Билік шиеттей бала-шағаның көз жасына да қарамады…

0
1138

Астанадағы Назарбаев университетi мен Назар­баев интеллектуалдық мектебiнiң арасындағы құрылыс алаңындағы үйдiң тұрғындары Сандуғаш Серiкбаева мен Ұйым Жолдасбаеваның кран басына шығып, наразылық танытып отырғандарына 3 күн толды.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекшi, бұл жолғы наразылық шарасы да жер дауынан шықты. Екi отбасының жал­ғыз баспанасы болып отырған үйдiң жер телiмi “мемлекеттiң қажетiне керек” деп танылып, сот шешiмi шыққан. Мемлекет жер телiмiн бар-жоғы 32 мың долларға бағалапты.
Ал құрылыс алаңында тұрған жалғыз үйде екi бiрдей көпбалалы отбасы өмiр сүредi. 13 жанның жалғыз панасы болып тұрған бұл баспананың қабырғасына “Назарбаевтың атын жамылып, халықты тонап жатырсыңдар” деген сөз­дiң де жазылғанына, екi келiн­шек­тiң шамамен 30 метрлiк биiк кранға шығып мемлекеттiң көк туын iлгенiне және шиеттей қара домалақтардың күннiң суығына қарамай президенттiң суретiн ұстап, аналарын жерде күтiп шырылдағанына 3 тәулiк болды. Бi­рақ құзырлы орындардан татымды жауап әлi жоқ.
Үлкенi мектеп жасында, кiшiсi ендi ғана үшке толған балалар қалпақты ағаларына жалынып, жалбарынып тұр. Олар “Үйiмiздi бұзбасыншы, апам төменге түс­сiншi” деп егiледi. Бiрақ тастай суық, қабағын түйiп алған қалпақтылардың көңiлiн бесiктен белi шықпай, тiршiлiктiң қиыншылығын көрген балалардың көз жасы жiбiте алмады.
Кеше түс ауа кранның басында 3 күннен берi дәм татпай отырған қос келiншекке хабарластық. Алайда тiлдесудiң ретi келмедi, телефондары сөндiрулi тұрды. Туыстарының айтуынша, телефон қуаты таусылып қалған. Ал басқа телефонды берейiн десе, кранды қарауылдап тұрған құқық қорғаушылар рұқсат етпеген.
Сандуғаш Серiкбаева­ның бұл үйдi паналағанына 11 жылдың жүзi толған. Қыстың көзi қырауда, 11 қараша күнi сот орындаушылары бұл отбасынан үйдi босатуды талап еткен. Онсыз да отағасының 50 мың теңгелiк айлық жалақысына күнi қарап, әупi­рiмдеп күнелтiп жүрген отбасының барар жерi, басар тауы жоқ. Пәтер жалдауға қауқарлары жетпейдi. Жығылған­ға жұдырық, көпбалалы отбасына пәтер иелерi үйiн жалға бе­руi де неғайбыл. Ендi не iсте­мек керек? Шарасыздық, әдiлетсiздiк екi ке­лiншектi кранның басына шығып, наразылық танытуға мәжбүр еттi.
Дилара ИСА
«Жас Алаш»

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз