М.Әблязовтың компаниясына қарсы төрелік талқылау Қазақстанның пайдасына шешілді

ed060867a782519259e2631253758f68

2013 жылдың 17 қазанында Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың (ИДРХО) төрелік трибуналы «KT Asia Investment Group B.V.» (KT Asia) компаниясының талап-арызы бойынша Қазақстан Республикасының пайдасына шешім шығарды, деп хабарлайды ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.

Талап арыз талаптарының сомасы 1,5 миллиард АҚШ доллары шамасында болды. «Осы төрелік талқылау 2009 жылы ИДРХО Конвенциясы және Қазақстан Республикасы мен Нидерланд Корольдігі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің шарттары негізінде басталды», - делінген хабарламада. «KT Asia» компаниясы Нидерландыда тіркелген және Мұхтар Әблязовтың формальді түрде әрекет ететін және нақты коммерциялық қызметті жүзеге асырмайтын фирмасы болып табылады. Қазақстанға қарсы төрелік талқылауды толығымен Мұхтар Әблязов қаржыландырды. «KT Asia» компаниясы жұмыс істеп тұрған кезінде БТА Банкінің акцияларын және әкімшілік шығындарды өтеуге арналған қаражаттары бар банк шотын ғана иеленген, талапкердің басқа активтері болмаған. Қазақстан Республикасы «KT Asia» компаниясы активтерді бірінен екіншісіне ауыстыру үшін «қалта» ретінде пайдаланылған Әблязовтың бірқатар компаниялар тобына кіргенін дәлелдей алды. Сонымен қатар, «KT Asia» компаниясы БТА Банктің акцияларын нарық құнынан жеті есе кем бағасына Әблязовқа тиесілі екі сатушы-компаниядан алынған қарыз есебінен сатып алды. Қарыз сомасы және ол бойынша пайыздар төленбеді. Оның орнына қарыз есептен шығарылып, «KT Asia» компаниясының қарызынан арылу мақсатымен осы екі компания таратылды. Талқылау барысында Қазақстан Республикасы Әблязов БТА Банктің акцияларын өз компанияларының арасында бөлу арқылы бірнеше жылдардың ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасын қасақана бұзғанын көрсетті. Сөйтіп талқылау шегінде Әблязов БТА Банк акцияларының 75,18%-ын әр түрлі юрисдикцияларда құрылған бірқатар бөлек компаниялар арқылы иеленгенін мәлімдеді. Әр компания БТА Банктің кем дегенде 10% акциясын иеленген. Дегенмен, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, құзыретті органның жазбаша келісімінсіз тұлға банк орналастырған акциялардың он немесе одан көп процентін тікелей немесе жанама иелене алмайды. Алайда, Әблязов тиісті келісімді алмай, мемлекеттік органдардан БТА Банктің ірі қатысушы екендігін жасырған. Өз шешімінде төрелік трибунал «KT Asia» компаниясы инвестицияларды иеленбегенін және БТА Банкке үлес қоспағаны туралы Қазақстан Республикасының ұстанымымен келісті. Осылайша, «KT Asia» компаниясы және Қазақстан Республикасы арасында инвестициялық даудың болмауына байланысты, Трибунал талапкердің талаптарын қарау бойынша юрисдикциясының жоқ екендігін мойындады және осы талап арызды қарауды тоқтатты.