Нөмірі бірінші әкім – Иманғали Тасмағамбетов

13
1660

 

 

Бұқаралық ақпарат құралдары мен зерттеу-сараптау орталықтары қоғамдық пікір алаңына жүгініп, тоқсан сайын облыс және қала әкімдерінің бет-беделін, халыққа танымалдылығын анықтап отыратыны бар. Әкімқараларға қатысты кезекті бағалау сынағын осы жолы «Время» газетінен шолып қалдық (1-суретті қараңыз. Кесте «Время» газетінен алынды). Көшбұйдасын әдеттегідей Елордамыздың ерен жүйрік әкімі Иманғали Тасмағамбетов жетегіне алыпты. Иманғали Нұрғалиұлынан кейінгі орын Қазақстандағы ең ірі мегаполис – Алматы қаласын алты жылдан бері басқарып отырған Ахметжан Есімовке тиіпті. Осы арада бір айта кетерлігі, «екінші орын» – Есімов мырзаның меншікті мекені сияқты: төмен түспейді де, жоғары көтерілмейді де. Ал, үшінші орын ауыспалы бола бастаса керек. Үшіншіге көптен бері Шығыс Қазақстан облысының мемлекетшіл әкімі Бердібек Мәшбекүлы ие болып келген. Енді Сапарбаевтай саңлақтың орнына Оңтүстік Қазақстан облысының үндемей жүріп үлкен істермен шұғылданатын, әбжіл қимылдайтын әкімі Асқар Мырзахметов жайғасыпты. Алдыңғы үштіктен кейінгі орын бөлісу туралы бөле-жара не дейміз, кестеге көз тігіңіз. Әрине, әкімдердің бұлайша рейтинг «түзуі» біреуге ұнап, біреуге ұнамауы әбден мүмкін. Мысалы, ақтөбеліктер  Архимед Мұхамбетовтың әкімдер «аламанында» «шаң қауып» артта қала бергенімен келіспейді. «Біздің Архимед Бегежанұлы облысқа әкім тағайындалғалы бері жақсы істердің бастауында жүр, жұмысты да жапыра жасайды, көптің көңілінен шыға білуде» деседі. Қызылордаға Қырымбек Елеуұлы барғалы Сыр бойындағы тірлік бұрқ-сарқ қайнап, еңбек майданының қырманы қызып бастағанға ұқсайды. Баянауыл жақта Ерлан Арын казактардың атамандығын да қабылдап, Тәуелсіз ел тұрмысынан ескен жылы леп пен жаңашылдықты да сыналап енгізіп жатыр. Сөздің турасына көшсек, әр әкім өзінің шекті мүмкіндігінің шегінде қимылдауда. Міне, біз баяндамақ әңгіменің өзегі де – осы. Біздің пайымымызда шекті мүмкіндік – әкімдердің билік бөлінісіндегі атқаратын міндеті мен қызметі ғана емес, керісінше сол міндет пен қызметті кім қалай орындауда дегенге саяды. Мысалы, Иманғали Тасмағамбетов… Бұл кісінің есімі аталған ортада жұрт «Ә-ә, Имекең бе?!.» деп іштартып, жадырап шыға келеді. Мәселені ұзын арқан кең тұсауға салмай, қиыннан қисынын табатын,  «елге болсыншы» деп тұратын елгезек, іскер азаматты көре қалса, бүгінгі қазақ оны Иманғали Нұрғалиұлына ұқсатып сөйлейді. «Имекең сияқты екен», «Тілінде Имекеңнің шешендігі, айтқыштығы бар екен», «Іс-қимылы, адамға ілтифаты, парасат-пайымы құдды Имекең»… осылайша жалғасып кете береді. Көрдіңіз бе, Иманғали Тасмағамбетов – қалың бұқара көңіліндегі нөмірі бірінші әкім. Сондықтан Елорда әкімінің рейтингтік бағанада бірінші орында тұруы талассыз шындық. Алайда, «шындық қанша нұрлы болғанымен адасқан ақылға сәуле түсіре алмайды, уақыттың өзі соған себепкер болса амал бар ма?» (Шоқан Уәлиханов), кей-кейде Тасмағамбетовке де тасадан тас борататындар табылып жатады. Азамат ердің ғазиз басын қауесеттің қара қазанына салып қайнатпаққа тырысады. Тіпті өсіре мақтап, есіре дәріптеп заманауи Қазақстан атты мемлекеттің архитекторы Назарбаевқа саяси бәсекелес етпек боп әуреленеді. Бірақ соның бәрінде (тіл-көзіміз тасқа) Тасмағамбетовтың мерейі үстем шығады. Ойымша, қара қылды қақ жаратын күш-қайрат осы бір өткір жанарлы, салқын ақылды әм мінезді азаматтың бойын ширықтырып жіберетін болса керек. Сондай жігерлі, іс десе жанып түсетін тұлғаны бек таныған Президент Назарбаев оны мемлекеттік қызметтің барлық өткелегінен өткізіп, кемелдене түсуіне жағдай жасап бағуда. Бұл рас және бұның растығын дәлелдеу үшін Тасмағамбетовтың биографиясын ақтарып отырудың қажеті жоқ,  жұрт біледі: Иманғали Нұрғалиұлы министр лауазымына бекіді, –  тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың тұсында қоғамды тоғышарлық жайлап кетпесін деп, мемлекеттіліктің мәйегі мәдениетте екендігін дәлелдеп бақты;  Атырау облысының әкімдігіне тағайындалды, – мұнайшылар қаласын алдымен көң-қоқыстан арылтып, Орталық биліктегі бұлықсыған мырзаларға жер байлығы ел байлығын еселеуге тиіс ортақ үлес, ортақ сыбаға дегенді түсіндіріп, алпауыт инвесторлармен тең отырып сөйлесудің мүмкіндігін тудырып аттанды;  Премьер-министр қызметі мен Мемлекеттік хатшы миссясын биік абыроймен тәмамдады. Президент әкімшілігін басқарды. Алматының тынысын ашып, жолайырықтар мен көпірлерге толтырды.  Қысқасы «жоғарғы жақтағы» беделді қызметтің бел-белесін Тасмағамбетовтей жорытқан адам кемде-кем. Міне, енді ол Елордамызды халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің қарсаңында «Ақылды қала» жасаудың қамына кірісіп кетті. «Ақылды қала» жайлы әңгіме өз алдына, сол «ақылы» кіріп «есеюге» бет алған Елордамыздың қайдағы бір «пати-матилерден» арылып, әйдік көшелерінің қаракөзденіп қалғаны көңілді желпіндіреді. Есіңізде ме, Елбасы астанажұртын Сарыарқаның төсіне неге әкеліп қондырды, Астана қаласының стратегиялық маңызы мен ел рухын серпілтудегі ролі қандай болмақ деген ойдан мақұрым «ойыншық» әкімдер осыдан алты-жеті жыл бұрын  Елорданы бояуы баттасқан Бродвейге ұқсатпаққа тыраштанып «гламурлеп» тастап еді ғой, Тасмағамбетов бара соның бәрін сыпырды. Астана қазір Сарыарқаның салқын сабатына шомылып, сардаладан сарқылып бітпес қуат алып, зау биікке бойлап барады. Аяқ артар қоғамдық көліктері де, көшесі де қазақ тілінде сөйлейді. Ақылдылығының белгісі сол емес пе, жинақы, тәртіпті, таза қалаға айналды. Өзге қалаларымыздың әкімдерін бәлкім қазандықтың отын-суы, құбырлардың қырық бұрауы құмбыл толғандыратын шығар, ал, Иманғали Нұрғалиұлы соның бәрімен бірге Астананың рухани өміріне, ағарту саласына, зиялы қауымды ойландыратын мәселелерге, т.б.  ерекеше мән береді. Өйтпеске және амал кем. Өйткені бүгінгі әкім тек шаруашылық мәселесімен шектеліп қалмауы керек, мәдениеттер алмасуындағы жаһандық құбылыстардан ұлт келбетін сақтап қалатын елдік, мемлекеттік мұратты істермен, әкімшіліктің пәрменін арттыратын саяси жұмыстармен  қат-қабат шұғылдануы қажет. Әсіресе, бүгінгі әлемнің озық елдерінің  астаналарымен иық теңестіріп үлгерген Астананың әкімі… Себебі Астана халқының жансаны кейінгі 15 жылда бес есеге өсіп 800 мыңға жетті. Жыл сайын 1,5 млн шаршы метр жерге көпқабатты үйлер салынуда, бұл жыл сайын Астанада 15 мың пәтер пайдалануға беріледі деген сөз.   Алдағы жылдары елорда тұрғындарының қарасы 1-1,2 миллионға барып қалуы ықтимал деп болжануда.

Астанадағы тұрғын үйлерде қанша лифт, ауласында қанша орындық бар екендігін жатқа соғатын әкім бір сұхбатында осы уақытқа дейін Елордамыздың айналасы мен көшелеріне 40 мың түп ағаш, 9 миллион гүл отырғызылғанын айтып еді. Кейінгі күндері  «Смарт Астана» – яғни, тұрмысқа ыңғайлы «ғажайып қаланың» қам-тірлігіне кірісіп кеткен секілді, адамның өңі түгілі түсіне кірмейтін кереметтер туралы сөз бастады. Оның бәрін алдағы уақытта көре жатармыз. Ең бастысы – Елорда ел назарында, Елбасының алқауында, еліміздегі нөмірі бірінші әкімнің басқаруында.

Дәурен Қуат

Abai.kz

 

13 ПІКІРЛЕР

  1. Сәлеметсіз Бе,

    Егер сіз несие керек пе? Біз мұқтаж көмектесу негізгі мақсаты куәландырылған несие кредит компания тіркелген. Біз 2% ставка бойынша $ 15,000,000.00 барынша несие ауқымы $ 5,000.00 ең төменгі несие ұсынамыз. Егер сіз мүдделі Мәселен, жай электрондық пошта арқылы бізге хабарласыңыз: [email protected]

    Веб-сайт: Sgrmarketerscompany.webs.com

    шын жүректен
    басқару

  2. имангали да «шанграк пен бакай » озин корсеткен… жана адамдар керек… сол казах тилине ат салысса жылдан бери кормей жур дейсинбе….

  3. Сапарбаев семейді облыс жасап тарихта қалатындай іс жасай алмайды, ал жерін қытайға жалға беріп тарихта қалуы мүмкін.

  4. Бастықтардың рейтнг қайтем пысырып жейінбе ?

    Міне реитнг !
    Какие зарплаты у турецких бюджетников?
    Служащий: 4000$
    Обслуживающий персонал: 3600$
    Учитель: 4800$
    Глава района: 7200$
    Старший инспектор: 6000$
    Полицейский служащий: 5400$
    Квалифицированный доктор: 6400$
    Медсестра: 4400$
    Инженер: 4200$
    Техник: 4000$
    Научный сотрудник: 4800$
    Религиозный работник: 5000$
    Юрист: 8000$

  5. Жігіттер Имекеңді қазаққа әкім қылған аллаһқа шүкіршілік қылайық.Ол да пенде,кемшілігі бар шығар,кемшіліксіз таза адам жағымпаздық пен парақорлық жайлаған қоғамда әкім болу мүмкін емес.

  6. Астанаға көшіп келгеніме үшінші жылға кетті. Осы аз мерзімдегі өзгеріс кісіні таңғалдырмай қоймайды.Көшелер қандай, аулалар қандай! Автобустар қызметі.Ыстық, суық су бір үзілмейді. Суды шүмектен құйып-ап іше бер, дүкеннің сатулы суынан кем емес. Бір кездерде американдықтар үйде аяқкиімдерін шешу былай тұрсын, аяқкиімдерімен төсекке жата кетеді деп еститінбіз. Мәдениеттерінің өзгешелігі ғана емес, жүретін-тұратын жерлерінің кіршіксіз тазалығына байланысты екен ғой алдымен. Астана сондай күнге жақындап қалғандай.Шіркін,әкімдердің тым болмаса ширегі Иманғали мырзадай болса ғой.

  7. И. тасмағамбетоытың ең бірінші әкім екенін растаймын. Ол шын мәнінде қазақ елінің адал азаматы екенін дәлелдеп, сол жөнінде еңбек етіп келе жатқан халқымыздың аяулы ұлдарының бірі.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз