Тас жол тайғақ кешуге айналды

2
1769

Егер «бір ауылдың тұр­ғын­да­ры түгелдей қы­ры­лып қа­­лыпты» де­ген тосын хабар ес­тіген болса, кім-кімнің де тө­­бе шашы тік тұ­рар еді. Алайда бүгінгі таңда жол-кө­лік оқиғалары (ЖКО) сал­­­да­ры­нан жыл сайын көз жұ­­мып жат­қан адамдар саны бір ауыл­ тұрғындарының са­нына тура пропорционалды бо­лып жат­қанын ескеріп жат­­қан ешкім жоқ сияқты. Күн са­­йынғы көлік апа­тынан қа­й­­тыс болған адам­дар жай­­лы хабарларға етіміз үй­­­реніп те кеткен. Қаралы ста­­­­тистикаға селт етпейтін бол­­­дық.

Көлік апатының басты себептері

Мамандар жол-көлік оқиғасына соқ­ты­ра­тын басты екі себепті алға тартады. Бі­рінші се­беп – жүргізушілердің жол қ­а­уіп­сіздігі ере­же­ле­­рін сақтамауы. Расымен де, жол-көлік оқи­­­ғаларына жасалған талдау осы­ны ай­ғақ­тай­­ды. Жол-көлік оқиға­ла­рына қатысты жа­сал­ған сараптама қоры­тын­дысы көлік апатының 90 па­йыз жағ­дайында жүргізушінің кінәсін анық­таған. Нақ­ты сандарды сөйлетсек, оның ішінде жыл­дамдықты шектен тыс асыру жағ­дайы – 21,6%, жаяу жүргіншіге жол бермеу – 9,3%, жол қиылысы ережесін бұзу – 8,6%, қарсы ба­ғыт­қа шығып кету 8,3% болған. Сонымен қа­тар мас күйінде көлікті басқару салдарынан ағым­дағы жылдың алты айында 249 ЖКО орын алып, салдарынан 50 адам опат болып, 285 адам түрлі дә­режедегі дене жа­рақатын ал­ған. Екінші себеп – тас жол­дар­дың тарлығы мен сапа­сыз­дығы. Сарап­шы­лар­дың анық­та­уын­ша, ірі жол апаттары күре жол­дарға тиесілі кө­рінеді. Өйткені еліміздегі рес­публикалық дең­гейдегі жолдардың дені екі жо­лақтан тұрады. Ондай жолдарда көптеп, тіз­бектеліп жү­ретін жүк көліктерін қуып өту аса қа­уіпті. Өйт­кені алда келе жатқан көлікті қуып өту­ді тек қа­рама-қарсы бағытқа шығып қана жү­зеге асы­ру мүмкін. Өкінішке қарай, кей жағ­дай­да қар­сы бағытта келе жатқан көліктің жыл­дамдығын болжай алмағандықтан, қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Сон­дай-ақ жол ор­та­сын­дағы шұңқырды ай­на­лып өтемін деп, кө­ліктердің қақ­тығысып жа­та­ты­ны да жиі кез­де­седі екен.

Нұрлан АПАХАЕВ, заңгер:

– Жол-көлік оқиғаларына жүргізу­ші­лер­дің жол ережесін өрескел бұзуы себеп бо­латыны – шын­дық. Ал сол жол ережесін бұз­ғандарды анық­тап, әкімшілік жаза қол­да­натын – Жол по­лициясы. Менің ойымша, жол ережесін бұ­зу­шы­ларға қолданатын заң қатаң және айыппұл мөлшері қомақты болуы тиіс. Сонымен қатар сол заңның орындалуын қадағалайтын Жол полициясы қызметкерлері де заң аясынан шықпауы керек. Олар жол ережесін бұзу­шы­лар­дың көкесіне де, қалтасына да қарамауы тиіс. Өйт­кені көбіне-көп жол ережесін бұза­тындар – көкесі барлар мен қалтасы қа­лың­дар. Егер қалтасының қалыңдығымен, көкесінің кө­мегімен мәселені шеше алма­сына көзі жетсе, он­да олар жол ережесін сақ­тайтын болады. Се­бебі олардың көлік жүргізу құқығынан айы­рылып, жаяу жүр­гісі келмейтіні анық.

Жол-көлік оқиғаларының салдары

Осыдан бес жыл бұрын 2 млн болған елі­­міздегі көлік саны бүгінде 4,2 мил­лион­ға жеткен. Соның салдарынан жыл сайын жол апа­тының саны да артып барады. Нақ­ты де­рек­ке жүгенсек, жыл сайын елі­міз­дегі тас жолдарда 3 мыңнан астам адам фә­ни дү­ниені тәрк етіп жатса, 17 мыңнан астам адам түр­лі тән жа­ра­­қа­­тын алады екен. Арифметикаға кө­шер бол­­­сақ, жыл сайын ел халқының әр 100 мың тұрғынға шаққанда 30-ы жол-көлік оқи­­ғасы салдарынан дүние салатыны анық­­талып отыр. Дүниежүзілік стандартпен са­лыс­тыр­ғанда, бұл – дабыл қағарлық жо­ғарғы көр­сет­кіш. Өкі­ніш­ке қарай, бұл көр­сет­кіш жыл санап ар­тып ке­ле­ді. Сон­дық­тан да Қазақстан жол-кө­лік оқи­ғасы сал­да­рынан орын алатын адам шы­ғыны бо­­йын­ша дүниежүзілік ұйымдардың қа­ра ті­зі­мі­не ілінді. Ресми мәлімет бойынша ағымдағы жыл­дың жеті айында 10 727 жол-көлік оқи­ға­сы орын алып, салдарынан 1446 адам ажал құ­шып, 13 958 адам түрлі тән жа­ра­қатын ал­ған.

Бүгінгі таңда жол-көлік оқиғалары мен сал­да­рынан қайтыс болған, жарақат алған жан­дар­ды санамалап, біріміз жүргізушіні жаз­ғы­рып, біріміз сапасыз жолдарды жа­ман­дап, енді бі­ріміз Жол полициясы қыз­мет­керлерін қара­лау­дан әріге бара алмай отырған сияқтымыз. Жол-көлік оқиға­ла­рының отбасыларға келті­ре­тін қасіретімен қа­тар, қоғамға, мемлекетке тигізер зиянын ескере бермейміз.

Дүниежүзілік банк мамандарының мә­лі­ме­тіне қарағанда, Қазақстан жол-кө­лік оқи­ға­ла­ры салдарынан жыл сайын жалпы ішкі өнім­нің 1,5 пайызына тең мөлшерде қаржы жо­ғалтатын көрінеді. 2012 жылы бұл шығын кө­ле­мі 600 млрд теңгені құра­ған. Сол жылы қор­ға­ныс саласына 200 млрд теңге жұм­­­сал­ғанын ескерсек, жол апа­ты әкелетін шы­­ғын шаш етектен екені қожаға да, қараға да тү­сінікті. Жол-көлік оқ­и­ға­ларының салдарын жою, көлік апа­ты­нан асыраушысынан айырыл­ған­дар мен мү­гедек болып қалғандарға төле­нетін жәр­демақы – мұның бәрі – ел бюджетіне тү­сетін салмақ. Сонымен қатар онсыз да тап­шы болып тұрған еңбек күшін жо­ғал­тамыз. Ал бұл ел экономикасын етектен тартары анық.

Тағы бір ескеретін жайт, Қазақстанның мемлекеттік саясатының құрамдас бөлігі болып табылатын демографияға да жол-көлік оқи­ға­ларының кері ықпалы орасан. Демо­граф­тардың болжамына қарағанда, көлік апаты 10 жылда табиғи өсімнің 100 мың адамға артуын тежейді екен. Қазақ­стан үшін жер байлығын толықтай өзі иге­руге, экономиканың өсуіне, ел­дің қор­ға­ныс қабілеті мен мемлекеттік қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етуге 100 млн адам қажет екенін ескерсек, бұл – орасан шығын.

Не істеу қажет?

Әлеуметтанушы мамандар «Жол поли­ция­сы жазалаушы органға айналып кетті, олар жол ережесін бұзушылықтың алдын алу бо­йын­ша үгіт-насихат жұмыс­та­рын жүргізбей отыр» дейді. Олардың па­йым­дауынша, Жол поли­ция­сы қыз­мет­керлері көп жағдайда жол ере­жесін бұз­ған­дарға айыппұл салумен ғана шек­теліп жүр. Олар тарапынан жасалып жат­қан ал­дын алу жұмыстары жоқтың қасы. Сон­дық­­тан әлеуметтанушы мамандар «Жол поли­ция­сы қызметкерлері БАҚ-тармен тығыз бай­­ла­ныста болып, сол арқылы жиі насихат жұ­­мыс­тарын жүргізіп отыруы тиіс» дейді.

Қожамқұл АЙТБАЕВ, әлеуметтанушы:

– Жеке өз басым Жол полициясы қыз­мет­кер­лерінің теледидарға шығып, жол-кө­лік оқи­ға­ларының алдын алу бойынша на­сихат жүр­гіз­генін көрген жоқпын. Жүр­гі­зу­шілерді жол ережесін сақтауға үндейтін әлеуметтік жарна­ма­ны да көрген емеспін. Га­зет беттерінен де бай­қай қой­мадым. Не ав­топарктер мен так­со­парктерге ба­рып, про­филактикалық жұмыс жүргізгенін ес­­ті­меп­пін. Қайта «тығылып тұрып, жол ере­же­сін бұзғандарды жазалайды» дегенді жиі ес­тиміз. Қарап отырсақ, халықтың мақ­тауынан гө­рі даттауы көп. «Халық айт­са, қалт айт­пайды» демей ме?! Сондықтан да Жол поли­ция­сы қызметкерлері ха­лық­пен жүздесіп отыруы керек. Ал халықпен жүз­десудің ең тиім­ді жолы – бұқаралық ақ­парат құралдары.

«Алаш айнасы»

2 ПІКІРЛЕР

  1. Кеше президент бас полицейге қатал тапсырма берді. қазақстанда көлік апатынан қайтыс болғандардың саны Сириадағы соғыстан өлегендерден көп екен. Талай боздақтың талқаны тас жолда таусылып жатыр. Ақыры біз көп басқару жүйесін сингапурдан алып жүрміз ғой. Сол жақтағы тәсілді қолдану керек. Сингапурде көлікке ішіп отырған жүргізушінің шалбарын шешіп майлы жерінен қаны шыққанша дүре соғады, сосын отырып көр көлікке. Ал бізде ішіп айдағанның өзі ақшамен шешіліп кетеді.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз