Халқын жылыта алмаған әкім жұмыстан босайды
2013 ж. 25 қыркүйек
1815
1
Биылғы ауа райы тек диқаншыларды ғана емес, қарапайым қала тұрғындарын да біраз әбігерге түсірген-ді. Әсіресе Астана мен солтүстік өңір жақта күз қылаң бере күрт салқын түсіп, соның салдарынан халықтың біраз бөлігі дәріханалардың табалдырығын тоздырып, ем-домға кіріскен. Орталық жылудың жоқтығынан жылыту құрылғыларының саудасы да бір қызып басылды. Жылыту маусымына әлі біраз уақыт бар екенін еске салсақ, аядай бөлмеде электр арқылы жылынып отырған ортақол қазақстандық отбасы энергияға кететін шығынды есептеумен жүр десек жаңылмаспыз. Министрлер Кабинеті де соны сезген болуы керек, кеше Үкіметте жылыту маусымына дайындық мәселелері жан-жақты пысықталды.
Жылынамын дегенге электр құрылғылар әлі де қажет
Оңтүстік өңірден бөлек, елдің біраз аумағында жылыту маусымы қазанның 15-інен басталады. Ендеше, Астана секілді солтүстік һәм шығыс аймақтардағы қала тұрғындарына әлі де біршама уақыт электр құрылғысы арқылы жылынуға тура келеді деген сөз. Жылыту маусымына дейміз-ау, кейбір қала тұрғындары, тіпті осы жылытатын құрал-жабдықтың көмегіне қыста да зәру болатын секілді. Себебі «қылышын сүйреткен қыстың» қыр астында тұрғанына қарамастан, кейбір аймақтар қамсыз отыр. Сондай қамсыздардың біразы жылу беру маусымына дайындықты тым шабан жүргізгені үшін Үкіметбасынан сөз ести жаздады. Нақты айтсақ, индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиевтің хабарлауынша, Өскемен қаласының Согра ЖЭС-і, МАЭК-«Қазатомөнеркәсіп» компаниясына қарасты ЖЭС-1, Риддер ЖЭС-і, Астана қаласындағы ЖЭС-1 және Екібастұз ЖЭС-ында жөндеу жұмыстары кешеуілдеген. Бұдан басқа, Рудный жылу электр стансысының 2-3-ші турбиналары мен Арқалық ЖЭС №1 қазандығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс болған. Бірақ осының барлығы тек ағымдағы, яғни күрделі емес, күнделікті жөндеуден ғана өтіпті. Ал Атырау ЖЭС және Қарашығанақ ГЭС-тің кейбір турбиналарын жөндеу жұмыстары келесі жылға ысырылыпты. Үкіметтің кешегі мәжілісінде облыс әкімдері осы және тағы басқа мәселелер бойынша бейнебайланыс арқылы есеп берді, кейбірі сендірді, кейбірі...
Бердібек САПАРБАЕВ, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
– Енді Согра және Риддер жылу электр стансыларының мәселесіне келер болсақ, ондағы турбиналар қосымша аппараттар болып саналады. Қазан айының басында олардың барлығы іске қосылады. Жалпы, биыл республикалық және облыстық бюджеттерден 21 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 12 пайызға артық. Осы қаражат барлық нысандарды жылу беру маусымына толығымен дайындауға мүмкіндік бермек. Қазанның 15-іне дейін бәрі дайын болады. Нұралы СӘДУАҚАСОВ, Қостанай облысының әкімі: – Бүгінде Арқалық жылу электр стансысында тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алайда №1 қазандығына күрделі жөндеудің уақыты келесі жылға қалды. Моноқалаларды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында қосымша қаражат бөлінді. Қазіргі мазуттың көлемі қазан айына жетеді. Одан кейінгі уақытқа қосымша шикізат қажет болады. Біз тиісті құжаттарды дайындап жібердік. Соның барлығы рәсімделсе, мазутпен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі. Басқа проблема жоқ. Қосман АЙТМҰХАМЕТОВ, Ақмола облысының әкімі: – Степногор қаласының №1 және №7 қазандықтарын жөндеу мәселесі былай болып тұр. ЖЭС-тың №7 қазандығы қыркүйектің 30-ына дейін дайын болады. №1 қазандық қарашаға дейін іске қосылады. Ал №2 қазандықты жөндеу жұмыстары кейінге шегерілді. Қазір ол жерде (Степногор ЖЭС – авт.) 31 мың тонна көмір бар. Негізі, 40 мың тонна қажет. Алайда ағымдағы айдың аяғына дейін жылу электр стансысына 74 мың тонна көмір жеткізіледі. Жалпы, Ақмола облысында жылу маусымына дайындық жұмысы кедергісіз өтуі тиіс. Әкімдер жұмыстан босатылуы мүмкін Айтпақшы, Алматының әкімі Ахметжан Есімовті газдың бағасы алаңдатып отыр. Оның сөзіне қарағанда, көгілдір отын құны 37 пайызға көтерілсе, алматылықтардың біразы ақшадан қағылады, қарапайым халықтың қалтасына қысым жасалады. Осыған орай қала басшысы тиісті органдарға сұрау да жолдапты. Бірақ жауап әлі жоқ. Үкімет отырысына қатысқан Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин: «Дәл қазір біз бұл сұраққа жауап бере алмаймыз. Себебі 30-ы күні (қыркүйек – авт.) мекемеаралық комиссияның отырысы өтеді. Онда газдың бағасы бөлек мәселе ретінде қаралады. Сол жерде шешім қабылданса, Алматыдағы газдың нақты бағасы сонда белгілі болады», – деп атап көрсетті. Оған қарамастан, Премьер-министр Серік Ахметов жылу маусымына дайындықтың сапалы өтуіне барлық облыс, қала және аудан әкімдерінің жауапты болатындығын тағы бір мәрте ескертті. Әкім ғана емес, солардың қатарында жұмысына жауапсыз қараған жылу беру орталықтары басшыларын да жазаға тарту қажеттігін жеткізді. «Ашығын айту қажет, жыл сайын жылыту маусымы барысында қандай да бір қиындықтар туындаған жағдайда әкімдер жауапқа тартылып жатады. Ал жылу беру орталықтарының директорлары жылу маусымына дайындық жұмыстарын сәтсіздікке ұшыратса да, өз қызметтерінде айлап-жылдап отыра береді. Халыққа одан келер пайда жоқ. Сол үшін мұндай басшыларды жұмыстан босатып, оларға ықпал етудің барлық шараларын қолдану керек. Аталған мәселе қала әкімдеріне де қатысты», – деді Серік Ахметов. Қазандықтар өндірісін ашуға болады Сондай-ақ Премьер-министр коммуналдық қызмет үшін халықтың дебиторлық қарызын ары қарай азайту жұмысын жалғастыруды тапсырды. Ресми ақпаратқа сәйкес, соңғы жылыту маусымында тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық қарызы 6,8 млрд теңгені құраған. Қазір бұл 675 млн теңгеге (10 пайыз) азайып, 5,8 млрд теңгеге жеткен. Ал ескі қазандықтарды жаңарту бойынша Үкімет басшысы тағы бір ұсынысты ортаға тастады. «Мен сағатына 100 гиго-калорияға дейін жылу беретін қазандықтарды қайта жабдықтауды қолдаймын. Бұл мәселені шешетін кез келді. Сонау кеңестік заманда салынған қазандықтар 40-50 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Шыны керек, соның барлығы ескірді. Қазір ондай қазандықтарды қайта жабдықтау қажет. Әсіресе шағын қалалар мен кенттерде тиісті жұмыстарды жүргізу керек», – деді Серік Ахметов. Осы орайда Үкіметбасы көмірі екі есе аз жағылатын жаңа қазандықтардың бар екендігін еске салып өтті. «Осының барлығын индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында қарап, қажет болса, тиісті кәсіпорындарға қолдау жасайық. Олар жаңа қондырғыларды (қазандықтар - авт.) шығаруды бастасын. Соны Индустрияландыру картасына қосайық. Негізі, ондай кәсіпорындар үшін ондаған жылдарға жұмыс табылады. Себебі бізде барлық қазандықтардың 80 пайызын қайта жабдықтау қажет», – деді Үкіметбасы Серік Нығметұлы.
Арман АСҚАР "Алаш айнасы" газеті