Қырғыз билігі Қазақстанға неге қызығады?

08YFn2z1Жуырда ғана Астанада «Қазақстан Республикасы тұңғыш пре­зидентi – ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың парламентаризмдi дамытудағы рөлi» атты халық­аралық конференция өткенiнен жұртшылық құлағдар болуы тиiс. Айғайлап тұрған тақырыбына қарап-ақ онда не айтылғанын аңғару қиын емес шығар. Дегенмен бiз Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешiнiң халықаралық iстер Комитетiнiң төрағасы Қаныбек Иманәлиевтiң бiрер сөзiне назар аудар­ғанды жөн көрдiк.
Сонымен қырғыз депутаты не дедi? Бұл туралы ресми БАҚ жарыса жазып жатыр. Қысқа тұжырсақ, Қазақстан санаулы уақыт iшiнде халық депутаттарының кеңесi жүйесiнен кәсiби қос палаталы парламентке көшкен. Сондықтан парламентаризм дамуының қазақстандық үлгiсiн рационалданған парламентаризм деп тануға әбден болады екен. Парламентаризм жолында көптеген елдер ұлтаралық, дiнаралық қақтығыстарға тап болған, оны айтасыз, президент пен Парламент арасында келiспеушi­лiктер туындаған. Ал Қазақстан мұндай қиындықтан мүлде ада. Осының бәрiн жiпке тiзiп шыққан Қаныбек Иманәлиев Қырғыздың әр айылында Нұрсұлтан есiмдi бiр бала шапқылап жүргенiн және бұл жағдай қазақ халқы мен оның басшысына көрсетiлген үлкен құрмет екенiн айтуды да ұмытпапты.
Жалпы, қырғыз депутатының сөзiнен мiн табу қиын. Алатаудың ар жағындағы айыр қалпақты жас нұрсұлтандар туралы сөз қозғап, президенттiң астына тастаған көпшiгi де жұп-жұмсақ. Әрi әсерлi. Тiптi Қазақстандағы парламентаризм жөнiндегi пiкiрiн де шылғи өтiрiк деудiң жөнi жоқ.
Ендеше, кейбiр Қырғыз депутаттары мен Қырғыз билiгi Қазақстанға немесе елiмiздегi қос палаталы парламентке неге қызығады деген сауалдың тууы заңды се­кiлдi. Бiрақ бұған жауап iздеу үшiн алдымен көршi елдiң жау шапқандай жиi-жиi дүрлiге беру себебiне үңiлу қажет.
Жерге жарытпағанымен, Жа­рат­қанның қырғыз жұртына арнап жасырған көмбесi бар. Бұл – Бiш­кек­тен 350 шақырым жердегi Құмтөр кенiшi.
Алтын қоры бойынша бұл кенiш әлемде үшiншi орын алады. Кеңестiк кезеңде геологиялық барлау жүргiзiлiп, Құмтөрде алтыннан да өзге пайдалы қазбалар бар екенi әйгiленген. Ал Қырғыз елi тәуелсiздiкке қол жеткiзген тоқсаныншы жылдардан кейiн Канаданың «Камека» компаниясымен бiрiгiп, кен игеру iсi басталып кеттi. Алғашқы келiсiм бо­йынша, түсiмнiң 33 пайызы инвесторға, 67 пайызы Қырғызстанға тиесiлi болған. Алайда 2003 жылы Қырғызстан үкiметi мен «Камека» компаниясы арасындағы келiсiм қайта қаралды. Сөйтiп «Центорра» деген жаңа кәсiпорын құрылып, келiсiмшарттар қайта түзiлдi. Соның нәтижесiнде ендi салымшылардың үлесi 67 пайызға, мемлекеттiң үлесi керiсiнше 33 пайызға өзгердi.
 Қазiр Құмтөрден басталып, бүкiл қырғыз елiн шарпып жатқан дүбiрге мiне, осы мәселе себепкер. Әу баста 700 тонна алтын қоры бар деп барланған кенiште қазiр қалғаны – 500 тонна алтын. Ал оны қырғыз жұрты шетелдiк­тер­дiң қолына тегiн ұстатып жiбергiсi жоқ. Бiрақ билiк тарапы халық талабын қолдай қоймады. Сөйтiп, жолдар бөгелдi, көлiктер өртке оранды. Тiптi кенiштiң электр қуаты сөндiрiлiп, губернатор кепiлдiкке алынды. Осының бәрi алтын кен орнын Қырғызстан иелiгiне қайтару мақсатымен жасалды.
Бiр қызығы, мұндай талап алдымен халық қалаулыларының аузынан шыққан болатын. Парламент депутатарының бiр тобы «Центорраны» ұлттық кәсiпорын дең­гейiне көтерудi сұрады. Бұл да орындалған жоқ. Өз пiкiрiнен айнымайтын депуттатар қырғыз парламентiнде әлi де бар. Мәселен жуырда ғана Жогарку Кенеш депутаты Ахматбек Келдiбеков журналистерге былай дедi: «16 жыл бойы жiберiп келген қателiк­терiмiздi ендi қайталамауымыз керек. Қалған алтынның басым үлесiн алтын күйiнде, халқымыздың байлығы ретiнде мемлекет иеленуi тиiс. Егер қалғаны 250 тонна болса, кемiнде 250 тонна алуымыз керек. Ал олардың 13 жылда 2,7 млрд доллар аласыңдар, оның 1,2 миллиарды дивидент түрiнде болады дегенi барып тұрған утопия. Сондықтан ұсы­ныс­тарды қолдамаймыз».
Мiне, қырғыз депутаттары осылай сөйлейдi. Кейбiр мәлi­мет­тер бойынша, Қырғыз үкiметi қазiр депутаттарды 50х50 үлесiне де келiстiре алмай жатса керек.
Әрине, қырғыз елiндегi жас нұрсұлтандарша көлiк өртеп, жолды жабуды жөн дей алмаймыз. Бiрақ халықтың қалауы мен депутаттардың талабы ұштасып жат­қаны – билiк өкiлдерiн елдiң ер­теңi үшiн жұмыс iстеуге мәжбүр­лейдi. Бұл мемлекеттiң болашағы үшiн керек.
Ал Қазақстанда ше? Қазақстанда да алтын өндiрiледi. Бiр емес, бiрнеше жерде. Бiрақ одан жылына неше тонна өндiрiлiп, қаншасы мемлекет қазынасына құйылып жатқанынан халық бейхабар. Жалғыз алтын ғана емес, мұнай мен газ кен орындарындағы мемлекеттiң үлесi туралы да нақты мәлiмет жоқ. Ал халықтың онда шаруасы шамалы, депутаттар үнсiз. Қос парламент, «қосақталған күйi» бiр адамның аузына қарайды.
Ендеше мұндай момын халыққа, «аузын буған» парламентаризмге өзге елдiң билiгi неге қызықпауы керек? Әлде Ахматбек ешнәрсеге қауқары жоқ қазақ парламентiн және сондай парламентаризiмдi дамытқан қазақ президентiн мақтаған болып, мазақ еткенi ме? Оның Қазақстанда Президент пен парламент арасында   келiспеушiлiк туындамады дегенi қисынсыз. Жоғарғы Кеңес пен парламенттi кезiнде Н.Назарбаев не үшiн таратты? Келiспеушiлiктен. Демек, А.Иманәлиевтiң мадақ сөзiне құлай сенiп, құдай атып жүрмесiн!
Құдайберген Баян