Ахметов Үкіметіне жыл толды

1353481132_ahmetovСерік Нығметұлы Ахметов  бір жыл бұрын 24 қыркүйекте Үкімет басшылығына тағайындалған еді. Ахметов атқарушы билікке келген нөмірі тоғызыншы Премьер-министр. Ахметовтың алдында  Ұзақбай Қараманов, Сергей Терещенко, Әкежан Қажыгелдин, Нұрлан Балғымбаев, Қасым-Жомарт Тоқаев, Иманғали Тасмағамбетов, Даниял Ахметов, Кәрім Мәсімов  дейтін кісілер ҚР Үкіметін басқарды. Аталған жетеу атқарған қызметтеріне қарай ел есінде қалды деуге болатын шығар. Әйткенменде, мысалы Ұзақбай Қарамановтың қай жылдары Үкімет басқарып, не істегенін жұрт біле бермейді. Терещенко тоқсаныншы жылдардағы жаппай тонау мен жекешелендіруді бастап берген Премьер екендігімен жұрттың жадында. Қазір ол Қазақстандағы жералпауыттарының бірі. Латифундист. 2009 жылдары қазақтың жерін ашық саудаға салып, араб пен қытай дихандарын шақырған және сол ниетін Ауылшаруашылығы министрлігі арқылы жасамақ болған жәдігөйдің өзі. Қазір көп көріне бермейді. Әкежан Қажыгелдин реформашылдығымен танылды. Еліміздегі макроэкономикалық, микроэкономикалық реформалардың авторы. Алайда, Әкежан Мағжанұлының шалт қимылы, үнемшілдігі ел тұрмысына қатты тиді. Сөйтіп Қажыгелдин Үкіметі етпеттеген экономиканы «шошытып  емдеу» тәсілін соңына дейін жеткізе алмай ресми билікке  оппонент болып шықты. Ақырында Қажыгелдиннің өзі шетелге кетуге мәжбүр болды. Әйткенменде, Қажыгелдин Үкіметінің «Қазақстанға инвестор тартушы Үкімет» атанғанын ұмытпаған абзал. «Ресей есігін жапса, терезесінен кіреміз» дегенде Әкежан Мағжанұлының сөзі. Нұрлан Балғымбаев   Оңтүстік Шығыс Азия елдерін толқытқан экономикалық дағадарыс ауа жайылған тұста Үкімет басшысы атанды. Мұнайшылар әулетінен шыққан ол қара алтын қорын игеретін инвестор-компаниялармен  игілікті шаруаларды біржақты ете білді. Қазақстан мұнайын Ресейді айналып өту арқылы (Баку-Джейхан-Тблиси) тасымалдау мәселесі де Балғымбаев Үкіметінің кезінде айтылып жүрді. Мемлекет бюджетінің бүйірі аш, еңбеккерлер мен зейнеткерлерге өкіметтің берешегі еселеп өскен қиын-қыстау кезеңде де ол Қытай тарапынан ұсынылған 9 миллиард доллардан бас тартқан еді. Қасым-Жомарт Тоқаев «жастүркілермен» ұстасқан Премьер ретінде танымал. Тоқаев өзі Сыртқыістер министрі кезінде атқарған қызметі – шекара мәселесін рәсімдеу жұмысына Премьер кезінде белсене қатысты. Ол ішікі мәселеден гөрі сыртқы шаруамен шұғылдана алатындығын көбірек аңғартты. Иманғали Тасмағамбетовтың Премьерлігі ел экономикасының ептеп жандануымен тұспа-тұс келді. Мемлекеттік бюджет уақытында бекітіліп, жұрт жалақысын мерзімінде алатын жағдайға жетті. Иманғали Нұрғалиұлы әлеуметтік салалардың  сауығуына көп көңіл бөлді. Елдің рухани әлемін серпілтетін сәтті жобаларды қолға алды. Алайда, оның  атқарушы билікті басқаруы тым келте болды. Ал, Тасмағамбетовтен кейін Үкімет басшылығына бекіген Даниял Ахметов ұзақ жылдар бойы атқарушы билікті «билеп-төстеудің үлгісін» көрсетіп кетті. Тасмағамбетовтен кейін тасы өрлей бастаған Қазақстан экономикасы Даниял Кенжетайұлының уағында «ысып» шыға келді. Экономикалық сарапшылар мұнай мен газ бағасының, сондай-ақ бидайдың күрт қымбаттауына қарап «Қазақстан голлондиялық безгекке ұшырауы мүмкін» деп болжамдар айта бастаған. Сол болжам болжам болып қана қалмай қазақстандықтардың тұрмысындағы ащы шындыққа айналды. Банктер шетелдерден үстеме ақымен мол қаржы алып, оны оңды-солды шашты келіп, шашты келіп. Жұрттың бәрі кредитке кенелді. Тіпті Президенттің өзі «Дамыған шетмемлекеттердің азаматтары несиеге өмір сүреді» деген сөзді айтып жүрді. Бірақ дамыған мемлекеттердегі несиелік үстеме мен біздің екінші дәрежелі банктер белгілеген үстеменің арасын адымдап өлшеуге келмейтін еді. Аяғында Ахметов Үкіметі Қазақстан экономикасын тұралатып барып отставкаға аттанды. Кәрім Мәсімов дүниежүзілік экономикалық дағдарыс басталғанда Үкімет орынтағына жайғасты. Кәрім Қажымқанұлының бұрында бітімгершіл тұлға екені айтылып қалатын. Ол Премьерлік миссиясын кландар арасындағы шиеленістерді реттеуге жұмсады. Президенттің де орайын тауып банктердің қарызын мемлекеттің мойнына сала отырып, қайтарып бақты. Ресеймен де, Қытаймен де өзінің пайдасына шешілетін жақсы қарым-қатынас орната білді. ҚХР-дан бір кезде Балғымбаев бас тартқан қарызды да қиналмай ала салды. Ресеймен Кедендік одақ мәселесінде барыс-келісті жиілетті. Нәтижесінде екі мемлекеттің ықпалды саясаткерлерімен тіл табысып Премьерлік посты сан мәрте сақтап қалды. Есімізде шығар, саяси науқандар мен әлеуметтік талаптар саяси сипат иеленіп, қақтығысыты оқиғалар  барысында «Мәсімов Үкіметі отставкаға кетеді» деген сәуегей сөздер айтылғанымен «Дағдарысты жеңген Үкімет» есебінде Мәсімов миығынан күліп қана отыра беретін. Даниял Кенжетайұлынан кейін Премьер-министрдің протфелін ұзақ ұстаудың дәстүрлі жолын жалғастыра түскен адам  осы Кәрім Қажымқанұлы болды. Мәсімовтан кейінгі Үкімет басшылығы Серік Нығметұлына бұйырыпты. Ахметов  Үкіметі  осы күндері «Үндемейтін Үкімет» деп бағалануда.  Серік мырза  Премьер-министр қызметіне тағайындалған бетте-ақ жақсы лепес білдіріп «Үкімет отырыстарын қазақ тілінде жүргіземін» деп уәде еткен. Ол уәдесінің үддесінен шығар сыңайы бүгінде аса байқалмайды.  Алайда мынаны айтуымыз керек: Ахметов Үкіметінің ауызы салымды екен. Өйткені 2012 жылы Қазақстан 80 млн.тонна мұнай өндіріп мұнай өндіруші мемлекеттер «аламанында» 15-ші орынға жетті. Уран өндіру 7,5 пайызға көтеріліп, әлемдік уран өндірісінің 20 пайызын құрады. Алтын өндірісі 8,6 пайызға артты, былтыр таза бидай өнімі 14 миллион тоннадан асты.   ... «Үндемейтін Үкімет» аса жаман баға емес. Өйткені үндемей жүріп-ақ үлкен істерді тындыруға болады.Оны енді алдағы күндерден көре жатармыз.

Abai.kz