«Әйелiнiң есiгiнде жүрген» әкiмнiң арманы
2013 ж. 06 қараша
2587
4

Бiрақ жуырда ғана Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметiнде брифинг өткiзген Ахметжан Есiмов ән салған жоқ. “Мына жерде ән айту деген кiшкене ыңғайсыз болар ендi, басқа жерде айтып берейiн. Алматыда айтып берейiн сiздерге” дедi алқақотан отырған журналистерге қарап. Алатаудың жақпар-жақпар тастарын жаңғыртып тұрып әуендеткiсi келген әкiмге “қазiр айтыңызшы” деп ешкiм қиылмады. Сөйтiп, брифингтiң соңы сәл көңiлсiздеу аяқталды. Есесiне, шахар басшысы түртiнектеп “бәле iздеп” жүретiн жорналшыларға тәп-тәуiр тақырып тауып бердi.
Соның ең шұрайлысы да, құйқалысы да Ахаңның армандарымен астасып жатыр. Мәселен, көк шыбықты ат қып мiнiп қиқулатып жүрген бала кезiнде “әншi болсам” деп қиялдаған екен бұ кiсi. Анау-мынау шенеунiкке бұйырмаған дауыс Ахаңның көмейiнен атқақтап шығады. Демек бүгiнгi сахна жұлдыздарының жуан ортасында Ахметжан Есiмов дейтiн де бiр әншi жүруi тиiс едi. Бiрақ тағдыр жолы бұралаң. Қызмет қолдың кiрi десек те, адамды өзiне баурап алатын қасиетке ие. Оның үстiне етжақыны ел басқарып отырған соң, Есiмовтiң микрофон ұстап, сахнада салақтап жүргенi жараса ма? Мiне, сөйтiп әкiмнiң “әншi болам” деген арманы шенеунiктiк төплиiнiң табанында қалып қойды.
Әйтсе де уыз арманның бәрi бiрдей орындалмай қалған жоқ. Алматының арғысы мен бергiсiн қозғап бiр жарым сағат сөйлеген әкiм әңгiме желiсi тiл мәселесiне ойысқанда бала күнiнде орыс тiлiндегi бiр ғана сөздi бiлгенiн айтып, журналистердi жалт қаратты. Дәу де болса, боқтық сөздiң бiрi шығар деп ойлады ма, әрiптестерiмiз жымың қағып, әкiмнiң аузына үңiлген. “Ол – “помидор” деген сөз едi”,– дедi сонда Ахаң.
Ал неге помидор? Бұл жағы айтылмады. Ағынан жарылып, шын ықылас-ниетiмен сұхбат берiп отырған шенеунiктi түкке тұрмайтын мәселеге бола мазалағысы келмеген шығар, тiлшiлер де сол жерден тоқтады. Ал бiздiң пайымдауымызша, ауылда өскен қарадомалақ бала апасының құртына ұқсас, бiрақ қып-қызыл домалақ жемiске ерекше қызыққан сыңайлы. Әлде тiстеп қалсаң, бырш етiп бетiңе шашырайтын шырыны ұнады ма екен. Әйтеуiр жоғары билiктегi бiраз қызметтiң басын ұстап көрген әкiмнiң жасы жерортадан асса да, қызанақ туралы сөз болғанда жүзi қызанақтай күреңденiп шыға келедi.
Ендi қараңыз, әншi болам деп жүрiп әкiм боп кеткен бұ кiсi бiрнеше жыл бойы Ауыл шаруашылығы министрлiгiн де басқарған. Бала күндегi дәмдi қызанаққа кеткен есенi министр кезiнде қайтармады деп айта аласыз ба? Әнеки, орындалған арман дегенiңiз осындай болса керек.
Айтпақшы, сұхбат барысында әкiм президенттiң саясатына лайық әдемi бiр сөздi әңгiмесiнiң арасына сыналап кiргiздi де жiбердi: “Алматыда баспанам жоқ. Әйелiмнiң үйiнде тұрамын”. Керемет емес пе?
Кейбiр шендiлер қаржыны қап-қабымен жұтам деп көмейiнен өткiзе алмай тұтылып жатқанда Ахаң бәйбiшесiнiң үйiнде шалқа-е-еп жатыр. Құда да тыныш, құдағи да тыныш. Аңдасаңыз, шаһар басшысы осы сөзiмен-ақ бiр оқпен екi қоян атып алды. Бiрiншiден, жемқорлық жайлаған қоғамнан “қолы таза” лауазым иесiн табу қиын. Шендiнiң бәрi шетiнен миллионер. Алып қаланың әр бұрышынан тарсылдатып мейрамхана мен қонақүй соғып жатыр. Ал Ахметжанның Алматыда үйi де жоқ. Ендеше мұндай әкiм неге өспеуi керек? Ондай адамды Алматыға басшы қылып бекiткен кiсiнiң кемеңгерлiгiне ендi қандай күмән бар? Көрдiңiз бе, оқыста айтылып, ондыққа ұрған сөздiң астарын?!
Екiншiден, әкiмнiң әлгi сөзi халқы құмырсқадай құжынаған қаланың баспанасыз азаматтарына әдемi сылтау. “Қашан үйлi боламыз?” деп күйеуiне жан таптырмайтын қатын-қалаш ендi ондай сөздi айта алмайды. Айтса, баспана тұрмақ баспана салатын ұлтарақтай жер ала алмай жүрген жiгiттер: “Асықпа бәйбiше, қазiр мен тұрмақ Есiмовтiң өзi әйелiнiң есiгiнде жүр” дейдi. Сонымен дау тәмам. Демек отбасындағы ырың-жырың да азаяды.
“Бөрiктiнiң намысы бiр” демекшi, алматылық азаматтарды осылайша “көтерiп” кеткен әкiм, өкiнiшке қарай, нәзiк жандылардың қыбын таба алмай жүр. “Барахолканың” саудагер әйелдерi қазiр әкiмдiк қызметкерлерiн иттiң етiнен жек көредi. Тiптi Ахаң Астанада тiлшiлердi жиып ап көп мәселенiң тiгiсiн жатқызып жатқанда ашуға булыққан базардағы әйелдiң бiрi “мә!” деп бас бармағын көрсеттi. Бұған “КТК” арнасы арқылы көпшiлiк куә болды. Базарды бұзбақ боп жатқан әкiмдiкке бағытталған “бәлелi бармақтың” әкiмдi жанап өтуi мүмкiн емес. Демек “барахолканың” жыры былыққан помидордай езiлiп тұр.
Тiлшiлердiң сауалы базарға ойысқанда қала басшысы: “Барахолканың құрылтайшылары Астанада отыр. Өте танымал адамдар. Олар ақпарат құралдары арқылы халықты көшеге шығарып әкiмдiкке қарсы жұмыстарын доғармаса, мен базар қожайындарының аты-жөндерiн жариялауға мәжбүр болам” дедi.
Мiне, брифингтiң шырайын кiргiзетiн мәселе осы болатын. Ақыры Астанаға барған соң, базар қожайындарының кiмдер екенiн айтып-ақ жiберуi керек едi. Ондай жағдайда сауда жасап, бала-шағасын асырап отырған жұрттың қаһары Астанадағы жұмбақ дөкейлерге қарай ауар едi. Жиi шолтаңдайтын “бармақтың” да кезелген бағыты өзгерер едi. Бiрақ Ахаң “айтам” деумен шектелдi. Ендеше оны айтуы керек. Өйткенi уәде – мойындағы қарыз. Қарыз өтелген сайын арман да жақындай бередi.
Сансызбай НҰРБАБА, "Жас алаш"