Қызылордада хан ескерткіші салынады
2013 ж. 21 тамыз
2035
0
Қазір Сыр өңірде 489 тарихи және мәдени ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 21 республикалық, жергілікті маңызы бар 274 ескерткіш есепте тұр. "Қызылорда қаласындағы тас тұғырлардың тиісті орынға орналасу реттілігі қайта қаралды. Өйткені, тарихи-эстетикалық талғам тұрғысынан маңыздылығы ескерілді. Мысалы, орталық алаңдағы Абылай хан ескерткіші №140 орта мектептің ауласына, оның орнына Ы.Жақаевтың тұғыры қойылмақ. Себебі, еңбек адамының ерекшелігі қаланың құрметті азаматтары аллеясына жанасып тұр. Сол секілді Темірбек Жүргеновтың ескерткіші №136 орта мектепке, Ғани Мұратбаевтың тұғырын бұрыңғы орны – Орталық стадионға қоймақ ойымыз бар. Осыған байланысты облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құзырлы орындарға нақты тапсырма берді. Ең бастысы, ескерткіштердің ұрпаққа ұлағат беретіндей деңгей-дәрежесі болуы шарт" – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрхан Жәлиев.
Алдағы оқу жылында ашылатын 1200 орындық мектепке Абай Құнанбаевтың есімі беріліп, оқу орнына ұлы ақынның ескерткіші қойылмақшы. Сонымен қатар, ұлттық мәдениет пен өнердің дамуына зор еңбек сіңірген Темірбек Жүргеновтің бейнемүсіні де жасалынады, деп жоспарлануда. Тағы бір жақсы идея – қазақ ханы Абылайдың тұлғалық тұғырын, биік болмысын білдіретіндей еңселі ескерткіш жасау алдағы күнге мақсат етілді.