Емхана саламыз, дәрігерді қайдан аламыз?

1364398824_hirurhЕлбасы аймақтарда тұрғызылған медициналық нысандарды салып қана қоймай, жоғары дәрежелі мамандармен қамтамасыз ету жайын да қадап айтты. «Өңірлерде салынған медициналық нысандар мамандармен толық қамтылуы тиіс, ал олар жетіспейді. Егер кадр болмаса, онда ауруханалардың құрылысын тоқтату керек. Дәрігерсіз корпусты салудың қажеті қанша? Олар қатар жүргізілуі тиіс. Кадрларды дайындауды арттырып, кеңейту қажет» деді. Расында да, бүгінгі күні елімізде дәрігер мамандар жетіспейді. Мамандардың келтірген дерек көздеріне сүйенсек, еліміздің емдеу мекемелерінде 5000-нан астам дәрігер жетіспейтін көрінеді. Қазіргі таңда әсіресе стоматолог, хирург, маммолог, кардиолог, офтальмолог секілді мамандардың жетіспеушілігін айқын сезініп отырмыз.  Рас, еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарын жыл сайын мыңдаған түлек бітіріп шығуда. Маман тапшы­лығының орнын толтыру мақсатында арнайы мемлекеттік тапсырыспен ма­мандар дайындауға мемлекет тарапынан да жыл сайын гранттар бөлінуде. Әйтсе д, маман тапшылығы жойылар емес. Ресми статистикалық деректерге жүгінсек, бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде 65 мыңнан астам дәрігер жұмыс істейді екен. Әйтсе де 5000 маманның жетіспеушілігі қалған мамандардың жүктемесін арт­тырып, жұмыс барысында айтарлықтай қиындықтар тудырып отырған көрінеді. Осы орайда мамандар «кадр тапшы­лығының айтарлықтай зардабын тартып отырмыз, тіпті маман тапшылығы сал­дарынан ауруы асқынған науқастар саны көбеюде» дейді. Шалғай ауылдарда ең негізгі деген мамандардың өзі таптыра бермейді. Мәселен, жергілікті жерде лор маманының жетіспеушілігі салдарынан ауылдық жердегі тұрғындардың ауру­ларын асқындырып, есту қабілетінен толықтай айырылғанда ғана облыс орталықтарындағы мамандар алдына келетіні байқалған. Немесе анда-санда сыр беретін бүйректің қылтың-сылтыңына мән бермей, екі бүйрек толықтай істен шығып, диалезге таңылғанда ғана ел асып, жасанды бүйрек, нефролог маман іздей бастайды екен. Әдетте ауруды алғашқы кезеңдерінде емдеп шығу оңай екенін ескерсек, ауруы асқынған науқастардың өмір сүру мүмкіндігі де азая беретіні белгілі. Демек, дәрігер жетіспеушілігі халқымыздың денсаулығына айтарлықтай әсерін тигізіп отыр деуге болады. Соңғы кездері еліміздегі мамандар халықтың орташа өмір сүру жасын ұзарту жөнінде жиі айтып жатыр. Бірақ дәрігер мамандардың жетіспеушілігі, асқынған аурулар мәселесі бар жерде халықтың өмір сүру жасын ұзарту бос әңгіме секілді. Манас КҮШЕНОВА, маммолог: – Қазір әйелдердің бойында түсік тастау, іштегі шарананың дамымай қалуы салдарынан жасанды түсік жасату немесе баланы емшек сүтінен ерте айыру секілді жиі кездесетін жағдайлардың салдарынан әйелдер арасында кеуде ісігі көбейіп кетті. Сондықтан еліміздегі әрбір әйелге маммолог маманның ұдайы тексерісі қажет. Бұл ауру ерте сатыда анықталғанда ғана алдын алуға, әйелдің өмірін сақтап қалуға болады. Стандарт бойынша 100 мың адамға бір маммолог маман болуы шарт. Яғни маммолог дәрігерлер еліміздегі әрбір аудандық ауруханада болуы керек. Алайда бүгінгі күні республика бойынша небәрі 50-дей ғана маммолог дәрігер жұмыс істейді екен. Егер Қазақстанда 17 миллиондай халық тұратынын ескерсек, онда елімізге кем дегенде 180 дәрігер маммолог қажет екенін қиналмай-ақ есептеуге болады. Әйтсе де бүгінде 17 миллион халыққа бар болғаны 50 шақты маммолог қызмет етуде. Олардың өзі үлкен қалаларда ғана. Сондықтан шалғай ауылдардағы халық ірі қалаларға келіп көрінуге мәжбүр. Бүгінде осы дәрігерлердің жетіспеушілігі салдарынан науқастары асқынған аурулар көбейіп барады. Мәселен, біздің саламыз бойынша науқасы ІІІ-ІV сатыға жетіп, ауруы асқынған науқастар 60 пайызға жетіп отыр. Мұндай жағдайда қолданылатын ем 20 пайызға ғана шипалы, қалғандары бір немесе бес жыл арасында дүниеден озады деген сөз. Ауру алғашқы сатысында анықталған жағдайда ем тиімді жүреді, яғни 90-95 пайызға жуық науқас адамның өмірі сақ­талады. Осы орайда ауру алғашқы сатыда дұрыс анықталып, аурудың алдын алатын ем-дом дер кезінде жасалуы үшін елімізде дәрігер мамандар жеткілікті болуы керек. Демек, дәрігер жетіспеушілігі бар жерде халқымыздың өмір сүру жасын ұзартамыз деу – бос әңгіме. Айта кетер жайт, 5000 маманның жетіспеушілігі сал­дарынан еліміздегі қалған кадрлардың жүктемесінің күрт артуы байқалған. Халық саны көп, маман аз. Жүктеме көбейген жерде сапалы медициналық көмек көр­сетілуі де мүмкін еместігі белгілі. Бүгінде мамандар жыл сайын мыңдаған маман­ның бітіріп шығып жатқанына қарамастан, маман тапшы­лығының байқалуын осы сала қыз­меткерлерінің жалақысының аздығымен, мамандарды жұмысқа тартудың тиімді тетіктерінің табылмауымен байла­ныс­тыруда. Медицина саласындағы соңғы өзгерістерге сай халыққа дәрігер таңдау құқығының да берілуі қаладағы дәрі­герлердің жүктемесін тіпті көбейте түскендей. Соңғы кездері емханадағы дәрігер қабылдауына кіргісі келетін халықтың кезегінің кем дегенде жарты айға созылуы халықтың да наразылығын күшейте түскен. Демек, халықтың дәрігерге қолжетімділігін арттырамыз десек, салаға кешенді өзгеріс керек-ақ. Елбасы атап өткендей, 2012 жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 8 млрд долларды құраған көрінеді. Бұл еліміздің жалпы ішкі өнімінің 4 пайызына тең. Ал 4 пайыздық көрсеткіш дамыған елдердің деңгейімен тең екенін ескерсек, еліміздегі медициналық қызмет көрсету деңгейінің сол дамыған елдердің деңгейіне жете алмай отырғанына еріксіз налисың. Бас дәрігердің сөзіне сенсек, соңғы бес жылда Қазақстанда осы заманғы 26 емхана салынған. Дегенмен елімізде орын алып отырған урбанизация үрдістері медициналық қызмет көрсетілетін қала халқының санын арттыра түскен көрінеді. Ал мұндай жағдайда емханалардың саны халыққа қызмет көрсету бойынша жет­кілікті деңгейде емес екені аңғарылады. Демек, алдағы уақытта медицина сала­сындағы күрделенген мәселелердің күр­меуін шешкіміз келсе, заман талабына сай келетін жаңа типтік емханалар салумен қатар, оларды кәсіби мамандармен толықтыруды да ойлау қажет. Медицина саласын заманға сай бейімдеп, қоғам сұранысын қанағаттандырып отырғанда ғана нағыз салауатты халыққа, «Саламатты Қазақстанға» айнала алатынымыз анық.

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ