Мекемтас Мырзахметов: Жерді сақтау үшін, елді сақтау керек…

2
2784

         

        Тәуелсіздіктің туын тіккен 22 жылда қазақ қоғамы рухани құндылықтары: ұлттың тілінің, ділінің, дінінің, мүддесінің, тарихының шиеленісті мәсе­лелерінің күрмеуін әлі күнге дейін шеше алмай отыр. 
Белгілі ғалым, «Абайтану» ғылыми зерттеу орталығының директоры, филология ғылым­дарының докторы, профессор Мекемтас Мырзах­метұлы ұлттық болмыспен, ұлттық мәдениетпен, адамзатпен тікелей байланысты қасиетті Ислам дінінің өзекті мәселелерін тереңінен сөз етіп, біраз «құпияның» бетін ашты.

– Мекемтас Мырзахметұлы, бүгінде түрлі діни ағымдардың (оның ішінде христиан, иудей, будда діндері да бар) біздің ұлттық болмысымызды, салт-дәстүрімізді жою мақсатын ұстандағандығын көзіміз көріп жүр. Бұлардан арылудың қандай жолдары бар?
– Кеңес билігі келмеске кетіп, ол ұстанған материалистік, атеистік дүниетаным санасына сіңген кеңес азаматтары тәуелсіздік алған күннен бастап-ақ бұл танымнан арылуға ұмтылған кезең туды. Бұрынғы идеологиялық кеңістіктің орны бос қалды. Осы себепті ол кеңістікті толтыруға қалталары долларға толы әртүрлі жат секталық діни ағымдағы миссионерлер ешкім шақырмаса да, елімізге қаптай шапты…
Бәрінің мақсаты – ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы ұстанған дәстүрлі дініміз бен ұлттық салт-дәстүрімізді, ата салтымызды жойып, іштей ыдыратып жіберу. Биліктің бұларды бесігінде тұншықтырып тастауға даярлығы болмай, қолын кеш сермеуі себепті де, дүниетанымымыз бен санамызға ұя салып, алғашқы «сарыауыз балапандарын» ұшырып, тіпті, өз ұлтымыздың ішінен шетелде оқыған насихатшы, идеологтарын даярлап та үлгерді.
Бұл апатты әрекет аз болған­дай, ұлттық идеясын «көк қа­ғазға» сатқан зиялы топтан шыққан ғалым, жазушы, өнер саңлақтарының аты-жөні жалпақ жұртқа бүгінде танымал. Олар басқарып жүрген кришнаизм, ахмадия, уақабизм, құранид т.б. ағымдар елімізде ресми түрде терістелсе де, астыртын әрекетін әлі күнге шейін айласын асырып, тоқтатпай келеді.
Бұл ислам атын жамылған теріс бағыттағы діни секталардан арылудың жолдары баршылық: 1. Бұл ислам атын жамылған жат секталардың шығу төркіні мен даму тарихын, алдына қойған саяси мақсатын ғылими тұрғыдан көпшілікке танытып әшкерелеп отыру. 2. Қазақстандағы діни секталарға сырттан астыртын келетін миллиардтаған доллардың қайдан, кімге келетінін, қаражаттың қандай іске, кімдерге бөлінетінін бақылап, анықтап жариялап отыру.
Өткен жылы діни секталардың қажетіне арналған 11 млрд доллардың 4 млрд доллары ислам атын жамылған жат секталарға бөлінген. Бұл оңай қаржы емес, мұнын жолын кессе, діни сектадағы қайраткерсымақтар өзінен-өзі құлдырап, дін үшін емес, доллар үшін жан салып, қызылтанау болып жүргендердің өздері-ақ сырт айналып шыға келер еді…
– Елімізде діни секталардың алдап-арбауына түсіп, жапа шегіп жүрген талай азаматтарымыз бар. Қарапайым халықты діни тұрғыда дұрыс жолға бағыттауға тиіс дін саласының қызметкерлері мен имамдар өз міндеттерін ойдағыдай атқарып жүр ме?
– Біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып қалыптастырған діни салт-сана, әдет-ғұрып, ұлттық дәстүрімізді XVIII ғасыр соңына дейін табиғи қалпында сақтап келсе де, тарихтың алапат әлеуметтік үшінші иірімінің тарту күші күшейген тұста, яғни, Ресей мен Түрік халықтарының тағдыры тоғысқан заманда Ресей империясының отаршылдық саясаты іріткі салуға жан сала қызу атсалысты.
Шамасы келгенше шоқынды­рып, орыстандыруға барын салды. Бұл саясатқа рухани қарсылықты қазақ әдебиетінде кітаби ақындар жырлаған діни эпос пен адамгершілік сарындағы қисса-дастандар жазып жариялаумен жауап берді. Уды умен қайта­рудың жолын ұстанды.
Кеңес билігі өмірге келісімен-ақ дін атаулыдан бас тартып, құдайсыздар ұйымын құрып, діни және ұлттық әдет-ғұрпымызды феодалдық-байшылдықтың қалдығы деп қатаң қысымға алып, аяусыз қуғынға салды.
Наурыз мерекесін VIII ғасырда арабтар қудаласа, XX ғасырдын басында 30-жылдары большевиктер оны діни мереке ретінде танып, қатаң түрде тыйым салды. Молда атаулыға жаудай тиіп, абақтыға тоғытып, алдын итжеккенге айдады. Діни дәстүрімізден, рухани жолымыздан адастырды. Қазақ елінің екі-үш ұрпағын атеистік таныммен қалыптастырды. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне біздер осы қалпымызбен келдік. Дәл осы тұста ислам дінін жамылған жат ағымдар уақабизм, «Ат-такфир уәл-Хидасри», «Таблиг жамағаты», «Мұсылман бауырлар» т.б. жат секталар сырт­қы күштің нұсқауымен, мол қаражатын малданып, елімізге қаптай шапты.
Бұлар бізге жаны ашып, ізгі ниетпен келген жоқ, керісінше, дәстүрлі дініміз бен ұлттық салтымыздан адастыру үшін келді. Діни танымымыз бен ұлттық дәстүрімізге, ата жолымызға жабыла тиіскен бұл жат ағымдардың бағыты, жат насихаты «өз жемісін» көп ұзамай-ақ бере бастады. Олар алдымен жастарға қол салды. Алданған жастарды террористік оқиғаларға пайдаланып отырды. Оларға қарсы насихат жүргізетін мешіттегі имамдар исламият тарихынан хабары аз, даярлығы жоқ болуы себепті, ислам атын жамылған жат пиғылдағы ағымдарға төтеп бере алмады. Имамдар соңғы кезде ғана діни орталықтан тағайындалып, білімдерін жетілдірген соң, енді ғана тікелей міндеттерін атқара бастады. Әлі де болса ауыл мешіттері шалалау болып, көрінген жат ағымдардың шылауында жүр. Дегенмен, діни танымымыз кеңейіп дами түскен сайын жетіле беру мүмкіндігі бізде баршылық.
– Елімізде діни экстремизмге қарсы жүргізіліп жатқан әрекеттерді қарқынды деп айта аламыз ба?
Діни экстримистік астыртын әрекетке қарсы күштің қарқыны біздің қоғамда өз деңгейінде тұр деп тоқмейілсу әлі ертерек. Өйткені, зиянкестердің ашпайтын есігі, кірмейтін тесігі жоқ. Бұған жол ашатын күш діни сенімде, дүниетанымда емес. Есепсіз жұмсалатын доллардың күшінде жатыр. Сырттан енген бүлікшіл діни сектаға кіргендер сол діни сектаның пайда болу тарихы мен дүниетанымын ғылыми тұрғыдан терең танып меңгергендер емес, мына таршылық заманда байып алу, қарпып қалу мақсатын ұстанған дінін сатқан дүниеқоңыз пенделер ғана. Ахмет Байтұрсынұлы дәл меңзеп көрсеткендей:
«Дінін шаншып істікке
Әркім бір жем іздеп жүр» – дегендей, доллар үшін дінін сатқан қазақтың білікті де білімді бейбақ ұлдары…
Террористер дінді классика­лық идеологиялық күрес құралы ретінде қолдану арқылы мұсылмандар арасында ірткі салып, талай мемлекеттердің түбіне жеткенін кәрі тарих айғақтауда. Мұны, тіпті, қарапайым дін қызметкері, алматылық протерий Александр Суворов: «Меніңше, мұның негізін қалаған араб елдері емес. Оның «авторы» Ұлыбританияға бағынышты Әл-Уахаб деген адам, ал Англияға шығыс колониясын ұстап қалу керек болды… Ол үшін күш қолдану қажет… Ислам дінінде уақабтық бағытты ағылшындар мұсылмандар арасында ірткі салу үшін ойлап тапқан. Әйтпесе, ислам дінінде XIX ғасырға дейін уақабизм дегенді ешкім естіп білмеген» деп олардың шыққан тарихы мен түп-мақсатын дәл ашып берді…
– Қазақ тілінің тағдыры әлі де қыл үстенде тұрғандай көрінеді. Мемлекеттік тілдің дамуына қандай жағдайлар кедергі келтіріп тұр?
– Қазақ тілінің мемлекеттік тілге айналып, қоғамда өз функциясын атқаруы жайында талай талас тартыстар болып өтті. Бұл салада жүйелі жұмыстар да жүргізілуде. Бірақ, тіл жанашырлары бұған қанағаттанып отырған жоқ. Меніңше, бұлай болудын, да екі түрі себебі бар сияқты:
1. Тілге тікелей кедергі ішкі жақтан, яғни, шалақазақтар тарапынан болып отыр. Олар билік сатысында отырып алып, әрқилы кедергілер келтіруде. Америкалық ұлт болуға үн көтеріп, даурығып жүргендер де солар.
2. Шала қазақтардың тірек негізі, оларды жыл өткен сайын санын еселеп көбейтіп келе жатқан «фабрикасы» – аралас мектептерде жатыр. Аралас мектептің арғы төркіні қазақтарды шоқындырып, орыстандыруды мақсат еткен орыс миссионерлерінің «орыс-түзем» мектептері мен кеңес билігі кезінде «халықтар достығын нығайтады» деген жалған таныммен ұсақ ұлттарды орыстандыруының басты құралы ретінде күшейткен аралас мектептер болды.
Қазір қазақ зиялылары аса мол Алматы қаласында қазақ мектебі 59 мектепке әрең жетсе, орыс мектебі 62, ал аралас мектебің 61-ге жетті. Яғни, Алматыдағы шалақазақтарды өмірге сүйреп әкеліп, көбейтетін «фабрикаңыздың» жалпы саны 123 аралас және орыс мектебіне жетті. Сондықтан, бұдан былай қазақтан басқа ұлт пен ұлыстарға қысым жасамай-ақ, ұлтынан қол үзген шалақазақтарды мемлекет тілін білмесе, қызметке алмау талабын ұстану керек. Сонда ғана мәселе өзінен-өзі шешіледі, шалқақтап жүрген шалақазақтар жыл өтпей-ақ қазақша сайрай жөнеледі.
– Қоғамда қызу пікірталас туғызып жатқан латын әліпбиіне көшу мәселесіне деген көзқарасыңыз қандай?
– Латын жазу таңбасына көшу – уақыттын өзі тудырған қажеттілік. VIII ғасыр ішінде Тұран жерін тұтас жаулаған арабтар ислам идеологиясын орнықтыру үшін зорлықпен ата жазуымыз болған ойма жазуды жойып, оның орнына араб жазуын ендірді. «Тұран» атауын өзгертіп, «Түркістан» атандырды. Ал, XVIII-XIX ғасырда Ресей империясы 47 түрік халқын тұтас жаулап алды. Араб жазуының орнына енді орыс жазу таңбасын ендіру үшін, әрі шоқындырып-орыстандырудың кілті ретінде «орыс-түзем» мектептерін ашып, көбейте бастады.
Арабтар ендірген «Түркістан атауын» ақыры, «Орта Азияға» айналдырып тынды. Отаршыл Ресей жанын салып, бар қаражатын миссионерлік (духовная экспанция) жолдан аямаса да, орыс қоғамындағы революциялық жағдайдан сескеніп жүзеге асыра алмады. Кеңестік билік орыстан басқа түрік халықтары мен тұңғыс, монгол ұлты мен ұлыстарды орыстандыру мақсатында 1926-1930 жылдар арасында зорлықпен, алдымен, латын таңбасына өткізсе, 1937 жылы ұлтшылдардың көзін түгел жойған соң, үн көтеріп, қарсылық білдіруші зиялылардан тұтас құтылып, 1940-шы жылы бір күнде заңдастырып, орыс жазу таңбасына алып келді. Жазу таңбасын алмастыру жолындағы күрестін бәрі саяси күрес екеніне көзіміз жетті.
Ал, бүгінгі уақытта латын жазу таңбасын алуды біз өзіміз таңдап отырмыз. Латын жазу таңбасына өту – біздер үшін қажеттілік. Бірақ, біз бұл жолда асығыстық жасасақ – ұтыламыз. Қазақ тілінің дыбыстық табиғатына сай жазу таңбасын Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған еді. Енді жаңа латын жазу таңбасы осы жүйені қолдаса – ұтады. Бірақ, қапысыз таңдаған жаңа жазу таңбамыз ойдағыдай сараланып, асықпай желөкпелікке салынып, 2017 жылы қабылдауға ұмтылу – асығыстық.
Өкінбеу үшін үлкен даярлық жасау қажет. Өйткені, талай рет саяси қысым жасалып, орталықтың саяси мүдесіне сай қабылданған латын, орыс жазу таңбаларын қабылдатқанда, құрылған талай тұзақ пен қақпандардың қарпуына түстік. Сөйлеу аппаратымызды (артикуляциялық базамызды) орыстандарып алдық. Тілге жасалған саяси қысымның ащы дәмін халқымыз талай рет татты. Осы себепті, не де болса, асықпай жеті рет өлшеп, бір рет кесу үшін ең соңғы рет жасалған латын жазу таңбасы жобасы жарияланып, оқырман қауымның сын пікіріне салынып, армансыз екшеп алсақ және оны қазақ қауымы толық мойындап-қолдаған соң ғана қабылдау ләзім.
– Жаһандану дәуірінде қазақ ұлт ретінде жойылып кетпес үшін қандай қам-қаракеттер жасауы қажет?
– Қазақ елі ұлт ретінде жойылып кетудің екі апатты кезеңін бастан өткізді. Әуелгісі, ХVIII ғасыр басындағы Ресей мен Қытайдың өзара дипломатиялық жолмен келісе отырып, «жабайыларды жабайылардың қолымен қыру» үшін қалмақтарды айдап салып, қазақтарды қыру жолындағы қолданған ашық және саналы түрдегі геноцидтік саясатына байланысты жүзеге асты. Артта қалған отаршыл Қытай мен Ресей империясы өзара дипломатиялық жасырын жолмен келісімге келе отырып, қалмақтарды зеңбірекпен, мылтықпен қаруландырып қана қоймай, жаңаша соғыс жүргізудің жаңа тәсілдерімен сауаттандырып отырды. Мәселе – қазақты қалмақ арқылы қырып жойып, босаған жерлерін иеленіп қорған, бекіністерін салып қана қоймай, соғыста екі жағы да қырылып, әлсіреген соң, қалмақтың өзін де жер бетінен жоюды да көздеді. Осы мақсат тұрғысынан келіп, Сібірдегі тұңғыс, түрік халықтарын өзара айдап салып, қанды қасап соғысты ушықтырып отырды. Қожаберген жыраудың айтуынша, бір жағынан, Ресей патшалығы:
«Мылтық атуды үйретіп
қалмақтарға,
Ресей мақсұтына пайдаланған.
Қырғызып қазақтарды
қалмақтарға
Орыстар қамалдарын салып
жатты.
Бастаған ойрат ісі ұрыс болды,
Бұл соғыс Ресей үшін дұрыс
болды.
Қалмақты жабдықтаған қос
көршінің
Әуелден көздегені
қоныс болды…»

Қос империя қазақ, қалмақ және Сібірді жайлаған тұңғыс, түрік, манғол халықтарын бір-біріне айдап салып, бірін-бірі қырып салуға дем беріп отырды. Бұл соғыста қазақ халқы үштен екісінен айырылып, тұңғыш рет орны толмас апаттық қырғынға ұшырады.
Ал, келесі қырғын қазақтардың Кеңес билігі тұсында 1932-1933 жылғы қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтан қазақтар бейбіт күннің өзінде екінші рет тағы да халқының үштен екісінен айырылып, сансырап қалды. 1916 жылы қазақтар 6 млн. 100 мыңдай болса, 1941 жылғы Совет-герман соғысына 1 млн. 900 мың адаммен кіріскен еді. Екі арада, яғни, 25 жыл ішінде қазақтар 4 млн. 100 мың адамынан айырылды. Бұл аз дегендей, 1937 жылы бір жылда жиырма бес мың зиялаларының қаймағынан айырылды. Жазушы, ақын, ғалым және қоғам қайраткерлері жазықсыз атылды.
Ойшыл ақын Сұлтанмақмұт Торайғыровтың:
«Түбінде құруыңа елден ерек
Мен айтайын болады жерің себеп,» – деп көрсетуінде нағыз шындық жатты.
Расында, халық өссе де, жер өспейді. Талас-тартыстың өзегі жерге байланыс туындап жатты. Бірақ, қазіргі күрестің өзегі халықтың ой санасын жаулап, өзінің жат танымын сіңіріп, ықпалында ұстауға бағыт алуда. Сырттан енген көптеген секталық діни идеологияның ұлтсызданған нигилистік, космополиттік таны­мының жастарға әсері айтарлықтай болып тұр. Осы жат күштердің тұзағы мен қақпанына түскен кейбір жастардың террористік әрекетке түскені жасырын емес.
Тағы да С.Торайғыровтың отаршылдық, бодандық құлдықтың шырмауына түскен қазақ жұртына:
«Елдігіне, жеріне һәм дініне
Құрылды талай тұзақ, талай қақпан», – деп айтқан қаупі қазіргі заманда алдымыздан шығып тұр… Айласы мен қиындығы мол алмағайып замандағы ең басты мақсат – жерді сақтау үшін, елді сақтау керек…
– Қазақстан халқының рухани дамуын жетілдіру үшін қандай қадамдар жасалуы қажет?
– Қазақстан – көп диаспоралы республика. Тек Қазақстанда ғана әлем танып мойындаған ұлттық саясат – әлемдік үлгі-өнеге айналғанын әлем халқы мойындап отыр. Осы саясатты алдымен Ресей бастап үлгі өнеге көрсету керек-ақ еді. Отарландыру саясаты мен миссионерлік саясатын қатар ұстаған Ресей империясының саяси табиғаты бұл жолды көтере алмады.
Біздегі «Мәдени мұра» саясаты – шетелдерде жатқан рухани мұраларымызды қолға алып, еліміздің рухани қазынасы молая түсуіне қарқын беруде. Советтік халқымыздың тарихи жадын жаңғыртар әрекет атаулының жолын тұсап, көбінің жойылып кетуіне себепкер болды.
Бүгінгі мақсат – халықтың тарихы жадын қайтарып, жаңғырта дамытуға тіреліп тұр. Терістелген, біразы басылым көрген не болмаса қолжазба күйінде әрең сақталып қалған бағалы рухани қазына көзі халқымыздың тарихи жадын қайта жаңғыртып, басылым көруі – рухани қажеттілікке айналып отыр. Мысалы, Оңтүстік Қазақстанда «Қазыналы Оңтүстік» атымен 500 томдық кітапты жариялауды қолға алдық. Кейбір сүбелі қолжазбалар мен көне дәуірдегі кітаптардың 200 томға жуығы екі-үш жыл ішінде жарияланып, кітапханаларға таратылуда.
Жас ұрпақты Абайдың толық адам ілімімен қаруландырып, санасына сіндіру үшін оқулы­ғы, бағдарламасы жазылып, ондаған алдынғы қатарлы универ­ситеттердің барлық факультеттерінде оқытылуда. Өйткені, бұл ілім – біздің Тұран дәуірінде жасалған ұлттық мақтанышымызға айналуда. Бұл ілім – адамның ішкі рухани әлемін тазартатын бірегей ілім. Бұл ұлттық ілімнің мемлекет тарапынан қолдап, жүзеге азырылуы қажет. Себебі халқымыздың бойында сақталған жасампаз салт-сана, әдет-ғұрып, ата-дәстүрімізді сақтап, дамыту – бізді сыртан енген идеологиялық экспанциядан қорғайды.
– Ұлттық рухымызды ұлықтайтын ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуге жеткілікті дәрежеде ден қойып жүрміз бе?
– Ұлттық рухымыз бен ұлттық ата-салтымызды сақтап, ұлтжанды жастарды тарихпен сабақтастырып тәрбиелеп қалыптастыруға ұмтылудамыз. Біз өз тарапымыздан жастарды ислам атын жамылған жат ағымдардан, мінез-құлық жағынан азғындаған еуропалық жат құбылыстан сақтаудың ең сенімді құралы – Абайдың толық адам ілімінің жүйесін жастардың санасына орнықтыру арқылы, күреске атсалысу – шешуші жол деп білеміз.
Қазақстанның алдынғы қатарлы университеттерінің барлық факультетерінде толық адам ілімі оқытылуда. Бірақ, бұл әрекетті қолдап, дем беруге Білім министрлігінің өресі жетпей жатыр. Өйткені, онда отырған педагог ғалым мамандардың басымы – шалақазақтар. Билік солардың қолында. Оның басты белгісі – аралас мектепті көбейткен үстіне көбейтуден басқа ештеңе емес. Бұл – басты кедергі даму жолымыздан алынбайынша, ұлтжанды ұрпақ дайындау бос сөз болып қала береді.
– Қазір қандай бағыттарда еңбектеніп жатырсыз?
– Менің ғылыми зерттеу жұмысымдағы басты мақсатым – арғы тамыры б.з.д VII ғасырдан басталып, бастау алатын жомарттық, жәуәнмәртілік пен хәл ілімі, XIX ғасыр соңындағы Абай ұсынған толық адам ілімі – бәрі де қазақ жерінде пайда болған ұлттық туындыны жүйелеп, ғылыми негізге салып жас ұрпақ қолына жеткізу. Бұл салада оқулық, ғылыми еңбек жазу үстіндемін.
Екінші ұмтылысым – бір кездері саяси-әлеуметтік жағдай ұмыттырған халықтың тарихи жадын жаңғыртып, қалпына келтіру арқылы рухани қазына көздерін толықтыру, кітап етіп жариялау арқылы ұлттық санасына от беріп ояту. Еліміздегі ұлттық уызына жарыған айтулы әкімдердің Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың терең түсіністікпен қарап, «Қазыналы Оңтүстіктің» 500 томдық рухани қазынасын шығаруға атсалысуы – ұлы мұрат-мақсатыма айналып отыр. Еңбекқор, жан-жақты жетілген шәкірттерімнің күшімен бұл ұлттық рухани қазынамыздың 200 томға жуығы басылым көріп, кітапханаларға таратылуда.
Қолға алған үшінші мақсатым – түрік халықтары әдебиеті, бұған қосып қазақ әдебиеті тарихының дәуірлеу мәселесінің, яғни, 2630 жылдық даму жолында пайда болған үш түрлі алапат әлеуметтік иірімдер негізінде жүйелеуге құрылған кітапшамды басылымға даярлау.
Бауыржан Момышұлының 30 томдық кітаптары басылым көргенінен халқымыз хабардар. Енді осыны әрі қарай жалғастырып, барлық архив деректерін толық жинастырып, жүз томдығын жариялауды мақсат етудеміз. Баукеңнің жүз жылдық мерейтойынан кейін жабылып қалған «Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығын» үлкен азаматтық мінез көрсетіп, терең түсіністікпен қайта ашқан Жамбыл мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Асқар Әбдуалиевке алғысымыз мол.
Сонау алыстағы 1928 жылы Баукеңнің сол кездегі көшпелі Сарысу ауданына барып, мектептер ашып, оқусыз қалған жастардың сауатын ашып, халықтың алғысына бөленген тұңғыш халық мұғалімі атануы ол кезде оңай шаруа болмайтын. Бұдан кейінгі бар өмірі солдаттарды тәрбиелеумен өтіп, әскери академияда стратегия мен тактикадан сабақ берген бірегей қазақтың атын пединститутқа беру – жастарды патриоттық негізде тәрбиелеудің бірегей қуатты идеологиялық құралына айналары сөзсіз.
– Мекемтас Мырзахметұлы, әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіруіне бағытталған дамудың эволюциялық жолының қазақстандық үлгісі жаһандық бәсекелестікке төтеп бере ала ма?
– Қазақстан жаңа құрылған, енді қалыптасып келе жатқан жас мемлекет болса да, әсіресе, алдына қойған мақсатына жету жолында сеніммен алға басып келеді. Әрине, Қазақстан – жаһандық бәсекелестік қаншалықты қиын болса да, төтеп бере алуына толық мүмкіндігі бар қуатты мемлекет. Еліміз индустриалық дамуды ең озық технологиялық негізде жолға қойып, инновациялық жаңалықты меңгере отырып, алға басқанда ғана қатаң бәсекелестікке төтеп бере алады деп білемін.

Гүлмира Садық

2 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз