Ғани ҚАСЫМОВ: Екі жағымызда ұлы мемлекеттер: бір жақтан — «жолбарыс», екінші жақтан — «аю». Жағдай қиын!

_______________855723563Таяу Шығыстағы шиеленістің жаңа кезеңі басталғалы жатыр, Қытайдың қарқынды дамып келе жатқан экономикасы АҚШ пен Жапонияны қуып жету үстінде, ортақ Кедендік Одақ екі жыл жұмыс істеп келе жатса да, әлі де болса қайшы пікірлер тудыруда… Осындай күрделі геосаяси жағдайда Қазақстан өзін-өзі қалай ұстауы қажет? Біздің сауалдарымызға еліміздегі саясаткерлердің бірегейі экс-сенатор Ғани Қасымов жауап береді. - Жақында үкімет өкілдері бірден жағымсыз пікірлерге ие болған бірқатар ұсыныстар айтты, олардың қатарындағы көлік құралдары, жылжымайтын мүлік және жер салықтарының көтерілуі, жылжымайтын мүлікті міндетті түрде сақтандыру, және ТКҚ тарифтері мен кәдімгі тауарлар мен қызмет көрсетулер бағаларының қалыпты өсімі сияқтыларын айта кетпеуге болмайды. Ғани Есенгелдіұлы, үкіметтің салықты көтеруден басқа амалы қалмаса, еліміздің экономикалық жағдайы соншалықты нашар ма? - Сіздің сұрағыңыз оңай болса да, оның жауабы күрделі. Біріншіден, бізде салық салынбаған тауашалар, қуыстар болмауы тиіс. Барлығы салық төлеуге тиіс. Бұл әлемнің кез келген мемлекетінің салық кодексінің алғашқы ұстанымы. Егер салық салынбаған тауаша табылса, сол жерден алу керек. Егер ауа салығын енгізсе, мен таң қалмас едім. Ауамен демаламыз, ал салық жоқ қой. Осындай жағдайда үкімет логикасын түсінер едім. Екіншіден, көлік салығы қазір де бар. Бірақ оны көтерудің экономикалық мақсаттылығы неде? Егер бұл байлық салығы болса, аталмыш салық аясы нені қамтитынын түсіндіріп, оны міндетті түрде саралау қажет. Ұстаның немесе шабанның 20 жылдық көлігінің қозғалтқышы 4 «куб» делік, сонда бұл не, байлық болғаны ма? Сонымен қоса, азаматтар автокөлікті Қазақстан аумағына кіргізу кезінде акциз төлейді, ол аз емес – үш жыл бұрын оны да көтергенбіз. Неге Қазақстан азаматы мемлекетке бір көлік үшін екі рет төлеуі керек? Жылжымайтын мүлікпен де дәл солай. Адамдар жұмыс істеп тапқан, салығын төлеген қаражатына пәтер сатып алады немесе үй салады. Меніңше, бұл мәселенің мәнін Конституциялық сот ашуы тиіс. Үшіншіден, үкімет бюджетте қаражаттың бар не жоқ екенін айтуы керек. Бізде бір оқыс оқиға болып қалды ма? Дефолт, экономикамыз құлдырады ма? Біз күн сайын жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашамыз, жыл сайын энергоресурстар айналымға енеді, мысалы, міне, Қашағаннан мұнай өндіріле бастады. Тағы да салық ойлап табудың қандай қажеттілігі бар? Қоғамдық наразылық туындауда, және оның негізі де бар. Қоғаммен санаспай, кабинеттердегі шенеуніктердің мүддесінен туындайтын жаңа салықтар шығарылып жатыр. Бұл салықтарды енгізуді тоқтата тұру керек, асықпаған жөн, әсіресе, аталмыш салықтардың бюджеттік түсімдерге қатты әсер ете қоймауын ескеру қажет. - Сирияда орын алып жатқан азматтық конфликт күрделі геосаяси проблемаға айналды. Қазақстанның қандай саясат ұстанғаны жөн? Американың бірнеше ірі державалардың пікірін ескермей, Сирияға шабуыл жасау мүмкіндігі әлі де өзекті ғой? - Бұл күн тәртібінен бір жыл көлемінде түспей тұрған күрделі мәселе, мен болсам бұл сұраққа басқа тұрғыдан қараймын – кеңестік дәуірдің өкілі ретінде. Қазір кеңестік мұраға Америка Құрама Штаттарының жарияланбаған соғысы жүріп жатыр. Кеңестер Одағының көмегімен мұнай құбырлары, газ құбырлары салынып, көптеген елдер дамыды. Бұның барлығы социализм идеяларының бүкіл әлемді жаулап алу қаупін тудырды. Кеңестер Одағының 91-жылғы құлауынан кейін бұл тоқтатылды. Одан кейінгі 20 жыл ішінде Батыс Кеңестер Одағының жасағанын күйретуде. Тас-талқанын шығаратынын көрсеткісі келеді. Бұл КСРО-дан, қазір жоқ мемлекеттен кек алу. Бірақ Сириямен болған жағдайда Ресей қатаң позициямен араласты, бұндай «ойындарды» доғару керек деді. Сириялық конфликт үшін Ресей ашық қарсылыққа барды. Біз де бұның әділетті екенін түсінеміз: не де болса, Сирия – тәуелсіз мемлекет. Бірақ Ақ үй де өз араласуының қажеттілігін дәйекті түрде түсіндіреді: химиялық қару, әрі үкіметтің де кетер уақыты келді. Қазіргі жағдай екіұшты болып тұр. Олар екі бұзау секілді сүзісіп жатқанда, біз не істеуіміз керек? Қазақстан қандай жағдайда қалды? Біздің Ресеймен одақтастық жөніндегі стратегиялық келісіміміз бар, АҚШ-пен серіктестік жөніндегі стратегиялық келісіміміз бар. Қарсылықтың бәсеңдегені жақсы болды, ал егер шиеленіс ушығып кетсе ше? Америкалықтар «қазақтар, серіктестік келісімі міне, сіздер біздің жақтасыздар ма?» десе, ресейліктер «қалай, бізді жақтайсыңдар ма?» дер еді. Осындай келісімдерге қол қойған болсақ, таңдау жасауға тура келер еді. Демек, көпвекторлылықтың да өз шегі болуы қажет. Қазақстан үлкен саясатқа аяқ басты, ал мамандар жетіспеушілігі әлі де бар. Біз 23 жыл тәуелсіз мемлекетпіз, бірақ Қырғызстан жөніндегі өзіміздің сарапшыларымыз да жоқ. Бұл да дербес мемлекет қой, оның ішкі және сыртқы саясатын зерттеу қажет. Өзбекстан – біздің жоғары оқу орындарымыздан елдің тарихын, мәдениетін, қазіргі ахуалын зерттейтін, «өзбектанушы» мамандығын игерген бір адамды тауып бере аласыздар ма? Ондай адам жоқ. Бізде Түрікменстан жөніндегі маманымыз бар ма? Бұл да көршілес мемлекет емес пе?! Ал Ресейді қарап көріңіз, Қазақстанды қанша кафедра зерттейді – Омбы, Томск, Красноярск, Новосібір, Санкт-Петерборда. Олар Қазақстанның тарихын, біздің экономикамызды зерттейді, мамандарды мықты дайындайды. Өзбекстанда қазір қазақ тілін үйреніп, біздің ел жөніндегі мамандарды жайындап жатыр. Бізге де көршілес елдер бойынша мамандарды дайындайтын білім ордалары қажет. - НАТО-ның Ауғанстаннан әскер шығаруы және осыған байланысты қауіп-қатерлер ұзақ уақыт бойы талқыланып, саясаттанушылардың болжамдары жасалып жатыр. Қазір тақырып жалықтырып жіберсе де, өзектілігін жоғалтқан жоқ. НАТО әскерінің шығарылуынан кейінгі біздің аймақтағы жағдайға сіздің болжамдарыңыз қандай? - Боевиктердің Өзбекстан, Қырғызстанға шабуылдарын көрдік. Бірақ, бұл тек басы ғана. Шабуылшылар Баткен шатқалы арқылы келген, бұл Жамбыл облысына өте жақын жер. Біздің ол жақтағы шекарамыз ойдағыдай қорғалған ба? Жоқ. Оңтүстік шекарамызды жауып, шекара мен кеден бекеттерін делимитациялау емес, шекара заставаларымен ғана шектелмей, мықты қорғаныс инфрақұрылымын жасау тұрғысынан нығайту қажет. Менің ойымша, бұл мәселе елбасымыздың басты назарында. Обаманың Карзайға берген уәдесі – 2-3 мың американдық солдат – тек сарай күзеті болмақ. Бір миллион қарулы талибтердің жойқын күш екенін өздеріңіз де түсінетін шығарсыздар. Өзбекстанның ислам қозғалысы әлі де бар, олардың құрамынды шамамен 200 мың қарулы адам. Далалық командирлер өз билігінен бас тартқан жоқ, олардың ешқайсысы өз күштерін таратпады. Қазір бұл мәселелер коалиция қарамағында, бірақ әскер шығарылысымен олар бір-ақ күнде ашылады. Басқа, бұдан да көлемді «ойын» басталуда, оның қозғаушы күштерінің бірі Сириядағы оқиғалар. Сириядағы боевиктердің үштен бірі сириялықтар емес, жергілікті халық емес екендігін барлығы да біледі. Тағы бір мәселе мынада: біз Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының ұйым ретінде өз қатысушы мемлекеттеріне қорған бола алмайтындығын көрдік. Қырғызстандағы оқиғалар бұның дәлелі болды. Механизмдер жоқ, билікті бөлуден барлығымыз қорқамыз. Бір-бірімізге деген үлкен сенім болуы керек. Әзірге біз одақтаспыз – бір-бірімізге шабуылдамаймыз. Ал бір-бірімізді қорғауға келсек… Қазір Орталық Азия аумағында болып жатқан оқиғалар қауіп-қатерге және белгісіз салдарларға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан біз қарулану және оңтүстік шекарамыздың қауіпсіздігі туралы жақсылап ойлануымыз керек. - Ғани Есенгелдіұлы, ҰҚШҰ жайында сұрағымыз бар. Ұйым ішінде шиеленіс туындап, бір қатысушы-мемлекет тарапынан бұрынғы конфликтке объективті қарамағаны үшін Қазақстанға нарызылық білдірілген сияқты. - Менің түсінуімше, әңгіме Таулы Қарабах, Әзірбайжан мен Армения арасындағы дау және бізді ресми емес түрде ағат пікірлілігіміз үшін айыптау жайында ма? Бұл мәселеде қазақстандық дипломатиядан басқа ешкім айтарлықтай табысқа жете алмағанын бірден айтқым келеді. Таулы Қарабах проблемасы бойынша Қазақстан күштеу шараларын тоқтатуға ең салмақты үлес қосты. 90-шы жылдардың басында екі мемлекет арасындағы қақтығыстар толыққанды мемлекетаралық соғысқа айналуы әбден мүмкін болатын. Дәл сол кезеңде проблеманы реттеуге Горбачев, Ельцин араласа бастады, бірақ тек Нұрсұлтан Назарбаев шиеленістің ушығуын тоқтата алды. Басқа бейбіт келісімге келу мүмкін болмады. Дегенмен, соғыс, бір-бірін жою тоқтады. Қазақстандық дипломатия таулы-қарабах мәселесін реттеудегі жеткен табысынан кейін жақсы талпыныстар болған емес. Ол жақтың уақыты 20 жылға тоқтап қалды. Біз үшін бұл мәселеге араласу қымбатқа түсті, Қазақстан да шығынға ұшырады. Қазақстанның бітімгерлер делегациясының басшысы, ішкі істер министрінің орынбасары, оның әріптестері мен тікұшақ экипажы өте жауапты тапсырманы орындау кезінде қаза болды. Олардың қазасынан кейін мемлекет басшысының тапсырмасымен Әзірбайжан мен Арменияға екінші топ жіберілді. Олардың арасында мен де болдым, сондықтан болған оқиғаның куәгері ретінде айтып отырмын. Президент бізге екі мемлекет арасындағы Таулы Қарабах үшін қақтығыстың соғысқа ұласып кетпеуі үшін мүмкін болатынның бәрін жасауды тапсырды. Екі жақ арасындағы координатор сол кездегі сыртқы істер министрі, қазіргі БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары Қасымжомарт Тоқаев болды. Ол үнемі әзірбайжандық және армяндық топтармен байланыста болды, қазіргі сөзбен айтсақ, жұмысты онлайн-режимде қадағалап отырды. Қазақстанның асқан дипломатиялық күш жұмсауы арқылы бұл тапсырма орындалды, тек содан кейін бұл аймаққа таулы-қарабах мәселесін шешу жөніндегі ЕҚЫҰ тобы келді. Таулы Қарабахтағы қақтығысты тоқтату үшін Қазақстан мен елбасының салған күшін асыра бағалау қиын. Бұл оқиғалар тәуелсіздігімізге жаңа ғана қол жеткізген кезеңде орын алды, сол кездің өзінде Қазақстан әлемдік дипломатияда аса маңызды рөл атқара алды. Біз көп жұмыс атқардық, атқарып та жатырмыз, бірақ оны жарнамаламауға тырысамыз. Өз басым бұл тақырыпты алғаш рет көтеріп отырмын. - 26 қыркүйек күні сенат Қазақстан-Қытай мұнай құбырын пайдалануға беру жөніндегі келісімді ратификациялады, елдеріміздің арасындағы осындай әріптестік туралы жаңалықтар көбейіп барады. Халықтың белгілі бір бөлігі, сонымен бірге сарапшылар қауымдастығы арасында Қытайдың Қазақстан экономикасындағы, әсіресе шикізат секторында, рөлінің артуына күдікпен қарау етек алуда. Қазақстан мен Қытайдың кеңейіп бара жатқан әріптестігі жайлы не ойлайсыз? - Бұл мәселе соңғы 10 жыл бойы өзекті болып табылады, және бұл қоғамымыздың кәдімгі, қарапайым қауіптерімен байланысты. Бұл жер жалдауға да, демография мәселелеріне де, экономикалық саясатқа да қатысты. Бір жағынан, бұндай қауіптің негізі де жоқ емес, басқа жағынан, біз жаһандану үрдісінен және қуатты көршілерімізден ешқайда кете алмайтынымызды түсінуіміз керек. Біздің билеушілеріміз, сұлтан, хандарымызда бір ұстаным болған – бар байлығыңды бір жерге сақтама. Мәселе сонда. Екі жағымызда ұлы мемлекеттер: бір жақтан — «жолбарыс», екінші жақтан — «аю». Біз сөзбен айтқанда, жағдай қиын! Осыдан саясатымыз да көпвекторлы. Ата-бабамыздың өсиетін орындауымыз керек, олардың көмегімен жерімізді де, өзімізді де аман сақтай алдық. Тарих пен біздің дипломатиялық ділімізге сәйкес келеді: барлығымен дос болу, ешкімге берілмеу. Кейде махаббатта да шектен шығып кете аламыз. Сондай халықпыз – сүйсек, өлердей сүйеміз, ал жеккөрінішіміз аяусыздыққа да барады. Біздің мұнай құбырларымыздың көбі солтүстік бағытта салынатын. Егер дұрыстап ойласақ, бізге альтернативті жолдар да керек. Біз энергоқуатты мемлекетпіз. Қашағандағы өндіріс басталғаннан кейін, оның әлеуетін ескере отырып, біз өндірілетін және экспортталатын ресурстар бойынша алғашқы бестікке енеміз. Біз үшін бастысы – бір маршрутқа тәуелділігімізден босау. КТК — Қара теңіз, «Баку-Джейхан» — түрік бағыты, Каспий арқылы ирандық бағыт бар. Енді Қытай арқылы да бағыт бар. Бұл әлемдік нарыққа шығуды білдіреді. Біз үшін бұл үлкен жетістік, өйткені Қытай транзиттік қызмет атқарып, Жапония, Корея, оңтүстік-шығыс Азияға жол ашты. Президент стратегиясы өте жақсы ойластырылған – біз мықты транзиттік мемлекетке айналып жатырмыз, мұнайдан емес, транзиттен көбірек пайда алатын боламыз. Қазір инфрақұрылымды тұрақты, мықты мемлекеттің болашағы үшін жасаудамыз. Қытай бізге осы мақсаттарға жету үшін қажет. - Кедендік одақ әлі де талқылау мен алыпсатарлық үшін басты тақырыптардың бірі, әсіресе ұлтшылдық пікірдегі ортада. Негізгі тезис – Қазақстанның аз да болса экономикалық дербестігінен айырылуы, Ресейге тәуелділігінің артуы. Сіз Кеден одағы жайлы не дей аласыз? - Кез келген мемлекет, дамығысы келсе, өнімін өткізу нарықтарын іздейді. Мемлекеттің экономикалық қуаттылығы ақырғы өнімінің көлемі мен оның экспорттық әлеуеті арқылы бағаланады. Бірақ Қазақстан дәстүрлі түрде шикізат мемлекеті болды. Кедендік одақ біздің бұдан құтқарылу жолымыз. Біздің өнімдерімізді – шикізатты есептемегенде – Батыста ешкім сатып алмайды, одақ аумағында қандай болса да, Екінші жағынан, кей кездері біздің ресми органдарымыздың Кедендік одақ бойынша позициясы маған түсініксіз. Бірінші мысал: Ресейдің кедендік қызметі мен ІІМ Қазақстанда жедел іздестіру шараларын жүргізуді сұрайды. Сенатор болған кезімде бұл мәселені көтеріп едім, — біз Калининград облысы немесе басқа губерния, Ресейдің жалғасымыз ба? Үкімет тапсырыс жасап, Сыртқы істер министрлігі протест жариялау керек болатын. Бірақ ол жасалынбады. Тағы бір мысал: ресейлік зымыран ұшып, біздің территориямызға құлады. Біздің Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері зымыран қалдықтарын жинап, ресейліктерге бере салды. Басқа елде мемлекеттік комиссия құрып, тергеу жұмыстарын жүргізіп, кешірім және компенсация талап етілер еді. Ал біз құлдық позициядамыз: үндемейміз. Жақында Ресейдің есірткі бизнесімен күрес комитетінің басшысы Қазақстаннан есірткі келетіндіктен, қазақстандық-ресейлік шекарадан өтетін жүктерді тексеруді қайта жүзеге асыру керектігін айтты. Игі мақсатпен Ресеймен арамыздағы 76 кеден бекеттерін алып тастағанымызда, қылмыстық ахуал нашарлады. Сонымен қатар, бізді Қытайдан келетін сапасыз, нитраттарға толы көкөніс-жеміс өнімдерін заңдастырамыз деп айыптайды. Біз оны «made in Kazakhstan» деп тіркеп, Кедендік одақ арқылы сатамыз. Осындай шағын мотивация ресейліктерді КО концепциясын қайта қарастыруға итермелейді. Мүмкін, біз ресейліктерді қолдап, кеден шекарасын қалпына келтіруіміз керек шығар. Дүниежүзілік кеден ұйымына 150 ел кіреді, әрқайсысында кеден бекеттері бар. - Ресейдің Қазақстан билігінің рұқсатын күтпей улы және тұрақсыз «Протон» зымыран-тасымалдаушыларының Байқоңырдан ұшырылуын қайта бастау туралы шешімі әлеуметтік желілерде қарсылық толқынына тап болды. Байқоңыр мәселесі және ресейлік биліктің Қазақстан билігінің шешіміне мән бермеудің әзірге жалғыз жағдайы туралы не ойлайсыз? - «Протонның» алғашқы құлауынан кейін біздің Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров: «Жоқ, біз рұқсат бермейміз», деді. Меніңше, бұл Ресей үшін бетке салық болды. Бұл барлығына сабақ болуы тиіс, біз бұндай жағдайларды елеусіз қалдырмаймыз. Бірақ зақым сомасы, зиянның экономикалық талаптары келісілген тарифтік схема бойынша жүзеге асуы керек. Біз қандай әдістеме бойынша зақымдарымызды есептеу қажет екенін білгеніміз жөн. Бірақ проблема бұдан ауқымдырақ. Ресей зымыран ұшырудан пайда көреді, ал бізге тек жер жалдағаны үшін төлейді. Қазақстан бұл жобаларға қатысып, старттық кешендердің, ғылыми-техникалық базаның біріккен иесі бола да алады. Біздің мамандардың да кіру рұқсаты болуы керек. Менің ойымша, біз батылдық танытып, барлық мәселелерді тек бір зымыранның құлауы тарапынан емес, кешенді түрде талқылауымыз керек. Бұл жалғыз үкімет отырысы көлемінде ғана емес, білікті тәсілмен шешілуі тиіс мәселе. Осы кезеңде саясатымызды ұстануымыз керек. Мәселені интернационалдық деп тану керекпіз. Ресейліктер, мысалы, зымырандарын өздерінің «Восточный» ғарыш айлағынан ұшыра бастады, біз ресейліктердің орнын толтыратын өзіміздің ғарыш орталығымызды пайдаланушылардың халықаралық тобын құруымыз керек. Ресей өзінің бұл мәселеге қатысуын шектейтінін түсініп, осымен байланысты туындайтын проблемаларды мейлінше қысқартуымыз қажет. Ол үшін өзіміздің мамандарды даярлау керек. - Ғани Есенгелдіұлы, біздің мемлекет үздік әлемдік тәжірибені елімізге енгізуге тырысады. Неліктен бөтен тәжірибеге деген қызығушылығымыз зор? - Жақында елбасы Монакоға барған сапарынан оралды. Бұл мемлекет екі шаршы километрде орналасқан, халқы – 40 мың. Іс жүзінде, шағын лагуна мен жартас. Ал біз неге үйренгенбіз: үлкен аумақ, кеңдік, бостандық, ал оларды кейде дұрыс басқара да алмаймыз. Бірнеше ар жерден бір отбасы күн көріп, экспорт өнімдерін ұсынатын қытайлық тәжірибе, корейлік тәжірибе бар. Еуропада да кішкентай ғана жерден мемлекеттің зор пайда көретін мысалдарын білеміз. Тарих, қызмет көрсету, туризм, банкілік іс – барлығы осында. Монако тиімді экономикалық жүйе қалыптасқан мемлекеттік үлгісі. Мені президентіміздің бір ерекшелігі таң қалдырады: ол әлемді аралап, бізге әлемдік экономиканың үздік үлгілерін көрсетеді. Бізді талаптануға, жақсыға ұмтылуға итермелейді. Реформалар мен бастамалардың негізгі мақсаты осы. Кейде біз үлгермейміз немесе наразылық білдіріп, күңкілдейміз, бірақ ол бізді жақсы өмірге итермелейді. Президент біздің намысымызға тиюге тырысады: — Бұл біздің ел, біздің оны дамытуға мүмкіндігіміз бар. Уақытты босқа өткізбей, жұмыс істеңдер де, жемісін көріңдер.
Remarka.kz