Тендер cоңында тентірегендерді тәубесіне келтіре ме енді?

tenge..Кеше Мәжіліс марқұм Орал Мұхамеджановтың депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтат­ты. Орталық сайлау комис­сия­сының қаулысымен «нұр­отан­дық» тізім бойынша Әсим­а Бимендина депутаттар қатарына қосылды. Айта кетерлігі, бүгіннен бастап мәжілісмендер аймаққа аттанып, сайлаушылармен жақынырақ жүздесуге сапар шегеді. Маңызды аттаныс алдындағы жалпы отырыста қалаулылар бірқатар құжатты мақұлдаған болатын. Соның ішінде мемлекеттік сатып алуларға қатысты заң жобасы тартысқа толы болды. Президент Үкіметті оңдырмай сынайтын қазан айындағы отырыста дәл осы мемлекеттік сатып алу мәселелері, яғни жалпақ тілмен айтқанда «тендер» төңірегіндегі түйткілдер қатты айтылып еді. Атқарушы билікке қадау-қадау тап­сырмалар жүктеліп, тендерге қатысты былықтарды түзеу ше­гелеп тапсырылған болатын. Сөйтіп, Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алулар мәселелеріне арналған заң жо­ба­сына қызу кірісіп, кейіннен Мәжілісте оның тұсауын да кескен-ді. Осы аралықта бас қаржыгер «рөлінде» жүрген Болат Жәмішев портфель ауыстырып, Өңірлік даму министр­лігінің басшылығына кетті. Орнына Президент Әкімшілігінен Бақыт Сұлтанов министр болып отырған еді. Сөйтіп, Мәжіліске маңызды заң жобасын мақұлдату үшін вице-пре­мьер лауазымын қоса атқаратын Бақыт Тұр­лы­хан­ұлы келген екен. Ендеше, заң жобасының жаңалықтарына да құлақ түр­сек. Ұлттық режим ендіргеннен отандық өндірушілер опық жемей ме? Тендердегі теріс құбылысты ауыздықтайды дейтін заң жобасының мақсаты мемлекеттің қатысуы бар заңды тұл­ға­лардан тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қыз­мет­терді сатып алу кезінде олардың жасырын монополиясын болғызбау, тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызмет­тер­ге бағалардың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру болып та­былады. Бұдан бөлек, «бармақ басты, көз қысты» құ­бы­лысын азайту, өтінім берушіні біліктілік тұрғыдан іріктеуге бақылауды күшейту шаралары қамтылады. Бұл ретте бюд­жет­тік бағдарламалар және тауарлар, жұмыстар мен көр­сетілетін қызметтер бойынша конкурс тәсілімен мемлекеттік са­тып алуды ұйымдастыру мен өткізу үшін бірыңғай ұйым­дас­тырушыны құру ұсынылады. Яғни заң қабылданса Үкі­метте, облыс, республикалық маңызы бар қала мен Астана әкім­діктерінің жанынан мемлекеттік сатып алу мәселесімен ай­налысатын бірыңғай ұйымдастырушы орган жұмыс жа­сайтын болады. Заң жобасындағы жаңалықтың жә­не бір парасы Қазақстан, Ресей мен Беларусь ара­сындағы Бірыңғай экономикалық ке­ңіс­тіктің құқықтық базасын қалыптастыру шеңберінде жасалған Мемлекеттік (муни­ци­палдық) сатып алу туралы келісімге байланысты болмақ. Осыған орай, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық ре­жим­ді енгізу көзделеді. «Ұлттық режим 2014 жылдың 1 қаң­та­рынан енгізіледі. Ұлттық режимде мем­лекеттік сатып алуларға отандық өн­ді­ру­­шілермен қатар шетелдік өндіру­ші­лердің қатысуы қарастырылады. Алайда ұлттық режимді енгізу аясында Үкіметтің құзыреті айқын­далады. Мәселен, Үкімет мемле­кет­тік сатып алу үдерісіне тыйым салуды бел­гі­лей алады. Яғни екі жыл­дан аспайтын мезгілде елімізде шы­ға­рылатын белгілі бір та­уар мен оның жет­кізушісі айқындалады. Екін­шіден, Үкімет мем­лекеттік сатып алу үде­рісіндегі шектеулерді белгілей алады. Мұндай са­тып алуларға, Үкімет бекіткен тізбеге сәй­кес, Кеден одағы елдерінің өнім берушілері ғана қатыса алады. Сосын Үкі­ме­т мем­ле­кеттік сатып алуларға шарт­тар­ды да белгілейді, мұнда да жеңілдіктер Кеден ода­ғының өнім берушілеріне ғана ұсы­нылады», – дейді вице-премьер – қар­жы министрі Бақыт Сұлтанов. Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алулар бары­сында бағамен айқындаудан сапа­сына қарауға қарай көшу көзделеді. Яғни ендігәрі тендерлерде бағаға емес, сапаға басымдық беріледі. Бұл ретте техникалық ерекшелікті бағалау кезінде өнім өндіруші­лер­дің ең жақсы ұсыныстарын іріктеу ұсы­нылады. Сарапшылар осы норма арқылы сапасыз тауарларды және қызметтерді сатып алудың жолын кесеміз деп отыр. Айтқандай, Елбасы тендердегі бюро­крат­тық кедергілерді, ресми тосқа­уыл­дарды сылып тастау мәселесін де көтерген болатын. Қаржы министрі осыны да оңтайлы ойластыруға бек сенімді. «Енді­гә­рі конкурстық құжаттамаларды түзетуге не­месе оған жетіспейтін құжаттарды қо­сым­ша әкелуге құқық беретін боламыз. Соның арқасында бізде көп орын алатын «конкурстар өтпеді» деген сылтаулар азая­тын болады. Сосын тауарлардың, жұ­мыс­тар мен көрсетілетін қызметтердің ба­ға­лары, анықтамалығы, түсініктері ен­гі­зі­леді. Сол бағалар бюджеттен сатып алуларға бағдар ретінде қолданылады», – дейді Бақыт Тұр­лы­ханұлы. Тағы бір жаңалық: елі­міздегі мүге­дектер қоғамдық бірлестік­те­рін ұйым­дарға, түзеу ме­кемелерінің мем­лекеттік кәсіпорындарына, шағын кәсіп­керлік субъектілеріне мемле­кеттік сатып алуларда жеңілдік жасалып, артық­шы­лықтар беріледі. Жалпы, заң жобасы бәсекелестікті қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлықты төмендетуге, са­тып алулар­дың тиімділігін арттыруға ба­ғыт­талады. Сапасы бағасына сай болса игі Сөйтіп, бұған дейін бағаға бағ­дар­ланған тендер ендігіде сапаға бет бұрады. Сөй­тіп, тиынды төмен қойып тендерге қа­тысатын тәжірибесі жоқ кәсіпорындардың жо­лын кесу үшін Бақыт Сұлтанов ко­ман­дасы осы тәсілді қолдануды оңтайлы деп санаған. Алайда сапаға сүйеніп тендер өткізудің де екі жағы бар екені белгілі болды. «Біздің бұған дейінгі заңдары­мыз­дың бәрінде де сапаға назар аударылған бо­латын. Алайда оны айналып өтудің жол­дары шапшаң табылып тұрды. Бірақ біз дәл мына заң жобасында нақты жазбасақ, онда баға мәселесі қайтадан алға шығып кете береді. Қалай болғанда да, біз «баға да дұрыс болуы керек, сапа да жоғары болуы шарт» деп жазғанымыз абзал. Өйт­ке­ні сапалы зат арзан болмайды», – дейді де­путат Зағипа Балиева. Бір сөзбен айт­қанда, мұны қазақ «арзанның суы таты­май­­ды» дейді емес пе? Әйтпесе өстіп ар­зан бағаны бетке ұстаған бюджеттік бағ­­дарламалар түпкі нәтижеден жұрдай болып жатқан жоқ па? Депутаттар балалар тағамына, мектеп оқушыларының тағамына қатысты бағаға басымдық беруді мүлдем доғару қа­жет­тігін көтереді. Айталық, қазіргі жағ­дай бо­йын­­ша мектеп тағамына қатысты тендерге бір­дей қатысқандар арасында тіпті ақылға қо­нымсыз төмен баға қойып, со­нымен ұту­шылар қаптап кеткен. Нәти­жесінде оқу­шы тағамының сапасы, оның құрамы мен құнары мүлдем құлдырады. Сөйтіп, мектеп жасындағы оқушылардың тағамын, оның құнарын әлем елдері бірін­ші орынға қо­йып отырғанда, қазақстандық баға сая­са­ты сапа туралы ауыз аштырмай тас­та­ған. Бұл да – заңның солқылдақтығы. Де­ген­мен депутаттар мемлекеттік сатып алу­лардағы осындай нәзік мәселені атүсті қа­ра­маймыз деп отыр. Құжат бірінші оқы­лымда мақұлданғанымен, алдағы екінші оқылымға дейін білек сыбанатындар да бар болып шықты. Ең бастысы, палата төрағасы Нұрлан Нығматулин Үкіметке «тәк-тәк» айтты. «Үкімет бізді асықтырамын деп дәметпей-ақ қойсын. Сапалы жұмыс істейміз. Әйтпесе бұл заң жобасын тек Үкі­мет қана тосып отырған жоқ, тауар өн­ді­рушілер де, қызмет көрсететін ком­па­ния­лар да осы құжатты күтіп отыр. Ендеше, біз де солқылдай бермейтін, сапалы құжат ұсынайық», – деп түйіндеді жиынды спи­кер Нұрлан Зайроллаұлы. Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері: – Министр мырза «біз міндетті түрде қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алу туралы норманы енгіземіз» дейді. Өте жақсы норма, бірнеше рет осыған бардық та. Үкімет қазақстандық тауар өнді­ру­шілерге басымдық беретін бағдарламаны да жасады. Алайда бүгінгі нәтиже нешік? Бір ғана мысал айтайын: барлық мем­ле­кет­тік органдар, соның ішінде Парламенттің шар­уашылық басқармасы Қазақстанда шы­ғарылған автокөліктерді сатып ала бас­тады. Алайда солай бола бастап еді, Өс­ке­мен­нен шығатын осы автокөліктің бағасы өзі­нен-өзі күрт 4 млн теңгеге өсіп кетті. Сөй­тіп, біздің отандық көлік аяқастынан баға жағынан бірден бәсекеге қабілетсіз бо­лып шыға келді. Өйткені дәл осы клас­тағы Ресейде шығатын көлік бағасы 20 мың долларға төмен. Енді не істейміз? Осы жа­ғын ойланайық! Бұл – бір ғана мәселе.  Нұртай САБИЛЬЯНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: – Тендерді ұйымдастыратын басшы­­ның жауапкершілігін біз ең алдымен қа­рас­тыруға тиіспіз. Сосын сол жұмысты орын­даған мердігерлердің жұмысын қабыл­дай­тын тұлғалар да жауапкершіліктің ны­­санында ұсталуы шарт. Өйткені сыбай­лас жемқорлықтың көпшілігі орын­дал­ма­ған жұмыстарға қатысты акт жасаумен бай­­ланысты екені де жасырын емес. Сон­дық­­тан да тендерді өткізуші де, қабыл­дау­шы­сы да жауапкершілікте болғаны дұрыс.

 Қанат ҚАЗЫ

"Алаш айнасы"