«Жастарыңды көрсет, еліңнің ертеңін айтайын...»

507553_1352651719_300_0_0Жастар – қоғамның қозғаушы күші, ел ертеңі. «Жастарыңды көрсет, еліңнің ертеңін айтайын» деген екен келешегіне алаңдаған бір адамға әйгілі данагөй. Кез келген жеке тұлғаның қоғамдағы орны оның жас күнінде қалыптасып, кірпіші қаланады. Жастар – бүтіндей бір елдің тірегі. Қандай да бір елді жаулап алғың келсе, алдымен жастарының рухын сөндір, санасын аямай ула, радикалды ағымға бағыттап, зомби қылып жібер. Бітті. Олар сенің иелегіңде. Жалғыз ағаштың орман бола алмайтыны секілді, мемлекетінің қолдауынсыз және бағыт-бағдарынсыз жас адам өздігінен тіршілік ете алмаса керек-ті. Сондықтан әр мемлекет өзінің жас азаматтарының жарқын болашақтарына жол сала білуі керек. Сонда ғана гүлденген елді, көркейген жұртты көре аларымыз хақ дүние. Осындайда «Ұлым деген жұрты болмаса, жұртым деген ұл қайдан болсын» деген Ахмет бабамыздың тәлімді тәмсілі ойға оралады. Қазақ елінде де мемлекеттік жастар саясаты деген атауы дардай әлеуметтік саясат бар. Мұнда жастар деп аталатын әлеуметтік топтың саясатын дамыту, жастарды қолдау және олардың тыныс-тіршілігіне дем беру тақілеттес мәселелер жолға қойылған. Қағаз атаулыға «қойылған» деп ресми әрі заңды түрде басылғанымен, бүгінгі билік – тоқ баланың, ал жастар – аш баланың ролін ойнап жүрген сықылды. Тоқ баланың аш баламен ойнамайтыны тағы бар. Десе де аш бала деп өзімізше ат қойып, айдар таққандардың арасында қайбір қылықтарымен қарын тойғызып жүргендер де бар. Солардың бірі әрі бірегейі – «әйгілі» «Жас Отан». Әйгілі деп әспеттеп отырғанымыз болмаса, шын мәнінде әйгілілігі шамалы. Олай болса, кеңестік комсомолдан аумай қалған «түрі» бар, беделінен бос айқайы көп, бітірген істерінен былайғы жұрт бейхабар, көтере алмас шоқпарды беліне байлаған «қорқақ батырлардай» ысқырықтары жер жаратын бұл ұйымның қазақ қоғамына қажеті қаншалық?.. «Дипломмен – ауылға!» деп ұрандады. Паһ, шіркін!.. Бір жылда мыңдаған түлек диплом алып, оның бес-алтауының ауылға барғанын ода қылды. Тоқсан мың теңгесін және басқа да жеңілдік-сымақтарын алған жас маманды «мә, саған жұмыс, істей ғой» деп күтіп отырған ешкім жоқ. Аңыраған ауылдың қаңыраған үйлері мен үңірейген шұрық тесік көшелерін есептемегенде. Бір жыл айлығын не шәйіне, не жәйіне жеткізе алмай сенделіп, «есік күзетіп, тиын алсам да, қалада жүргенім артық» деп шерлі көңілмен келіп жатқандардың талайын көрдік. Бұл да шикі-шала бірдеңе. «Жастар кадрлық резерві» деп жұртты дүрліктірді. Нәтижесін кім біледі?.. Басы-қасында жүргендер соңы ғажайыппен аяқталатын мистикалық шығарма оқығандай болған шығар, мүмкін. Дегенмен, сол жобадан кейін Нұреке ІІІ (үшінші) айтқандай, «командалық элитаға» айналып кеткен ешкімді көрмедік. Баяғы «Жас Отан» сол ақ қағазға салақұлаш «уәделерін» жазып алып, оқып бергеннен басқа түк те бітірген жоқ. Бәлду-бәлду, басқа «бітірген» жұмыстарына бас ауыртпай-ақ қоялық. «Жас Отанның» билік тізгініне жақтары желімденіп қалған партияның «сарыүрпек» қанаты болған соң ғана әләуләйлімдері шырқалып тұрғанын әріп танымайтын әжем де біледі. Кезіндегі коммунистік дәуірде «комсомолдан шығасың» дегенде есіміз ауып қалатын дейді ағаларымыз. Қазір билік партиясының Жастар қанаты «Жас Отанға» мүшесің бе?» деген сауалыңызға «О немене?» деп ожырая қарайды. Бұған сенбесеңіз мына мәліметке көз жүгіртіңіз. «Жас Отан» Жастар қанатын (төрағасын, мақсаты мен міндетін) білесіз бе?», «Егер білсеңіз, ол ұйымның атқарған қандай іс-шараларын атай аласыз?», «Жас Отанның» қатарында өзіңізді көргіңіз келе ме?» деген үш сауалдан тұратын сауалнама жүргізіліп, нәтижесінде қатысқан респонденттердің 70%-ы үш қайтара «Жоқ» деп жауап берсе, қалған бөлігі «естуім бар», «төрағасы ҚР Президенті» деген жауаптармен шектелді. Үшінші сауалға «егер жағдайымды жасап, әлеуметтік мұқтаждықтан арылта алса, неге мүше болмасқа» деген жауаптар да болды. Бірде сол ұйымның Жастар парламенті деген шалағай жобасының «депутаты» болып жүрген азаматқа «Осы сендер немен айналысасыңдар?» деген сауалымды төтесінен жібергенімде, үнсіз қызарақтап, жауап бере алмай қиналғаны бар. Осындай «шалағайлармен» ала шапқын болып жүретін «Жас Отанды» қазақ баласының, анығын айтқанда, шалғайдағы қазақтың қарадомалақтарының қамын жасайды дегенге мойнымды бұрап жұлып алса да сенбес едім. Осыдан соң мұндай ұйымның қажеттілігі туралы сөз қозғаудың бекершілік емес екенін түсінетін шығарсыз. Ұйымның басты мақсаты ретінде «Қазақстан Республикасы жастардың жан-жақты дамуына әлеуметтік-экономикалық және басқа жағдайлар жасауда, оның рухани-адамгершілік, интеллектік және дене күш-куатын дамытуда, әлеуметтік статусын және экономикалық жағдайын жақсартуда, саяси, құқықтық, экологиялық және рухани мәдениет деңгейін жоғарылатуда партияға көмектесу – ЖҚ міндеті болып танылады.» деп көрсетілген. Айтыңызшы, осы сөйлемнен түсінгеніңізді былай қойғанда, Жастар қанатының аталған мақсаттарын орындай алған яки діттегендеріне жете алған тірлігін естіген құлақ, көрген көз, сезінген саналы бар ма екен? Әгереки, жоғарыдағы іспетті атқарған міндеттерін санамаласақ, қолыңыздың бір-екі саусағының бүгілеріне күмәнсіз сенем. «..Басқа жағдайлар жасау» деп бадырайтып қойыпты. Қанша ойлансам да ол қандай басқа жағдай екеніне миым жетпей қойды. Жастардың дауысын елемеу, олардың мұң-мұқтажын тыңдамау, интеллектуалдық потенциалын пайдалану, жылағанға жұбаныш бола алмау – осындай «басқа жағдай» шығар, бәлки... Міндеттері тұсында «демократиялық және әлеуметтік-әділетті қоғам құру процессіне жастарды тарту» деп таңбаланыпты. Әлгі «әдемі» процесін білмеймін, басқа шаруаға жастарды қалай тартып жүргенін зағип көріп, саңырау естіп жүр. Мысалы, мүшелікке тарту үрдісі. О заманда бұ заман таңдау еркінен айырған ұйымды көрсеңіз, ол – «Жас Отан». Олар сізден сұрамай-ақ, мемлекеттік мекеменің табалдырығын аттасаңыз болды, топырлатып мүшелікке «тығып» жібереді. Содан кейін отыз жасқа аяқ басар тұста автоматты түрде «Нұр Отанның» мүшесі болып шыға келесіз. Байқайсыз ба, жағдайыңызды қалай-қалай ойлайды? Сізді үгіттеп әуре болмайды. Тірліктеріне қарасаңыз, бүгінде жар салып жарнамалап жүрген электронды үкіметтің лездік қызметі әдірәм қалады. Өткен аптада осы «Жас Отан» Жаңаөзен атауына қатысты ұстанған саяси пікірлерін жария етті. Саясатпен айналысып, шайнап бергенді жұтқан түрлері ғой. Айналайындар, әулие бабаның әруағымен ойнамаңдар! Алдымен қазақтың қара баласының қамын жасап алыңдар. Шалағай шаруаларыңды бүтіндеп алыңдар, сосын шырылдай жатарсыңдар. Естеріңде болсын, ұлттық рухың мықты болмаса және ұлттық қасиеттен жұрдай болсаң, қай жерде жүрсең де бәрібір. Ұлтты сүю – Отанды сүю. Ал Отанды сүю сендерше қағаз бетінде ғана түзілген жалған патриоттық емес! Ұлтты сүю – Тіліңді қастерлеу, Тарихыңды тану, Мәдениетіңді құрметтеу, Тегіңді ұмытпау және тағы сол сияқты адамгершілік құндылықтармен өлшенетін қасиет. Мұндай қасиеттердің бірін де бойына сіңіре алмаған адамның өз ұлты үшін бәріне бара алады дегенге сену өте қиын. Ұлтқа қызмет – мінезден екенін Алаштың Әлиханы айтқан. Ендеше осы даналықпен бір сәт саналарыңды сәулелендірген де абзал. Ұлтқа қожалық жасауға болмайды, ұлтқа қызмет ету керек (Ататүрік) дейтін ұстанымды тіршілігіңде темірқазық, болашағыңа бағдар етіп алғаның да жөн. Жақын арада осы Жастар қанатының төрт жылда бір келетін құрылтай-тойы болғалы жатыр. (Той демеске лажың қане, тегін барып, тегін тамақ ішіп, тегін диско билеп, тегін жатып, түк бітірмей, тегін келсе. Түбін қазсаңыз, ол – халықтың ақшасы.) Өздерінің жастар мәселесімен айналысатындары енді естеріне түскендей жан-жаққа жаушы жіберіп, жанталасып жатыр. «Ет дегенде бет бар ма» депті бағзыдағы бабаларымыз. Міне, гәп қайда?.. Құрметті «жасотандық» жап-жас мырзалар мен бикештер, істеген істеріңді өздеріңнен басқа ешкім білмейді екен, жұмыстарың «поштабай» шаруамен ғана шектеледі екен, алыстағы ауылдарға аяқтарың тұрмақ, үндерің жетпейді екен, баланың ісіндей шала дүниелеріңнің не аяғы, не соңы жоқ сұп-сұйық сылдыр екен, Қазақ тілінің қасіретін не көре, не жеткізе алмайды екенсіңдер, рухани құндылыққа үшінші сорт деп қарайды екенсіңдер, сендерге қаймана қазақ атынан мынандай ұсыныс айтайық: жап-жас бастарыңның қадірін қашырмай, өзгенің басын да, жанын да ауыртпай, анау ағаларыңнан үлгі алғышсыңдар, осы жолғы құрылтайларыңда тып-тыныш өз-өздеріңді тарата салсаңдар... Бәрібір қазақ қоғамына әкелер жаңалықтарың һәм ұлы идеяларың, қазақ дүниесіне қосар көк тиын да пайдаларың жоқ. Құрметті оқырман! Бұл – бір менің ғана емес, көптің көкейінде тастай кептеліп жүрген мәселе. Айтылмаса – сөз жетім. Сіз бұған не айтасыз? «Жас Отан» қазаққа қаншалықты қажет?..

Еркебұлан Толқын