САТИРА ТЕАТРЫНА Садықбек Адамбековтің аты берілсе жарасып-ақ кетер еді

1
2551

 

                      Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовке хат

 

         Құрметті Асқар Исабекұлы!

     Біз, Елбасы айтқандай,кешегісі тұлдыр, болашағы бұлдыр халық емес,ерлік пен елдікті тұғырымызға ту етіп байлаған еңсесі биік елміз. Баянды ғұмыр үшін баз кешіп өткен бабаларымыздың рухын әспеттей білетін, қорғай білетін қордалы елміз. Бабаларымыздың басқан ізі де, ізгілікті ісі де – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Ал жасампаз істі жалғастыру – азаматтық парызымыз.

Өзіңіз тізгінін ұстап отырған Оңтүстік Қазақстан облысындағы 26 мұражай өсіп-өнген өркениетті елдігіміздің бір көрінісі. Мұншама мұражайдың қай-қайсысын алсаңыз да бір-бірін қайталамайтын ғажайып тәрбие мектебі. Айталық, Түркістандағы Нұртас Оңдасынов атындағы мұражай, Саттар Ерубаев атындағы мұражай, Нәзір Төреқұлов атындағы дипломатиялық мұражай, Ордабасыдағы Қажымұқан атындағы спорт мұражайларына мәңгі есте қалдыру мақсатымен қазақ үшін қабырғасы қайысқан ерлердің есімін берген. Жарасып-ақ тұр.

Бір ғана Төлеби ауданынан Тоқболат Тоғысбаев, Бексейіт Түлкиев секілді әйгілі 28 қылқалам шеберлері шыққан. Олардың өнерін паш ететін суретшілер мұражайы мәдени қорымызды толықтыра түскен. Қаланың қақ ортасынан орын тепкен ұлы компазитор Шәмші Қалдаяқов рухын асқақтатып тұрған  «Шәмші аллеясы» да сан-алуан жастардың сана-сезімін қалыптастыратын саябақ. Еуропада өткен Халықаралық әншілер байқауында «Әлия» әнімен қазақ өнерін әлемге әйгілеп, «Алтын орфей» Бас жүлдесін алып берген дарынды компазитор Сейдолла Бәйтерековке күні кеше орнатылған ескерткіш те ұлт үшін туған ұландарымызды ұлағаттай білудің айғағы.

Республика бойынша тұңғыш рет мемлекеттік әзіл-сықақ театрының Шымкентте ашылуы – тәуелсіз Қазақстанның сахна өнерінің терең тамыр жайғандығын білдіреді.

Елдің еңсесін көтеретіндей күлкі керек. Күлкі – күллі жұрттың корегі. Қай халық болмасын қалжыңсыз өмір сүрмеген. Күлкісіз – көңіл құлазиды. «Ештеңеден қорықпайтын адам күлкіден ғана қорқады» дейді ертедегі данышпандар. Ендеше, күлкі – сатира театрының қаһарлы қаруы. Қаһарлы қаруды қолдан түсіруге болмайды. Мысалы, бір ғана Мәскеуде отызға жуық мемлекеттік әзіл-сықақ театрының жұмыла жұмыс істеп жатуы тегін емес.

Тәуелсіз еліміздің дәуірлеу кезеңінде Шымкентте мемлекеттік әзіл-сықақ театры ашылып, кіндігі кесілгеніне бес жыл болды. Тәй-тәй басқан қадамы құтты болсын! Бірақ бұл жас театрдың аты жоқ. Неге? Біздің айтпағымыз – осы әзіл-сықақ театрына бойдағы қуат пен ойдағы нәрді сарп етіп өткен сатира сардары Садықбек Адамбековтің аты берілсе орынды болар еді.

Әдебиетіміздің  өркендеуіне елеулі үлес қосып, артына мол мұра қалдырған Садықбек Адамбековтің шымбайға батырып жазған шығармалары бір төбе. Драматургияға сіңірген еңбегін былай қойғанда, қазақ әдебиетінде тұңғыш рет «Атылған қыз туралы аңыз» атты сатиралық роман жазған айдарлы қаламгер. Заманымыздың заңғар жазушысы ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезов «Садықбектің әр сақалының түбінде бір-бір сайтан ұялап жатыр» деп бағалаған. Осындай от ауызды, орақ тілді классик сықақшының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында сатира театрына Садықбек Адамбековтің атын берсе құба-құп.

Мұрат Жұрынов,

академик, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті.

Шериаздан Елеукенов,

    академик, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Тұрсынбек Кәкішов,

академик, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Қуаныш Айтаханов,

    ҚР Парламенті сенатының депутаты.

Жабал Ерғалиев,

жазушы, ҚР Парламенті сенатының депутаты.

Уәлихан Бишімбаев,

    ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты.

Шалатай Мырзахметов,

ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты.

    Мыңбай Рәш,

    ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

    Ғаббас Қабышұлы,

сатирик, Қазақстанның құрметті журналисі.

    Үмбетай Уайдин,

    сатирик, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

    Дулат Исабеков,

жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

    Несіпбек Айтұлы, 

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Бауыржан Ибрагимов,

    Республикалық эстрада әртістері одағының төрағасы.

Көпен Әмірбек,

    сатирик, Қазақстан Жазушылар одағы сатира кеңесінің төрағасы,

ҚР Президенті сыйлығының лауреаты.

    Қазыбек Иса,

Ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, «Қазақ үні» газеті президенті.

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз