Мүфти тегін қазақшалады! Имамдарымыз кәпірлерше «ов» бола бере ме!?.

 

Редакциядан: Биыл Мүфтиіміз Ержан Малғажыұлы Қазақстанның бүкіл мұсылмандарының басшысы болып сайланғанда   "Қазақ үні" газеті де қолдау білдіріп, қазіргі дін ахуалы жайлы біраз мәселелерді қозғаған мақалалар жариялаған еді. Ал басылым басшысы, ақын Қазыбек Иса мүфти Ержан Маемеровке газет бетінде тікелей ұсыныс жасап, тегінен орыстың "ов" құлдық жалғауын алып тастауды сұраған болатын. Оқырмандардың есіне тағы бір сала кеткен артық болмас:
«ОВ» ДЕГЕН ҚҰЛДЫҚ ЖАЛҒАУДЫ АЛЫП ТАСТАСАҢЫЗ, МҮФТИ МЫРЗА!
 Ержан  қажы Малғажыұлы Майемердің Қазақстанның Бас мүфтиі болып, сайлануымен құттықтаймыз. Дініміз бен діліміздің ұлттық  мүддемізге сай дами беруіне жастық қайрат, жалынды жігерімен зор үлес қосады деп үміттенеміз.
Бізден, «Қазақ үні» газеті оқырмандары атынан  бір ұсыныс:  ең алдымен  Майемеров  деген тегіңіздегі «ов» деген орыс отарынан қалған құлдық жалғауды алып тастасаңыз дұрыс болар еді…  Мүфти мырза! Әйтпесе, мүфтидің  де, поптың  да, аттары  «ов» болып жүргенін көрген шет жұрт «Бұлар өзі Тәуелсіздікті алған ба, алмаған ба?»-деп күмәнданып жүрер. Бұл жақында ғана  газетімізде Діни басқарманы сынағанымыздың жалғасы  деп емес,  ұлтық ұстаным тұрғысынан ұсынысымыз ретінде қабылдаңыз. Бұрынғы мүфтилеріміз Рәтбек Нысанбайұлы, Әбсаттар Дербісәліұлы дегендей аттары  ұлтымызға сай болғаны дұрыс қабылданатын. Билікте де Сенат төрағасы Қайрат Мәми, Мәдениет және ақпарат министрі Мұқтар Құл-Мұхамед мырзалар ұлттық негіздегі тектерімен үлгі болып жүрген жоқ па? Енді бұл жолды еліміздің бүкіл мұсылмандары мен имамдарына үлгі етіп, бас мүфти бастама көтерсе, нұр үстіне-нұр болар еді. Алла жар болып, ісіңізге береке берсін! Зор құрметпен, «Қазақ үні» газеті Бас директоры Қазыбек Иса.   http://www.qazaquni.kz/15343.html Көп ұзамай көпшілік тілегін ескерген Ержан Маемеров тегін ауыстырған болу керек, Ержан Малғажыұлы деп жаза бастады. Соңғы рет қасиетті Рамазан айымен мұсылман қауымды құттықтағанда аты-жөні осылай жазылды. Біз бұған бек қуаныштымыз!  Өзімен жүздескенде байқадық, иман жүзді азамат екен, Алла жар болып, Рахымына бөлей берсін!

 Мүфти тегін қазақшалады! Имамдарымыз - кәпірлерше «ов» бола бере ме?

  Қазір қазақ қасиетті РАМАЗАН айы! Енді Мүфти хазіреттің үлгісін неге барлық діни басқарма қызметкерлері мен жергілікті имамдар іліп алып кетпейді... Ал, қазақтарда мұсылман дінін насихаттаушыларымыздың тектері – мұсылманша емес, кәпірлерше таңбаланса ше?.. Қазақ Елі өзінің Тәуелсіздігін алғанына биыл тура 21 жылдан асты. Осы жылдар ішінде   қазақтың ұлттық құндылықтарын өркендетуді қойып, орыстың, атап айтқанда, Ресейдің сойылын соғумен келеміз әлі.  Биліктегі  шалақазақтарға қазақтың көк тиындық құны жоқ. Ал оның есепсіз байлығы керек екен. Оны офшорға тығылған министр Қаппаровтардың  қаптаған долларларынан-ақ білуге болады. Осы жылдар ішінде осы мемлекетті құраушы ұлттың мемлекеттік тілі төрге шыға алмай келеді... Қасиетті Сары Арқаның төсінде Иуда дінінің символы Пирамида салтанат құруда. Шала қазақтар жыл сайын әлемдік дін өкілдерін осы Пирамидада жинайды. Тап бір біз қазақтар мұсылман дінінде  емес, иуда дінінде сияқтымыз. Ана жылы Рим Папасы келгенде мемлекет басшысының өзінен бастап, биліктегілердің біразы христиан дінінің абызының қолын сүюге ұмтылды. 2013 жылды 18-шілдесінде  «Хабар» әлде «Қазақстан» телеарнасынан Сары Арқа төсіндегі  «Нұр Астана» орталық мешіті туралы деректі фильмді көзім шалып қалды. Рас, мұсылман мешіті ұлттық бояулармен нақышталған, қазақ иісі шығып тұрған ғимарат екеніне көзім жеткендей. Осы деректі фильмде «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Қалижан Заңқоев сөйлейді. Сөзі жақсы.  Осы бас имамның тегі  «ЗАҢҚОЕВ» екен. Бағанадан бергі жақсы көңілім бас имамның тегін естіген сәттен нілдей бұзылды! Бұзылмай емей немене, мұсылман дінінің қатардағы бір пендесі емес, бас имамның тегінің орысша, анығын айтқанда, мұсылман емес, тап бір кәпірлерше «Заңқоев» деп жазылуы ашық күнде төбемнен жай түскендей етті!!! «Ов», «ев», «ова», «ева», «ин», «ина»лардың бөтен діндегілерді айқындайтын  таңба емес пе? Яғни, бас имамның тегінің мұсылманша емес, кәпірлерше таңбалануын қалай түсінуге болады? Қазір Қазақ Елі билігінің ұшар басында осы «овтар» мен «овалар» ғана отыр. Яғни, олардың барлығын сонда мұсылман деп айта лар ма едіміз?.. Жарайды, биліктегілер сол орыстың құлдық қамытынан шықпай-ақ қойсын. Мына елімізге мұсылман дінін насихаттаушылардың тегінің кәпірлерше таңбаланауын қалай түсінуге болады? Сонда ана жеке басқа табынушылықтың жарқын бір бейнесі, жерді де көкті де нұрландырып тұрған«Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамының «ов» болуы - мұсылман  дініне қайшы келмей ме екен өзі?  Орыстың, яғни, кәпірлердің құлдық таңбасын мойнына ілген  бас имам Қалижан Заңқоевты таза мұсылман деуге бола ма өзі? Қазіргі Қазақстандағы барлық мешіттердің бас имамдарының дені осы «овпен» таңбаланғандай әсер етеді. Қазақ елінің имамдарның «ов» болып жүруі  - мұсылман дінін мазақ етіп отырғандай емес пе?..  

Жұмаш Көкбөрі,

www.qazaquni.kz