Көлік апатының көбеюіне себеп көп емес

1
3053

Алла табиғат апаттарының атын аулақ қылсын, бірақ, қазір Қазақстанда «апаттың» басқа бір түрі алаң туғызып отырғаны анық. Ол бәріміз білетіндей – жол апаттары.

ҚР Ішкі істер министрлігінің Қоғамдық қабылдауында өткен жиындардың бірінде Жол полициясы комитеті төбемізге жай түсіргендей етіп қорқынышты статистиканы жария еткен болатын: 2002-2012 жылдар аралығында Қазақстан жолдарында жол апатынан 32 000 адам көз жұмған. Енді қараңыз, тоғыз жыл бойы Ауғанстандағы соғыста КСРО-ның 40-шы армиясынан 15 051 сарбаз қаза тапқан. Сонда еліміздің жолдары қанды қырғыннан да қауіпті болғаны ма!? Он жыл бойы жол апаттарынан қаза тапқандар тоғыз жыл бойы күн-түн демей оқ атылған соғыс алаңында қаза тапқандардың жартысынан асып түскен. Сол сияқты бомбаның астында жараланғандар саны көлікке отырып мүгедекке айналғандардың санынан үш есе аз екенін естідік. Яғни, 2002-2012 жылдар аралығында Қазақстанда жол-көлік апаттарынан 160 мыңнан астам адам әртүрлі деңгейде жарақат алса, әлгі Ауған соғысында кеңестік армияның 53 753 әскері жараланып, 417 адам із-түссіз жоғалып кеткен. Орташа есеппен алсақ, біз бір жыл сайын шамамен үш мың азаматымыздан айдың-күннің аманында айырылып қалып отырғанбыз.

Қазақстандағы жол апаттарын тіпті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қанды қырғынға теңеді. Бұл жолы Ауғанстан емес, Президент Қазақстандағы жол апаттарына қатысты жағдайды Сириядағы соғыспен салыстырды.

«Әлем бойынша біз» – деді ҚР Президенті Н.Назарбаев жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «жүрек-қан тамырлары ауруларының өлім көрсеткіші бойынша бірінші орындамыз, ал жол-көлік оқиғалары бойынша екінші орынды иеленіп отырмыз. Ішкі істер министрі Қасымовпен сөйлестім. Өткен жылы республика жолдарында 2 мың 145 адам қайтыс болған екен. Ал осы жылдың 9 айындағы көрсеткіш – 2 мың 273 адам. 22 мың адам түрлі жарақат алған. Көрсеткіш Сириядағы адамдардың қайтыс болуы деңгейімен сәйкес келеді».

Шынында да, бейбіт күнде халқымыздың санын азайтып отырған бұл қандай «жау» болғаны сонда?

Жол полицисы комитетінің пайымдауынша, жол апаттарының санын көбейтіп отырған ең үлкен үш себепті атап көрсетуге болады екен. Жол сақшылары сараптай келіп еліміздегі көлік санының күрт артуы – жол апаттарының басты себебіне айналды деген қорытындыға келіпті. Егер 2002 жылы елімізде 10 қазақстандықтың басына 1 автокөліктен келсе, қазір төрт адамға бір көліктен келеді. Осы жылдың көктеміндегі тың деректерге сүйенсек, 1991 жылы Қазақстанда барлығы 1,4 млн дана көлік болса, қазір олардың саны 4 миллион машинаға (соның ішінде 3,5 миллион жеңіл автокөлік тіркелген) жуықтап қалған. Яғни республикамыздың 1000 адамына шаққанда 235 көліктен келеді екен. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстанның АҚШ-ты қуып жетуіне аз-ақ қалды. Себебі, қазір АҚШ-тың мың тұрғынына 300 автокөліктен келеді. Салыстыру үшін айта кетсек, көлік саны бойынша Қазақстан әрине, әзірге Еуропа елдерімен жарыса алмайды. Мысалға Чехия мен Германияны алайық, бұл елдерде 1000 мың адамға тиісінше 439, 520 көліктен келеді екен.

Жол сақшыларының ойынша, көлік апаттарының артуына екінші себеп – сапасы сын көтермейтін, шұңқыры көлікті «шаршататын», қыстағы қары мен жаздағы шаңы адамды әбігерге салатын ойлы-қырлы жолдар екен. Жол сапасы бойынша әлемде 117-орында тұрсақ, олай болмағанда қалай болады!? Дүниежүзілік экономикалық форум елдердегі жол сапасын жалпы 7 ұпайлық көрсеткіш бойынша бағалаған. Есептей келе, әлемдік форум Қазақстанға бар-жоғы 2,7 ұпай қойған. Жолдарының сапасы 6,5 ұпайға бағаланған Франция бұл рейтингтің ең басынан табылып отыр. Бірақ, қынжылтатыны – Қазақстан жол салу үшін сол Франциядан да, басқа мемлекеттерден де қаржыны көп жұмсайды екен. Мәжілісмен Талғат Ерғалиев өткен аптадағы кезекті депутаттық сауалында: «Иранда автокөлік жолының 1 шақырымын төсеу үшін орташа есеппен 600 мың доллар ақша кетеді екен. Ал бізде дәл сондай параметрлерге сәйкестендіріп жолдың бір шақырымын салу үшін 3,7 млн доллар қаражат жұмсалады» деп, дабыл қақты. Өзге де деректерге сүйенсек, АҚШ-та бір шақырырым жол салу үшін орташа есеппен 2,4 млн доллар, Испанияда 1,64 млн доллар, Финляндияда 1,35 млн доллар, Қытайда 1,16 млн доллар көлемінде қаражат жұмсалады екен. Депутат бұлай дей келе жыл сайын жол салатын құрылыс өндірісінің жаңа технологияларына тиісті технологиялық карталар әзірлеп отыруды ұсынды. Себебі, депутаттың айтуынша, «қазір Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыстар мен қолданылып жатқан технологиялардың нақты құны есептелместен, 1,6 трлн теңгенің жолдары салынып жатқан» көрінеді. Ал осы депутаттық сауал жолданған Көлік және коммуникациялар министрлігінің өкілі болса, Ирандағы жол салу құнына қатысты деректерді тексереміз дегенді алға тартты Мәжілістің өткен аптадағы отырысында.

«Иранда бір шақырым жолдың құны орташа есеппен 600 мың доллар деген ақпарат бізді қызықтырып қалды. Біз ирандық әріптестерімізге хабарласып, бұл мәліметтерді тексереміз», – деп депутаттың сұрағына жауап берген Көлік және коммуникациялар министрлігі Автокөлік жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сатжан Әйтенұлы Қазақстанда да бір шақырымы 600 мың долларға тең келетін жолдар бар екенін айтты.

«Жалпы, әртүрлі елдердегі жолдың сапасы мен құнын салыстырғанда, ең алдымен жолдардағы жолақ сандарын, рельефтерді есепке алу керек. Қазақстанда да бір шақырымы 600 мың доллардан салынған жолдар бар. Бірақ ондай жолдар үшінші техникалық санаттағы жолдар қатарына жатады, яғни олардың ені 7-8 метр, екі жолақты жолдар. Ал шетелдік әріптестеріміздің дерегіне сүйенсек, бірінші техникалық санатқа жататын, яғни 4 жолақты жолдың бір шақырымы Ресейде 5 млн, Германияда – 8,6 млн, Францияда – 3,3 млн, Испанияда – 7,2 млн, Әзірбайжанда – 6,6 млн долларға салынса, Қазақстанда осындай жолдың бір шақырымы 3,7 млн долларға салынады», деп түсіндіруге тырысты С. Аблалиев.

Еліміздегі жолдардың сапасына Президент Нұрсұлтан Назарбаев та көңілі толмайтынын жеткізді. «Жаңа технологиялар есебінен шығындарды азайту жұмыстарымен ешкім айналысып жатқан жоқ. Бұл мәселенің құрылыс саласына қатысы зор. Біз құрылыс саласында еуростандартқа көшу мәселесін сөз қылған болатынбыз. Бұл бағытта ешқандай жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Жол құрылысы кезінде жаңа технологиялар қолданылмайды. Ресейде «Қазан-Мәскеу» жолының құрылысы темір-бетон өнімдерінің жаңа түрлерін қолдана отырып жүріп жатыр. Оны салу мерзімі бар болғаны 2 жыл, ал құны үштен бірге дейін қысқармақ. Ал бізде болса жаңадан салынған жолдардың өздері бір жыл қолданыстан кейін жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Бұның Астананың жолдарына қатысы бар. Нәтижесінде, көп салып жатқанымызға қарамастан, біз жол сапасы бойынша әлемдік рейтингте 144 елдің ішінде 117 орындамыз. Бізге беріліп отырған баға осындай. Біз ақшаны беріп, жолдарды салдыртып жатырмыз. Бұл жұмысты қалай жүргізудеміз», – деген еді Президент Нұрсұлтан Назарбаев жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Сонымен, 97 мыңнан астам шақырымға созылып жатқан Қазақстандағы автомобиль жолдарының қанша бөлігі сапасыз? Қаншасы жүруге келмейді, қанша шақырым жолда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр?

Көлік және коммуникациялар министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзынды 97 416 шақырым, оның ішінде 23 484 шақырымы республикалық, 73 932 шақырымы облыстық және аудандық маңызға ие жолдар. Бұл жолдар ішінен жоғарыда айтқан І санатты жолдардың ұзынды 1 141 шақырым, ІІ санаттағы жолдардың ұзындығы 4 797 шақырым, ІІІ санаттағы жолдар – 31 069 шақырым, ІV санағаттағы жолдар – 48 379 шақырым, V санаттағы жолдар 12 030 шақырымды құрайды. Республикалық маңызы бар жолдардың 30 пайызы, облыстық және аудандық маңызға ие жолдардың 16 пайызы жақсы жағдайда, республикалық жолдардың 49 пайызы, облыс, аудандық жолдардың 47 пайызы қанағаттанарлықтай жағдайда болса, республикалық маңызы бар жолдардың 21 пайызы, облыс және аудандық маңызға ие жолдардың 37 пайызындағы сапа қанағаттанарлықсыз болып отыр.

Ал күні кеше ғана жоғарыда айтқан Үкімет отырысындағы Елбасының тапсырмасына орай Көлік және коммуникациялар министрі Асқар Жұмағалиев баспасөз мәслихатын өткізді. Оның айтуынша, биылғы жылы 5898 шақырым, оның ішінде 3485 шақырым республикалық маңызы бар жол жөнделді. Бұл мақсатқа 310 млрд. теңге қарастырылған. Бірақ, неге екені түсініксіз, осы жұмыстардың нәтижесінде жолдардың жай-күйі 2 пайызға ғана жақсарады екен.

«Президент тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы әзірленіп жатыр. Оның аясында 2020 жылға қарай жалпы қолданыстағы жолдардың 29000 шақырымын жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді А.Жұмағалиев.

Ал Президенттің жол салуда жаңа технологияларды пайдалану жғаы ақсап тұр деген сынына орай министр мынандай деректі мәлім етті: «Бүгінде жаңа технологияларды енгізу үшін оларды сынақтан өткізіп, еліміздің климаттық жағдайына сәйкестігін байқау қажет. Осы мақсатта Қазақстан бойынша 40 сынақ учаскесінде жол төселді. Біз жол төсемесінің жағдайын бақылап, бұл технолоиялардың біздің климатқа қолайлылығын тексеріп жатырмыз. Мемлекет басшысы айтқан монолитті темірбетон көпірлерінің құрылыс технологияларына келетін болсақ, оны біз қазір Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында сынақтан өткізіп жатырмыз. Мониторинг оң нәтиже көрсетіп отыр. Сынақ аяқтаған соң, технологияны жаппай пайдалануға кірісеміз», – деді ол.

Не де болса, Мемлекет басшысының сыны сүйегінен өтті ме, министр тіпті жеке блогына да көп мәселелер көтерілген мақаласын жазыпты. Министр мақаласында былай дейді: «Менің блогыма өңірлердегі жолдар туралы жазылған хаттар жиі келеді. Қазақстандықтар жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары мен жөндеу жұмыстарының сапасына шағымданады немесе реконструкция жұмыстарын тездетіп аяқтауды сұрайды. Өздеріңіз білесіздер, Елбасы жақында автожол саласының ахуалын сынады. Бұл – әділ сын, сондықтан өзіме жиі қойылатын сұрақтарды ескере отырып, саланың бүгінгі жағдайы мен атқарылған және министрлік қабылдаған іс-шаралар туралы өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдім». Министр ең алдымен автомобиль жолдарының жағдайына тоқталған.

«Бұл салада шешімін күткен мәселелер баршылық. Айталық, еліміздегі жалпы жолдардың 33%-ның қанағаттанарлықсыз жағдайда болуы, жөндеу жұмыстарының сапасы, жолдарды күтіп ұстау мен реконструкциялауға қаржының жеткіліксіз бөлінуі, тасжолдарды бұзатын ауыр жүк көліктерінің көптігі, басқару құрылымы мен заңнаманың жетілдірілмегені және т.б. Бұл мәселелерден өздеріңіз де хабардарсыздар. Әрине, біз қаржыландырудың тапшылығы туралы айтқанымызбен, 2001 жылға дейін автомобиль жолдары тіптен қаржыландырылған жоқ десе де болады. 2001 жылы бөлінген қаржыға 2,5 мың км жолға жөндеу жұмыстары ғана жүргізілді. Онда да қолданыстағы жол желілерін ұстап тұру үшін орташа және ойықтарды жамау секілді жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. 2009 жылдан бастап бұл саланы қаржыландыру бірнеше есеге артты. Ағымдағы жылы біз 5898 км жолға (оның 3485 км республикалық маңызы бар жолдар) жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Оның ішінде 2315 км-не реконструкция жұмыстарын жүргізсек, 58 км жол күрделі жөндеуден өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірлеп жатқан Көлік инфрақұрылымын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында біз 2020 жылға қарай еліміздегі жалпы қолданыстағы жолдардың 78%-ын жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізетін боламыз. Сондай-ақ 29 000 км астам жолды жөндеу жұмыстарымен қамтамасыз етеміз» деп уәде еткен министр. Бұл мақаласында А.Жұмағалиев министрлікке қарасты Автомобиль жолдары комитеті мердігерлерді іріктеу ісіне араласпайтынын мәлім еткен. «Автожол саласындағы ең басты проблема ол – басқару құрылымы мен заңнаманың шикілігі. Осының салдарынан жол құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлық қаупінің көрініс беруі туралы жиі айтылып жүр. Оған басты себеп – бақылау функцияларының бір жерге топтастырылғаны, яғни Автомобиль жолдары комитеті өзі тапсырыс береді, өзі бақылайды, өзі жұмысты қабылдайды. Біз өткен жылы мұндай басқару құрылымын түбегейлі өзгерту туралы шешім қабылдадық және қызметтерді қайта бөлдік. Нәтижесінде Автомобиль жолдары комитетінде стратегиялық жоспарлау, нормативтік және ғылыми қамтамасыз ету, сапа сараптамасын ұйымдастыру қызметтері ғана қалды. Комитет ендігі жерде қандай жолдарға қашан жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жоспарлайды, сондай-ақ құрылыс жұмыстарының сапасын бақылайды. Ал, конкурстарды ұйымдастыру, мердігерлерді анықтау, жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстарымен «Қазавтожол» АҚ айналысатын болады. Бірақ, олар салынған жолдарды қабылдамайды, жүргізілген құрылыс жұмыстарын FIDIC халықаралық ережелері негізінде жұмыс істейтін арнайы инженерлік қызметтер қабылдайды. Бұл ережелерді біз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы барысында қолдандық деген министр бұл ретте әлі жол салу құнына қатысты пікірлерге жауап ретінде FIDIC (инженер-консультанттардың халықаралық федерациясы) бойынша мердігердің атқарған жұмысына ақы төлеу туралы шешімді инженер қабылдайтынын жеткізіпті. «FIDIC (инженер-консультанттардың халықаралық федерациясы) бойынша тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы келісім-шарттың үлгілік нұсқасы бүгінгі күні 80 елде қолданылады, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарының қаражатына жол құрылысын жүргізген жағдайда оларды қолдану міндетті болып табылады. FIDIC талаптарына сәйкес жобаны басқарумен айналысатын инженердің сәйкес еңбек тәжірибесі болуы шарт және ол конкурс негізінде таңдалып алынады. Ол жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасына толығымен жауап береді, барлық техникалық шешімдерді шұғыл түрде қабылдайды, бір сөзбен айтқанда тапсырыс берушілерге жүктелген қызметтерді атқарады. FIDIC талаптары бойынша атқарылған жұмысқа ақы төлеу туралы шешімді инженер қабылдайды, осылайша тапсырыс берушімен мердігер арасындағы байланысты болдырмайды. Тағы бір маңызды мәселе, FIDIC шарттарында құрылыс жұмыстары мезгілінде басталмаса, мерзімінен кешіктіріліп тапсырылса, жол төсемелерінің сапасы нашар болса және т.б. жағдайларда айыппұл салу қарастырылған. Сондай-ақ, инженерлік қызметтің де жеке жауапкершілігі қарастырылған, тіпті қылмыстық жаза да қолданылуы мүмкін. Егер инженерлік қызмет тарапынан қандай да бір кемшілік жіберілген болса, олар аталған қызметті жүзеге асыру үшін берілген лицензиясынан айырылады. Республикалық маңызы бар жолдардың құрылысы мен реконструкциясы барысында жұмыстың мұндай үлгісін тестілеуден өткізу арқылы, алдағы уақытта бұл әдісті жергілікті жолдардың құрылысы барысында да қолдануды көздеп отырмыз. Осылайша, бүгінгі күні жергілікті жолдардың жағдайына жауап беретін әкімдіктер бұл мәселеге немқұрайлы қарамайтын болады. Сондай-ақ министрлік автожолдарды басқару жүйесін әзірлеуде. Біз Халықаралық қайта құру және даму банкімен бірлесіп Қазақстанда автомобиль жолдарын басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізуді жоспарлаудамыз. Онда еліміздің автомобиль жолдарының жағдайы туралы барлық ақпарат жинақталатын болады. Бұл жүйеге жолдардың жағдайын бағалайтын көпфункционалды зертханалардың мәліметтері мен жолдардағы ақаулар және бақылаудың автоматтандырылған жүйесіндегі қозғалыс қарқындылығы туралы мәліметтер топтастырылады. Нәтижесінде аталған жүйе жолдардың жағдайын бағалауға, жөндеу жұмыстарының түрлері мен маңыздылығын анықтауға, қажет бюджетті есептеуге мүмкіндік береді. Бұл жаңашылдықтың артықшылығын автокөлік иелері де сезінеді. Олар жолдардың жағдайын онлайн-режимінде көре отырып, өздерінің жүру бағыттарын өзгертуге, алдын-ала жоспарлауға мүмкіндік алады», деп түсіндірген министр өз блогында.

Жалпы, елімізде жол салу сапасына жаңа бір серпін берген ірі жоба ол – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі екенін белгілі. Бүгінгі таңда жолдың 1600-ден астам шақырымы салынып бітіпті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің 1625 км-де құрылыс жұмыстары аяқталды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің құрылысы барысында біз алғаш рет халықаралық сапа стандартын қолдандық. Мен бұл жөнінде жоғарыда айтып өттім. Автомобиль жолдары комитеті мен «Облжоллаборатория» РМК-нен бөлек жол құрылысы жұмыстарының сапасын займ есебінен қаржыландырып отырған банкке бағынысты шетелдік инженерлер де бақылауда. Жоба туралы жалпы айтқанда, біз биылғы жылы жұмыстың үштен екі бөлігін аяқтап, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің соңғы учаскелеріндегі (Алматы – Қорғас, Шымкент – Жамбыл облысының шекарасы, Тараз қаласын айналып өту) жұмыстарға кірісіп кеттік. Жақын уақытта «Ташкент – Шымкент» учаскесінде дайындық жұмыстары басталады. Жоспар бойынша ағымдағы жылы автомагистральдің 806 км жолында көлік қозғалысын іске қосамыз. Бүгінгі күнге 710 км жол салынды. Жылдың соңында жалпы алғанда 1721 км жолда көлік қозғалысы іске қосылады. Сондай-ақ биылғы жылы атқарылған жұмыстар бойынша ең негізгі нәтижелеріміздің бірі – орталықтан өңірлерге қарай бағытталған жолдарда құрылыс жұмыстарының басталғаны. Елбасының тапсырмасынан кейін біз кейбір жол учаскелерінің жобалау-сметалық құжаттамасын аз уақыттың ішінде әзірлеп, конкурс өткізіп, құрылыс жұмыстарын бастап кеттік. «Астана – Павлодар» бағыты бойынша бүгінгі күні 37,7 км құрайтын жолда құрылыс жұмыстары жүруде. Алдағы жылы қолға алынатын құрылыс жұмыстары ауқымды болмақ, яғни 429 км жолда толығымен реконструкция жұмыстары жүреді. «Орталық – Батыс» бағыты бойынша қазіргі кезде «Бейнеу – Шетпе» және «Арқалық – Торғай» учаскелерінде құрылыс жұмыстары жүруде. Осыдан бірнеше күн бұрын «Шетпе – Ақтау» учаскесінің 170 км реконструкциялауға конкурс жарияланды.

Сондай-ақ, келесі жылы «Алматы – Қапшағай» жолы жөндеу жұмыстарымен толығымен қамтылады, бүгінгі күні 52 км учаскесінде реконструкциялау жұмыстары жүруде», – деген министр өз мақаласында.

Бұл айтылған мәселелердің барлығына көкейдегі көп сұраққа жауап бере отырып, қала мен даланы жалғап тұрған жолдардың жағдайы жақсарады дегенге сендіреді. Ал әзірге, республикалық маңызы бар жолдардың бойында 58 апатты-қауіпті участок тіркелгенін ескерген жөн. Бұндай деректі мәлім еткен «Қазақавтожолдар» мекемесінің баспасөз қызметі түсіндіргендей, егер жолдың сол учаскесінің шақырымында бір жыл ішінде екі және одан да көп жол апаты тіркелсе, жолдың сол аумағы апатты-қауіпті болып саналады» екен.

Жолдың осындай аса қауіпті аумақтарынан басқа, жол полицейлері көлік апаттарының жиілеуіне себеп деп түсіндіріп отырған үшінші бір үлкен мәселе бар – ол адам. Ереже бұзатын жүргізушілер, мас күйінде көлік айдап, жылдамдықты шамадан тыс арттыратын, жолдағы жаяу жүргінші бала ма, қарт па, оған қарамайтын «мәдениеті төмен, білімі аз» жүргізушілер жол апаттарына себепші үлкен факторлардың бірі болып қалып отыр.

ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті 2013 жылдың 9 айында Қазақстан бойынша 15 397 жол-көлік оқиғасын есепке алыпты. 2 мыңнан астам адам, соның ішінде шамамен 200 бала қаза тапқан. Енді осы жол апаттарының басым бөлігі қандай жағдайлармен байланысты болғанын қараңыз: тоғыз ай ішінде жол апаттарының ең көбі, яғни 6612 оқиға жаяу жүргіншіні қағып кетумен байланысты болған. 5 484 жағдайда көліктер бір-бірімен соқтығысып қалса, 1 381 көлік аударылып қалған, 726 жағдайда көлік иелері жолдағы кедергілерге соғылып отырса, 357 жағдайда велосипед жүргізушілері зардап шегіп отырған, 179 жүргізуші тоқтап тұрған көліктерді соғып кеткен. Енді бұл жол апаттарына нендей жағдайлардың себеп болғанын тізіп көрейік: 3 699 адам жылдамдықты шамадан тыс арттырған, «желмен жарысқан» жүргізушілер жүздеген адамның өміріне қауіп төндіргені анық. Ал жоғарыда айтқанымыздай, жүргіншілерді қағып кеткен 6612 оқиғада тек 950 адам ғана жолды белгіленбеген жерден өткен. Қалған жағдайлардың барлығында көлік жүргізушісі көз алдындағы адамдарды көрмегені ме сонда? 1 238 көлік иесі кептелістен қашқаны белгісіз, үлкен жолдарда жарыс ұйымдастырғысы келгені белгісіз – әйтеуір жолдың қарсы бетіне шығып кетіп отырған. Жаяу жүргіншілер өтетін көпір маңдарында 1 320 көлік апаты тіркелсе, 666 адам көлікке алкогольді немесе есірткіге мас күйінде отырған. Бірнеше мысал келтіре кетсек. Осы жылдың көктемінде Мәртүк ауданындағы 5 жасар Мансұр есімді бала анасының қолынан ұстап келе жатып, қаза тапты. Екі кештің арасында анасымен жетектесіп келе жатқан баланы бір көлік қағып кетеді. Көліктің қатты келгені соншалық, бала бірнеше метрге ұшып кетеді. «Көлік жолдың қарсы бетіне шығып, қатты жылдамдықта келе жатты. Баламды қағып кеткен соң жүргізуші бірден тоқтай қоймады. Оны тоқтатпақ болған себебім – баламды ауруханаға жеткізуін сұрайын дегенмін. Ал жүргізуші болса удай мас, тіпті көлігінен шыққанда жерге құлап қалды. Оның жанында әйелі отырды, ол да ащы суды тоя ішкен екен. Бізге көмектесудің орнына оның әйелі біреулерге хабарласты да, қашып кетті. Балам солай көз алдымда қаза тапты», – деп еске алады ол трагедияны Альбина есімді ана. Ал Мансұрдың өмірін қиған әлгі мас адам сол аудандағы соттың көлік жүргізушісі екен. Өскеменнің Риддер қаласында да маскүнем бір сәбиді көлігімен қағып өлтірген. Ұлын арбаға салып жол бойында кетіп бара жатқан әкені мас күйінде көлікке отырған адам қағып кетеді. Бала сол жерде жан тапсырса, әкесі ауруханаға түскен болатын.

Қыркүйек айының соңында Оңтүстік Қазақстан облысында мас күйінде КамАЗ көлігін жүргізген адам колледжердің бірінде оқитын бір топ студентті қағып кеткен. Оның кінәсінен бір жас жігіт жан тапсырып, үш студент ауруханаға түскен. Оқиға орнынан қашып кеткенімен кейін табылған жүргізуші әзірге екі айға қамауға алынып отыр. Бұлай тізе берсек қайғылы оқиғалардың саны көп. Мас болып, көлікке отыратындардың күйі қазір қоғамда қызу талқыланып, айтылып-ақ жүр. Тыңдарға құлақ, ойлауға сана болса, әрине. Бәлкім, арақ ішіп, есірткі қолданып, көлік айдауды сән көретіндер бар шығар. Алайда, бұл қоғамды да, мемлекетті те толғандырып отырған үлкен қатер. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың өзі «Мас күйінде рөлге отырған жүргізуші қылмыскер. Оны біздің заңымыз бойынша ең қатаң жазаға тарту қажет. Немесе ол заңдарды күшейту керек. Қаншама адам қайтыс болып жатыр, бұл сұмдық қой. Біз бір жағынан халықты емдеп, олардың өмір сүру ұзақтығын арттырып жатсақ, екінші жағынан республика жолдарында өлтіріп алып жатырмыз. Бұған назар аудару қажет», – деп қабақ шытқан болатын.

Елбасының осындай пікірі айтылған отырыстан бұрынырақ Бас прокуратураның қоғамдық кеңесінде бұл мәселе талқыланған болатын. Бас прокуратураның бірінші басқармасының басшысы Алмаз Мұхамеджанов айтқандай, енді ішімдіктен ұрттап алып көлікке отырғандар 10 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылады.

«Көлік жүргізіп қылмыс жасағандардың жазасы қатаяды. Әсіресе, мас күйінде көлік жүргізгендер үшін қатаң жаза қолданылады. Яғни олар 10 жылға дейін көлікті басқару куәлігінен айырылады», – деген болатын ол.

Көлік апаттарының артуына басты себеп деген жоғарыдағы екі мәселе – сапасыз жолдар мен көлік санының артуы жол сақшыларының жұмысын күшейтіп, қаржы бөлу сияқты жолдар арқылы бір реттелер. Ал заңға бағынбайтын, біреудің өмірі үшін де, өз өмірі үшін де қам жемейтін жауапсыз жүргізушілерді қатаң жаза тоқтата алады ма екен, кім білсін!? Әзірге, Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевтің мына бір ақпараты көңілге медеу болып тұр: «Жол-көлік апаттары кезінде шұғыл көмек шақыру жүйесін енгізу өлім көрсеткішін 30% төмендетеді. Бұл жүйе – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кешенді шаралардың (жолдарды реконструкциялау, қоршаулар орнату және т.б.) ішіндегі тағы бір ноу-хау. Әрине, бұл жолдың қарсы бетіне өтіп кету, жылдамдықты арттыру, көлікті мас күйінде жүргізу, арақашықтықты сақтамау секілді әрекеттердің алдын алмайды. Бірақ жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда шұғыл қызметтердің оқиға орнына тез келуін қамтамасыз етеді. Алтын уақыт ережесіне сәйкес құтқарушылар оқиға орнына неғұрлым тезірек жетсе, зардап шегушілерді құтқару мүмкіндігі де соғұрлым арта түседі.

2015 жылғы 1 қаңтардан бастап жолаушылар тасымалымен және қауіпті жүк тасымалымен айналысатын барлық автокөліктер арнайы терминалдармен жарақтандырылды. 2016 жылдан бастап Кедендік Одақтың техникалық регламентінің мерзіміне сәйкес мұндай терминалдар зауыттан шығарылған барлық автокөліктерге орнатылатын болады. Ал, жеке автокөлік иелері өздерінің бұрын сатып көліктеріне өз қалаулары бойынша орната алады. Бұл жүйені енгізу арқылы шұғыл қызметтердің әрекет ету уақытын айтарлықтай қысқартуды, жол-көлік апаттары салдарынан орын алатын адам өлімі көрсеткішін 30% төмендетуді көздеп отырмыз».

Кенжекей ТОҚТАМҰРАТ

1 Пікір

  1. Жол полицияларына құдай беріп қалды. Олар қазір ала және әнгір таяқтарын жүргізушілерге ойнатып жүр.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз