Қазақ жеріне қара шегіртке қаптады

  Ақтөбе облысына Ресейдің Соль-Илецк және Домбаров аудандарынан шегіртке шектен тыс мол мөлшерде қаптап келіп жатыр. Осы мәселеге байланысты Ақтөбе мен Орынбор облыстарының агрономдары кездесті.  Көрші елден келген жәндіктер сүт пісірім уақыт ішінде 722 мың гектар жерге жайылып кетті. Облыс мамандары шегірткеден келер қауіптің бетін қайтару мақсатында 330 мың гектар аймаққа улы дәрі сеуіп үлгерді. ҚР Ауылшаруашылық министрлігі "шегірткелердің күрт қаптап кетуі – шекараны уландыру жұмыстарының сапасыз жүргізілуінен" деп түсіндірді. Қара бұлтша қаптаған жәндіктер қазір даланы қойып, қаланың көшелерінде өріп жүр. Тіпті, қала тұрғындарының жәйбарақат жүріп-тұруларына кедергі жасауда. Алдағы екі аптада, шамамен, 350 га жердегі тал-теректерді кеселді жәндіктен тазарту жоспарланған. Бұл жұмыстар үшін жергілікті бюджеттен 15 млн теңге бөлініп, алдымен, орталық көшелер Есет батыр, Тургенев, Абай, Әбілқайыр хан даңғылдары және Н.Назарбаев атындағы саябақ шегірткенің құрсауынан азат етілмек.

Индира КЕРЕЙ Ақтөбе облысы