"Халықтың қайғысын бөліспеген адамның – оның қуанышында бірге болуға құқы жоқ"

dosanov

Сәбит Досанов,

жазушы, Мемлекеттік және М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты,

Ресей әдебиет академиясының академигі:

 

"Халықтың қайғысын бөліспеген адамның – оның қуанышында бірге болуға құқы жоқ"

 

"Оңбайды адам елі менен жұртынан,

Жоғарырық қояр болса өз басын"

Шандор Петефи

 

Халықтың жанайқайына құлақ аспаған Қаппаров  өз еркімен отставкаға кетуі керек !

– Сәбит аға, cіздің өзге қаламгерлерден өзгешелігіңіз – қоғамда болып жатқан оқиғаларға жедел үн қосатын азаматтық белсеңділігіңіз. Содан да болар, біздің пайымдауымызша, қазіргі қазақ әдебиетінде көсемсөзді көп жазған көшелі қаламгердің бірісіз. Алғашқы сұрақ, қазір қоғамда қатты шу болып, талқыланып жатқан  жүздеген зиялы қауымның «Оффшорға тығылған Қаппаров отставкаға кетуі керек! Халық пен салықтан қашқан министр үкіметте қалайша отырады?» деп Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазылған Ашық хатқа бір топ зиялылармен бірге қол қоюыңыздың себебі не?  –Ең бастысы, осы Ашық хатта айтылған жайларды толық қолдап, қуаттаймын. Алдында ғана офшорды паналап, салықтан қашқандардың тізімінен аты шығып, әшкере болып қалған министр Нұрлан Қаппаровтың Байқоңырда ракета құлағанан кейінгі ай бойы әрекетсіздігіне қатты көңілім қалды. – Протонның құлауы оқыс оқиға ғой?.. – «Протонның құлауын оқыс оқиға деу аз. Бұл соры арылмаған қазаққа тиген тағы бір ауыр соққы. Елің, жерің, халқың уланып жатқанда «Елім тыныш, ер қамын жеген ерлерім аман болса екен» деген тілекпен таң атырып, күн батырып жүрген маған да ауыр соққы болды бұл. Халықпен бірге менің де жаным жылады.   – Жоғары биліктің «Протон» құлағаннан кейінгі іс-әрекеті жайлы не айтасыз? – Премьер-министр Серік Ахметов сергектік таңытып, Қоршаған ортаны қорғау министірі Нұрлан Қаппаров басқарған үкімет космиссиясын құрды. Комиссияға «Протон-2» құлаған өңірге барып, істің мән жайымен танысып, тиісті шаралар қолдануды тапсырды. Дәл сол сағатта, сол күні демей-ақ қоялық, келесі күні Қаппаров  Байқоңырға құстай ұшып жетуі керек еді. Өкініштісі, олай болмады. Қаппаров оңша-мұншаға елегізіп, елеңдей қоймайтын, елеңдегенді айтасыз, тіпті, тау қозғалса да қозғаламайтын «аса салмақты» жігіт екен, арада апталар емес, ай өтсе да «Протон-2» құлаған аймаққа баруға асыға қоймады. Ол-ол ма, Астанада отырып-ақ: «Атмосфералық ауа мен топырақты тексеру кезінде гептил табылған жоқ» – деп мәлімдеді. nurlan qapparov 2 jpg    Сонда деймін-ау, үстіміздегі жылы шілде айының екінші жұлдызында Байқоңырда Ресейдің зымыран тасығыш – «Протон-М» апатқа ұшырап, бір емес, он да емес, 600 тонна улы гептил төгілгені рас қой. Бүкіл дүние жүзі көріп, біліп отырған бұл сұмдықты қалай жоққа шығаруға болады?! Жоққа шығара алмайды екенбіз, яки, төгілген улы гептилдің айға ұшып кетпегені тағы талассыз ғой. Бұл дегеніңіз – 600 тонна улы зат ауаға жайылды, жерге сіңді, қазақтың мыңдаған гектар жері тағы да уланды, көлдер, өзендер ғана емес, жер асты сулары да, топырақ та бүлінді, деген сөз. Гептилдің бір микрограммы бір литр суға араласса, адамды өлтіретіндігін ғылым әлдеқашан дәлелденген. Сонда: «Атмосфералық ауа мен топырақты тексеру кезеңде гептил табылған жоқ» деген министр Қаппаровтың сөзіне сенеміз бе, әлде, ғылым дәлелдеген дерекке сенеміз бе?! Қызылорда облысының тұрғындары мен сол өңірдерге барып келген кісілердің сөзіне, БАҚ-та жарияланған харбарларға қарағанда, ауаға тараған улы гептилдің зардабын тартып жатқандар аз емес... Қоршаған орта бүлініп, халық зар жылап жатқан кезде басқа-басқа Қоршаған ортаны қорғау министрінің Астанада тас табандап отырып алғанын қалай түсінуге болады?! Осындайда еске түседі, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Алматыға сел қаупі төнген кезде республика басшылығы тәуекелге бел буып, Медеуде қолдан жарылыс жасады. Сол бір қиын күндердеҚазақстанның басшысы, КОКП ОК Саяси Бюроның мүшесі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өз өміріне төнген қауіп, қатерге қарамастан жарылыс жасалған таулы аймақта инженер, жұмысшылармен күні-түні бірге жүрді. Осы жай еске тұскенде тау қозғалса қозғалмайтын "аса сабырлы" Қаппаровтан: "Сіздің жасыңыз Қонаевтан үлкен бе, әлде, дәрежеңіз жоғары ма?" Әлде, у жұтып жатқан халықтан өзіңізді жоғары қоясыз ба?" – деп сұрағың келеді. "Тура биде туған жоқ" принципімен мәймөңкелемей турасын айтайық, сізде де, тіпті, сізден зорлар да халықтан үлкен емес. Жалғыз Қаппаров емес, билік басындағы жігіттердің бәрінде болмаса да, біразында өз миссиясы жайлы қате түсінік бар. Біразы "біз бастықпыз" деп халыққа шекесінен қарап, шіреніп жүретін сияқты. Ал, шын мәнінде, билік басындағыларға халық емес, керісінше, олар халыққа қалтқысыз қызмет етуге міндетті! Себебі, олар халықтың қаржысына жалданып, халыққа қызмет етіп отырған қызметшілер, бүгінгі күннің тілімен айтсақ менеджерлер. Олай болса, халықтан алып отырған жалақыңызды ақтаңыз, Қаппаров мырза! Турасын айтсақ, Қаппаров алып отырған жалақысын ақтаған жоқ! Қоршаған орта бүлініп жатқанда, Қоршаған ортаны қорғау министірінің сол ортаға бармауын басқаша қалай бағалауға болады?! Қаппаров мырза, сіздің бұл жайбасарлығыңыз, аса сабырлы, салиқалы да, салмақты саясаткер Қырымбек Көшербаевтың да төзімін тауысты. Ол үкімет отырысында былай деп мәлімдеді: "«Протон» апатынан бері үш апта өтті, алайда, мүдделі мемлекеттік орган өкілдері космодромға ат ізін салған жоқ. Ал онда экологияға да, әлеуметтік салаға да қатысты өте өзекті мәселелер жинақталып қалды". Қаппаровты түсінуге қанша тырыссам да, түсіне алмайтыным – апат аймағына бару ең басты міндеті емес пе еді?.. Осы тұста жас кезімде бір кітаптан, ұмытпасам, Ленинннің көп томдығыннан болу керек, оқыған бір сөз ойыма оралып тұр. Әлі есімде онда былай деген: «Қоғам, мемлекет және адам үшін керек нәрселер көп. Сол көп керектердің ең бастысын бірінші кезекке қою керек». Сіздің ең бірінші міндетіңіз, өзге жұмыстың бәрін кейінгі кезекке қойып, ең алдымен, апат аймағына ұшып бару еді ғой. Сіз барған бетте күрмеуі қиын күрделі проблемалар бірден шешіле де қоймас, әйтсе де, халық: «Билік бізге қол ұшын созды, министрдің өзі келді» – деп, аз да болса, жүдеген жанға жұбаныш табатын еді. Бұл сіздің ғана емес, биліктің беделін көтерер еді. Әттең, солай болмағаны өкінішті-ақ!  Әрі түсініксіз. «Бидайдың кеудесін көтергені – дәнінің жоқтығы, жігіттің кеудесін көтергені – ақылы жоқтығы» дейді халық даналығы. Өзіңізді ақылсыз дегенім емес, Нұрлан бауырым! Сіздің ақылға кенде еместігіңізге сенемін. Ақылсыз кісі Қазақстандағы ең бай елу адамның қатарына кіре ала ма? Сіздің сол ақылыңыздың халыққа емес, ең алдымен, қарабасыңыздың қажетіне жұмсалатын өкінішті. «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» демеп еді Жүсіп Баласағұн. Қырымбек Көшербаев дабыл қақпаса, Үкіметтің арнайы комиссиясының басшысы, әрі Қоршаған ортаны қорғау министрі Сіздің, Қаппаров мырза, Байқоңырға ат ізін салмауыңыз да мүмкін бе деп ойладық. Апаттың болары болып, бояу сіңгеннен кейін барғаныңыздың мәні де шамалы. Халықтың жанайқайына дер кезінде құлақ аспаған Сіздің, Нұрлан інім, өз еркіңізбен отставкаға кеткеніңіз жөн. Бұл менің ағалық ақылым ғана емес, халықтың да талабы!  

–Сіз "ел қамын емес, өз қамын ойлайтын шенеуіктің бірі – Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров" деген пікірімен келісесіз бе?

–Келіскеннің не, жоғарыда айтқанымдай, толық қуаттаймын. musabaev

Ерлеріміз Мұсабаевтай болса, елдің көсегесі қайтып көгереді?

– Сәбит аға, Төтенше жағдайлар министірі Божко мен «Қазғарыш» агентігінің төрағасы Мұсабаев жайлы пікіріңіз қандай?

 – Бұл екі азамат та ұшқырлық таңыта алған жоқ. Оны айтасыз, Байқоңырда халық Астана жаққа алаңдап, көмек күтіп отырған шақта олардың апат аймағына барып, шұғыл шаралар қолданудың орнына, көңілге қонбайтын сөз айтуын – өз басым қателік деп есептеймін. "Төтенше жағдайлар министрлігі" деген өзінің аты айтып тұрған бұл ұжым төтенше оқиға болған жерге елдің алдымен жетуі керек емес пе? Ал, осы министрлікті басқарып отырған Владимир Божко мырзаның: «Қазір Байқоңырға баратын уақытым жоқ. Үлгерсем кезекті еңбек демалысына шығар алдында барамын, болмаса орынбасарымды жіберемін» деуі – кәсіби кемшілік қана емес, нағыз кеудемсоқтықтың көрінісі! «Қазғарыш»  агентігінің төрағасы Талғат Мұсабаевты "еліміздің атын шығарған еріміз ғой" деп сырттай сүйсініп жүруші едім! Оның «зымыранның құлауы апат емес, Ресей Қазақстаннан жалға алған жерге құлады. Бұл «Роскосмостың ішкі шаруасы» деген сөзін түсіне алмадым. Ол аздай-ақ, сұхбат алғысы келген журналистің кеудесінен итерген соң, қатты көңілім қалды. "Ел намысын қорғар" деген ерлеріміз осылай болса, қазақтың көсегесі қайтып көгереді?! «Е, мына інім де тым асқақтап кеткен екен, астамшылық қой мұнысы» деп ойладым. Көңілім қалғаны сонша "Көзіңді ашып қара Мұсабаев мырза, журналист те өзің сияқты Қазақстан азаматы. "Өсер елдің баласы бірін – бірі батыр дер, өшер ел баласы бірін – бірі қатын дер"– демеп пе еді даланың дана қарттары. Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады .Арғымаққа міндім деп артқы топтан адаспа! Сізді, Мұсабаев мырза, атқа мінсе атасын танымайтындар қатарынан көргім келмейді. Биікке шығу оңай емес, әрине, ал, сол биікте басың айналмай тұрып қалу одан да қиын. Менің бұл айтқанымды шамданып, шамырқанбай, ағаның ақ көңілімен айтқан ақылы деп қабылда. Журналистерден кешірім сұра. Өсер елдің арманы көп, өшер елдің жанжалы көп екенін ұмытпа! Кеудеңді көтере берме. Есіңде болсын, кеудеңді көтерген сайын, басың төмен иіле береді" дегім келеді... Жалпы, біздің шенеуіктерге айтарым: халықтаң қайғысын бөліспеген адамның оның қуанышында бірге болуға да құқы жоқ. –Сонда қалай, Қазақстандағы шенеуніктердің бәрі өзінің қарабасының қамын ойлаудан аса алмайтындар ма? – Олай деу қате әрі әділетсіздік болар еді. Бес саусақ бірдей емес қой. Қазақстанда ұлтжанды, елшіл, мемлекетшіл қайраткерлер де бар. Өкінішке қарай, олар аз. Тым аз.   – Мәселен, сіздіңше, кімдер олар? Атын атап айта аласыз ба? – Айтқанда қандай! Әрине, ойымызға, ең алдымен, Иманғали Тасмағамбетов оралады. Оның ұлтжандылығы, елшілдігі әр ісінен, әсіресе, рухани құндалықтарға деген құнттылығынан айқын көрініп тұрады. Көзқарақты оқырмандардың бәрі білетін ол бас-көз болып, жүзеге асырған игі істерді тізбелеп жатпай-ақ қоялық. Осы тұста, бір қарағанда, елеусіздеу көрінетін, әйтсе де, астары тегін емес, терең сыр жатқан бір жай ойға оралып тұр. Бірде маған бір қаламдас інім келіп өзінің алпыс жасқа толған мерейтойына орай біраз қиындақтар туғанын айтты. Көмектесуімді өтінді. Бұл қаламгер Талдықорған өңірінің тумасы еді. Алматы облысының әкімі менің бұрын кездеспеген кісім. Жүрегім жұмсақ мен өзіме тән көңілшектікпен қаламгер інімнің бетін қайтара алмай, Алматы облысының әкімі Аңсар Тұрсынханұлы Мұсахановқа телефон шалдым.  Аңсар інім байырғы дос, бауырымен сөйлесіп отырғандай айтқан өтінішімді екі етпей орындап, жерлес қаламгердің мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге уақыт тауып, көп көңіл бөлді. Арада біраз уақыт өткесін Аңсар Тұрсынханұлымен кездесіп, ұзақ әнгімелесудің орайы келе қалды. Сонда көзім жетіп, көңілім сенген жай – Аңсар інім өз ұлтын, қазағын жақсы көретін нағыз  елшіл, мемлекетшіл қайраткер екен. "Жақсының өзінен бұрын аты жетеді" деген халық даналағының тағы бір дәлелі Жоғары Сот төрағасы Бектас Әбдіханұлы Бекназаров. Бұл азаматтың өзімен кездеспей тұрып, ол жайлы халықтың мақтау сөздерін көп естідім. Сол сөздер мені оған алып барды. Бектас Бекназаровпен бір емес, бірнеше мәрте кездесіп, әңгімелескенде кісілігіне кішілігі сай Азамат екеніне, ең бастысы, елшіл, мемлекетшіл қайраткер екеніне көзім жетті. Осы тұста тағы бір мемлекетшіл, ұлтжанды қайраткер – Қайрат Пернешұлы Қожамжаров жайлы айтудың орайы келіп тұр. Бір қарағанда, қаржы полициясының генералы мәдениет пен әдебиеттен алыстау көрінетіні бар. Шын мәнінде, Қайрат інім де ұлттық құндылықтарды ұлықтай білетін ұлтжанды қайраткер екен. Оның Ақмола облысында аз уақыт әкім болған кезде мәдениетке, әдебиетке жанашырлық жасап, ұлттың рухын көтеруге бағытталған талай игі істерге бастамашы болғанын БАҚ-та жарияланған хабарлар арқылы біліп отрдық. Қайрат ініміз Қазақстан Жазушылар Одағының Көкшетау қаласындағы бөлімшесінің жиынына қатынасып, жергілікті қаламгерлердің жылдар бойы қордаланған проблемаларын шешіпті. Жазушылар Одағының бөлімшесін баспанамен қамтамасыз еткен. Өлең жазып, гитарамен ән айтатын Бақтықожа Салахадинұлы Ізмұхамбетов Орал облысында әкім болып тұрғанда, бүкіл облысты көгілдір отынмен қамтамасыз етумен бірге жергілікті жердегі зиялы қауымның портреттерімен қала көшелерін көріктендіріп, олардың атын асқақтатты. Бюджеттен қаржы алмай-ақ, өзі бас болып сенбіліктер жасап, жағалауы қоқысқа толған Шағын бойын жайнатып жіберді. Қазір бұл жер қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған. Қуаныштысы – осындай ұлтжанды, елшіл, мемлекетшіл қайраткерлер бар, өкініштісі – олар саусақпен санарлық қана.  

«Ана тілін шекараны қорғағандай қорғау керек»

 

– Тәуелсіздіктің жиырма бірінші жылында да ана тілінің төрге оза алмай тұрғанына не себеп? – Оның себебі көп. Ең бастысы, көрінгеннің көңіліне қарайтын жалтақтағымыз, жалпақшешейлігіміз. «Ой-бай, өзге ұлттар өкпелеп қаламасын, бірлігімізге сызат түспесін» деп басқалардың қас-қабағына қараумен алтын уақыт өтіп барады. Мемлекет құрғанда бар болғаны 5 миллионға жетпейтін еврей халқы айналасындағы 300 миллион арабтардың көңіліне де, әлемнің қас-қабағына да қарамай, ғасырлар бойы өлі тіл болып келген ивритті уақыт өлшемімен алғанда қас-қағымда тіріліп, ұлтын рухани асқақтатты. «Ана тілін шекараны қорғағандай қорғау керек» депті Петр Вяземский. Түркістан майданының қолбасшысы, қып-қызыл қоммунист Михаил Фрунзе: «Саяси қызметкерлер мен командирлердің бәрі өздері қызмет етіп жүрген жерлердегі жергілікті ұлттың тілін үйренуге міндетті» деп ұрандатқанда, тәуелсіз Қазақстан шенеуніктерінің кімнен қаймығып, неге тартынатына түсіне алар емеспін. Билік тізгінін ұстаған азаматттар көлеңкесінен қорқып, әркімнің көңіліне қарай бергенше, Латвия президенті Андрис Берзиньштің «Мен президент болып отырғанда орыс тілі ешқашан мемлекеттік тіл болмайды» деген сөзі мен ісінен үлгі алса болмас па? Меніңше, мұның басты бір себебі – шенеуніктердің ұлтжанды, елшіл, мемлекетшіл еместігінде.  – Біздегі мемлекеттік қызметкерлердің бәрі сондай ма? – Бәрі емес, әрине. Бірен-сараң тіл жанашырлары жоғары билікте де бар. Қазақ тілін аз уақытта үйреніп алған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, қайда жүрсе де ұлттық құндылықтарды ұмытпайтын Қырымбек Көшербаевтың өнегесі өзгелерге үлгі болса, кәне! Ел газеті «Егемен Қазақстан» Орал облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың қазақ тілінде төгілтіп шешен сөйлейтіндігін, әртүрлі жиындарда ана тіліне басымдылық беретіндігін сүйсіне жазды. БАҚ-та жарияланып жүрген хабарларға қарағанда, Нұрлан бауырымыз ұлттық құндылықтарды асқақтатып, ұлт зиялыларын құрметтеуде де өнегелі істерімен халықтың ризашылығына бөленіп жүр. -         Тәуелсіз Қазақстан үшін қазір ең бастысы не деп ойлайсыз? -         Күн бар жерде, көлеңке бар. Күрмеулі де, күрделі өмірдің күллі қуанышы мен қайғысы, жетістігі мен кемшілігі күн мен түндей алмасып отырады. Жеткенінен жетпегені, тапқанынан таппағаны көп еліміздің тәуба дерлік қуанышы да, Құдайға шүкір, аз емес. Соның ең бастысы – ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған, Алаш арыстары басын бәйгеге тіккен, жанын қиған – қасиетті Тәуелсіздік. Әлемдегі 5 мыңнан аса ұлт пен ұлыстың 192-сі ғана мемлекеттік деңгейге жетті. Соның бірі – Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздіктің 21 жылында қол жеткен табыстарымызды тізбелемей-ақ қоялық, ол қазақстандықтарға ғана емес, әлемге белгілі. Табысымызды ешкім тартып алмайды, жоқ іздеген халықпыз, ең алдымен, жоғымызды түгендеп алғанымыз  жөн.       Бізге жетпейтін нәрсе көп. Өте көп! Соның негізгісі – отаршылдарға алданған, келімсектерге арбалған, сөйтіп, өз елінде өгей, өз елінде көзтүрткі, кедей болған қазаққа өз ұлтын жан-тәнімен өліп-өшіп сүйетін ұлтшыл, мемлекетшіл, елшіл, халықшыл шенеунік жетпейді. «Елдің қамын көп ойла, уайым-қайғы жеп ойла» – дейді Міржақып Дулатов. «Ресей бізсіз де өмір сүре алады, ал, біз Ресейсіз өмір сүре алмаймыз» депті Иван Тургенев. Ал, Рафаэль Альберти айтады: «Халқым және мен - ешқашан ажырамас егізбіз». Үш халықтың үш ұлы перзенті айтқан осы ұлағатты ойларды біздің биліктің баспалдағында жүрген шенеуніктер білмей ме, білсе де құлақтарына ілмей ме, әйтеуір, тектілердің тегін айтпаған тегеуірінді ойларының үдесінен шығып жүргендері жоқтың қасы. Еліміздің аяғына тұсау боп, адымын аштырмай отырған ең үлке кесел де осы. Осы тұста Ғабиден Мұстафиннің: «Біз кезінде ұлтшылдықпен күресіп едік, қазір ұлтсыздықпен күресу керек» деген сөзі ойыма оралып тұр... – Сәбит аға, шет елдерде көп болдыңыз ғой. Олардан не үйренуге болады? – Шет елден үйренетін нәрселер көп, жиренетін жайлар да аз емес. Өркениетті елдердің тәжірибесіне сүйенсек, қоғамды алға сүйрейтін қуатты төрт локомотив бар. Олар: білім, ғылым, өнер, мәдениет. Ал, бұларды өркендететін адам капиталы. Өркениетті елдер адам капиталы арқылы өзгелерден оқ бойы озық жүр. Қазақша жалпы тілмен қысқа қайырсақ – адам капиталы дегеніміз ой еңбегі. Қол еңбегі екінше кезекте. Ой еңбегін – адам капиталын дамытқан Жапония, Германия, Оңтүстік Корея, т.б. елдердің экономиясы қуатты. Ой еңбегіне арқа суйген Билл Гейтсің табысы Қазақстанның бүкіл байлығының үштен бір бөлігіне тең. Міне, адам капиталының кұдіреті!  – Адам капиталының қуат алар қайнар көзі не? – Ол әдебиет, өнер, ғылым. Біз осы киелілерімізді қадір-қасиетін түсініп, оны асқақтауымыз керек. Ащы да болса ашығын айтайық, жазушыларымыз жұмсартып айтсақ, сұраншақ, тура өз атымен айтсақ, бай-манаптарға алақан жаюшы. Тоқтықтан емес, жоқтықтан соған мәжбүр. Ол да – адам. Оның да толып жатқан тұрмыстық проблемалары бар. Өзгесін былай қойғанда, бір данышпанның сөзімен айтқанда, өзгелер ішіп-жеу үшін өмір сүрсе, ол өмір сүру үшін ішіп-жейді. Отбасы жағдайы, бала-шаға қамы тағы бар. Кітабын шығару керек. Үкімет қаламақы төлемейді. Өзінде жоқ болғасын өзгеге алақан жайып, үлкен басын кішірейтпегенде қайтеді енді? Қосақ арасында босқа өле ме?.. Ғалымдар базар жағалап кетті. Өнер адамдары той-домалақта ән салып, асаба боп күн көріп жүр. Бұған тосқауыл қоятын, ол үшін зиялы қауымның жағдайын жасайтын кез жетті! Билік басындағылар Сергей Капицаның: «Культуру надо насаждать! Даже силой… Ничего лучше правильного воспитания не придумаешь! Это требует большой работы, проделывать которую пока никто не рвётся. Но если мы не будем задумываться над этой проблемой серьезно, человечество придет к краху…» деген ақылына құлық танытып, құлақ аспаса да, Президентіміз Нұрсұлтан  Назарбаевтың: «Мәдениет – ұлтының бет-бейнесі, рухани болмасы, жаны, ақыл-ойы, парасаты» деген сөзін басшылыққа алуға міндетті! Рухани құндылықтар – ұлттың ұлы байлығы. Рухани құлдыраудың соңы – құрдымға кету. Ең бай мемлекет Римнің түбіне жеткен де осы! Рухани байлықсыз ешкім, ешқашан Толық Адам бола алмайды. Монтеньенің: «Тұрмыстағы қайыршылыққа қарайласуға болады, жандүниедегі жоқшылыққа жәрдемдесу мүмкін емес» дейтіні содан. Кобо Абеның: «Экономика және онымен байланыстының бәрі де мәдениетке бағынышты» дейтіні, Борис Покровскийдің: «Если не будет у нас достойного искусства, не будет и страны. Никакая экономика, никакая политика – ничто, кроме подлинной культуры, не поможет нам поднять голову» деуі тегін емес және бұл бағытты Елбасымыздың ескеруі де ерекше ойланатын нәрсе. Қаламсыз өмір – қараңғы. Қараңғы ғана емес, қаламсыз – ғалам да жоқ. «Феодализмді өлтірген - зеңбірек, адамзат қоғамын қалам өлтіреді» депті Наполеон. Андрей Битов айтады: «Адамзаттың өмірінен әдебиетті алып тастасаң, сықырлаған қару мен сыңғырлаған тиын ғана қалады» деп... Иә, қаламнан үлкен қару жоқ. Пушкин Ресейді ғана емес, күллі Европаны тіреп тұрған Николай патшаның өзіне: Бог с ним, Никому отчета не давать, Себе лишь самому Служить и угождать! – демеп пе еді. Әдебиет қандай дәрежеде, оны жасаушыларға деген көзқарас қандай деңгейде болса – қоғамда да, мемлекет те сондай деңгейде. Гумилевше айтсақ: «Сөз қалаларды да қиратады, күнді де тоқтатады». Әдебиетке деген көзқарас – мемлекттік мәселе! Ел болып қатардан қалмай озамыз ба, әлде, бордай тозамыз ба, ол, ең алдымен, аса мәртебелі сөз патшасы – әдебиетке тәуелді!..  Кейбір зиялыларымызбен сұхбат жасайық деп хабарлассақ, әрнәрсені сылтауратып, қашқақтайтындар көбейіп кетті қазір. Біздің өтінішімізге бірден келіскеніңіз үшін  сізге разы болып отырмыз? – Негізі менің әр күн, әр сағатым қатаң есепте. Себебі оқитын кітап та көп, жазып жүрген көркем шығарма да бар. Ал, саған бірден келісім берген себебім: «Қазақ үні» газеті билік пен байлардан ықпайтын, ерлік туын жықпайтын, өзекті мәселелерді өткір көтеріп жүрген батыр басылым. Сондықтан, мен сіздермен біргемін!  – Ақ жүректен ақтарған әңгімеңізге, газетіміздің атына айтқан жылы пікіріңізге көп рахмет!  

Сұхбаттасқан Айбек БЕСТЕНҚҰЛ