Абылай ханның орындалмаған арманы

 

Абылай ханның орындалмаған арманы

(Мәселенің қойылуы)

 Abylai

Қазақ халқының тарихында әлі күнге құпиясы ашылмай  келе жатқан мәселелер  жетерлік. Солардың бірі – Қазақ хандығының тарих сахнасынан кетуі десек, артық айтқандық емес. Жоңғарлармен арадағы соғысты жеңіспен аяқтап, өзінің толысқан кезеңінде, Абылай ханнның қайтыс болуымен мемлекеттің ыдырап, өзге мемлекеттердің жемтігіне айналуы, Солтүстінің Ресей империясының құрамына, Оңтүстігі Қоқан хандығы құрамына, Оңтүстік шығысы Қытай империясының құрамына, Батыс өлкесі Хиуа хандығының құрамына өтуі таңданыс тудыратын мәселе. Абылай хан жоңғарларды жеңгеннен кейін, дипломатиялық әрекеттерімен сыртқы көршілерін мойындатып, келісімдерге келіп, халқының тыныштығына қол жеткізгенімен, өз халқының ішкі рухани, мәдени тұтастығы мен мемлекеттің ішкі құрылымдық жүйесін қайта қалыптастырып үлгере алмады. Оның себебі, сол кезеңдегі қазақ қоғамында оның саяси қадамын, мемлекеттік жүйені реформалауға деген ұмтылысын қолдайтын, белсенді саяси топтың болмауы  және Абылай ханның  бұл мақсатын іске асыруға қарсы топтардың қолында үлкен күштің болуы еді. Әрине, бұл жерде Абылай ханның қандай реформа жасамақ болды, оның мақсаты не еді?- деген заңды сұрақ туындайды.  Сол себепті, біз тарих қойнауына аздап шегініс жасап, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қабылдануымен Қазақ хандығының мемлекетті басқару жүйесіндегі өзгерістерге талдау қысқаша шолу жасап шығуымыз керек. Тәуке хан таққа отырған соң рухани тұтастығы ыдырап, әртүрлі сопылық тариқаттар соңына ерген ру, тайпалардың арасындағы ауыз бірлікті қайтадан қалпына келтіруге ұмтылды және ол «Жеті жарғы» заңында толық көрініс тапты. Бұл заңда сырттай қарағанда, қоғамдық қатынастарды реттеу жолдары да, некелік қатынас та өзгерген жоқ. Өзгерген тек діни идеология мен сол діни идеологияны жүргізуші қожалар әулеті болды. Басқаша айтқанда, йасауийа тариқаты мемлекеттік дін ретіндегі ролінен ажырап, орнын нақшбандийа тариқаты өкілдеріне босатуға мәжбүр болды. Бұрынғы билер институтының иесі болған қожалар рухани биліктен шеттетіліп, қазақ халқының құрылымдық жүйесінен шығарылып тасталды. Бұрын құқы хан әулетімен тең болған, халықтың рухани жетекшісі, қазақ халқының рухани, мәдени тұтастығын қалыптастырған, мемлекеттегі заң билігі мен ханды сайлап қою құқын қолында ұстаған билер жай халықтың қатарына қосылды. Бұрын әдет жолы да, дін жолы да йасауийа тариқаты өкілдерінің қолында болған болса, енді дін нақшбандийа тариқатының өкілдерінің қолына беріліп, әдет жолы әр рудың, тайпаның өз ішінен шыққан, әдет жолын жетік меңгерген тұлғаларға берілді. Алайда, нақшбандийа тариқаты өкілдері йасауийа тариқаты өкілдері сияқты халықпен бірге көшіп-қонып жүрген жоқ. Тек жылына бір рет келіп, зекет жинаумен шектелді. Бұл қазақтың дәстүрлі мәдениетінің  бұзылмай сақталуына ықпалын тигізді. Нақшбандийа тариқаты өкілдерінің қатарына  түркілік мәдениеттен бас тартып, парсылық мәдениетті қабылдаған бұрынғы йасауийа тариқатының өкілдері де қосылды. Ол қожа әулеттері «азизан» қожалар немесе қысқартып «әзлер», «әздер» деп те атайды. Олардың қатарына қазіргі күні Түркістан, Сайрам сияқты қалалардағы өзбектенген, бірақ өз шежірелерін Қожа Ахмет Йасауимен байланыстыратын қожаларды жатқызуға болады. Бұлар өз қолдарындағы уақфтық мүліктерді сақтап қалу үшін сондай жолға барғанын байқауға болады. Ал өз жолынан бас тартпай, Иасауи жолына адал болған қожа әулеттері қазақ халқы құрамынан мүлде шығарылып тасталды немесе өздері кезінде пір болған рулардың құрамына сіңіп кетті. Қазіргі күні қазақ шежірелерін талдап көрсеңіз, олардың арасынан бұрын йасауийа тариқатының өкілдері болған қожалардың бар екендігіне көз жеткізуге болады. «Жеті жарғының» қабылдануымен қожа әулеттерін билік жүйесінен шеттетіп қоюмен шектелген жоқ. Қазақ хандығының мемлекеттік жүйесінде «Ұлы хан» және «кіші хандар» мен жеке «аталық»  институты пайда болғанын көреміз. «Аталықтар» қызметі Қазақ хандығында Қасым хан заманынан басталғанымен ресми түрде ол «Жеті жарғы» қабылданған соң жеке мемлекеттік институт ретінде қалыптасты және бұл институт Қазақ хандығының құрылуына негізгі ұйтқы болған Арғын тайпасының «Алтай арғын» атасына бұйырды. Аталық – ортағасырларда хан ұлдарының тәрбиешісі қызметін атқарса, «Жеті жарғыдан» соң бұрынғы беклербегі-төбе би құзырындағы қызмет түрлері Аталықтың қолына өтті. Тәуке хан жанында ресми түрде аталық қызметін атқарған Арыстан аталық ұлы Барқы аталық болды. Ол туралы орыс деректерінде мынадай жолдар бар: «И Тявки ханов лутчей человек Аталык Барку батыр стал его Таушку барнит за то, что он такие непристойные слова говорит.[1]» Осы мысалдың өзі Барқы аталықтың Тәуке хан ордасында салмағы бар тұлға болғандығын көрсетеді. Барқы аталық Тәуке ханның бас уәзірі қызметін атқарғанға ұқсайды. Одан төменгі аталық қызметіндегі тұлғалар мемлекеттік жүйедегі әртүрлі қызметтерді атқарғанын көруге болады. Солардың бірі – елшілік қызметі. Елшілік қызметінде аталықтар мен олардың ұлдары болғанын тарихи құжаттар айғақтайды. Мысалы, Тәуке ханның Петр-І патшаға жазған хатында мынадай жолдар бар: «И ныне к твоему пресветлому величеству свого надежного холопа Тайкумыр батыря Култабай аталыкова сына посылал, прошение наше от вас пожаловали, чтобы за таких худых воровских людей за дело и речи их лиха не сделайте, мурза Келдея отпустите...[2]». Елшілік қызметінде Барқы аталықтың туысы Тантай батырдың да болғанын тарихи құжаттар дәлелдейді. Мысалы, Қайып хан 1718 жылы Петр патшаға жазған хатында мынадай жолдар бар: «А послал я от себя к Вашему величеству старинного своего слугу и аталыка Арслан батыра, лутчего человека, сына его Тантай-батыра большим посланником[3].»  Бұл деректер билер институтының хан билігінен біршама алшақтатылғанын көрсетеді. Бұрын ханның барлық қызметін қадағалау билер қолында болса, енді билік хан мен хан уәзірі қызметіндегі аталықтар қолына көшкенін көреміз. Тәуке ханның «Жеті жарғысы» Қазақ хандығының мемлекеттік жүйесін толығымен өзгеріске түсірді. Мемлекет билігі түркілік билеу жүйесінен біртіндеп, мемлекетті басқарудың парсылық жүйесіне ойыса бастағанын, ханның өз қолына бар билікті топтастырмақ болған әрекетін көруге болады. Тәуке ханның бұл реформасы арқылы рухани биліктің киелігіне (сакральность духовной власти) ауыр соққы берілді. Бұрын халық ерекше рухани, киелі күшке ие, Жаратушының еркімен халыққа басшылыққа келген әулиелер ұрпақтарының соңына ерген болса, енді өздері сияқты  жәй кісілерден сайланған биге мойынұсынуға мәжбүр болды. Бұрын  ру, тайпаларға рухани жетекші-би болатын кісілер, осы қожа әулеттерінің өкілдері бір белгілі орталықтарда тәрбиеленіп, халық арасына ілімі жетілген кезде жіберілетін. Осыған байланысты қазақ арасында сақталған «Қожада бауыр жоқ» деген аталы сөз бар. Бұл бір жағынан әділдік принциптерінің бұзылмауының кепілі болса, екінші жағынан еншісі бөлінбеген қазақтың рухани, мәдени тұтастығы  мызғымастығының кепілі болды; үшіншіден, мемлекеттік сананы халық санасынан өшірмеудің кепілі болды. Әр ру, тайпаның  «қазақ» деген бүтіннің бөлшегі екендігін олар рухани бірлік арқылы халыққа сезіндіре білді. Сол себепті, некелік қатынастағы жеті ата жолы қатаң бақылауға алынды. Бұл жолды бұзған жеке адамдар өлім жазасына кесілсе, руымен, тайпасымен бұзғандарды жүздің құрамынан шығартып, «сарт» атандырды. Ал, өздері сол ру, тайпаның мүшесі болып табылатын биден биге қойылатын адалдық пен тазалықты талап ету қиын. Өйткені, ол әрбір ру биінің, тайпа биінің туысы бар, бауыры бар. Әрбір би «өзімнің шыққан тауым биік болсын» деген принциппен де өз пайдасына бұрады. Оның үстіне «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген принцип және бар. Осылардың бәрі қазақ қоғамының рухани тұтастығына үлкен нұсқан келтірді. Тәуке ханның билерді өзімнен алшақтатса, билік жүйесінен ысырса, өзім абсолюттік билікке ие боламын деген, жоспары іске аспады. Керісінше, қазақ халқының рухани тұтастығын ұстап тұрған рухани желі күшпен үзілген соң, рухани биліктің киелілік сипаты ғана емес, саяси биліктің де киелілік сипаты жоғала бастады. Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін-ақ Қазақ хандығының  көбесі сөгіле бастады. Оның тағына отырған Қайып хан 1718  жылы ішкі қақтығыстар кезінде қаза табады. 1723 жылы Жоңғар шапқыншылығы басталғанда Түркістан тағына Полат отырғанымен Қазақ хандығын біртұтас мемлекет деп айту қиын болатын. Йасауи жолының билік жүйесінен шеттетілуі, Шыңғыс хан ұрпақтарының бәріне таққа отыруға деген үмітін оятты. Бұрын билерден аса алмаған төрелер арасында өзара тақ үшін күрес басталды. Төрелердің ішкі араздығы,  Йасауи жолымен бірге хан билігінің киелілігі туралы ұғымның қазақ санасынан шайылуы Шыңғыс ұрпақтарының таққа отыруына қарсы топтардың шығуына ықпал етті.. Мысалы, оған Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жырындағы мына жолдар дәлел бола алады: Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті, Келгенде елу алты жасқа ажал жетті; «Бағыну бір көсемге дұрыс қой!»-деп Боларын осы апаттың болжап кетті; Төреден Әйтеке би безін деді, Қазақты батыр, көсем басқармаса, Быт-шыт қылар жау қалмақ, сезін деді; Хан-сұлтан, төре күні өткен деді, Олардан ақыл-айла кеткен деді; Қазағым, өзіңді-өзің тұтас ел қыл, Басқарар енді уақыт жеткен деді.[4] Бұл жолдар хан билігінің киелілігі туралы ұғымның өз мәнін жоғалтқанын аңғартады және ол нақшбандийа тариқатын өзгелерге қарағанда Бұхара, Самарқандпен шектес Кіші жүз руларында түркілік мемлекеттік жүйе туралы ұғымның толығымен мәнін жоғалтқанын көрсетеді. Бұдан кейінгі кезеңде Абылай хан таққа отырғанша, қазақтың басы бірігіп, біртұтас ел ретінде іс-қимыл көрсете алмағаны тарихтан белгілі. Абылай хан таққа отырғаннан кейін ғана қазақ өзінің біртұтас халық екендігін, Түркістанның қазақ даласының рухани орталығы екендігін қайта сезіне бастады. Абылай ханның бұл еңбегін М. Мағауин былай суреттейді: « ... Ел билеу ісінде Қазақ хандығының ежелгі заң жарғыларын қалпына келтірген Абылай әскери істе де өткенді қайта тірілтеді[5]». Шындығында, Абылай хан өз шамасы жеткенінше қазақ қоғамын қайта қалпына келтіруге барын салды. Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесіне қайта көтерді. Өзі Йасауи жолының сол кезеңдегі белді өкілі Жалаңаяқ қожаға мүрит болды. Алайда, рухани билікті толығымен қайта келтіріп үлгермеді. Билер кеңесін бұрынғы дәрежесіне көтере алмады. Тек кейбір ру, тайпаларда қожа әулеттері пір болып, рухани, діни мәселелерді қолына ала алды. Оған мысал ретінде Кіші жүзге пір болған Түркістандық Мұхаммед қожаны, барлық қазақ  жұртына пір болған Абд ал-Жалил қожа мен Уақ тайпасының пірі болған Сарғалдақ қожаны, т.б. жеке ру, тайпаларға пір болып, билік жүргізген қожаларды айтуға болады[6]. Алайда, Абылай ханның түпкі ойын, мақсатын түсінген ру, тайпа басшылары қолдарында шоғырланған биліктен ажырағысы келмей, оның саясатына ашық та, астыртын да әрекеттерге көшті. Және бұл әрекет Абылай таққа отырмай тұрып басталғанын көреміз. Ол туралы зерттеуші Ж.Артықбаев былай дейді: «Абылай мен Бекболат арасындағы келіспеушілік 1760 жылдары басталды. ... Қазақ жаудың бетін қайтарды. Көптен күткен бейбітшілік заман да орнады. Абылайды  төбесіне хан көтеріп, атын ұран қылып жүрген елі осы уақытта сыр бере бастады. Оның бірталай себептерін біз 1762 жылы күзде Омбыға барған Сырымбет пен Отарбай бастаған елшіліктің деректерінен кездестіреміз. Қаракесек елшілері Абылай хан қарақалпақпен соғысуға әскер сұрады, оны бермедік. Қытайдан елшілік келіп еді, оны жібермедік.»[7] Бұл дерек Абылайға қарсы астыртын әрекет, ол үш жүздің ханы болмай тұрып-ақ басталғанын көрсетеді. Оның себебі, біз жоғарыда айтып өткен, Абылай ханның мемлекеттің басқару жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізуге деген ұмытылысы болғандығына дау жоқ. Қазақ арасына тарған «Абылай аспас Сары бел» атты аңызда осы екі тұлға арасындағы арақатынас баяндалады. Ол аңызда мынадай жолдар бар: «Абылай былай дейді екен: Мен алмаған жау жоқ. Қырғызды Алатаудан асырдым, қалмақты Ертістен асырдым. Мен алмаған жалғыз-ақ Сарыбел қалды,-деп. Сонда басқалары сұрапты: –Сіз алмаған Сарыбел не? – деп. Сонда Абылай: -Мен басқаның бәрінен ассам да, Бекболаттан аса алмадым. Мен аса алмаған Сарыбел осы,-деген екен.»[8] Бұл аңыздың бірнеше нұсқасы бар. Біз олардың ешқайсысына арнайы тоқталмаймыз. Өйткені, ол аңыздарда Бекболат бидің Абылай хан абыройын түсіру мақсатында жасаған әртүрлі әрекеттері баяндалады. Бірінде, Бекболаттың адамдары Абылай ханның басындағы бөркін қағып түсіреді, бірінде жылқысын барымталайды, бірде баласы Қасым сұлтанға тиіседі. Барлық аңызда арандату Бекболат жағынан орын алады. Ең соңында бұл оқиға Абылай ханның Бекболаттың туысқандары Ботақан мен Жанайды тұтқындауымен, ызаға булыққан Ботақанның өзін өзі жарып өлтіруіне жалғасады. Бұл хабарды есіткен Бекболаттың үш мың адаммен Абылай ордасының үстіне баса көктеп келуі, халық жадынан мемлекеттік сана деген қасиетті ұғымның кетуінің айғағы десе болады[9]. Осыған дейін қазақ тарихында хан ордасына басып келу болған емес. Хан халқына жақпаса, ханды ордасымен қалдырып, өзге жаққа барып, Шыңғыстың басқа ұрпағын шақырып, хан сайлап, мемлекеттігін ары қарай жалғастыра беретін. Мысалы, Асан Қайғының Алтын Орданың ханы әз-Жәнібекті тастап, Алаш мемлекетін құруы, немесе Жұмадық хан мен оның беклербегі болған Ғазы бидің озбырлығына шыдамаған халықтың Жұмадықтан бөлініп, жас Әбілхайырды хан сайлауы, Әбілхайыр антты бұзып өзге діни ағымды қабылдап, Уаққас биді, ал Қара қыпшақ Қобланды Дайыр-қожа-Ақжол биді өлтіргенде Әбілхайырды тастап, Керей мен Жәнібекті әкеліп, хан сайлауы, Қазақ хандығын тарих сахнасына шығаруы бұл халықта рухани бірлік пен Билер институтының аса қуатты мемлекеттік құрылым болғандығын көрсетеді. Қазір тарихта жазып жүргендей Қазақ хандығын Жәнібек пен Керей құрған жоқ. Шыңғыс әулетінен кімнің таққа отыратынын Едігенің «Жасасы» мен «Төресінен» соң хан болатын тұлғаны таңдау да, сайлау да толығымен билердің қолына өткен болатын. Оны Мұхаммед Шайбани мысалында көруге болады. 1472 жылы Едгенің немересі Мұса мырза Мұхаммед Шайбаниді шақыртып, оны хан көтеруге әрекет етеді. Алайда, Мұхаммед Шайбанидің пиғылын білген билер Мұсаға: «Көне дәуірден бері маңғыт билеріне мемлекетте еркіндік беретін. Егерде Мұхаммед Шайбани осы көне дәстүрмен келісер болса, онда жақсы. Біз оны хан сайлаймыз. Болмаса жолы ашық.»[10] - дейді. Мұса билердің сөзін мақұл көріп, Мұхаммед Шайбаниді хан көтеруден бас тартады. Ал, Абылай хан билігінің соңғы кезеңінде  мұндай билер институты толығымен ыдырап біткен еді. Абылай хан осы жүйені қайта қалыптастыру жолында әрекет етті. Алайда, ол өз ойын жүзеге асыра алмады. Өйткені, сырттан келген діни ағым ықпалымен халық санасындағы киелік сипаты бар рухани билік пен саяси билік туралы қасиетті ұғымдар шайылып кеткен еді. Қолында билігі бар ру, тайпа басшылары Абылай ханның бұл саясатына қарсы шықты. Абылай хан өзін Арқаның халқы қолдамасын сезіп, Арқадан Түркістанға келіп, одан Самарқантқа баруы, қайтарында Ташкентте қалып, азғана кісімен Түркістанға қайтар жолында Сайрамның әкімінің бес мың кісімен қарсы шығуы, сол кезде сол маңда отырған қазақтардың Абылайға қол ұшын беруге жарамауының астарында бір ғана себеп бар еді. Ол – қазақ халқының ар-иманының тірегі, рухани тұтастығының кепілі, батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі ұшса құс қанаты талатын сайын даланы мекен еткен қазақ деген халықтың рухани өзегі болған Йасауи жолынан бас тартып, әр түрлі сопылық тариқаттардың соңынан еруі және сол дәуірді қазаққа қайта келтіруге әрекет жасаған Абылай ханның саясатына қарсы шығуы еді.  

З.Жандарбек,                                                                                                                                                                                                                                                                                                                    т.ғ.к., Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ,                                                                                                                                                                                                                                                             Түркология институты аға ғылыми қызметкері



[1] Омари Ж. Аталықтар әулеті: Арыстан, Барқы, Нияз. –Астана: «Алтын кітап», 2011. 3 б.
[2] Сонда,  3-4 бб.
[3] Сонда, 4 б.
[4] Әйтеке би. –Алматы: «Атамұра», 1998, 103 б.  
[5] Мағауин М.  Қазақ тарихының әліппесі. –Алматы: «Қазақстан», 1995. 108 б.  
[6] Ерофеева И.В. Родословные казахских ханов и кожа XVIII-XIX вв. –Алматы: ТОО “Print-S”, 2003. с. 32.  
[7] Артықбаев Ж. Қаз дауысты Қазыбек би. –Астана: «Фолиант», 2000. 224-225 бб.
[8] Артықбаев Ж. Қаз дауысты қазыбек би. –Астанан: «Фолиант», 2000. 224.
[9] Көпеев М. Шығармалары. –Павлодар: 2006. 50-53 бб.

[10] МИХК. Алматы: «Наука», 1969. С.104.