықтап алып келе жатқан байшыкешті өз көзіммен елуге келгенде бірінші рет көрдім. Біздің кейбір мықты жігіттерді сөйтіп сүйрелеп жүргені құдды фильмдегідей. Қорыта айтқанда, кәсіпкер­лерде мәдениет, патриотизм, азаматтық жетіспейтіні анық. Бірақ бәрін бірдей кінәлауға болмайды. Сосын кәсіпкерлер арасында «ірі бизнеске барудың қажеті жоқ» деген бір түсінік бар. «Үлкен бизнес-толық қылмыс» Олигарх болсаң, не өміріңді арнайсың, не үнемі сақ жүруің керек-деген қалыптасқан түсінікті өзгерте алмайсың. Шетелде бәрін шешіп қойған ғой. Ал бізде және шешілмеген. Бұл да үлкен бір мәселе. – Кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін әлсіз тұсы қандай? – Негізі капитализм таза европалық құбылыс. Бізге енді келіп жатыр ғой. Кәсіпкерлік алғаш Еуропада басталған кезде ағылшын, француз мемлекеттері, королдері өздерінің капиталистеріне үнемі қолдау беріп отырған. Өйткені, басқа да елдердің капиталистері бар ғой. Сондықтан, салық көлемін бірінші азайту керек. Бизнесменнен бірдеңе талап ету үшін оған жеңілдік беріп отыру міндетті. Әлеуметтік жүкті алып жүру үшін, соған жағдай жаса. Мемлекеттік ынталандыру үнемі болып отыру қажет. Кедергілердің бәрін алып тастау, тағы да жариялылық, жариялылық. Халықтың санасына сіңген «үлкен бизнес-үлкен қылмыс» деген психологияны өзгертуге, барынша азайтуға күш салу керек. - Кәсіпкерлердің белсенділігін арттыру үшін қандай іс-шаралар қажет? - Кәсіпкерлікпен айналысу кез-келген адамның қолынан келмейді. Олардың ішінде неше түрлі адамдарды кездестіруге болады. Кездейсоқ жүргендер өте көп. Олар тез байып алып, тастап кеткісі келеді. Бұл өте қате нәрсе. Пиғылы теріс адамдар да болады. Қолынан іс келетін, шын мәнінде осы саланы дамытуды көздейтін де жандар бар. Сондықтан құзырлы органдар, аналитикалық орталықтар үлкен талдау жұмыстарын жүргізу керек. Мына кәсіпкердің бағыты дұрыс, менталитеті, қабілеті келеді - деп, пиғылы бөтен адамдарды жылдам тойтарып, оларға қамқорлықты тоқтату керек. Аз да, жәй де болса жылжып келе жатқан кадрлық саясат кәсіпкерлік саласында да жүруі тиіс. Өкінішке орай кәсіпкерлердің түрлеріне қарап адам қорқатындай жағдайға келіп отырмыз. Кәсіпкерлердің образын жаңарту, жағымды ету керек. Бейнесін адамиландыру қажет. Имиджін жасау керек. Оларға өзінің бойындағы күш-қуатын жүзеге асырушы адам ретінде қараған дұрыс. Салық төлеу тиімді болса, ынталандыру болса кәсіпкер әлеуметтік салаға өзінен-өзі қаражат бөле бастайды. Дүниежүзілік тәжірибеде сондай. – Әңгімеңізге рахмет!                                                                                                                                                                                                         Сұхбаттасқан Раушан Сәду,                                                                                                                                                                                                                өз тілшіміз,                                                                                                                                                                                                         Қызылорда облысы