АУЫЛДА АВТОМАТПЕН АДАМ АТАДЫ! Ал әкімдер тығылып жатады...

shengeldi Madiar  

«Қазақ секілді керемет халықпен тіл табыса алмасаңдар,

сендердің құндарың – көк тиын!»

Тұрғыт ОЗАЛ

  Тамыздың 17-нен 18-іне қараған түні Алматы облысының Қапшағай ГЭС-інен 30 шақырымдай жердегі Шеңгелді ауылында сұмдық оқиға орын алды. Екі шешен жігіті автоматпен екі қазақты атып тастаған. Біреуі Мадияр Ақжолтаев  (суретте) сол жерде қаза тапқан, екіншісі Бекмұқа Ерсайынның  ажалы жоқ екен, аман қалған, кәзір Қапшағайда ауруханада жатыр. Осыны интернеттегі әлеуметтік желіден оқып-білген соң, 22 тамыз күні бір топ қоғамдың ұйым өкілдері мен журналистер, қанында қазақтың рухы бар қыздар мен жігіттер болған оқиғаның анық-қанығына көз жеткізіп қайтуға, марқұмның отбасына көңіл айтуға бірнеше автокөлікпен Шеңгелдіге шықтық. shengeldi  Біз ауылға жетпей-ақ жол бойында ана жерде де, мына жерде тұрған полиция көліктерін көрінді. Күре жолдан ауылға қаарй бұрылғанымыз сол еді, жол полициясының инспекторы таяқшасын көтерді. Қайда бара жатқанымызды сұрады. Осылай да осылай, себебін айттық. «Ешқайда бармаңыздар, кәзір осында облыстық Ішкі істер департаментінің өкілі келеді, сол түсінік береді» дейді. Қашан келері белгісіз өкілді күтіп тұрамыз ба, барып көңіл айта берейік» десек жібермейді. Көлікті тастап, жаяу кетуімізге тура келді. Инспектор болса «бармаңыздар» деп біраз жерге дейін бізідң жолымызды кес-кестеді. «Шырағым, сенің бұның ұят, қаза бар үйге жібермеуге ешқандай хақың жоқ, тіпті болмаса, басшыларыңа айт, «менің айтқанымды істемей кетті» де!» Аяйсың, жаның ашиды... Ауылға кіре бергенімізде бір топ шешендер қарсы алды. Сөйтсек, бұл қылмыскер Арсен Агузаевтың ағасы Рүстем Агузаевтың үйі екен. Бізді қарсы алу себебі, Мадиярды жерлеп қайтқан соң қаны қайнаған, ашынған қазақтар, жасы бар, кәрісі бар, 150-200-дей адам Агузаевтардың үйлеріне барыпты. «Кетіңдер ауылдан!» деп талап қойыпты. Ашуменен үйлерінің терезесін сындырыпты, Рүстемнің ауладағы жеңіл машинасын аударып тастапты. Бізге соларды көрсетіп, «мұңын шақты». Шынында да, «біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деген осы ғой, қазақтар 28 жасар, келіншегі тұңғыш перзентін босанғанына апта толмаған боздағын жоқтап жатса, бұлар сынған әйнектің ақшасын даулап жатыр. Және оны қалай жеткізеді десеңізші! Бейне бір моп-момақан кішкентай балалардың мұрын қанатар шәлкестігі орын алғандай етіп айтады. «Олар төбелесіп қалыпты, бірімен бірі атқыласып қалыпты...» Біз Рүстемнің сөзін түзетуге мәжбүр болдық: «Атқыласпаған, автоматпен екі адамды атқан сенің бауырың!..» «Бір топ қазақ келіп біздің балаларымызды қорқытты, өзімізді қорқытты, көшіңдер, кетіңдер ауылдан деп айтты...» Кейін белгілі болғандай, ешкім олардың өздерін де, балаларын да қорқытпаған көрінеді. Барғанымызға екі-үш минут та болған жоқ, арнайы қара қалың жейдесінің арқасында «СОБР» деген жазуы бар қазақ жігіттері бізді итермелеп ауладан сыртқа шығара бастады. Сөйтсек, бұлар ашынған қазақтардың ашуынан шешендерді қорғауға алдырылған арнайы отряд мүшелері екен. Әйнек сындырғандардан соншама шошынған ғой... shengeldi 2 Қаза шыққан үйге келдік. Көшеде тұрған бір жас жігіт: «Неменеге келдіңдер, кеше журналистер осында болды, сұрайтындарының бәрін сұрады, оларға тыныштық беріңдер!» дейді. Бұл сөз ауылдағы әкімшілік қызметкерлерінің «жұмысының нәтижесі» екені айтпаса да түсінікті еді... Оқ тиіп жараланған екінші жігіттің әкесі Батырғали Әміреевпен, сөйлескенімізде, ол кісі бізге болған мән-жайды былай баяндады: «Бұл жерде  ешқандай  «разборка» немесе бұзақы балалардың төбелесі болмаған. Шешен жігіттері, қасында бір-екі өзге ұлт өкілдері де бар, машинамен бір топ қазақ балаларына келген-дағы менің балам Бекмұқа мен қайтыс болған күйеу балам Мадиярға: «Жүріңдер бізбен, оңаша шығып сөйлесетін әңгіме бар» деген. «Осы жерде айта бер» дегенге көнбеген. Сосын бұл екі жігіт қасындағы достарымен бірге  шешендермен ауылдың алыс шетіне шыққан. Шешендер - машинада, бұлар - жаяу, одан ары жігіттердің салпақтап шешендерге еріп жүргісі келмеген. Сол жерде шешендер менің баламнан: «Мына жігіт сенің кімің болады?» деп сұрайды. «Ол – менің жездем» деп жауап береді балам. Мадиярдан да соны сұрайды. Ол да «менің қайным» деп жауап береді. А.Агузаев деген шешен тағы сұрайды: «Сен бұл жігіт үшін тұрасың ба?» «Тұрмағанда ше!»  Сол уақытта Агузаев машинасының артқы есігінен автоматты суырып алады да, аспанға қарата бір рет оқ атады. Мадияр: «Немене, бізді автоматпен қорқытқың келе ме?» дейді. Агузаев енді екі оқпен екі жігітті де жайратып салады. Содан кейін қазақ жігіттерге автоматты кезеп тұрып, қалталарынан ұялы телефондарын тегіс шығартып, лақтыртады. Өздері машинаға отырып, зу ете қалады. Мадияр сол жерде қаза табады. Алла сақтап аман қалған менің  жаралы баламды ауруханаға көліктері де жоқ жігіттер ауылға келіп, көлік алып барып, жеткізеді.». Сол үйде отырған марқұмның туған-туыстары бізге жерлеуден соң шешендердің үйіне барған жастардың бәрін полиция тірек пунктіне шақырып алып, саусақтарының ізін түсіріп алып жатқанын айтты. Бір сағаттан соң оның нақ солай екенін өзіміз де көзбен көріп, куә болып қайттық. Қаралы үйден шыққан соң біз ауыл әкімдігіне бет алдық. Көшеде келе жатып мектеп пен мәдениет үйінің ғимаратын «жаулап алған» әскерилерді, оларға тамақ дайындап жатқан «полевая кухняны» көрдік. Мектеп ғимаратына сыймағандарына қарағанда кем дегенде бір полк шамасында болса керек. Көше бойында домино ойнап отырған бір топ жігітағасы қазақтарды сөзге тартып едік, олар «ештеңеден хабарсызбыз» деді. «Осындай оқиға болыпты ауылдарыңызда, сіздер хабарсыз домино ойнап отырсыздар» деген сөзге жауап берілмеді... Ауыл әкімшілігіне келсек, басшылардан бір адам жоқ, тым-тырақай қашып кетіпті. Ия, әкім Ербол Қойлыбаев, ия оның орынбасары жоқ. Кабинеттері тарс жабық. Бас мамандар: «Әкім жаңа ғана осында жүрген» дейді. «Біз осы кәзір әкім кабинетінің есігін ішінен құлыптап жатқан даусын естідік қой, әкім өзінде емес пе?» дейміз. «Рас, бұл кабинеттің ішінде бір адам бар, бірақ ол әкім емес...» Кім екені жұмбақ күйінде қалды. Әкімнің кабинетінде оның өзінен басқа кім тығылушы еді... Міне, кеше ғана жаһанға жар салып, «сайлап» алған әкімдеріміздің түрі... Сыртқа шықтық. Екі үлкен кісі есік алдындағы орындықта отыр екен. «Ақсақалдар алқасының мүшелері» деген соң бұрылып едік, біреуі бізге дүрсе қоя берді: «Бұл – тыныш ауыл, ұлттардың арасына іріткі салып жүрген сендерсіңдер. Ол бала өлсе, Алланың әмірі солай болғаны!» Бұны айтқан адам сол ауылдың мешітінің имамы екен. «Ақсақалдардың» түрі осындай болып шықты... Учаскелік полиция бастығы да орнынан табылмады. Өзге майорлар мен полковниктер қазақ жастарының саусақ ізін түсіріп әлек, болған жағдайға түсінік беруден бәрі басын алып қашып отыр. Түсініктеме беру тікелей міндеті болып саналатын облыстық ІІД баспасөз хатшысы Көбейхан Нұрахмет те одан бас тартты, онда не үшін ол жерде жүр? Ауыл жастары «шешендер мұздай қаруланған, автокөліктерінен «Калашников» автоматын тастамайды» дейді. Өкімет ауылдағы қазақ тұрмақ, дала мен таудағы малшы қазақтың да қасқырдан қорғанар «жалғызауыз» бен «қосауыз» мылтығын баяғыда сыпырып алған болатын. Ал, шешендер автоматтан адам атады, бірақ, оларда ондай қару барынан біздің билік хабарсыз. Хабары болса да, тартып ала алмайды... Биліктің барлық тармақта­рының басты міндеті – оқыс оқиғалар мен қайғылы қақтығыс­тардың алдын алу, яғни, шешен­дердің қолындағы қару-жарақты дереу түгел жинастыру емес пе?.. ...Осынау оқыс оқиға, қайғылы хабар хақында әрі ақын, әрі батыр Рафаэль ағамыз дұрыс айтады: шынында, еріміз есіл болғанда, ел болып үндемеуіміз қалай?.. Көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп қайттық: «Оқ атқаны – білместік болды» деп өкінген Арсен Агузаевтың ағайындары жоқ, Шеңгелдіде! Оның орнына... сынған әйнегі мен есік-терезесін даулап отыр! Сталиннің тепкісінен телпек болып, қазақ ауылына өлімшілікпен зорға жеткен шешендердің ауызына асын тосқан қазақтардың жақсылығының өтеуі ретінде арада ондаған жылдар өткенде ұрпағы ажал құшып жатыр. Ата-бабасы мен үрім-бұтағы мәңгілік қарызынан құтыла алмайтын шешендердің қазақ секілді асыл тұқымды халықтың, мемлекетті құраушы ұлттың арыстай азаматына қиянат жасауын қалай түсінуге болады. Ал, біздің әлжуаз билік келім­сектердің қоламтасын көсеп, ауылдағы қазақ жастарына әйнектің ақшасын төлетуге бар күшін салып жатыр. Егер осылай жалғаса берсе, бұл екі шешен жігіті де әділ жазасын алмаса, қазақ халқының қандай әрекеттерге барарын бір құдай ғана біледі!.. Сол кезде мұндай тегеуріні қуатты наразылыққа кінәлі кім болмақ?.. «Төзімділік – жақсы қасиет, бірақ, шексіз төзуге ғұмыр қысқа!» депті Мұхтар Әуезов. Төзімділігі телегей қазақтың да төзімі бір күні шегіне жетсе, не болады?!..Марқұм ақын Өмірзақ Қожамұратов: Батыр ақын болмаса, Батырлыққа мін емес. Ақын батыр болмаса, Көрген күні – күн емес! – деп жазған еді. ...»Ұлттар ынтымағы», «халықтар достығы» деген қастерлі сезімді ұлықтау – тек қана қазақтың есебінен жасалынбауға тиіс. Әркім өз орынын, жүрер жолын білсін! Төрімізді берсек те – төбемізге шығармайық! Әйтпесе, қасақана қиянат пен әділетсіз үкімнің – ашынған адамды қандай «ережесіз ерліктерге» итермелейтінін ешкім де болжай алмайды... Соңғы деректер бойынша екі шешен жігіті В.Угазаев пен А.Агузаев қамауға алынған. Соңынан В.Угазаевты үйіне босатыпты… Жалпы оқиға барысы туралы хабардар етіп отыратын боламыз… Ертең 26 тамыз күні Шеңгелдіде Мадияр марқұмның жетісі өтеді.  

 Шуақ Айбалтаұлы  

www.qazaquni.kz