Сырымдағы сұмдық төбелес

2
2678

Сырым ауданында көп жылдан бері жалғасып келе жатқан жастар арасындағы ұйымдасқан төбелес «әлі де бар» дейді ауыл тұрғындары. Мәселен, мамырдың аяғында түнге қарай Өлеңті мектебінің ауласында бір топ жастарды беттеріне маска киген белгісіз отыз шақты жігіт сабап кетіпті. Бұл оқиға туралы билік әртүрлі пікір айтқанымен, Жымпиты жұрты шындықтан шімірікпеді…
Алдымен, Сырым ауданының орталығындағы Жаһанша Досмұхаммедов атындағы қазақ мектебінің ауласында төбелес болған. Сол күні кешқұрым мектеп ауласында доп теуіп, сауық құрып жатқан жастар кенет қолдарына қару ұстаған (бөтелке, таяқ) бір топ жігіттің соққысына жығылады. Бұзақыларды көре салысымен, ауладағы жастардың барлығы жан-жаққа қашыпты. Бірақ, мектеп ауласының қоршауынан секіре алмағандар, оңбай таяқ жейді.
Алайда, зардап шеккендердің біреуі де әңгіме шығармапты. Жергілікті полицияға да арыз түспеген. Сондықтан, бұл оқиға үлкен дау-дамай туғызбаса керек. Өйткені, тұрғындар өздеріне қарсы зомбылық бола ма деп қорқады екен.
Халық арасында «Партсъезд» деп аталып кеткен ауылдың тұрғындары «бұндай жанжалдар билік жастарға қарамай, көңілін таппағандықтан туындап отыр» деп есептейді. Аудандық мәслихат депутаты болған Тауфих Елубаев: «Жастарымыз бос уақытын өткізетін мәдени-спорттық ғимараттар жоқ. Балалар Жымпитыға барып серуен құрады. Сосын керісіп қалатындары бар. Сол күні түнге қарай мектептің алаңында төбелес болғанын мен де естідім» – деді.
Ауыл көрінісі шынымен де мәз емес. Бұрын мұнда клуб болған, қазір қирап жатқан сол ғимаратты жөндеп, «Мәдениет үйін» ашса, дұрыс болар еді. Бірақ, оның ақшасы далаға кетіп жатқан көрінеді. Осыдан бір-екі жыл бұрын тасы ғана қалған клубқа директор де тағайындапты.
Қамажай Бегман атты ханым 2010 жылдың қаңтарынан 2012 жылдың тамыз айына дейін қағаз жүзінде «Клуб меңгерушісі» болып, жалақы алып отырыпты. Осындай талан-таражға қарсы шыққан Тауфих Елубаев ағамыз тиісті мекемелерге арыз жазып, қазір жауабын күтуде. Әзірге арыз-хатына аға прокурор Бердібековтен мынадай жауап алған: «Бюджеттік қаражаттың заңсыз жұмсалуы бойынша арызда көрсетілген барлық уәждерді тексеріп, оның қорытындысын арыз иесіне және «НұрОтан» орталық аппаратына заңда көрсетілген мерзім ішінде хабарлауды сұраймын»…
Әкімнің орынбасары Әділ Жоламанов жастар арасындағы қақтығыстардың болып тұратындығын жасырмай, соны доғару үшін «қолдан келген шаралардың бәрін жасап жатқандықтарын» айтты.
Бірақ, барлық бастықтар осындай «қара қылды қақ жарған» тура жауап бере алмады. Ауданның полиция бастығы Ермек Саркенов өзінің атын ұмытып қалды ма, әлде, жұмыстан шаршаған ба, алдында сөйлесуге құлқы болмай, өзінің кім екенін де жасырып бақты. Жағдай былай өрбіді: полиция бөлімінің есігінен кіріп келгенімізде, есік алдынан үш-төрт ер адамды кездестірдік.
Солардан: «Бастық Саркенов бар ма?» – деген сұрағымызға : «Жәй ма?» – деген қайтарма сұрақ естідік. Сөйтсек, бізбен сөз салғыластырып тұрған кісінің өзі ауданның полиция бастығы Ермек Саркенов болып шықты…
Мектеп директоры Мақсот Бижанов болған оқиғаның басқа нұсқасын баяндады. Оның пікірінше, сол күні ешқандай төбелес болған жоқ: бір топ бұзақылар мектептің сыртымен жүгіріп өткен. Бірақ, бұзақылардың :»Қайда, неге жүгіріп бара жатқандығын» директор дөп басып айтпады. Қысқасы, бір отар жылқы секілді ауылды айналып жүгірген бұл жігіттер жүйткіп ауылдың сыртына қарай шапты ма немесе шұғыл шаруамен Ақтөбеге қарай жөңкіді ме, ауылдың бас ұстазы дәл айтпады.
Мақсот Бижанов, Өлеңті мектебінің директоры: «Мектептің ауласының сыртымен бір топ жастар жүгіріп өтті. Нақты не болғанын білмеймін, барлығы алып-қашпа сөз ғой. Жалпы, мектеп оқушыларының арасында ешқандай қақтығыстар жоқ. Оқу орнымызда 300-ге жуық оқушы бар, көпшілігі Өлеңті ауылынан. Қазір оларға барлық жағдай жасап жатырмыз, алыста тұратындарды шағын автобус алып келеді. Жазғы уақытта жастардың уақытын тиімді өткізу мәселесін ұйымдастырдық. Арнайы күзетіміз де бар, ондай жағдайларды болдырмауды тырысудамыз».
Ермек Саркенов, Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы: «Ешқандай төбелес болған жоқ, арыз да түскен жоқ. Біздер оқиға орнына барғанымызбен, ешкім болмады. Барлық тексеру жұмыстарын жүргіздік, бірақ, ештеңе анықталмады. Қақтығыстар болған, мысалы, былтыр бір жігіт көз жұмды, одан басқа ештеңе болған жоқ. Бұл оқиға бойынша ешкім зардап шекпеген, нақты ақпарат та жоқ».
Әділ Жоламанов, аудан әкімінің орынбасары: «Бұл мәселенің түпкі себебін анықтай алмай отырмыз. Екі жақтың да ақсақалдарын, спортшы-жаттықтырушыларын шақырып, кеңес құрдық. Жасыратыны жоқ, бұл баяғыдан бар қақтығыстар. Қазір ауыл ішінде 7 бақылау камерасы бар, оның үстіне жеке кәсіпкерледің барлығына осындай камераны орнатуға кеңес бердік. Кезінде ауылға Өлеңтіден атпен келіп сабап кетіп жүрді, оларға барып, ұрып кетіп жүрді. Бұл екі ауыл арасындағы жанжалдар ғой. Бұны тоқтату үшін біздер Өлеңті ауылына әлеуметтік орталық салып қойдық. Оның ішінде кітапхана, акт залы, әлеуметтік мамандардың кабинеттері орналасқан. Ауылға «Махаббат саябағын» салу да ойымызда бар, алаңы бар сол жерге ағаш егіп, ескерткіш қоямыз…»
Тоқ етері, Сырымда сұмдық төбелестер жиі болып тұрады. Бұл – шындық. Дегенмен, «Қақтығыстар болған, былтыр бір жігіт көз жұмды, одан басқа ештеңе болған жоқ» деп, жайбарақат шайымызды сораптап, ұзын арқау, кең тұсауға салсақ, мәселенің соңы ушығып, бірнеше адамның қазасына алып келмей ме? Әлде, сонда ғана нақты іс-қимылға кірісеміз бе?..

Айболат БӨКЕНОВ,
Тұрар ТӨЛЕГЕНОВ,
Батыс Қазақстан облысы

 

 

 

2 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз