Қазығұртта келіншек 4 жасар баласын бұтына жіберіп қойғаны үшін бақилық қылды
2013 ж. 09 қараша
4212
5
Шымкенттік мамандар балаларды зорлық-зомбылықсыз тәрбиелеуге шақырады.
Балаларға жасалған зорлық-зомбылықпен әйгілі болған Оңтүстікте "Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ" акциясы басталды. Жиырма күнге жоспарланған бастамада балалардың құқығы түсіндіріліп, баланың сағын сындырғандарды да жазаға тарту көзделген.
Балаларға зорлық-зомбылық көрсету, көбінесе, отбасында орын алады. Өкінішке орай, таяқпен сабауды тәрбие деп түсінетін ата-аналар баршылық.
Солардың бірі — осыдан бірер жыл бұрын қазығұрттық келіншек өзінің 4 жастағы баласын бұтына жіберіп қойғаны үшін сабап тастаған еді. Соның салдарынан бүлдіршін бақилық болды.
"Сана-сезім" құқықтық бастамалар орталығының психологы Дильноза Мадиева: "Соңғы уақытта психологиялық, физиологиялық зорлы-зомбылық көрген балалар көп кездесуде. Бізге балалардан түскен қоңыраулардың 29 пайызы осыған байланысты. Оның ішінде әке-шешесі ұрып соғатындар көп. Сондай-ақ, туыстары немесе жолдастарынан қысым көретіндер көп", - дейді.
Алайда, құқықтық орталықтарға қоңырау соқпақ түгілі, ойын ашық жеткізе алмайтын балалар қаншама?!
Облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ғалия Жүсіпова: "Балалардың құқықтарын қорғау, оларды зорлық-зомбылықтан қорғау тек мемлекеттік органдардың ғана ісі емес. Сонымен қатар қоғам мен ата-ананың да міндеті. Өмір болғаннан кейін түрлі жағдайлар орын алады. Сол жағдайларды болдырмау үшін халықты хабардар ету біздің міндетіміз", - дейді.
Бір айдың ішінде бір ғана "Сана сезім" құқықтық орталығының тікелей желісіне 10 қоңырау түскен. Үстіміздегі тоғыз айдың қорытындысы бойынша балаларға зорлық көрсетті деген 129 шағым түсіпті. Олардың ата-аналарына түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Бүгінгі күннің барлық жаңалықтарын NUR.KZ интернет-порталының қазақ тіліндегі нұсқасында оқыңыздар.
Егер қоғамды елең еткізер маңызды жаңалықтардан құлағдар болып, осындай оқиғалардың куәсі болсаңыздар editor@nur.kz адресіне жазып жіберіңіздер.
"Отырар" арнасы