Егер Абай мына заманда өмір сүрсе, «Болыс болдым, мінекейін» осылай жазар ма еді?.. Неге десеңіз, бүгінде жастар шоу-бизнес өкілдерін құрметтеп, ал «қазағым» деп жүрген ақыны мен қаламгерін көшеде көрсе, қағып кете беретін болған. Кім кінәлі? Қысқасы, қазақ қазір кімді үлгі тұтса, ұшпаққа шығады?
Әншіге
дейтін жақ: «жарқырап жүрген өнер адамына еліктемегенде, тасада жатып, бір-біріне тас лақтыруды ғана білетін қорқақ, жалтақ әрі еріншек, өзі емес қоғамда көлеңкесі ғана жүрген зиялы қауымға қарап бой түзеуіміз керек пе? Әлде жел соқса, соған қарсы өршелене ұмтылу былай тұрсын, керісінше, соның ығына ауып, бүгін бұлай, ертең олай сөйлеп, публикаға ойнайтын саясаткерлерге еліктесін бе?» Мен әншілердің несін сыйлаймын? Білем, сахнада жүргеннің бәрі әнші, бәрі керемет емес шығар. Бірақ олардың құрметке лайық бір тұсы – олар өздерінің халық алдындағы беделін өздері таза, адал еңбегімен көтерді. Тойға шықты, концерт берді, ақша тапты т.б. әйтеуір ешкімге алақан жаймады. Түрлі марапаттау кештерін де өз күштерімен ұйымдастырып жатады. Үлгі ме, үлгі емес пе»? – деп түйеді.
Ал енді ақын-жазушыға
дейтін жақ былай дейді: Қоғамға үлгі болу дегенді қай мағынада түсінсек болады: тойларға баруы ма, шоулардан қалмауы ма әлде телеарнадан түспеуі ме? Сонысымен шоу-бизнес өкілдері халықты тәрбиелеп отыр ма? «Халыққа алақан жаймайды» дейді, жайғанда да солар жайсын. Қалай? Тойды жасап жатқан кім? Халық! «Халқым үшін» деп сол әнші тегін бір ән салып, асаба тегін той басқарып жатыр ма? Олардың аузын «а» деп ашқаны мен сынық қадам басқаны – ақша. Қос-қостан көлік мініп, үй салып жатса, кімнің ақшасына? Той арқылы әншіні халық асырап жатқанын бір деп қойыңыз, одан қалса, телеарна, газет-журнал, интернет 365 күн кімді жарнамалап жатыр? Әрине, шоу-бизнес өкілдерін. Оларда ақша болмай, кімде болады? Олардың мемлекеттік кештерге жоғары қаламақы алып, бір ән айтып, сіз бен біздің бір айлық (ең кемі) жалақымызды қақшып алуы қаншалықты әділетті?
Жә, жақ-жақтың жайын былай қойып, жалпы, бүгінгі жас, бүгінгі ұрпақ кімге қарап бой түзейді, кімді Темірқазық қылып бетке ұстайды? «Қазіргі қоғамды алға сүйрейді-ау осы» деп кімге сеніп, кімге үміт артады? Кімді өз ісінің білгірі деп біледі? Осы сауалдарға жауап іздеп көрсек:
Мақсат ЖАҚАУ, «АҚ ЖОЛ» ХДП төрағасының кеңесшісі:
– Академик Асқар Жұмаділдаевты, композитор Ибрагим Исаны, ғалым Мәмбет Қойгелдіні, этно-дизайнер Аманжол Найманбайды, актер Асанәлі Әшімовті, суретші-коллекционер Қазығұловты, әкім Қырымбек Көшербаев пен Бердібек Сапарбаевты, саяси топ-менеджер Азат Перуашевті, мемлекеттік қызметкер Әлихан Байменовті, әнші Ескендір Хасанғалиевті, жастар жетекшісі Дәурен Бабамұратовты айтуға болады. Бұл кісілер – өз саласының майталмандары. Бұл азаматтардың қай-қайсысы болсын, өздерінің ахуалы мен мүмкіндіктерін қоғамның әртүрлі салаларында айтқан сөздері мен істеріне азаматтық жауапкершіліктерімен қарайтын бірбеткей кәсіп иелері. Бір ғана Асқар Жұмаділдаевтың «бұл менің пікірім, ал енді пікірім сұлу қыздай бәріне ұнай беру міндетті емес қой?!» деуі, қоғамның бір мүшесі болғандықтан, басқа салалардағы проблемаларға да ой-пікірін сауатты жеткізе алатындығын көруге болады. Бұл жөнінде этно-дизайнер, профессор Аманжол Найманбайдың «кез келген өнер иесі – әнші не болмаса мүсінші болсын, көрмеге не театрға, митингіге барғанда өз көзқарасын сауатты түрде талдай білуі керек, өнерде де, қоғамда да халықтың алдында жүрген соң ақылымен баурайтындай сөйлей білуі тиіс» деген.
Қысқасын айтқанда, көк жәшікте көп көрінуге болады, бірақ өз орныңды анықтайтындай ой мен істі көрсетпесеңіз, басқасы – бос әуре, тек жалған пиар ғана. Өз басым үлгі тұтатын адамдар ширек уақыттан бері өз күшімен, еңбегімен абыройлы болғандар, керек десеңіз, бұл менің әке-шешем. Мен солардың үлгісімен өсіп-жетіліп келемін. Бастысы, біз үлгі болатындарды көре білуіміз керек. Көре білмесек, өзіміз де ешкімге үлгі бола алмайтын ғұмыр кешеміз.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ, журналист:
– Жырынан көктегі күннің мейірімі төгіліп, төстегі гүлдің жұпары аңқыған Ерлан Жүністің өлеңін оқып қана өтпеймін, сезінемін, сеземін. Жүрегінің дүрсілін естимін. Қалқаман Сарин мен Алмас Темірбайдың бір тал шумағының өзіне шыр айналып, көбелек кірпігіңді қаққылап жауқазын жырына қона кеткің келіп тұрады. Санамның саңылауынан мұң сығалай қалса, Бейбіт Сарыбай аман болсын деймін. Ал ән әлемінде Роза Әлқожаның мөп-мөлдір, тұп-тұнық әуендерінен ләззат аламын. Адамның жүрегіне тек дарыныңды ғана емес, жаныңды төсеп жол табуға болатынының айғағы осы шығар. Мен осы жастармен қатар ғұмыр кешіп жатқаныма қуанамын. Ал қара халықтың қамы мен қазағымның жаны үшін жанын салған барша азаматтарды пір тұтамын!
Асаубек АЙЫМБЕТОВ, тележүргізуші:
– Поэзия әлемінде Мұқағалидің өлеңдерімен бірге мұңайып, бірге қуанамын. Әрбір туындысы жаныңның сарайын ашып санаңды серпілтеді. Кейде ойлаймын, Бауыржан Момышұлындай қаһарман қазағымның көзі әлі тірі болса, Ресей мен Қытай қулыққа салмас еді. Әрбір сөзінен оттай ыстық леп, болаттай батырлық сезіледі. Ел қамын ойлайтын барлық азаматтар (көбісі журналист) менің ардақтыларым! Тапқан табысы емес, жазғаны талай жанның жанына демеу болған журналистер пір болуға тұрарлық!
Автор: Мәриям ӘБСАТТАР
"Алаш айнасы"